
Ақын жары тарихи күннің куәсі
Бүгін Есік қаласындағы №123 сайлау учаскесіне келген сайлаушылардың қатарында қазақтың көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиевтің жары Күлтай Қасымова да болды.
Сайлау учаскесінің ақын атындағы аудандық мәдениет үйінде орналасуы бүгінгі күнге өзіндік сипат берді. Күлтай Қасымова дауыс беруге кірмес бұрын мәдениет үйінің алдындағы Тұманбай Молдағалиевтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жарының аруағына тағзым етті.
Осыдан кейін Күлтай Қасымова сайлау учаскесіне кіріп, өз дауысын берді. Осы сәтте Т.Молдағалиевтің сөзіне жазылған ән шырқалып тұрды.
– Бүгінгі күн мен үшін ерекше әсерлі болды. Сайлау учаскесінің Тұманбайдың атымен аталатын мәдениет үйінде орналасуының өзі жүрекке жылы тиеді. Дауыс берер алдында ескерткішіне гүл қойып, оның сөзіне жазылған әнді естігенде, ақынның елге, жерге деген сүйіспеншілігі тағы бір еске түсті.
Сайлау – әр азаматтың ел болашағына деген көзқарасын білдіретін маңызды сәт деп ойлаймын. Тұманбай өмір бойы елдің тыныштығын, халықтың бірлігін, туған жердің қадірін жырлады. Біз де осындай бейбіт күннің қадірін білуіміз керек. Бүгін өз дауысымды беріп, елдің ертеңіне бейжай қарамайтынымды білдірдім. Қандай заман болса да, халықтың бірлігі мен елдің болашағы бәрімізге ортақ. Сондықтан әр азаматтың сайлауға қатысып, өз азаматтық ұстанымын білдіруі маңызды деп санаймын – дейді ақынның жары.
Ауданымыздың тумасы, лирик ақын Тұманбай Молдағалиевтің шығармашылығында туған жер, ел мен жерге деген сүйіспеншілік, адамгершілік, достық пен махаббат тақырыптары кеңінен көрініс тапты. Тұманбайдың сыршыл өлеңдері бірнеше буын оқырманның жүрегінен орын алды. Оның көптеген өлеңдеріне композиторлар ән жазып, ақын жырлары халық арасына кең тарады. Тұманбай Молдағалиев ұзақ жылдар бойы әдебиет саласында еңбек етіп, қазақ поэзиясының дамуына айрықша үлес қосты. Ақынның есімі туған жерінде де айрықша құрметпен аталады.
