
Жарты ғасырлық өнер жолы жалғасуда
Алғашқы аккордтар залға әуелеп тараған сәттен-ақ бұл кештің өзгеше болары сезілді. Есік қаласындағы Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінің сахнасы бұл күні тек концерт өтетін орын ғана емес, бірнеше буын бишілердің балалық шағы, арманы, табанды еңбегі мен шығармашылық жолы тоғысқан қасиетті өнер алаңына айналды. Мұнда «Улыбка» халықтық би ансамблінің дәстүрлі есеп беру концерті өтіп, көрермендер әсем би әлеміне саяхат жасады.
1969 жылы Нина Пашкова мен Дмитрий Остапенко негізін қалаған «Улыбка» би ансамблі – бүгінде ауданның ғана емес, өңірдің мақтанышына айналған шығармашылық ұжымдардың бірі. Жарты ғасырдан астам тарихында мыңдаған баланы өнерге баулып, талай таланттың қанатын қатайтқан ансамбльдің сара жолын бүгінгі күні хореографтар Арина Цулаева мен Ботагөз Балиханова абыроймен жалғастырып келеді. Ұжым дәстүрді сақтай отырып, заман талабына сай жаңа қойылымдармен репертуарын байытып, жас бишілердің шығармашылық әлеуетін дамытуға зор еңбек сіңіріп жүр.
Кеш шымылдығы қазақ халқының қуанышы мен кең пейілін бейнелеген «Мереке» биімен ашылды. Одан кейін сахнаға шыққан кішкентай бүлдіршіндердің орындауындағы «Қамажай» мен «Құрбылар» биі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әрбір қимылдан балалардың сахнаға деген сүйіспеншілігі мен ұстаздарының тынымсыз еңбегі анық сезіліп тұрды.
Концерт бағдарламасы ұлттық және әлем халықтарының мәдениетін дәріптеген жарқын қойылымдарға толы болды. Татардың «Тентектер» биі, корей биі, армянның «Энзели» қойылымы, казактардың «Ойся, ты ойся» биі, грузиннің «Ачарулиі», сыған, испан, ұйғыр және хорезм билері әр халықтың мінезін, мәдениеті мен салт-дәстүрін сахна тілімен шебер жеткізді. Концерттің мазмұнын байыта түскен қонақ ұжымдардың өнері де кештің сәнін келтірді. «Мереке» би ансамблі, «Карамель» би театры, «Honey» тобы және «Картал» ансамблінің әйелдер құрамы өздерінің үздік қойылымдарын ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал заманауи хореография үлгісіндегі «Crazy Over You» мен «Gasolina» билері жастардың ширақ қимылы мен ерекше энергиясын паш етті.
Кеш барысында тек би ғана емес, жетістіктер де ұлықталды. Спорттық би саласында жоғары нәтижеге қол жеткізген Александра Шустова, Есения Бричковская, Томирис Сакен және Айым Қасенге спорт шеберлігіне кандидат куәліктері салтанатты түрде табысталды.
Концерттің ең толқынысты сәті ансамбль түлектерін құрметтеу рәсімі болды. Сахна төріне Донара Азимова, Гулазар Асанова, Нигара Асанова, Наргиз Азимова, Елизавета Аяти, Минга Цулаева, Елена Мельник, Маргарита Надбережная, Есения Бричковская, Ұлпан Асейхан, Аяжан Балтабай, Седа Цулаева көтерілді. Бірнеше жыл бойы ансамбльдің намысын қорғап, сан мәрте сахнаға шыққан түлектерге куәліктер табысталып, құрмет көрсетілді. Залда отырған ата-аналар мен көрермендердің толқынысы жүздерінен анық байқалды.
Әсіресе, ансамбль жетекшісінің түлектерге арнаған жүрекжарды лебізі ешкімді бейжай қалдырмады.
– Улыбка» сіздер үшін жай ғана ансамбль емес, екінші үйлеріңіз болды деп сенемін. Қай жерде жүрсеңіздер де, жүректеріңізде бидің жылуы сақталсын. Бұл ұжымның есігі сіздер үшін әрқашан ашық, – деген сөздер түлектер үшін өмірлік тілекке айналғандай әсер қалдырды. Сол сәтте сахнада қуанышпен қатар қимастық сезімі де қатар өрілді.
Жыл сайынғы есеп беру концерті тағы бір мәрте «Улыбка» халықтық би ансамблінің жай ғана өнер ұжымы емес, бірнеше ұрпақты тәрбиелеген үлкен шығармашылық мектеп екенін дәлелдеді. Мұнда балалар би билеуден бөлек, еңбекқорлықты, тәртіпті, жауапкершілікті, достықты және әр халықтың мәдениетіне құрметпен қарауды үйренеді.
Концерт соңында көрермендер ұзақ уақыт қол соғып, гүл шоқтарын ұсынып жатты. Бұл қошемет тек әсем қойылымдарға ғана емес, ондаған жыл бойы өнерге адал қызмет етіп келе жатқан ұстаздардың еңбегіне, сахнада жарқыраған жас бишілердің талантына және «Улыбка» ансамблінің жарқын тарихына көрсетілген құрмет еді. Бір кештің аясында өткен бұл өнер мерекесі көрермен жадында ұзақ сақталары сөзсіз.
Ринат НАРХАНОВ.
