+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

«Әділет» партиясы орта бизнесті дамыту мәселелерін талқылады

«Әділет» партиясының Іскерлік кеңесінің отырысында Қазақстандағы орта бизнестің үлесін арттыру, отандық компаниялардың өсуіне жағдай жасау және кәсіпкерлердің дамуына кедергі келтіретін мәселелер талқыланды.

Айбек Дәдебай төрағалық еткен жиынға бизнес өкілдері, салалық қауымдастықтар мен мемлекеттік органдар қатысты. Қатысушылар салықтық әкімшілендіру, инвестиция тарту, өндірісті дамыту, экспортты ұлғайту және кәсіпорындарды шағын бизнестен орта бизнеске өткізу мәселелерін көтерді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылы шағын бизнестен орта бизнес санатына 429 кәсіпорын өткен. Осы бағытта өсім әлеуеті бар компанияларды алдын ала анықтауға мүмкіндік беретін «Өсу картасы» әзірленген.

«Әділет» партиясының бағдарламасында орта бизнестің экономикадағы үлесін 7%-дан 20%-ға дейін арттыру және бес жыл ішінде 1 миллион жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Осы мақсатта жаңа өндірістер ашу, инвестиция тарту, отандық өндірісті күшейту және қазақстандық өнімді сыртқы нарықтарға шығару ұсынылды.

Отырыс барысында кәсіпкерлер бизнестің өсуіне кедергі келтіретін салықтық және әкімшілік мәселелерді атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын бір жүйеге келтіру, ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау, өнеркәсіптік кластерлерді дамыту және отандық жеткізушілерді ірі жобаларға тарту жөнінде ұсыныстар айтылды.

Іскерлік кеңес бұдан былай тұрақты форматта жұмыс істеп, кәсіпкерлердің ұсыныстарын нақты шешімдерге айналдыруға бағытталмақ. Кеңес құрамында экономиканың негізгі секторларын қамтитын 13 салалық кеңес жұмыс істейді. Өңірлердегі кәсіпкерлердің мәселелері партия филиалдары жанындағы Іскерлік кеңестер арқылы қаралады.

Жиын соңында партия төрағасы бизнес тарапынан көтерілетін ұсыныстар нақты есеп-қисаппен және шешу жолдарымен негізделуі қажет екенін атап өтті.