
Көкпар – қанмен келіп, жанмен кетеді
Соңғы 10-15 жылда елімізде ұлттық спорт түрінің бірі – көкпар ойыны қарқынды дамып, жастар легінің бұл ойынға құмарлығы күн сайын арта түсті. Ат үстінде атой салған білекті, жүректі азаматтар көбейді. Осы орайда саналы ғұмырын көкпарға арнаған Тескенсу ауылының тумасы, көкпаршы, көкпар ойынының белгілі комментаторы, облыстық жаппай көкпар федерациясында төрағалық қызметтер атқарған, бүгінде облыстық және ауданымыздың «Арғымақ» көкпар федерациясының жаппай көкпарында төраға, аудан жастарының жаттықтырушысы Төлебай Жұматайұлымен сұхбаттастық.
– Төлебай аға, көкпар спорты жөнінде өзіңізбен тілдесудің сәті түскеніне қуаныштымын. Алдымен өзіңіз жайлы ақпар беріп өтсеңіз.
– Мен 1972 жылы Тескенсу ауылында дүниеге келдім. Бала күнімізден ат үстінде келе жатқан азаматтың бірімін. Бүгінде «теңге ілу», «аударыспақ», «жамбы ату», «көкпар» сынды ұлттық спорт түрлерінен жастарды жаттықтырумен, көкпар ойындарын жүргізумен айналысып келемін. Екі ұл, бір қызым, алты немерем бар. Ұлдарым да көкпар тартып жүр. Немерелерім де бұл спортқа жақын болатын шығар өсе келе.
– Көкпарға деген қызығушылығыңыз қай кезден бас-талды?
– Аталарымыздың көкпар шапқанын білеміз, одан кейін әкелеріміз көкпар шапты, біз де солардың жолымен көкпарға деген қызығушылығымыз бала күнімізден басталды. Бұл спорттың бір қасиеті – қанмен келіп, жанмен кетеді.
Қазір жастармен жағаласуды жөн көрмегендіктен, көптен бері көкпар тартпаймын. Мен 16 жасымда көкпар додасына кіріп бастағанымда, әкем бірден көкпарды қойған еді.
Көкпар тартпасам да, бұл спорттан бір мезетке қол үзбедім. Ат баптау, тазы асырап жүгірту, көкпарларды жүргізуші комментатор болу, федерациядағы қызметтер, жастарды жаттықтыру – күнделікті жұмысым десе де болады. Және соған қуанамын.
– Өзіңіздің есіңізде ерекше қалған көкпар бар ма?
– 1990 жылдары «намыс көкпар» деп аталатын. Ауыл-ауылдың жігіттері көкпарға таласып, өз ауылдарына әкетіп, қазақ үйлердің алдына тастайтын. Ол көкпарларда бүкіл ауылдың ақсақалдары жүретін батасын беріп, ағаларымыз бар еді. Ол кезде бос жатқан жер көп, қоршаулар аз еді. Мен нағыз көкпар деп, көкпардың майданы деп – сол замандағы көкпарды айтар едім. Сол кездегі көкпарлар есімде қалды. Ақсақалдар аттарын баптап бізге беріп тұрушы еді. Апта сайын әр жексенбі күні 300-400 адам қатысатын қайнаған қызу көкпар өтетұғын. Ат та көп, әр үйде көкпарға шабатын 4-5 ат болатын.
Қазір ол көкпарды өткізуге тыйым салынған. Себебі – біреудің көлігін немесе ауласындағы қоршауын зақымдап алу, көшедегі адамдарға зиян келтіру әбден мүмкін. Жалпы оқыс жағдайларға әкеледі.
Өзіміз аудандық «Арғымақ» деп аталатын көкпар федерациясын құрдық. Бұл күнде командалық көкпар мен жаппай көкпар ережелерімен ғана өтеді.
– Осы орайда той өткізіп, көкпар бергісі келетін адамдар қандай мекемелердің рұқсатын алуы тиіс?
– Бірінші ауыл әкіміне жолығады, ауыл әкімі ауданға өтініш жазады, ауданның спорт, ішкі саясат, аудан әкімі қол қойып, рұқсатын беру керек. Кейін аудандық полиция басқармасы мен соңында көкпар федерациясы рұқсатын беру керек. Бұл шаруаларға шамамен бір ай уақыт кетеді.
Сондықтан көкпар ұйымдастыруға ертерек қамданамыз және басқаларға да соны ескертеміз.
