
Өнерге баулу – өнегелі іс
Бүгінгі дамыған заманда «Еңбек» сабағы «Технология. Көркем еңбек» болып өзгерді. Көркем еңбек сабағының нагізгі мақсаты – қолөнердің барлық салаларын бағдарламаға енгізіп, ұлттық педагогиканың негізінде шәкірттерге білім мен өнегелі тәрбие берудің тиімділігін көрсету.
Мұндай сабақ оқушылардың шығармашылығын шыңдайды. Шеберлік деңгейінің өсуіне, әр жұмысты соңына дейін жеткізіп орындауда шыдамдылығы мен төзімділігін қалыптастырады. Осындай қасиеттің арқасында олар түрлі заттарды жасауға ынтасы артады. Сондықтан да көркем еңбек пәнінің шәкіртке берер білімі өте көп және күрделі пән десек, артық айтқандық емес. Өйткені бұл – өнер. Ұлттық өнерді өшірмейтін ұрпақтар сабақтастығы.
Ұлттық үлгіде тігу, үлгі нобай, сызбалар, эксиздер дайындау – жас буынның икемдері мен дағдыларын қалыптастырады. Қолдан жасалатын бұйымдарға қажетті материалдар, жіп, мата, қағаз түрлері, табиғи және жасанды терілер, түйме, моншақ, басқа да толып жатқан керекті жабдықтар пайдаланылуы керек.
Мемлекетіміздің ертеңі, болашағы бүгінгі жас ұрпақтың сана-сезімін, ұлттық психологиясын, ата-баба дәстүрін, әдеп-ғұрпын мәдениетімен сабақтастыра отырып, халықтың қолөнерін сақтап қалуға тәрбиелеу, үйрету – ұлағатты ұстаздардың қажымас еңбегінің жемісі. Міне, осындай білім мен тәрбиені қатар алып жүрген ұстаз – қоғамның ең асыл тұлғаларының бірі. Осындай абыройлы жолда аянбай еңбек етіп жүрген жандардың қатарында Төлен Қабылов атындағы орта мектептің көркем еңбек пәні мұғалімдері Гүлзат Жумадилова мен Эльмира Жампозова ерекше орын алады.
Бұл ұстаздар шәкірт бөйындағы шығармашылық қабілетті дамытып, ұлттық өнерге деген қызушылығын арттыру жолында тынымсыз еңбек етіп келеді. Көркем еңбек сабағы арқылы оқушылар тек қолөнердің қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, әсемдікке, ұқыптылыққа, еңбекқорлыққа тәрбиеленеді. Ұстаздардың шеберлігі мен ізденімпаздығының арқасында әрбір сабақ – оқушы үшін жаңа мүмкіндік, жаңа шабыт көзіне айналған.
Гүлзат Отарханқызы мен Эльмира Нұрғожақызының жетекшілігімен білім алған шәкірттер түрлі деңгейдегі байқауларда жоғары нәтижелерге жетіп жүр. Атап айтқанда, республикалық, облыстық және аудандық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, мектеп абыройын асқақтатуда. Бұл – ұстаз еңбегінің жемісі, табандылық пен кәсібиліктің айқын дәлелі. Жемісті еңбек қашан да жоғарыға жетелейді.
Биыл Кеңес Одағының батыры Төлен Қабылов атындағы мектептің құрылғанына 100 жыл толуда. Айтулы мерейтой сәуір айының аяғына таман аталып өтпек. Осы мерекеге жоғарыда аталған қос ұстаз шәкірттерімен «Білім ордасының ғасырлық белесі» деген үлкен көлемде жұмыс жасап жатқан көрінеді. Оны осы атаулы күндері дайындап, кәдесый жасамақшы екен.
Гүлзат Отарханқызы мен Эльмира Нұрғожақызы – өз ісіне адал, шығармашыл, білікті ұстаздар. Олардың еңбегі болашақ ұрпақтың рухани бай, өнерлі болып қалыптасуына қосылған зор үлес. Осындай ұстаздар мен өнердің туы әрдайым биік болары сөзсіз.
Анарбек БЕРДІБАЕВ.
