
Жастар ресурстық орталығының басшысы
Айжан ӘБІТ:
«Жастарды шараға емес,
өмірге дайындау маңызды»
Жастар – қоғамның ең серпінді, ізденісі мен талабы қатар жүретін буыны. Олардың бойындағы жаңашылдыққа ұмтылыс, өз орнын табуға деген талпыныс, түрлі бастамаларға қызығушылық – елдің ертеңгі бағытын айқындайтын маңызды факторлардың бірі. Сондықтан жастармен жұмыс істеу дегеніміз – оларды белгілі бір шараларға қатыстырып қою ғана емес, әр жастың бойындағы мүмкіндікті байқап, қажет кезінде дұрыс бағыт көрсете білу. Бұл ретте жастармен тікелей жұмыс істейтін маманның тәжірибесі айрықша маңызды. Өйткені қағаздағы жоспар мен нақты өмірдегі жастың мәселесі кейде екі бөлек дүние. Жастардың ортасында жүріп, олардың қуанышы мен алаңын, бастамасы мен күмәнін көріп жүрген маман үшін бұл жұмыстың мәні де бөлек. Бүгінде ауданымыздағы жастармен жұмыстың мазмұны да осы ұстанымға негізделіп келеді. Патриоттық тәрбие, волонтерлік, кәсіп пен жұмыспен қамту, спорт, шығармашылық, психологиялық қолдау, құқықтық сауаттылық сияқты бағыттардың әрқайсысы – жастардың өмірімен тікелей байланысты мәселелер. Осы орайда атқарылған жұмыстарды жай ғана санап шығуды емес, жастардың бүгінгі болмысын, олардың нені қалайтынын, қандай мәселеге алаңдайтынын аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Айжан Әбітпен сұхбат барысында тарқатуды жөн көрдік.
– Айжан Советбекқызы, сіздер аудан жастарының арасында күнделікті жұмыс істеп жүрсіздер. Жалпы бүгінгі Еңбекшіқазақ жастарын қалай сипаттар едіңіз? Қандай өзгеріс байқалады?
– Бүгінгі жасты бір ғана сипатпен көрсету қиын. Себебі ауданымыздағы жастардың ортасы да, қызығушылығы да әртүрлі. Бірі білімге, бірі кәсіпке, енді бірі спортқа немесе шығармашылыққа жақын. Бірақ бәріне ортақ бір нәрсе бар деп ойлаймын – жастар өздерін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезінгісі келеді. Біз жұмысты да осы түсініктен бастауға тырысамыз. Жастар ресурстық орталығының міндеті тек іс-шара ұйымдастырып, жастарды жинау емес. Ең маңыздысы – олардың не ойлап жүргенін білу, қандай мәселеге алаңдайтынын түсіну және қажет кезде бағыт көрсету.
Айталық ағымдағы жылдың екінші тоқсанының өзінде орталықтың ұйымдастыруымен түрлі бағытта 81 шара өтіп, оған шамамен 10 мың жас қатысты. Бірақ мен үшін мыңдаған адамның қатысқанынан гөрі, сол жастардың арасынан «Осы жерде менің де орным бар екен» деп сезінген азаматтардың болуы маңыздырақ. Сондықтан біз жастармен жұмысты біржақты жүргізбеуге тырысамыз. Жастарды тек тыңдаушы емес, ұйымдастырушы, бастамашы, қоғам мүшесі ретінде көргіміз келеді.
– Жастармен жұмыста патриоттық тәрбиеге ерекше мән берілетіні анық. Бірақ қазіргі жас үшін патриотизм деген нені білдіреді деп ойлайсыз?
– Өте орынды сұрақ. Меніңше, патриотизмді тек мерекеде ту ұстап, ұран айту деп түсінуге болмайды. Әрине, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, ел тарихын білу, Отан қорғауға дайын болу – оның маңызды бөлігі. Бірақ патриотизмнің күнделікті өмірдегі көрінісі де бар. Мысалы, өз ауылыңды таза ұстау, үлкенге көмектесу, адал еңбек ету, заңды сақтау, білім алуға ұмтылу – мұның бәрі елге деген жауапкершіліктің көрінісі. Биыл осы бағытта Есік қаласында «Сарбаздар ән салғанда» әскери шеруі, Шелекте «PATRIOT FEST» сияқты көптеген патриоттық шаралар ұйымдастырылды.
