
Шеберлер рекорды
Халықаралық отбасы күніне орай Өскемен қаласында «Аламан құрақ – IV» атты ауқымды ұлттық-мәдени жобасы өтті. Бұл ауқымды шараға еліміздің 17 облысынан жиналған 788-ге жуық шебер осымен екінші рет әлемдік рекорд орнатты. Қолөнершілер қатарынан жерлесіміз Сағат Қабылбек те табылып, арнайы марапатқа ие болды.
Ұлттық қолөнерді, салт-дәстүрді дәріптеу және мәдениетті жаңғырту мақсатында «Шығыс Алтай» стадионында 788 құрақ көрпе тігіліп, біріктірілді. Оның жалпы ұзындығы 2 мың метрден асқан алып полотно «Global Best of Rekords» халықаралық рекордтар тізіміне ұсынылды.
Алтайдың тамаша табиғатымен астасқан, жасыл түспен көмкерілген, өңір келбетін көркем келбетке айналдырғандай әсер қалдырды. Жобаға қатысқан тігіншілер тек құрақ көрпелерді ғана емес, сонымен бірге ғасырлар қойнауынан жеткен алаша, сырмақ, текемет секілді қолөнер бұйымдарын да ала келіп, қазақы дүниетанымның бай өрнегін әлемге жария етті.
«Ғасырлар дәстүрі» деп аталатын бұл аламан бәйгеге Шелек ауылынан қолөнер шебері Сағат Қабылбек те қатысты. Сағат осымен үшінші рет бұл жобаға қатысып, ұлттық қолөнердің дамуына өз үлесін қосып келеді. 2024 жылы Астанада, былтыр Алматыда өткен ұлттық-мәдени жобаға қатысып, былтыр күміс медаль мен арнайы сертификатқа ие болған. Ал биылғы «Аламан құрақ – IV» жобасына қатысып, алтын медаль мен сертификатпен марапатталды.
Жобаның авторы Нұргүл Абайханның бұл бастамасы бұдан бірнеше жыл бұрынғы арманынан туындаған еді. Содан бері тігілген құрақ көрпелердің көлемі мен саны артып, ұлтық өнердің ауқымы кеңейгенін көруге болады. Биылғы бұл жоба халықаралық деңгейдегі ең ірі бастамалардың бірі ретінде тіркелуге ұсынылды.
Биылғы жоба ерекшелігі, бұл – көрпе саны бойынша жаңа рекордқа жасалған қадам. Сонымен қатар, тұлпар бейнеленген ұлттық жастықшалармен арнайы шеру ұйымдастырылуында еді. Тұлпар – еркіндік пен Ұлы даланың рухын білдіретін ерекше символ.
Әлемдік рекордты тіркеу барысында барлық деректер арнайы цифрлы жүйе арқылы тіркеліп, халықаралық базаға жіберіліп, екінші мәрте рекорд жаңартылды.
Анарбек БЕРДІБАЕВ.
