+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев: 

Ел жаңғыруының 

жаңа кезеңі басталды

Мемлекет басшысы елордадағы Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді. Одан кейін Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізді.

Президент Құрылтай сайлауының маңызы айрықша екенін атап өтіп, бұл саяси оқиға ауқымды өзгерістердің жаңа кезеңіне жол ашатынын айтты.

– Шын мәнінде, бүгін – еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш рет бірпалаталы Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз. Бұл – маңызды тарихи оқиға. Біз біртұтас ел болып, ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Мұны бәріңіз білесіздер, куә болып отырсыздар. Ойдағыдай нәтижелерге қол жеткіздік. Дегенмен алдымызда тұрған жұмыс ауқымды, мақсатымыз маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі сайлау – осы жұмыстың бастауы ғана, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан соң Мемлекет басшысы алғашқы Құрылтай сайлауына және елдегі өзгерістерге қатысты БАҚ өкілдерінің бірқатар сауалына жауап берді.

«Хабар» телеарнасының тілшісі елімізде жүріп жатқан конституциялық реформаның келесі жылы да жалғасуы, соның ішінде Құрылтай мен Қазақстан Халық кеңесі іске кірісіп, Вице-президент лауазымы тағайындалуы қандай өзгерістерге сеп болатыны жайында сұрады.

«Жұрттың бәрі Вице-президент лауазымы туралы сұрап жатыр. Расында, бұл – айтулы өзгеріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды арнайы енгіздік. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет. Келесі аптада немесе он күн ішінде Вице-президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын. Тағы басқа реформаларды іске асырамыз. Мысалы, Қазақстан Халық кеңесінің жұмысын жандандыру қажет. Халық кеңесі дегеніміз – жаңа орган. Кейбір азаматтар Ассамблея туралы сұрап жатыр екен. Халық кеңесі Ассамблеяның атқарған қызметін одан әрі күшейтеді деп ойлаймын. Бұл көпфункционалды, жаңа саяси тетік деп айтуға болады. Сондықтан Кеңестің жұмысы жемісті болатынына кәміл сенемін.

Жалпы, жоспарымыз өте ауқымды. Осыған дейін айтқанымдай, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуы керек. Әр облыс орталығында немесе аудандар мен қалаларда ірі құрылыстар жүргізіледі. Емханалар, балаларға арналған оңалту орталықтары, басқа да нысандар салынады. Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы, Су ресурстарын зерттеу орталығы секілді маңызды нысандар бой көтереді. Қалаларды абаттандыру керек. «Таза Қазақстан» акциясын ойдағыдай жалғастыру қажет. Сондықтан қол қусырып отыруға болмайды. Бәріміз бір ел болып іске кіріскеніміз жөн. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, Отан үшін бәріміз күш салуымыз керек. Жалпы, саяси науқан жақсы өтті. Себебі жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды идеялар айтылды. Бұл Құрылтай еліміздің дамуына тың серпін береді деп ойлаймын», деп жауап берді Президент.

Белгілі интернет басылым тілшісі Конституциялық сот жариялаған түсін-дірмеге сәйкес, Мемлекет басшысының Президент лауазымына қайта сайлануға құқы бар екенін еске сала келе, Қасым-Жомарт Тоқаевтан 2029 жылғы Президент сайлауына қатысты жоспарын сұрады.

«Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте. Біз еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді еңсеруіміз керек. Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайынмын. Халықтың игілігіне жарата алмасақ, қаражатты шетелдерде құнды қағаз ретінде ұстап отырудың қажеті қанша? Қаржыны жай ғана ұстап отыруға қарсымын. Қаражат халқымыздың, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек. Әрине, әлемдегі жағдайға баса назар аударуымыз, жан-жақты талдауымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, геосаяси ахуал күрделі. Бұралаң жолмен жүргенімізге қарамастан, ел ішінде бейбітшілікті сақтап, дамуға қарай бет алып келеміз. Экономикалық өсім анық байқалады. Мұны негізгі халықаралық қаржы институттарының бағасы да растады. Алдағы уақытта тағы жолығармыз. Бәлкім, келесі жылы… Сол кезде сізге нақты жауап беремін», деді Мемлекет басшысы.

