+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Ұлттық киіммен келген жеті келін

Бүгін елімізде маңызды саяси науқан – Құрылтай сайлауы өтуде. Осы айтулы күні Еңбекшіқазақ ауданы, Балтабай ауылдық округіне қарасты Ақтоғай ауылындағы №143 сайлау учаскесіне Нұртолқын әулетінің жеті келіні ұлттық киіммен келіп, азаматтық таңдауын жасады.

Ақ жаулық тағып, оюлы камзол киген жеті келіннің жарасымды көрінісі сайлау учаскесіне ерекше сән беріп, көпшіліктің назарын аударды. Бұл – халқымыздың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын ұлықтаған тағылымды бастама.

Ұлттық киім – ұлттың өткені мен бүгінін жалғаған рухани мұра, халықтың мәдени болмысы мен өзіндік ерекшелігін айшықтайтын құндылық. Сондықтан ел өміріндегі маңызды күнде қазақы дәстүрді дәріптеп, көпшілік алдына ұлттық нақыштағы киіммен шығудың мәні зор.

Нұртолқын әулетінің жеті келінінің бір сапта келіп, елдік іске үн қосуы – бірліктің, ынтымақтың және үлкенге құрмет, дәстүрге адалдықтың көрінісі. Әсіресе мұндай өнегелі бастаманың кейінгі ұрпаққа берер тәрбиелік мәні айрықша.

Қазақ «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді. Бір әулеттің ұйыған тіршілігінен көрініс берген жеті келіннің бұл қадамы ұлттық құндылықты дәріптеудің ғана емес, елдік мәселеге бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымның да жарқын үлгісін көрсетті.

Ақтоғай ауылындағы жеті келіннің ұлттық киіммен сайлауға келуі – елдік науқанды ұлттық рухпен сабақтастырған көрініс. Дәстүрін дәріптеген әулеттің бұл бастамасы көпшілікке ой салып, кейінгі буынға өнеге болары сөзсіз.