Бүгінгі таңдау – ертеңгі болашақ
Жастар – қоғамның ең белсенді әрі өзгеріске бейім бөлігі. Әрбір ел өзінің болашағын жастармен байланыстырады. Өйткені бүгінгі жас буын ертең өндірісті де, ғылымды да, білім беру жүйесін де, мемлекеттік қызметті де, кәсіпкерлікті де алға сүйрейтін негізгі күшке айналады. Сондықтан олардың қоғамдық өмірге араласуы, ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерге бейжай қарамауы – уақыттың басты талабы. Құрылтай сайлауы – жастардың азаматтық ұстанымын танытып, қоғамдық белсенділігін көрсететін маңызды кезеңдердің бірі.
Қазіргі таңда мемлекет жастардың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасап келеді. Білім алуға, кәсіп бастауға, шығармашылықпен айналысуға, спортпен шұғылдануға, волонтерлік қызметке қатысуға арналған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Алайда мұның барлығы жастардың өз белсенділігімен ұштасқанда ғана нақты нәтиже береді. Белсенділік дегеніміз – тек өз мүмкіндігіңді пайдалану емес, қоғамның дамуына үлес қосуға деген ұмтылыс. Өз ортаңда болып жатқан өзгерістерге бейжай қарамай, пікіріңді білдіру, бастама көтеру, қоғамдық жұмыстарға атсалысу – нағыз азаматтық ұстанымның көрінісі.
Құрылтай сайлауы осы тұрғыдан алғанда жастар үшін үлкен маңызға ие. Бұл – жай ғана дауыс беру емес. Бұл – елдің болашағына қатысты жауапкершілікті сезіну, қоғамдық процестердің бір бөлшегі екеніңді түсіну. Кейде жастар арасында «саясат маған қатысы жоқдеген пікірлер кездесіп жатады. Бірақ кез келген қоғамдағы оң өзгерістер азаматтардың белсенділігінен басталады. Әрбір айтылған ұсыныс, әрбір жасалған таңдау, әрбір белсенді қадам үлкен өзгерістердің негізіне айналуы мүмкін.
Біз жастармен күнделікті жұмыс барысында олардың бойындағы тың идеялар мен жаңашыл бастамалардың куәсі болып жүрміз. Бірі өз кәсібін ашып, жаңа жұмыс орындарын құрып жатса, енді бірі еріктілік қызметі арқылы қоғамға пайдасын тигізуде. Бірі халықаралық білім бәйгелерінде ел намысын қорғаса, енді бірі ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысып жүр. Мұның бәрі бүгінгі жастардың ел тағдырына бейжай қарамайтындығын көрсетеді. Осындай белсенді жастардың дауысы да естілуі керек. Құрылтай сайлауы – сол мүмкіндіктердің бірі.
Жастар әрдайым жаңашылдықтың бастаушысы болған. Олар жаңа идеяларды тез қабылдайды, заман талабына жылдам бейімделеді, технологияны еркін меңгереді. Сондықтан еліміздің ертеңіне қатысты маңызды бастамаларда жастардың көзқарасы мен ұсынысы ерекше орын алуы қажет. Құрылтай депутаттарын сайлау барысында да жастар өз таңдауын саналы түрде жасап, қоғамның дамуына үлес қоса алатын, елдің мүддесін қорғайтын азаматтарға қолдау білдіруі маңызды. Бұл – тек бүгінгі күн үшін емес, келешек ұрпақ үшін жасалатын жауапты қадам.
Азаматтық жауапкершілік адамның жасына қарамайды. Ол мектеп қабырғасынан басталып, өмір бойы қалыптасатын қасиет. Бүгін қоғамдық мәселелерге немқұрайды қараған жас ертең ел тағдырына жауапкершілікпен қарауы қиын. Сондықтан жастардың бойында ерте жастан қоғамдық белсенділік мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Өз құқығын білу, өз пікірін ашық айту, заңды құрметтеу, елдік мәселелерге қызығушылық таныту – мұның бәрі жауапты азамат қалыптастырудың негізгі тетіктері.
Бүгінде жастардың қолында бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер бар. Ақпаратқа қолжетімділік артты, білім алудың жаңа жолдары ашылды, мемлекет тарапынан жастар саясатына ерекше қолдау көрсетілуде. Осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін жастар тек жеке жетістіктермен шектелмей, қоғам өміріне де белсенді араласуы қажет.
Құрылтай сайлауы – сол жауапкершілікті іс жүзінде көрсететін маңызды қадам. Әрбір дауыс – елдің болашағына деген сенімнің белгісі. Әрбір таңдау – қоғамның дамуына қосылған үлес. Сондықтан ауданымыздың барлық жастарын осы маңызды саяси науқанға белсенді қатысуға шақырамын. Біз қандай қоғамда өмір сүргіміз келсе, оны өз қолымызбен қалыптастыруымыз керек. Білімді, бастамашыл, отансүйгіш әрі жауапкершілігі жоғары жастар көбейген сайын еліміздің де келешегі кемел, болашағы баянды болады.
Айжан ӘБІТ