«Құрылтай іске кіріскеннен кейінгі өзгерістерге тоқталсаңыз. Сіздің ойыңызша, жаңа заң шығарушы орган бірінші кезекте қандай заңдарды қабылдайды? Құрылтай депутаты қандай қасиетке ие болуы керек? Оның сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі қандай?» – деген «24kz» телеарнасы тілшісінің сауалына Президент алғашқы бір палаталы Парламент сайлауының тарихи мәні зор екені туралы пікірін тағы бір мәрте қайталады. Ол өзінің Құрылтай сайлауына үлкен үміт артып отырғанын әрі еліміздің дамуына тың серпін береді деп санайтынын жеткізді. Жаңа тұлғалар мен жаңа идеялар пайда болатынын тілге тиек етті.

«Жастардың ой-пікірін еркін жеткізуін, мемлекетіміздің қалыптасуына үлес қосуын әрдайым қолдаймын. Депутаттар, ең алдымен, заңның сапасына жауап береді деп сенемін. Екіншіден, олар берген уәделерін немесе бағдарламаларын орындауға тиіс. Үшіншіден, ел дамуына ықпал ететін заңдар қабылдануы керек. Қазір заман күрделі. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Сондықтан туған елімізді озық, заманауи мемлекетке айналдыру жолында күш-жігерімізді біріктіру керек. Бұл ретте Конституция бізге мол мүмкіндік береді. Біртұтас ел болып қабылдаған Жаңа Конституциямыз өте озық, мазмұнды құжат деп айтсақ, қателеспейміз. Сондықтан Ата Заң бізге, әсіресе жастарға жарқын жол нұсқайды. Келешегіміз – жастардың қолында. Оған күмән жоқ», деп жауап берді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Құрылтай сайлауынан кейін жасақта-латын жаңа Министрлер кабинетінің бағыт-бағдары мен міндеттеріне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі Үкімет барынша табанды, жедел жұмыс атқарып, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындап отыр. Дүниежүзіндегі бәсекелестік күшейген заманда нарықтың сын-қатеріне мұқият назар аударып, ең бастысы, тиісті деңгейде төтеп беруіміз керек екенін айтты.

«Әлбетте, Үкімет отставкаға кетеді. Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болады. Ашығын айтқанда, дәл бүгін Үкімет жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ. Министрлер де, Үкімет жетекшісі де қолдан келгенше міндеттерін атқарып жатыр. Бірақ кадрлық өзгерістер әрдайым болады. Өйткені бұл Үкіметтің жұмысына қан жүгіртеді. Мәселе біреуді орнынан босатуда емес. Мен жай сылтаумен жұмыстан шығаруға қашанда қарсымын. Әсіресе қазіргі тілмен айтқанда, медиадағы контент немесе мазмұн үшін ауыс-түйіс жасаудың қажеті жоқ. Кадрлық шешім шын мәнінде жұмысқа тың серпін беруі керек. Бәріміз айтып жүрген жаңғыру үдерісі үздіксіз жүргізілуге тиіс. Өйткені бұл күрделі үдерісті алға жетелеп отыру қажет. Бұл істе Үкімет маңызды рөл атқарады», деп пікір білдірді Президент.

Бұған қоса, сайлау науқаны кезінде партиялар арасындағы саяси бәсекенің деңгейіне оң қандай баға берген Мемлекет басшысы сайлауалды науқанның жақсы өткеніне, өте ұтымды, мазмұнды теле-дебаттар ұйымдастырылғанына, жастарымыз пікірталастарды зор ықы-лас¬пен тамашалағанына бүкіл халық куә болғанын атап өтті. Бұны жаңғыруымыздың жаңа кезеңі әрі қарышты қадам болды деп айта алатынын жеткізді.

«Jibek joly» телеарнасының журналисі Мемлекет басшысының жастарға сенім артып, ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқанын айта келе, Құрылтай депутаттығына үміткерлер арасында түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген жастар бар екенін, олар Құрылтай жұмысына қандай серпін бере алатыны жөнінде сұрады.

«Оны көре жатармыз. Біз жастарға сенім артамыз. Оларды кезінде түрлі лауазымдарға тағайындадық. Үкіметте жоғары қызмет атқарған жастардың бәрі өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындады деп айта алмаймын. Әрине, түрлі кедергі мен себеп кезігіп жатады. Дегенмен жастарға сенім артып, жауапкершілік жүктеу керек. Онсыз болмайды. Қазақстан – демография тұрғысынан жас мемлекет. Сондықтан жастарға зор сенім артамыз. Олар да бұған дайын болуға тиіс. Әйтпесе, кезінде министр болып, Үкіметке келген соң жұмыстың берекесін кетіргендер де болды. Бұған жол бермеуіміз керек», деп жауап берді Президент.

