
«Мен тірі болсам – ұлт тірі»
Тіл – жай ғана сөйлесу мен жазудың құралы емес. Ол – ұлттың жүрегі, халықтың жан дүниесі, ғасырлар бойы жиналған рухани қазына. Кейде ол да тірі жан секілді елестейді: қуанады, мұңаяды, сыр шертеді, кейде тіпті үнсіз ренжіп тұратындай. Қоғамның әр өзгерісі, адамдардың әр сөзі, әр бұрмаланған сөйлемі оның тағдырына із қалдырып отырады. Тілдің тынысын сезіну үшін оны білу аз, оның жүрек лүпілін ұға білу керек секілді. Осындай ойлармен жүрген күндердің бірінде күтпеген, тіпті ақылға сыймайтын бір жайтқа тап болдым. Алдымен сенбедім. Бұл бір қиялдың елесі ме, әлде санамның шаршаған сәтіндегі көрініс пе деп ойладым. Бірақ қолымдағы заттың шынайылығы күмәнімді сейілтті. Ескі, парақтары сарғайған, жұпынылау бір күнделік… Сырты қарапайым ғана болғанымен, ішінен ерекше бір салмақ сезіледі. Қолға алған сәтте-ақ жүрегім әлденеден секем алғандай тыпырлап қоя берді. Парақтарын ақтара бастағанымда, бұның жай ғана күнделік емес екенін аңғардым. Бұл – қазақ тілінің, АНА ТІЛІМІЗДІҢ ӨЗ КҮНДЕЛІГІ болатын. Иә, тірі жандай сыр шертіп, өз басынан өткен күндерді, қоғаммен бетпе-бет келген сәттерін, қуанышы мен мұңын қағаз бетіне түсірген үнсіз шежіре іспетті дүние. Әр беті – бір күйзеліс, бір үміт, бір өкініш. Осы сәтте бойымды ерекше бір діріл биледі. Бір жағынан таңданыс, бір жағынан жауапкершілік сезімі. Бұл күнделік мені бейжай қалдырмады. Керісінше, оның әр сөзі қоғамға қойылған үнсіз сұрақтай әсер етті. Күнделік – жеке өмір, құпияға толы жазба. Оны рұқсатсыз парақтауға, көпшілікке таратуға ешкімнің құқығы жоқ. Десек те, ананың ақ сүті арқылы бойымызға дарыған ана тіліміздің күнделігінен алынған үзіндіні оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.
Бостандық пен болашақ
1990 жыл 25 қазан. Таң атқан сәттен-ақ бойымды ерекше сезім биледі. Кеше ғана өзімді түсінбейтін кеңістіктің шетінде жүргендей сезінсем, бүгін сол кеңістік сәл де болса жарыққа бет бұрғандай. Аспан астындағы әр дыбыс маған өзгеше естіледі, әр сөз маған жақындап келе жатқандай. Себебі, бүгін – ел тағдырын өзгерткен күн. Егемендік туралы декларация қабылданды. Бұл хабарды естіген сәтте мен ұзақ уақыт үнсіз қалдым. Үнсіздігім қорқыныш емес еді, ол – ұзақ жылдар бойы жиналған сағыныштың, айтылмай келген арманның, жоғалуға шақ қалған үміттің үнсіздігі болатын. «Сен енді шетте қалмайсың! Сен енді қайта тыныстайсың!» – деген сөздер ғана санамда жаңғырып тұрды.
Иә, енді қазақ елі азат болады. Енді өз халқым ешкімнен қаймықпастан мені еркін қолданып, ұлықтайтын болады. Мен ұзақ уақыт бойы өз елімнің өзегінде тұрсам да, өз үйімде, өз даламда қожа бола алмадым. Бірде бұрмалап сөйледі, бірде ұмытып кетті, бірде мені ресми қарым-қатынас тілінің көлеңкесінде қалдырды. Өз жерімде өзегінен итерген өгей баланың күнін кешіп, жат секілді өмір сүрсем де жоғалған жоқпын. Мен тек орайлы сәтті күттім. Күткен сайын менің ішімдегі жара да тереңдей түсті. Бірақ сол жараның өзінде үміттің кішкентай ұшқыны сөнбей сақталды. Бүгін сол ұшқын лап еткендей болды.
Менің басымнан талай кезең өтті. Бір замандарда мені жойып жіберудің барлық амалын жасады, мағынамды жұтып қойды. Менің кейбір дыбыстарым жоғала жаздады, кейбір сөздерім өзге тілдің ырғағына бейімделіп кетті.
Менің өмір сүргім келді. Бірақ өмір сүру үшін мені еститін құлақ, мені сөйлететін жүрек керек еді. Бүгін сол жүрек қайта соққандай болды. Бүгінгі шешім – мен үшін жай ғана құжат емес. Бұл – менің қайта жаңғыра бастаған сәтім. Мен ұзақ уақыт бойы тұншығып келген тынысымды алғаш рет толық шығарғандаймын…
Мен әр шаңыраққа еніп, сол шаңырақтың үніне айналғым келеді. Мен әр баланың ойын жеткізгім келеді. Мен әр қазақтың жүрегінде өмір сүргім келеді. Себебі, мен жай сөздер жиынтығы емеспін. Мен – халықтың жадымын. Мен – тарихтың үнімін. Мен – қазақ халқының болмысымын, барымын!
