+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

«Заң мен тәртіп – Жаңа Қазақстанның берік тұғыры»

Заң мен тәртіп – кез келген мемлекеттің іргетасын бекемдеп, қоғамның тыныс-тіршілігін үйлесімді арнаға бағыттайтын басты құндылықтардың бірі. Бұл қағидаттар сақталған жерде әділдік салтанат құрып, азаматтардың құқықтары сенімді қорғалады, ал қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздік берік орнығады.

Қоғамдағы әрбір адамның іс-әрекеті мен жауапкершілігі ортақ тәртіпке негізделгенде ғана ел ішінде өзара сенім мен сыйластық қалыптасады. Заң талаптарын құрметтеу – өркениетті қоғамның айқын белгісі. Өйткені заңға бағыну арқылы азамат өзінің ғана емес, тұтас қоғамның мүддесіне қызмет етеді.

Тәртіп – дамудың кепілі. Ол адамдардың күнделікті өміріндегі мәдениеттілік пен жауапкершіліктің көрінісі. Көшедегі тазалықтан бастап қоғамдық орындардағы әдептілікке дейінгі барлық әрекеттер азаматтық сананың деңгейін көрсетеді. Сондықтан тәртіпті сақтау – тек міндет емес, елге деген жанашырлықтың нақты көрінісі.

Ұлы дала тарихында әділдік пен заңдылық қашанда жоғары бағаланған. Қазақ халқының дәстүрлі құқықтық жүйесі де қоғамдағы бірлік пен татулықты сақтауға бағытталды. Бүгінгі күні сол асыл құндылықтар заманауи талаптармен үндесіп, «Заң мен тәртіп» идеологиясы арқылы жаңа мазмұнға ие болуда.

Заң үстемдігі орныққан қоғамда азаматтардың мемлекетке деген сенімі артып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қолайлы жағдай қалыптасады. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидатын өмір салтына айналдыру – әрбір саналы азаматтың парызы. Бұл – қауіпсіз әрі әділетті қоғам құру жолындағы ортақ жауапкершілік, ел болашағына қосылған маңызды үлес.

Еңбекшіқазақ ауданының Аналар кеңесінің төрайымы Исатева Роза Омарқызы