
Туған жерді таныған ұрпақ – елдің ертеңі
Туған жерді таныған ұрпақ – елдің ертеңі
Баланың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру – бүгінгі қоғамдағы маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе жасөспірімді табиғатпен жақындастырып, туған жердің тарихы мен мәдениетін таныту, спортқа баулу арқылы оның белсенді өмір салтын қалыптастырудың маңызы зор. Осы бағытта жұмыс істейтін ауданымыздағы балалар-жасөспірімдер спорттық туризм және экскурсиялар орталығының атқарып отырған жұмысы ауқымды.
Орталықтың бір жылдық жұмысы, жетістіктері, өзекті мәселелері мен алдағы жоспары туралы орталық директоры Мұрат Ақаевпен әңгімелестік.
– Құрметті Мұрат Тілепбердіұлы, әңгімемізді орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ. Біроқу жылында атқарылған жұмыстарға қандай баға берер едіңіз?
– 2025–2026 оқу жылы біздің ұжым үшін мазмұнды әрі нәтижелі жыл болды. Біздің негізгі мақсатымыз – балаларға бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасап қана қоймай, олардың қызығушылығына қарай қосымша білім беріп, туризм мен өлкетануға деген ынтасын арттыру. Осы бағытта жыл бойы жоспарлы жұмыстар жүргізілді.
Қазіргі таңда орталықта 38 үйірме тобы жұмыс істейді. Оларға 556 оқушы қамтылған. Үйірмелердің басым бөлігі мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сабақтар орталықтың өз базасымен қатар, аудан мектептерінде, арнайы мектеп-интернаттарда және бірқатар серіктес мекемелердің базасында ұйымдастырылады. Бұл бізге балаларды тек Есік қаласынан емес, ауданның әртүрлі елді мекендерінен қамтуға мүмкіндік береді.
Биылғы жұмыстың тағы бір ерекшелігі – теория мен тәжірибені қатар алып жүруге тырыстық. Балалар сабақ барысында алған білімдерін жорық кезінде, экскурсияда, туристік жарыстарда қолданады. Сондықтан біз үшін оқу жылының нәтижесі тек үйірмеге қанша баланың келгенімен өлшенбейді. Баланың жаңа нәрсе үйренуі, оны тәжірибеде қолдануы және өзіне қажетті дағды қалыптастыруы – басты көрсеткіштердің бірі.
– Балалар арасында қай үйірмелерге қызығушылық жоғары?
– Балалардың қызығушылығы әртүрлі. Бір бала жаяу жүруге, тауға шығуға қызықса, екіншісі карта бойынша бағыт анықтауға, үшіншісі өлкенің тарихын зерттеуге немесе шығармашылықпен айналысуға бейім болады. Сондықтан бір ғана бағытқа басымдық беріп, қалғанын шетке ысыруға болмайды.
Бүгінде «Жаяу туризм», «Туристік көпсайыс», «Спорттық бағдарлау», «Велотуризм», «Географ-өлкетанушылар», «Әдеби өлкетану», «Жас экскурсоводтар», «Жас өлкетанушылар», «Жас саяхатшы мобилограф» сияқты үйірмелер жұмыс істейді. Мұндай бағыттардың болуы баланың өз қызығушылығына сәйкес таңдау жасауына мүмкіндік береді.
Мәселен, «Әдеби өлкетану» бағытында оқушылар туған жерге қатысты әдеби мұраларды зерттесе, географиялық бағыттағы балалар жер бедерін, табиғи ерекшеліктерді зерделейді. Ал туристік үйірмелерде балалар бағыт-бағдар, жорық ұйымдастыру, спорттық бағдарлау секілді практикалық дағдыларды меңгереді. Яғни үйірмелер бір-бірін толықтырып тұрады.
– Туризм мен өлкетануды қатар алып жүрудің өзіндік ерекшелігі бар. Сіздердің тәжірибелеріңізде бұл екі бағыт қалай ұштасады?
– Туризм – тек бір жерден екінші жерге барып қайту емес. Оның артында үлкен танымдық жұмыс жатыр. Біз балаларды белгілі бір нысанға апарғанда оның табиғатын ғана көрсетіп қоймай, сол жердің тарихына, ерекшелігіне назар аударуға тырысамыз.
Мысалы, Есік көліне немесе Түрген шатқалына барған кезде бала табиғатты тамашалап қана қоймай, сол аумақтың ерекшелігі, табиғи ресурстары, экологиялық жағдайы туралы ақпарат алады. Тарихи орындарға экскурсия ұйымдастырғанда да нысанның өткеніне үңілеміз. Осылайша туризм мен өлкетану бір-бірімен табиғи түрде байланысады.
Біздің ауданымыздың бұл тұрғыдан мүмкіндігі өте мол. Тарихи орындар да, табиғи нысандар да жеткілікті. Сол мүмкіндікті балалардың білімін толықтыруға пайдалану – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі.
– Бір жыл ішінде жорықтар мен экскурсияларға да ерекше көңіл бөлінген. Қандай бағыттар қамтылды және мұндай жұмыстарды ұйымдастырудың ерекшелігі неде?