Мұндай кездесулердің жастарға әсері бар. Бірақ біз патриоттық тәрбиені бір күндік шарамен шектемеуіміз керек. Жастардың елге деген сүйіспеншілігі сөзден әрекетке ауысқанда ғана оның нәтижесін көре аламыз.
– Сол әрекеттің бір көрінісі – волонтерлік. Бүгінде жастардың қайырымдылыққа, қоғамдық іске деген қызығушылығы қандай?
– Волонтерлікке қызығушылық бар. Ең бастысы – жастардың айналасындағыларға көмектескісі келетінін байқаймыз. Ол үшін үлкен жобаның қажеті жоқ. Қариялардың жағдайын сұрап бару, аула тазалау, табиғатты қорғау, қоғамдық іске атсалысу сияқты қарапайым дүниелердің өзі адамды өзгертеді. Айталық, жас-тар ресурстық орталығы өткізген «Игі істер» марафоны аясында ауданның түрлі ауылдарында қайырымдылық және тазалық акциялары тұрақты ұйымдастырылды.
Маған ұнайтыны – мұндай жұмыстарда жастардың өздері бастама көтере бастайды. Біз оларға тек бағыт береміз. Жақсылық жасауды біреудің тапсырмасымен емес, өз жүрегіңмен бастау – нағыз азаматтық белсенділіктің белгісі.
– Жастардың өздерін толғандыратын мәселелерге келсек, психологиялық қолдауға сұраныс бар ма?
– Бар. Қазіргі жастардың ақпараттық қысымы бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Әлеуметтік желі, оқу, жұмыс, қарым-қатынас, болашаққа қатысты таңдау – мұның барлығы жас адамның психологиялық жағдайына әсер етеді. Сондықтан жастармен жұмыс барысында тек көңілді шараларға емес, олардың ішкі жағдайына да назар аударамыз. Екінші тоқсанда психологиялық бағытта 11 шара өткізіліп, 650 жас қамтылды. Сонымен бірге Есік қаласында «Әр бала – бір әлем» тақырыбында психологиялық тренинг ұйымдастырылды.
Меніңше, жастарға «мәселең болса, айт» деу жеткіліксіз. Кейде жастар бірінші болып көмек сұрай алмайды. Сондықтан маманның, психологтың, жастар орталығы қызметкерінің олардың жанынан дер кезінде табыла білуі маңызды.
– Қазір жастардың алдында тұрған тағы бір үлкен мәселе – интернет, құмар ойын, кибербуллинг сияқты қауіптер. Бұл бағытта жастардың көзқарасын өзгерту қаншалықты қиын?
– Меніңше, бұл мәселені тек «жастар интернетке көп отырады» деп біржақты түсіндіруге болмайды. Қазір интернет – жастардың өмір сүру ортасының бір бөлігі. Олар сол жерден білім алады, жұмыс іздейді, достарымен араласады, жаңалық көреді. Сондықтан интернетті жау ретінде көрсету дұрыс емес. Мәселе – оны қалай пайдаланатынымызда. Ал құмар ойынға келгенде, менің көзқарасым сәл қатаңырақ. Өйткені жас адам бір сәттік қызығушылықпен бастап, кейін оның салдарына өзі байқамай тәуелді болып қалуы мүмкін. Ең қауіптісі – мұның артында тек қаржылық мәселе емес, адамның психологиялық жағдайы, отбасы және болашағы тұр. Сондықтан біз жастарға «ойнама» деп жай ғана тыйым салумен шектелмейміз. Неге ойнамау керек, оның соңы неге апаруы мүмкін екенін түсіндіреміз.
Біз осы бағытта жастармен бірнеше кездесу өткізіп, интернет пен құмар ойынға тәуелділіктің алдын алу бойынша жұмыстар жүргіздік. Бірақ мен мұндай кездесулердің нәтижесін «пәленше жас қатысты» деген санмен ғана бағаламас едім. Мен үшін маңыздысы – сол кездесуден кейін бір жастың ойланып, өз әрекетіне басқа көзбен қарауы. Екінші тоқсанда интернет пен құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу бойынша 5 шара өткізіліп, 450 жас қамтылды. Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде «Азарт NET» тақырыбында кездесу де ұйымдастырылды. Кибербуллинг тақырыбы да назардан тыс қалған жоқ. Түрген және Бартоғай ауылдарында жастармен осы мәселе бойынша кездесулер өткізілді.
Жалпы, қазіргі жастарға сенім артуымыз керек. Оларға дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік беріп, қажет кезде жанынан табылсақ, кез келген қауіптің алдын алуға болады. Біздің мақсатымыз – жастарды қауіпті өздері тани алатын деңгейге жеткізу. Себебі ақпаратты дұрыс талдай алатын, өзіне жауап бере алатын жас кез келген қауіпке төтеп бере алады.
