+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Батыр ұрпақтары елдік таңдау жасады


Еңбекшіқазақ ауданындағы №221 сайлау учаскесінде Кеңес Одағының Батыры Төле Кенжебаевтың ұрпақтары Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауларын жасауда.
Шелек топырағынан шыққан Төле Кенжебаев – ел тарихында өшпес із қалдырған жеті батырдың бірі. 1902 жылы дүниеге келген жерлесіміз еңбек жолын былғары зауытында бастап, кейін ұжымшарда аға шопан болып еңбек етеді. 1942 жылдан майданға аттанып, 60-гвардиялық атты әскер полкінің құрамында жаумен шайқасады.
1943 жылы 27 қыркүйекте Днепр өзенінен өту кезінде Төле Кенжебаев ерекше ерлік пен батылдық көрсетіп, өзеннен алғашқылардың бірі болып өтеді. Майдандағы ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.
Бүгінде батырдың есімі туған жерінде зор құрметпен аталады. Шелек өңірінде батырдың атында білім ордасы бар. Оның ұрпақтары атадан қалған аманатты ардақтап, ел тарихын ұлықтап келеді. Бүгін олар №221 сайлау учаскесіне келіп, Құрылтай сайлауына қатысып, өз азаматтық ұстанымдарын білдіруде.
– Біздің әулет үшін Төле атамыздың есімі әрдайым ерекше құрметке ие. Ол ел басына күн туған кезеңде Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, ерлігімен тарихта қалды. Біз бүгінгі бейбіт күннің қадірін түсініп, ел өміріндегі маңызды мәселелерге бейжай қарамауымыз керек. Сайлауға қатысып, өз таңдауымызды жасау – біздің де азаматтық парызымыз, – дейді батыр ұрпағы.
Төле Кенжебаевтың ұрпақтарының бүгінгі сайлауға қатысуы – батырдың ерлік жолы мен қазіргі ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін сабақтастырып тұрған тағылымды көрініс.