+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Жақсы адамның артында із қалады

Ұстаз – ұстамды, жүзі жылы, көңілі жұмсақ, әр оқушысын өз баласындай көріп, бойындағы бар жақсы қасиетін беріп, тәрбиелеуге тырысатын адам. Қазақ халқының қаһарманы Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді.  Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» – деген сөзінің жаны бар. Адамзат баласының барлығы да мұғалімнің берген сарқылмас білім мен баға жетпес тәрбиесінен бастау алады.

Рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шындық пен табандылықтың үлгісін көрсететін ұстаздың еңбегі әрқашан да жоғары бағаланады. Балаға білім беру мен тәрбиелеу жолында өз уақытын сарп етеді. Өмірін ұстаздыққа арнаған адам мейірім шуағына бөленіп, құрмет-қошеметке ие болады. Міне, осындай ұстаздардың бірі – Омар Мұқаев.

Омар Сәрсенбекұлы қазан айының 11 күні Түрген ауылында педагогтар отбасында дүниеге  келген. Әкесі Сәрсенбек Мұқаев мектеп директоры болып қызмет етсе, анасы Нұрбала Байғазиева орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Омар  Мұқаев М.Ломоносов атындағы орта мектепті бітірген соң, үш жыл Отан алдындағы борышын өтеп, Кеңес әскері қатарында құпия бөлімде қызмет етті.

Еңбек жолын ол Асысаға ауылындағы Төлен Қабылов атындағы толық емес орта мектебінде бастап, дене шынықтыру пәнінен төрт жыл сабақ берді. Одан кейін Алматыдағы Қазақ Педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетіне түсті. Педагогикалық еңбек жолын Қызылшарық ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте жалғастырды. Қырық жылдай еңбек еткен бұл алтын ұяда ұстаздықтан директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді. Көп жылғы жинаған мол тәжірибесін өзінен кейінгі жас мамандармен кеңінен бөлісіп, қамқорлық та көрсете білді. Сабақта көбінесе оқушыларды өз бетінше ізденуге баулып, бейнефильмдер көрсетіп, кітаптар оқытып, шығармашылықтарын түрлі оқу тәсілдері арқылы шыңдап, жан-жақты білім беруге тырысты.

Оқушылармен достарынша сырласып, ақыл-кеңестерін беріп, еркін ойлап,  ерінбей ізденіс арқылы жетістікке жетуге ұмтылдыра білді. Спорттан да құралақан емес еді. Көп жылдар өзі еңбек ететін мектептің және Асы ауылдық округінің футбол, волейбол ойындары бойынша беделді мүшесі әрі команда капитаны болып та көзге түсті.

О.Сәрсенбекұлының тағы бір қасиеті каллиграфиялық жазуды меңгергендігі. Осы жазу шеберлігімен ол мектептің көптеген көрнекіліктерін және М.Әуезовтің музейін безендіруде үлкен үлес қосты. Аудандық әскери комиссариятқа да қол ұшын беріп көптеген құпия құжаттарды әзірлеуге қатысты. Шығармашалдығымен де еленіп, мектептің «Педагог» атты қабырға газеттерін шығарушы редакторлығымен де таныла білді.

Сонымен бірге ол ойлау қабілетін арттыратын «Поле чудес», «Брейн-ринг», «Что? Где? Когда?» тағы басқа да ойындардың авторы әрі ұйымдастырушылық талантымен де ерекшеленді. Сабағының негізгі тақырыбы – оқушыларды түрлі сұрақ, тақырыптар арқылы ойлау қабілеттерін ашып, іздене білуге баулу. Ол өз нәтижесін берді де. Оқу сапасы артты, сабаққа қызушылық оянды.

Құрметті еңбек демалысына шықса да, қарап бос жатқан жоқ. Өзінің талантты шәкіртімен бірлесіп, «Воспитание детей без наказания» атты, басқа да кітаптар шығаруға қатысты. Республикалық ғылыми-әдістемелік «Орыс тілі және әдебиеті» журналына да көптеген мақалалар жазып, жарияланып тұрды.

Осындай ерен еңбегінің арқасында ол 1974 жылы КПСС ОК, КСРО кеңесі Минстрлігінің, Бүкілодақтық Кәсіподақ Одағының, БЛКЖО Ок-нің  «Социалистік жарыстың жеңімпазы» деген төсбелгісімен, Қазақстан оқу ағарту минстрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Аудандық білім бөлімі мен «Қамқор» кәсіподақ қоғамдық бірлестігінің Алғыс хаттары мен мадақтамаларын да бірнеше рет  иеленді. 

Сондай-ақ спорттағы жетістіктері мен аудандық әскери комис грамотасымен В.Гаспариян атындағы жүлдесіне арналған жарыста командасы бірінші орынды иеленгені үшін және әскери, саяси дайындықта тәртіпті әрі үлгілі қызметі үшін мадақтамалармен марапатталды. Волейболдан Т.Қабылов атындағы жүлделі жарыста ерлер арасында үздік ойыншы ретінде кубог иесі атанса, Асы ауылдық округінің еңбекшілер күніне және Кеңес Конституциясы күніне арналған шарада белсенділік танытқаны үшін  мадақталды. Бұдан да басқа жетістіктері баршылық.

Омар Сәрсенбекұлы – үлгілі отбасы, отбасын құрған қосағымен төрт бала бағып-өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған және өмірден өз орындарын табуға тәрбиесін аямаған әке. Омар Мұқаев атындағы соңғы спорт жарысында, аудандық мәслихат төрағасы ол кісіге «Еске алу» қағазын жазып, өмірін жастарға үлгі етті. Бұның өзі марқұмның өткен өмірінен қалған ізгі істерінің ізі емес пе!?

Омар Мұқаев өмірден озғаннан кейін де ұжымы ұмытпай, ұлағатты ұстаздың құрметіне бірнеше рет волейболдан жарыстар өткізуге мұрындық болып келеді. Мектептің орыс тілі мен әдебиеті кабинетіне ол кісінің аты берілді. Осы игі істің демеушісі болған ұлы «әке көрген оқ жонып», қыздары шеше көрген «тон пішіп», елінің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген азаматтар қатарынан саналады.

Анарбек БЕРДІБАЕВ.