
Ұлағат иелері сайысты
«Алматы облысының оқу-ағарту және бюджеттік ұйымдары қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Еңбекшіқазақ аудандық филиалы және аудандық Асық ату федерациясының ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметкерлер арасында «Асық ату» және «Бес асық» спортынан жарыс өтті.
Ұлттық ойын – ұлттық құндылық. Сондықтан ұлттық спортты дамыту мақсатында мұғалімдер арасында биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған жарыстың негізгі мақсты – қазақ халқының ұлттық спортын насихаттау, жандандыру және дамыту ды мұғалімдерден бастау.
87 мектеп арасында 65 ерлер командасы және 33 әйелдер командасы жарысқа қатысып, бақтарын сынады. Ашылу салтанатына Еңбекшіқазақ ауданының кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Надырбаев қатысты. Осы жарыстың бас төрешісі, облыстық Асық ату федерациясының мүшесі, Еңбекшіқазақ аудандық асық ату спортының бас төрешісі, аудандық асық ату федерация президенті, Тоқтар Әубәкіров атындағы орта мектебінің дене шынықту пәнінің мұғалімі, аға ұстаз Ербол Абайұлы ойын ережелері мен шарттарын түсіндірді. Ол өз сөзінде асық ату ойыны уақыт өте қарқынды дамып келе жатқан ойын, сол себепті ережелері де өзгергенін айтып өтті. Асық ату ойыны ережеге сәйкес шеңбер диаметрі 4 метр, ал атыс сызығы шеңберден 2 метр қашықтықта болуы қажет. Шеңбердің ортасына 15 асық тігіледі. Ойынға 10 минут уақыт белгіленеді. Әр командада 3 адамнан кезек-кезек ойнайды.
Ойын 3 кілемде 3 топқа бөліп өткізілді. Жарыс өте қызықты өтті, мектеп мұғалімдері балалық шақтарын еске алып, жақсы көңіл күймен ойнады.
Жарыс нәтижесінде асық ату спортында I орын Балтабай БЖШО орталығының мұғалімі Данияр Жанбосынға бұйырды. II орынға О.Жандосов атындағы орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мади Байтуреев жайғасты. III орынды Төле би орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Дарын Омарбеков иеленді.
Бес асық спортында бас төреші, аудандық Асық ату федерациясының мүшесі, аудандық бес асық спортының бас жаттықтырушысы, Жаңашаруа орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Асхат Абишев болды. І орынды Рахат №1 орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Арзыгул Ходжаниязова қанжығалады. ІІ орынның тұғырына Рахат орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мұғалімі Дилафруз Ходжаниязова жайғасты. Үздік үштікті М.Ломоносов атындағы орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Калжан Алламбергенова қорытындылады.
Жеңімпаздар мен орын алған командалар кәсіподақ ұйымының алғыс хаттарымен, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Ербол Багисов.