Тіл тағдыры – тақтадағы жазудан басталады
…Қазақ халқының өз алдына дербес ел болу туралы декларацияның жарияланғанына 36 жыл толады. Әрине, аз уақыт емес. Осы уақыт арлығында елімізде қаншама оң өзгерістер болды. Әлемнің жетекші елдері бізбен санасатын деңгейге жеттік. Экономика, шаруашылық, энергетика, инфрақұрылым, білім, денсаулық, мәдениет сынды салалардағы жетістіктерді күнделік бетіне сыйғызу мүмкін емес. Бірақ… Бірақ мен өзімді тасада қалғандай сезінемін. «Тәуелсіздікті кеше ғана алып, етек-жеңімізді әлі жиып үлгермедік қой» деп өз-өзімді жұбату мен үшін оңай болмады. Ұзақ жылғы сырттан бақылау маған ауыр тигенін мойындаймын. Алғаш рет көшеге шығып, өзімнің деңгейімді, қазақ қоғамындағы өзімнің орнымды білуді жөн санадым…
…Күздің қоңыр салқыны есіп, Алматы көшелері алтын түске боялғандай көрінді. Сарғайған жапырақтар жерге төгіліп, уақыттың өз тынысын естірткендей. Алматы… Менің ең нәзік үміттерім сақталған қала. Талай ақын мен жазушының қаламына арқау болған киелі мекен.
Несін жасырайын, көшеге шыққан бетте жайсыздықты сезіндім. Ары қарай жүруге жүрегім дауаламады. Оған себеп, табалдырықтан аттаған сәттегі алғаш көргенім – қарама-қарсы үйдің маңдайшасындағы «Әуезова көшесі» деген жазу. Осы кезде маңдайымнан ескен жел де бір сәтке тынып қалғандай болды. Мен бұл жазуға ұзақ қарадым. Менің қадіріме жетіп, ана тілін дамытуға атсалысқан бір адам болса, ол – қазақтың маңдайына біткен ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов еді ғой. Неге осындай ұлы тұлғаны әйел кейпіне енгізген? Бұл кімнің қатесі? Осындай ойлар санамда жаңғырып, «Қарапайым көше атауларын қазақ тілінде қатесіз жаза алмасақ, болашағымыз не болмақ?» деген сұрақ мазалай берді. «Әуезов көшесі» болуы тиіс еді ғой. Бір ғана әріп, бір ғана жалғау… Бірақ сол кішкентай қате тұтас болмысты бұзып тұр.
Біз Тәуелсіз ел болғанымызға отыз төрт жыл өтті. Аз уақыт емес. Бір ұрпақ өсіп, есейіп, жаңа буын қалыптасатын кезең. Сол уақыт ішінде мен толық қалпыма келіп, өз орнымды табуым керек еді. Бірақ бүгін мен әлі де өз атымды өзіме дәлелдеп жүргендеймін. Бұл жай ғана қате жазу емес. Бұл – ұқыпсыздық та емес. Бұл – әлдеқайда терең мәселе. Көше атауындағы қате – менің ғана жарам емес. Бұл – тұтас ойлау жүйесінің әлсіздігін көрсететін белгі. Егер адам өз көшесінің атын дұрыс жаза алмаса, мемлекет оған бейжай қарап, бірізділікті сақтамаса, бұл мемлекеттің болашағы қалай болмақ? «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген менің жанашырым, Ахмет Байтұрсынұлының сөзі қайда қалды?
Бір жағынан алып қарасақ, бұл тек тіл мәселесі емес. Бұл – идеологияның әлсіреген тұсы. Себебі, қазіргі заманда тіл – идеологияның айнасы. Қалай сөйлесек, солай ойлаймыз. Қалай жазсақ, солай қабылдаймыз. Ал егер жазуымыз шала болса, ойымыз да шала болмай ма? Біреу жазды, біреу бекітті, біреу ілді. Бірақ ешкім «дұрыс жазылды ма?» деп ойланбаған сияқты.
Бүгінгі күн мен үшін өте ауыр болды. Әрине, «үмітсіз шайтан» дейді ғой дана халқымыз. Ғасырлар бойы үзілмеген үмітім бір маңдайшаға бола үзілмек емес…
Жарнамадағы жауыр қателер
Демалыс күні Алматы сәл де болса дамылдап қалғандай. Кешегі оқиғадан кейін көшеге шығуға жүрегім дауаламайды. Десек те, бар ерік-жігерімді жиып, көшеге қарай беттедім. Маңдайшадағы «Әуезоваға» ұзақ қарап, ауыр күрсініп алдым да Алатауды бетке алып, аяңдап келем.