– Жер-жерде көкпар ойынының комментатор болып жүргеніңізден хабардармыз. Бұл іспен қашаннан бері айналысып келесіз.
– Бала күнімізден көкпардың ортасында жүргендіктен, телефон арқылы оңтүстік өңірлерінде қалай өтіп жүргенін байқап осы істі қолға алып көрдім. Бұл көкпарға деген жанашырлық пен құмарлықтан туған ой. Бір-екі көкпар басқарып көріп, әрмен қарай Алла күш-қуат берді деп ойлаймын, ел алдына шығып кеттік ойламаған жерден.
– Көкпар жүргізушілерінің әдеби тіл байлығы мол болуы шарт. Осы тұғыда ізденісіңіз күшейген шығар.
– Иә, әлбетте. Кітаптарды көп оқи бастадым, тойларға барсам бастан-аяқ асабалардың әрбір сөзіне мән беріп отыратын болдым. Ас-жиындарда да ақсақалдардың баталарына, әңгімелеріне құлақ түріп, ол кісілермен танысып, жақсы сөздерін алып қалуға тырысып жүремін. Қолдағы телефоннан да қарайтыным соған қатысты дүниелер.
Жалпы жас ұлғайған сайын барлығына жауапкершілікпен қарайды екенсің. Мысалы үйден қандай да бір той немесе асқа шығарда, қандай той-жиын екенін ескеріп, сөзімді жүйелеп, дайындалып барамын. Ондай жерлерде қарапайым, құрғақ сөйлегенді ұнатпаймын. Шынында қазақ сөзге бай ғой, бір сөздің өзі адам тағдырын өзгертіп жібере алады. Бұл нәрсе басымнан да өтті.
– Соңғы сөзіңіз қызықты болып тұр. Қандай сөз өміріңізді өзгертті?
– Дұрысынан түсінсеңіздер айтайын. Кеңес үкіметінің кезінде екінің бірі арақ ішті ғой. Ол індет мені де айналып өткен жоқ. Сол шақта бір інім «енді саған көшеде жату ғана қалды ғой» деді. Сол сөз жүрегіме оқтай қадалды да, сол сәттен-ақ ішімдік пен шылымды қойып кеттім.
Біздің заманымызда қазақтың небір мықты, небір асыл азаматтары осы ащы судан зардап шекті, өмірлерін өксікпен өткізді. Бұл да солақай саясаттың, қазақты құртқысы келген елдің саясаты болар, бүгіндегі нашақорлық пен лудомания секілді індет еді.
Қазір қазақ жастарына жүрген жерімізде сол, арақ ішпе, өтірік айтпа, ұрлық жасама деп, ақылымызды айтып жүреміз.
Бізге қазақы тәрбиені бірінші әке-шешеміз берсе, олардан кейін ауыл ақсақалдары мен ел ағалары берді.
– Қазір қоғамдағы нашақорлық, ойынқұмарлық сынды дерттерді қозғап өттіңіз. Қазақ қоғамынан тағы қандай кемшін тұстарды көресіз?
– Қазір өте жақсы жастар өсіп келе жатыр. Ойлары еркін, білімді, білікті азаматтардың көбеюі қуантады. Талпынған жанға барлық мүмкіндік бар. «Әркім көргісі келгенді көреді» дейді ғой. Іздесең кемшілік те аз емес. Көпке топырақ шашпаймын, жалпы өзім ел ішінде жүргендіктен, байқағаным – адамдар дүниенің артынан қуып кетті. Көздері ақшадан басқа ешнәрсені көрмейтін адамдардың қарасы қалың. Бұл адамгершілікті де, сыйластықты да, барлық рухани құндылықты жоятын нәрсе. Біреудің малын немесе бағын қызғану маған жат әдет. Дегенмен, салыстырсақ баяғы қазақы ашық-жарқын көңілден, ағайындық пен адал достықтан ажырап бара жатқандаймыз.
Дегенмен тәуба, еліне жанашыр азаматтар да жетерлік. Еңбектерін жоққа шығармаймыз, елге демеуші жомарт жандар да бар. Ауылда өлім-жітім бола қалса сол үйдің бүкіл шаруасын, рәсімдерін өткізу үшін өзіммен құралғылас ауылдас азаматтар бар, бәріміз ұйымдастырып атқарамыз.
– Көкпарға келсек, көкпаршы жігітке қандай қасиеттер тән болуы керек?
