+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Без рубрики

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНДА ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ


Алматы облысында жылыту маусымы басталғалы бері 93 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 1 адам қаза тапты. Ал өткен жылдың осы кезеңінде өрт салдарынан 2 адам көз жұмған. Сонымен қатар өңірде иіс газынан уланудың 2 жағдайы анықталды. Бұл туралы Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Данил Лебедев БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте мәлімдеді.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыста профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Әсіресе әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың қауіпсіздігіне басымдық берілген. Бүгінде осы санатқа жататын 2 404 отбасы есепке алынып, ерекше бақылауға алынған. Сонымен қатар жылыту маусымы басталғалы бері тұрғын үйлерге 700-ден астам иіс газын анықтайтын датчик орнатылды.
«Жылыту маусымында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Өкінішке қарай, жыл сайын пешті дұрыс пайдаланбау, мұржаларды уақытылы тазаламау және жылыту құрылғыларының ақауы салдарынан өрт пен иіс газынан улану оқиғалары тіркеледі. Осыған байланысты облыста алдын алу шаралары күшейтілді. Әсіресе әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлерін аралап, өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілуде. Сонымен қатар тұрғын үйлерге иіс газын анықтайтын датчиктер орнатылып, халық арасында түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде», – деді Данил Лебедев.
Өрттің алдын алу мақсатында тұрғын үй секторларын аралау жұмыстарына азаматтық қорғау органдарының 250 қызметкері, жергілікті атқарушы органдардың 142 өкілі және 91 волонтер жұмылдырылды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 7 483 тұрғын үй қамтылып, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қосымша 518 үй тексерілді.
Бұдан бөлек, ұйымдар мен білім беру мекемелерінде өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіруге бағытталған 44 интерактивті және ашық сабақ өткізіліп, оған 887 адам қатысты.
Мамандар тұрғындарды пештер мен жылыту құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, мұржаларды уақытылы тазалауға, сондай-ақ газ және электр жабдықтарының жарамдылығын тұрақты тексеруге шақырады. Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау – өрт пен өзге де төтенше жағдайлардың алдын алудың басты кепілі.