+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Бельгия делегациясы алғашқы медициналық-санитариялық көмектің озық тәжірибесімен танысты


Бельгия Корольдігінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында бельгиялық университеттердің өкілдері Алматы облысы, Есік қаласындағы Еңбекшіқазақ көпбейінді орталық аудандық ауруханасына барды. Сапардың негізгі мақсаты – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі демонстрациялық алаңының жұмысымен танысып, Қазақстанның алғашқы медициналық көмек көрсету саласындағы тәжірибесін зерделеу.
Кездесу барысында делегация мүшелеріне Еңбекшіқазақ көпбейінді орталық аудандық ауруханасының қызметі, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастыру жүйесі, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек – денсаулық сақтау жүйесінің маңызды буыны. Ол аурулардың алдын алуға, сырқаттарды ерте анықтауға, халықтың денсаулығын нығайтуға және медициналық көмектің үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда, Есік қаласындағы ДДСҰ-ның демонстрациялық алаңы тәжірибе алмасуға, тиімді тәсілдерді зерделеуге және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беретін маңызды орталықтардың бірі саналады.
Бельгия университеттері өкілдерінің сапары денсаулық сақтау саласындағы халықаралық байланысты нығайтуға, білім мен тәжірибе алмасуға және алғашқы медициналық көмек көрсету бағытындағы тиімді шешімдерді талқылауға жол ашады. Мұндай кездесулер медициналық қызмет сапасын жетілдіруге, кәсіби ынтымақтастықты кеңейтуге және денсаулық сақтау жүйесін дамытуға тың серпін береді.
Қазақстан мен Бельгия арасындағы өзара тәжірибе алмасу медициналық білім беру, ғылыми ынтымақтастық және алғашқы медициналық-санитариялық көмек саласындағы озық тәжірибелерді зерделеу тұрғысынан маңызды.
Есік қаласындағы кездесудің басты мәні – халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетудің тиімді жолдарын таныстыру және халықаралық әріптестікті нығайту. Бұл бағыттағы байланыстар денсаулық сақтау саласының дамуына және тұрғындардың денсаулығын қорғау ісін жетілдіруге үлес қосады.