Ал «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Юлия Магер Мемлекет басшысының азаматтардың жүріс-тұрысының жаңа мәдениеті мен жаңа қоғамдық этика қалыптастыру жөнінде айтқан пікірін алға тартып: «Сіздің бастамаңызды бірқатар танымал азаматтар іліп әкетті. Көбінесе ұлттық тәлім-тәрбиеге сай ұстамды болып, адамды құрметтей білу қасиеттеріне арқа сүйеу қажет екені айтылып жүр. Өзгелерге құрмет, заң мен тәртіпті сақтау, өзіңді сыйлау және жауапкершілік таныта білу азаматтарымыздың күнделікті дағдысына айнала ма?», деген сұрақ қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тұрғыда өзінің науқан емес, нақты іске бастамашы болғанын, өйткені жастардың, егде адамдардың жүріс-тұрысына қарап, байырғы дәстүрлі құндылықтарымызға оралу қажет деген шешімге келгенін айтты. Оның пікірінше, ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес.

«Біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқашан болмаған. Әсіресе әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істегені көзге оғаш көрінеді. Бұл не масқара? Кеңес Одағы маршалының, Дүниежүзілік соғыста, Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен маршалдардың осындай қылық көрсеткенін елестете аласыздар ма? Еркектер қолының ұшын ұстата салмай, қолды қаттырақ қысып амандасуы керек. Сәл жымиса ғана жеткілікті. Әрқашан солай болған. Тіпті осы адамды көргеніңізге шын мәнінде қуанышты болсаңыз, оң қолыңызды кеудеңізге қойып амандасыңыз. Өмірде мұндай жайт жиі кездеседі. Сондықтан мен жаңа жүріс-тұрыс әдебі туралы мәселе көтердім», деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев тазалық, тәртіп мәдениетін тереңнен дәріптеу керек екеніне тоқталды. Қазір халқымыз Астанада, басқа қалаларда, аудандар мен облыстық маңызы бар шаһарларда оң өзгерістерге куә болып жүргенін тілге тиек етіп, өңір басшыларына жоғары талап қойғанын жеткізді.

«Осы іспен түпкілікті айналысамыз. Өйткені тазалық дегенді тура мағынасында ғана емес, ой-сананың, жан дүниенің тазалығы деп түсінген жөн. Белгілі тұлғалардың бірі айтқандай, ой тазалығы бой тазалығымен де ұштасқаны жөн. Яғни біз мәдениетті, таза ұлтқа айналуымыз керек. Сонда ғана күллі әлемге таныламыз», деді Мемлекет басшысы.

Ал биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғанын, осыған орай межелі міндеттерді орындау үшін цифрландыру мен жасанды интеллектінің күнделікті өмірге әсері туралы сұраққа жауап беру кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің цифрлық мемлекет құрудың, яғни цифрлық қызметтер ұсына алатын мемлекет болудың алғашқы кезеңінен өтіпжатқанын атап өтті. Президент сондай-ақ өзге елдермен салыстырғанда өміріміз әлдеқайда жеңілдегенін айтты.

«Бұрын қаншама уақыт жұмсап, табан тоздыруға тура келетін көп шаруаны қазір үйден шықпай-ақ шеше аламыз. Сондықтан цифрлық сервис көрсететін мемлекет ретінде қалыптасу қажет болды. Қазір келесі кезеңге қадам бастық. Үкіметке алғашқы сатыда қалып қоймай, халықаралық келіссөздер жүргізу жөнінде тапсырма бердім. Цифрландыру мен жасанды интеллект халыққа, еліміздің барша азаматына қызмет етуі керек. Қарапайым тілмен айтқанда, смартфон – ермек үшін ұстап, ертеден кешке дейін TikTok-қа телміретін құрал емес. Смартфонмен ақша табуға болады. Мәселені осылай төтесіненқойған жөн. Әсіресе бұл шаруаларға керек. Олар ауыл-аймақтан шықпай-ақ кәсібін жүргізуге заманауи технологияны пайдалана алады. Алдағы уақытта Үкімет дәл осы міндетті орындайды», деп ойын түйіндеді Мемлекет басшысы.

Жасұлан СЕЙІЛХАН, 

«Egemen Qazaqstan»

24  тамыз 2026 жыл.