+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Әйел әлемінің академигі 

Әйел – жаратылысынан нәзік болғанымен, ішінде көп ер-азаматтарда кездесе бермейтін қайсарлық бар. Сол қайсарлығының арқасында әйел  баланы да тәрбиелеп, ана мен аяулы жар, келіннің де рөлін алып жүре алады. Ал қазір бұл рөлдердің қатарына іскерлік те қосылды.  Әйел  ер-азаматтармен қатар жұмыс істей алатынын да дәлелдеді. Осындай қайсар әрі нәзік, жүрегі дархан, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қаламгер, қоғам қайраткері – Шәрбану Құмарова. Биыл қаламгердің туғанына 90 жыл толуына байланысты  Қайназар ауылдық округіндегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте  «Әйел әлемінің академигі – Шәрбану Құмарова» атты еске алу кеші өтті.

Мерекелік шараға жазушының  ұлы,  Еңбекшіқазақ ауданы аудандық кітапхана директоры Дариға Әділжанқызы, ауыл-дық ақсақалдар алқасының төрағасы Бақберген Әшімов, Рахат ауылдық округі әкімінің орынбасары  Дина Мұңалбаева қатысты. Еске алу кешінде қаламгердің жүріп өткен өмір жолы туралы бейнеролик көрсетілді. Оқушылар Шәрбану Құмарованың шығармашылығымен жақын танысып, ән айтып, домбырамен күй шертіп, өз өнерлерін паш етті. Мерекелік шараға келген қонақтар  қаламгер жайлы естеліктерімен бөлісті. Оның аналық болмысынан бөлек, адамдық болмысы жайлы да айтылды.  Кеш соңында оқушылардың өнерлері бағаланып,  марапатталды.

Қазақ әдебиетінде әйел тағдырын, ана болмысын, ұлттық құндылықтарды көркем тілмен өрнектеген қаламгердің өмір жолы – өз алдына бір мектеп. Ол 1936 жылы  Есік қаласында дүниеге келген. Бала кезінен әдебиетке жақын болып өскен Шәрбану Құмарова, кейін  Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде білім алады. Университет қабырғасында жүріп-ақ өзінің шығармашылық қабілетін байқата бастайды. Еңбек жолын журналистика  саласында бастаған қаламгер «Социалистік Қазақстан» газетінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» журналдарында қызмет атқарады. Сонымен қатар театр мен баспа саласында да еңбек етіп, әдебиетке  үлкен үлес қосты. Оның бұл тәжірибесі шығармаларының мазмұнын байытып, өмір шындығын тереңірек  көрсетуіне ықпал етті.

 Жазушының алғашқы кітабы «Қыз сыры» 1961 жылы жарық көрді. Бұл туындыдан бастап ол оқырман жүрегіне жол таба білді. Кейінгі «Сәуірдің ақ таңы», «Сезім патшалығы», «Әйел шырағы» сияқты шығармалары арқылы адам жанының нәзік қырларын ашып көрсетті. Оның шығармаларында махаббат, адалдық, сенім мен әйел тағдыры басты тақырып ретінде көрініс табады.

Шәрбану Құмарова тек жазушы ғана емес, сонымен қатар өнерге де жақын жан болған. Жастық  шағында ән айтып, би билеп өнердің түрлі саласында өзін сынап көрген. Бұл оның көркемдік әлемінің кең әрі терең болуына әсер еткендей.  Қаламгер жайлы классик  ақын Тұмабай Молдағалиев:

«Шәрбану – құлағыма өте сүйкімді естілетін есім. Оның әдебиеттің ұлы сапарына араласуына менің сәл-пәл әсерім болды.  Біз бір ауылдың, бір ауданның түлегіміз. Шәрбану жас жағынан менен бір жас қана кіші қарындасым.  Қатар жүріп бір рет те ол менен, мен одан көмек сұрап көрген емеспіз. Тәкаппар таудың қызы өзі туған тауына ұқсайды. Иілуді, жасуды білмейді. Ол бала күннен жарқырап жүруді қалады. Әнші де, биші де болды Шәрбан қыз,» – деп өз естелігінде қалдырған.  Ақынның қарындасына арнаған сыршыл өлеңі де бар.

Бала кезден мен сені жақсы көргем,

Өте шықты-ау басымнан бақсы дәурен.

Аламын деп сендерді келе жатқан,

Пәлеге деп бір өзін тосты кеудем.

Үлбіреген үнің де бөлек еді,

Сен жүрсін деп бақ гүлін жол егеді.

Шара апамнан кейінгі биші едің сен,

Елім, оны қайтейін, елемеді, – деп жазған ақын. Расында «Қолда барда, алтынның қадірі жоқ» екенін, жоғалтқанда түсініп жатамыз. Қаламгер өмірінің соңына дейін жазушылықты тастаған жоқ. Енді міне, оның шығармалары оқырман үшін мәңгі мұраға айналды.

                                                                                  Жанерке САТЫБАЛДЫ.