– Жастар орталығы үшін ең күрделі бағыттардың бірі – жұмыссыз жастармен жұмыс екені анық. Қазір NEET санатындағы жастармен қандай тәсілдер арқылы жұмыс жүргізіліп жатыр?
– Бұл – біздің тұрақты назарымыздағы бағыт. Жұмыссыз жүрген жас – тек статистикадағы көрсеткіш емес, оның артында жеке тағдыр, отбасы, жоспар, кейде өзіне деген сенімсіздік тұрады. Сондықтан Мансап орталығымен бірлесіп бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткіземіз, «Есіктен есікке» акциясы арқылы жастарға тікелей ақпарат жеткіземіз, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіреміз. Мысалы, биыл II тоқсан қорытындысында тіркелген жұмыссыз жастардың саны 2 787 адамды құрады. Оның ішінде қоғамдық жұмысқа 612 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 31 адам, жастар практикасына 36 адам, алғашқы жұмыс орнына 10 адам, «Күміс жас» жобасына 65 адам жолдама алды.
– Ауданның ерекшелігі – жастардың едәуір бөлігі ауылдарда тұрады. Қала мен ауыл жастарының мүмкіндігі арасында айырмашылық бар ма?
– Әрине, белгілі бір айырмашылық бар. Қалада ақпаратқа, түрлі орталықтарға, іс-шараларға қолжетімділік көбірек. Алшалғай ауылдағы жас кейде мүмкіндік бар екенін білмей қалуы мүмкін. Сондықтан біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі – мүмкіндікті ауылдың өзіне апару. Біз шараларды тек Есікте өткізіп қоймаймыз. Шелек, Түрген, Қаракемер, Бәйдібек би, Қазақстан, Асы, Ават, Бөлек, Қаратұрық, Қырбалтабай және басқа да ауылдық округтерде түрлі кездесулер, спорттық, экологиялық, мәдени және ақпараттық шаралар ұйымдастырылуда. Мысалы, «KINO GO» бағыты бойынша ауылдық жерлерде жастардың қатысуымен кинокөрсетілімдер өткізілді. Бұл сырт көзге қарапайым нәрсе болып көрінуі мүмкін. Бірақ ауылдағы жастар үшін бірге жиналып, фильм көріп, пікір алмасудың өзі маңызды әлеуметтік орта қалыптастырады.
Сондықтан біз үшін «жастар орталығы Есікте орналасқан» деген түсінік болмауы керек. Жастар орталығы – ауданның барлық жастарына ортақ кеңістік.
– Сұхбатымызды жастардың өз бастамалары туралы аяқтасақ. Жастар ресурстық орталығының жұмысы жастардың бастамасын қолдауға қаншалықты бағытталған?
– Меніңше, бұл – біздің жұмысымыздың ең маңызды бөлігі. Екінші тоқсанда жастар бастамаларын дамыту бағытында 15 шара өткізіліп, 650 жас қамтылды. «Jol tap» сияқты жобалар арқылы жастарға ақпараттық мүмкіндіктер көрсетіліп, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылды.
Біздің алдымызда үлкен міндет тұр. Ауданымызда 14 пен 35 жас аралығында 82 мыңнан астам жас бар. Осыншама жастың әрқайсысының өз арманы, мәселесі, қабілеті бар. Сондықтан жастармен жұмыстың ең басты қағидасы – оларды тек шараға қатысушы ретінде емес, өз болашағын қалыптастыратын тұлға ретінде қабылдау. Біз олардың орнына шешім қабылдай алмаймыз. Бірақ дұрыс бағыт көрсетіп, мүмкіндік беріп, қажет кезінде қолдау көрсете аламыз.
Менің ойымша, жастар орталығының шынайы нәтижесі өткізілген шараның санымен емес, сол шарадан кейін біржастың өмірінде жақсы өзгеріс болғанымен өлшенеді. Бір жас жұмыс тапса, бір жас кәсібін бастаса, бір жас зиянды әдеттен бас тартып, спортқа келсе, енді бірі волонтер болып қоғамға пайдасын тигізсе – біздің жұмысымыздың мәні сонда.
Жастарға сенім арту керек. Өйткені бүгін біз қолдаған жас – ертең ауданның дамуына үлес қосатын азамат.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Тілдескен С.НҰРАДИН.