– Жыл бойы әртүрлі бағытта жорықтар мен экскурсиялар ұйымдастырылды. Балалар Есік көліне, Аюлы сарқырамасына, Түрген шатқалына, Шарын шатқалына, Үлкен Алматы көліне, Бұтақты сайына, Аюсайдан Хоббит сарқырамасына дейінгі бағыттарға барды. Велотуризм үйірмесінің оқушылары да біркүндік 55 шақырымдық маршрутты еңсерді.
Мұндай шаралардың әрқайсысы алдын ала дайындықты қажет етеді. Маршруттың күрделілігі, балалардың жасы мен дайындығы, ауа райы, қауіпсіздік мәселелері ескеріледі. Сондықтан жорыққа шығу – жай ғана серуен емес, жауапкершілігі жоғары жұмыс.
Биыл демалыс күндері ұйымдастырылған 14 жорыққа 118 бала, экскурсияларға 68 бала қатысты. Біз үшін олардың әрқайсысы – баланың табиғатты өз көзімен көріп, алған білімін нақты ортада бекітуге мүмкіндік беретін тәжірибе.
– Туризм баланың тәрбиесіне қандай әсер береді? Жорық кезінде қандай қасиеттер қалыптасады?
– Жорық кезінде бала көп нәрсені табиғи жолмен үйренеді. Ол уақытты жоспарлауға, өзіне берілген міндетті орындауға, жолдастарына көмектесуге, қиындыққа сабырмен қарауға дағдыланады. Әсіресе топпен жүретін кезде әр адамның жауапкершілігі ортақ нәтижеге әсер ететінін түсінеді.
Бұдан бөлек, табиғат аясында жүрген бала қоршаған ортаға басқаша қарай бастайды. Табиғатты қорғау, қоқыс қалдырмау, табиғи нысандарға ұқыпты қарау сияқты қарапайым мәдениет қалыптасады. Сондықтан туризмнің тәрбиелік жағы біз үшін өте маңызды.
– Ал қазіргі балалардың бос уақытының едәуір бөлігі гаджетке байланысты. Оларды табиғатқа, жорыққа, өлкетануға қызықтыру қаншалықты қиын?
– Баланы гаджеттен алыстату үшін оны жай ғана шектеу жеткіліксіз. Оның орнына қызықты балама ұсыну керек. Егер бала табиғатқа шыққанда жаңа нәрсе көріп, өзі карта бойынша бағыт анықтап, фото-видео түсіріп, достарымен бірге тапсырма орындаса, оған бұл қызықты болады.
Біз сондықтан дәстүрлі туризммен қатар жаңа бағыттарды да енгізуге тырысамыз. Соның бірі – «Жас саяхатшы мобилограф» үйірмесі. Қазіргі бала көргенін телефонға түсіруге қызығады. Ендеше сол қызығушылықты пайдалы арнаға бағыттау керек. Туған жердің табиғаты мен тарихы туралы сапалы контент жасауға үйрету де – бүгінгі заманның талабы.
– Орталық тәрбиеленушілерінің облыстық және республикалық жарыстардағы нәтижелері де көңілқуантады. Осы жетістіктерге тоқталсаңыз.
– Жетістікке бір күнде жету мүмкін емес. Оның артында педагогтің еңбегі, баланың ынтасы және жүйелі дайындық тұрады. Өткен оқу жылында тәрбиеленушілеріміз республикалық туристік-экспедициялық слетке қатысты. Облыстық деңгейдегі «Менің Отаным – Қазақстан» туристік-экспедициялық слетінде жалпы командалық есепте екінші орын алдық.
Педагогтер арасында ұйымдастырылған «Zhumar – 2025» туристік көпсайыс слетінде де орталық командасы үшінші орын иеленді. Сонымен бірге балалар түрлі республикалық шығармашылық және танымдық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Біз үшін медаль немесе дипломның өзі ғана маңызды емес. Жарысқа дайындалу барысында бала өз мүмкіндігін сынайды, тәртіпке үйренеді, командамен жұмыс істейді. Сол тәжірибе кейін оның басқа салаларда да қажетіне жарайды.
– Орталықта ерекше білім беруді қажет ететін 33 бала қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүргізіледі?
– Біз үшін әр баланың қосымша білім алуға мүмкіндігі болуы керек. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды да үйірмелер мен танымдық шараларға барынша тартуға тырысамыз. Бұлбағытта арнайы мектеп-интернаттармен бірлескен жұмыстарымыз бар.
Мәселен, арнайы мектеп-интернаттардың оқушылары үшіноқу-танымдық экскурсиялар ұйымдастырылды, туристік іс-шараларға қатысты. Кейбір оқушыларымыз облыстық іріктеу кезеңдерінде бақ сынап, республикалық жарыстарға жолдама алды.
Мұнда ең бастысы – баланың мүмкіндігіне қарай жағдай жасау. Әр бала өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі керек.
– Педагогтердің кәсіби дамуына да көңіл бөлініп келеді. Соңғы уақытта мамандар жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды меңгеруде. Бұл бағыт орталықтың жұмысына қалай әсер етеді?