– Көкпар тартып жүрген азаматтың ең әуелі сәлемі дұрыс болуы керек. Сабырлы мінез бен елді, өзін, қарсыласты сыйлауы керек. Көкпар – өзіндік қасиеті мен киесі бар дәстүрлі ойынымыз. Міндетті түрде таза ниетпен, дәретпен барып қатысқан дұрыс.
Кейбір өңірлерде байқалады, көкпарды табыс көзіне айналдырып алған адамдар көбейіп кетті. Сол көкпардағы жүлдені алу үшін, қалталы жандар мықты атты баптап, мықты көкпаршыны мінгізіп, мақсаты тек жүлде болып кеткен жандар көп. Бұл дұрыс емес, әрине. Ал, ауданымыздың азаматтары көкпарды жақсы көргендіктен, шынайы жанашырлықпен қатысатыны көңіл қуантады.
– Ат пен шабандоздың арасындағы байланысты сипаттап берсеңіз.
– Бұл тұрғыда көкпаршының өзіне ыңғайлы аты болуы керек. Он жастағы аттың он жасар баланыкіндей ақылы болады. Атты дұрыс баптап, тәрбиелей білсе, ол көкпарда нағыз серігі, жеңістің кілті болады. Атың нашар болса абыройың өспейді, атың шықпайды. Сондықтан бірінші терді атқа төгу керек.
– Жеңіс пен жеңілістен қандай сабақ алдыңыз?
– Өмір өзі жеңіс пен жеңілістерден тұрады. Үнемі жеңе де, жеңіле де бермейсің. Ең бастысы барлық қарсыласқа құрмет болуы тиіс. Ал мықтыны «мықты» деп бағалаймыз.
– Өз ауданымызда мықты көкпаршылар бар шығар.
– Шүкір, ұлттық құрамада өнер көрсетіп жүрген ауданымыздың 3 жігіті бар. Ұлттық құрамаға енген теңге ілетін жігіттер бар. Былтырғы көшпенділер ойынында Нариман деген баламыз Азия чемпионы атанды. Облыстық құрамада өнер көрсетіп жүрген азаматтарымыз одан да көп.
– Байқасақ, қазақ пен қырғыз көкпар ойынына таласып жатады. Осы әңгімеге не деп жауап берер едіңіз?
– Бұл талас орынсыз дер едім. Себебі көкпарды барлық Азия елдері шапқан. Қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік, түркімен айта берсек бәрінде ежелден болған ойын. Бұл ойын кезіндегі жаугершілік заманда әскери жаттығу ретінде пайда болған деседі. Майданда жарақаттанып жатқан батырды ат үстіндегі азамат өңгеріп алып, аман алып қалу үшін керек болған. Адамдар ат үстінде соғысқандықтан, балалар да кішкентайынан көкпарға машықтанып, шеберлігін шыңдап өскен.
Көшпенділер ойынына жан-жақтан көп мемлекет қатысты, байқасақ көпшілігі көкпар тартады. Әр ұлттың көкпарында аздаған айырмашылықтар бар.
Негізінен қазақтың көкпары өзінде, қырғыздың көкпары өзінде. Дегенмен әлемдік ережеге сәйкес қырғыздардың қазандығы алынып тасталды, жарақат көп болады деп. Қазір жерге сызылған шеңбер ішіне тасталады.
– Өзіңіз бала күніңізден осы ойынның ортасында келесіз, көкпар мінезіңіздің қалыптасуына қалай әсер етті?
– Көкпардың мінезімнің қалыптасуына, болмысыма әсері өте зор болды. Жас күнімізде қызуқандылық болды, әрине. Қазір жас ұлғайған сайын ойланасың. Көкпарда мінезді жігіттер көп болады, барлық жайттарды бақылап, сөзге тоқтатып, жөнге салып отыру керекпіз. «Абырой» деген құнды дүние бір-ақ күнде өседі, бір-ақ күнде түседі. Осы ар, абыройымызды көздің қарашығындай сақтауымыз қажет.
– Аға, көзіммен де көрген едім, көкпардан ауыр жарақат алып, емделгесін қайта көкпар тартып жүрген жігіттер көп. Соған сай «көкпар аса қауіпті ойын», «қажеті жоқ» дейтін пікір иелері де жоқ емес. Осы тұрғыда ойыңызды білдірсеңіз.
