+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Ертегі кейіпкерлері сайлауға келді


Еңбекшіқазақ ауданындағы №123 сайлау учаскесінде бүгін сайлау үдерісі ерекше көңіл күймен өтіп жатыр. Дауыс беруге келгендердің арасында көпшілікке таныс ертегі кейіпкерлері де бар.
Сайлау учаскесіне қазақ ертегілерінің танымал кейіпкері Алдар көсе, шығыс халықтарының әзіл-әңгімелерімен кеңінен танылған Қожанасыр, Тазша бала, Мақта қыз бастаған кейіпкерлер келіп, жұртшылықтың назарын аударуда. Түрлі образдағы кейіпкерлер учаскеге келген тұрғындармен бірге суретке түсіп, әсіресе балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап жатыр.
Ертегі әлемінің кейіпкерлерін көрген сайлаушылар да қызығушылық танытып, ерекше көрініске куә болуда. Ұлттық және халықтық образдарды сайлау үдерісімен үйлестірген бұл бастама бүгінгі күннің мазмұнын өзгеше қырынан көрсетіп отыр.
Алдар көсе өзінің тапқырлығымен, Қожанасыр әзіл-қалжыңымен танылса, өзге де ертегі кейіпкерлері сайлау учаскесіндегі мерекелік атмосфераны жандандыра түсуде. Мұндай шығармашылық бастама тұрғындардың назарын аударып, қоғамдық шараға деген қызығушылықты арттыруға септігін тигізіп жатыр.
Сайлау учаскесінде дауыс беру жалғасып жатыр. Ал ертегі кейіпкерлерінің келуі сайлау күнін тұрғындар үшін есте қаларлық әрі ерекше күнге айналдырып отыр.