– Қазіргі білім беру жүйесінде технологиядан тыс қалуға болмайды. Бірқатар педагогтеріміз жасанды интеллект, оқу үдерісінің цифрлық трансформациясы, генеративті модельдер және промт-инжиниринг бағыттары бойынша біліктілігін арттырды.
Әрине, технология педагогтің орнын баспайды. Бірақ оның жұмысын жеңілдетіп, жаңа материал әзірлеуге, ақпаратты жүйелеуге, балаларға қызықты тапсырмалар дайындауға көмектеседі. Біз де осы мүмкіндіктерді өз бағытымызға бейімдеп пайдалануға көңіл бөліп отырмыз.
– Орталықтың мектептермен және түрлі ұйымдармен байланысы да жолға қойылған. Бұл серіктестік сіздерге қандай мүмкіндік береді?
– Біздің жұмысымыз бір ғана орталықтың ішінде шектелмейді. Үйірмелер мектептер базасында да өткізіледі. Таутүрген, Қазатком, Рахат-1, Райымбек және басқа мектептермен бірлесіп жұмыс істейміз. Арнайы мектеп-интернаттармен де байланысымыз бар.
Сонымен қатар Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен, Алматы қорықтарымен, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжімен, Қазақ спорт және туризм академиясымен байланыс орнатылған. Мұндай серіктестік балалардың практикалық білім алуына, мамандармен тәжірибе алмасуға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
– Жетістіктермен қатар, орталықтың материалдық базасына қатысты мәселе де бар. 1967 жылы салынған ғимараттың қазіргі жағдайы қандай?
– Бұл – біз үшін өзекті мәселенің бірі. Орталықтың әкімшілік ғимараты 1967 жылы салынған, типтік емес, ағаштан құрастырылған ғимарат. Қазіргі таңда тозығы жеткен. Орталыққа жыл сайын 600-ге жуық бала қамтылатынын ескерсек, қазіргі материалдық мүмкіндік жеткіліксіз екені анық.
Қазір оқушыларға арналған екі ғана кабинет бар. Оның әрқайсысына шамамен 12 баладан ғана сыяды. Сондықтан үйірме сабақтарының көпшілігін мектептердің базасында өткіземіз. Бұл белгілі бір деңгейде мәселені шешкенімен, өзіміздің заманауи талапқа сай ғимаратымыз болғаны әлдеқайда тиімді болар еді.
– Ал арнайы автобустың болмауы жорықтар мен экскурсияларға қаншалықты кедергі келтіреді?
– Туризм орталығы үшін көлік – жұмысымыздың маңызды бөлігі. Бізде табиғи және тарихи нысандарға баратын көптеген маршруттар бар. Бірақ балаларды қауіпсіз әрі ұйымдасқан түрде алып бару үшін арнайы автобус қажет.
Қазір жорықтар мен экскурсияларды ұйымдастырғанда осы мәселені ескеруге тура келеді. Кейбір бағыттарды таңдау кезінде көлік мүмкіндігі де әсер етеді. Егер орталықтың өз автобусы болса, балаларды алыс маршруттарға шығару, экспедициялық жұмыстарды көбейту, ауданның жаңа туристік бағыттарын зерттеу мүмкіндігі артар еді.
– Бұл мәселелерді шешу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Жаңа ғимарат салу және арнайы автобус алу мәселесін шешу үшін инвесторларды тарту, жергілікті уәкілетті органдарға және қоғамдық кеңеске ұсыныстар беру бағытында жұмыс жүргізу қажет. Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес, бірақ орталықтың болашағы үшін оны көтеру маңызды.
Біздің мақсатымыз – тек бүгінгі жұмысты атқарып қою емес, балаларға келешекте де сапалы жағдай жасау. Материалдық база жақсарса, жаңа үйірмелер ашуға, жарыстар мен көрмелер өткізуге, жорықтар мен экспедициялардың географиясын кеңейтуге мүмкіндік көбейеді.
– Алдағы оқу жылына қандай жоспар қойып отырсыздар?
– Ең алдымен қазіргі бағыттарды сапалы жалғастыруды көздейміз. Үйірмелердің жұмысын жетілдіріп, балаларды облыстық және республикалық жарыстарға дайындауды жалғастырамыз. Жорықтар мен экскурсиялардың мазмұнын кеңейтіп, өлкетану бағытындағы зерттеу жұмыстарын күшейту де жоспарда бар.
Сонымен бірге заманауи технологияларды, оның ішінде мобилография мен цифрлық құралдарды туристік-өлкетану жұмысына тиімді енгізуге мән береміз. Педагогтердің кәсіби деңгейін көтеру де басты назарда болады.
Ең бастысы – балаға қызықты, қауіпсіз және пайдалы орта қалыптастыру. Біз үшін әрбір жаңа үйірме, әрбір жорық, әрбір жарыс – баланың жаңа нәрсе үйренуіне берілген мүмкіндік. Сондықтан орталықтың жұмысын осы бағытта жүйелі түрде дамыта береміз.
– Атқарған жұмыстарыңыз жөнінде көлемді сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан
Ринат НАРХАНОВ.