– Енді, «Сақтанғанды сақтайды» дейді ғой. Сіз айтқан дәйектер бізге де таныс. Жоғарыда айтып кеткенімдей, көкпар қанмен келіп, жанмен кетеді. Бұнымен шұғылданып үйренген адамның қандай жарақат алса да қойып кетуі екіталай. Қауіп-қатері көп екенін жоққа шығармаймын. Дегенмен көкпармен ауырған адам бұны қойып кете алмайтынын талай көрдім. Кеген өлкесінде Қайрат деген жігіт көкпардан мертігіп, арбаға отырып қалы. Қазір сол жігіт көкпардан қалмайды. Азаматтар атына отырғызып, салымын салғызып, арнайы жүлдесін тапсырып, сыйлап жібереді.
Көкпарда оқыс жағдайлар орын алмас үшін, ережелер қатаң сақталады. Өрескел тәртіп бұзғандар келесі додаларға қатыспайды. Көкпарға қатысатын жігіттің міндетті түрде ат әбзелдері мен киімі талапқа сай болуын қатаң қадағалаймыз. Көкпардың өз қамшысы, үзеңгісі болады, және ат тағасыз болуы керек. Азаматтардың былғары етігі, етіктің ішінде қорғанышы болады және бөрік киюге міндетті. Ал бұл ережелер сақталмаса қатыспайды.
Негізінен біз көкпарды сақтау керекпіз. Өйткені көкпар – ұлттық құндылықтарымыздың бірі.
Қазір елімізде көкпар спорты өте үлкен қарқында дамып жатыр. Бұл спортқа келіп жатқан жастар да көп. Атқа мінген баланың ой өрісі өте жақсы дамиды. Ат үстінде жүріп көптеген адамдармен араласады. Тұлғасын қалыптастырады. Балаларды атқа мінгізіп өсірген дұрыс, ел шетіне жау келсе ең бірінші ат үстінде жүрген ерлер шығады.
– Сіздің балаларды көкпар, теңге ілу, ат баптау сынды ұлттық құндылықтарға баулып жүргеніңізден хабардармыз. Ал, комментатор шәкірттеріңіз бар ма?
– Қазір комментатор болғысы келетін жастар да көбейіп келеді. Бүгінде соңымнан еріп, қасымда жүріп тәлім алып жүргін жастар бар. Көкпар дамып жатқандықтан комментатордың да көп болғаны жақсы. Жалпы осы көкпардың айналасында жүрген балаларға білгенімізді аямай бөлісіп, өмірлік жолын табуға көмектесіп, үнемі қолдауымызды танытып жүреміз. Атта жүрген жандардың сыйластығы мен ауызбіршілігі жақсы.
Аттан аттың несі артық?
Жүрісі мен күші артық.
Ерден ердің несі артық?
Ерлігі мен ісі артық – дейді, ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың игі істерін үлгі етіп, жастарды ат үстінде жүріп жақсылыққа бағыттап келеміз деп есептеймін. Салт-дәстүрімізді, тарихымызды, дала заңындағы әдептерді соңымыздан ерген жеткіншектерге үйретуден жалықпаймыз.
– Жалпы көкпар аты кемінде қанша жаста болуы керек?
– 4-5 жастан асқан болуы керек. Ол жасқа дейін аттың белі қатпайды.
– Ел ішінде «жақсы аттың бәрі қырғыздарда, бізде жақсы ат іздегендер сол жақтан сатып алады екен» деген мәнде әңгіме бар. Бұл сөз қаншалықты рас?
– Қырғыздан ат алатын бауырлар жоқ емес, бірақ бұған қарап, «қазақта жақсы ат жоқ» деп түсінбеу қажет. Қазақ ат жағынан қырғызға күні қарап тұрған жоқ. Қазақта мықты ат көп, тек оны тәрбиелеу керек. Қазанатымызды жоғалтып алдық. Дегенмен оңтүстік өңірдің өздерінің аттары бар. Олар сақтап қалған. Өз басым атты көбіне Тараздан аламын, сол жақта мықты ат көп. Сонымен қатар, қазір көкпар атын баптайтын атбегілер де азайып кетті. Жылқының мықты болмағы бапкеріне байланысты.
– Көкпар тақырыбында, ұлттық құндылық пен тәрбие тақырыбында берген сүбелі сұхбатыңызға мың алғыс. Еңбегіңіз жана берсін!
Тілдескен Ринат НАРХАНОВ.