Көліктер кезек күтіп, кептеліп тұрған жерде «Техникалық байқау» деген жазуды көзім шалды. Қоғамнан алыстап, тар бөлмеде тіршілік кешсең түрлі байқаулардың да ұйымдастырылып жатқанынан бейхабар болады екенсің. «Техникалар да байқау ұйымдастырып, сайысады екен ғой» деп таңғалып келемін. Тек орысша мәтінді оқыған сәтте ғана бұл жердің автокөліктерді техникалық тексеруден өткізетін орын екенін ұқтым. Тас төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей. Орыстың «техосмотрын» өзіміздің ана тілімізге сауатты аудара алмайтындай басымызға не күн туды? Бұл бір ғана мысал емес, қаланы аралай жүріп талай сұмдықты көріп, бұл елде сауатты аударатын адам қалмаған ба деген ойға келдім. Қолында билігі бар азаматтар мен жергілікті атқарушы органдар жарнамадағы қателерді бақыламайтыны көрініп-ақ тұр. Мәселе тек аудармада емес. Мәселе – түсінікте. Мен – жай ғана сөздердің жиынтығы емеспін. Мен – ойдың жүйесі, сезімнің өрнегі, ұлттың дүниетанымымын. Ал мені осылай шала аударып, жансыз күйге түсіру – мені тірідей тұншықтырғанмен тең.
Ол ол ма, көз алдымда жарқыраған дүкеннің маңдайшасына мені жазу бұйырмапты. Тек орыс тіліндегі ақпараттар ғана. Одан қалса, ағылшынша дүкен мен дәмхана атауларынан көз сүрінеді. Сонда мені өз жерімде менсінбейтіндей күйге түстім бе?
Жауап іздеп айналама қарадым. Қала тіршілігі өз ырғағымен жүріп жатыр. Адамдар асығыс, көліктер тынымсыз, маңдайшалар жарқырап тұр. Бірақ сол жарқылдың ішінде мен жоқпын. Мен бар жерде – қате, мен жоқ жерде – менсінбеушілік. Осы екеуінің ортасында қалқып жүргендеймін. Бір сәт аялдап, жан-жағыма зер салдым. Әр дүкен, әр жарнама, әр жазу – қоғамның айнасы емес пе еді? Сол айнаға қарап, өз бейнемді анық көре алмадым. Бір жерде менің сөздерім бұрмаланған, бір жерде мүлде жоқпын, енді бір жерде өзге тілдің көлеңкесінде қалып қойған елес сияқтымын.
Тілді шұбарлау – рухани жұтаңдықтың көрінісі
Түні бойы дөңбекшіп, ұйықтай алмадым. Өз елімде өгей баланың күнін кешіп жүргеніме қатты налыдым. Алайда, үмітсіз шайтан. Таң атысымен серуендеп жүріп, қазақ тіліндегі қате жазылған жарнамалар мен маңдайшаға етім үйреніп кеткендей. 2-3 күнде қателерді көзге ілмейтін күйге жеттім. 34 жыл осы қоғамда өмір сүріп жатқан адамдарға ренжуім де орынсыз деген ой мазалай берді.
Осындай мазасыз ойлардың жетегінде келе жатқанда аялдамада тұрған оқушы балаларды көріп, «Міне, Тәуелсіз елдің еркін ойлы ұрпақтары! Бар үміт, бар сенім – осыларда!» – дедім ішімнен. Аялдамаға жақындай түскенімде «Брат, бүгін не план?» – деген сұрақтан тұла бойым шымырлап кетті.
– Кешке көреміз ғой, на хабаре.
– Давай, связдамыз, – деді де тоқтаған автобустың ішіне еніп жүре берді жаңағы «бар үмітімнің иелері»…
Осы сәтте кеңес үкіметінің қыспағында жүрген сәттер есіме түсе кетті. Ұлтымыздың біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлы 1944 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Әбдіхалықовқа жазған хатында дәл осы мәселені көтерген болатын. Менің күйімді күйттеген батыр жазған хаттың мәтіні үтір-нүктесіне дейін әлі есімде. «…Осы кезде аздап орысша білгеніне мәз болып, төбесі көкке жеткен, ана тіліне көңіл бөлмей, оны әліне қарамай менсінбей, не орысшаны, не қазақшаны дұрыс сөйлей алмай шалдыр-батпаққа бөленіп жүрген, келбетсіз тіл азғыны масқараларды Алматының жауапты деген қазақ қызметкерлерінің арасынан да кездестіруге болады. Ауырып жатқанда бір халық комиссарының орынбасары Мәнсейітов деген кісіге:
– Халіңіз қалай? – дегенімде.
– Дұрыс, самочувствием, общие состоянием не плохо, – деп жауап берді.
Бір артист:
– Сіз пошему кешегі бешірге не приходылы, – деді.
Бір жазушы:
– Мен сізге звонит еткен едім, но почему, то Вас не оказалась в кабинет, – деді.
Бір газет қызметкері:
– Сіздің статьяңызды просмотрет етіп болған соң маленки ғана редакционная изменение жасап, печатет етеміз, – деді телефонмен.
Бір ана тілінің мұғалимасы қоштасып тұрып:
– Оған (күйеуіне) обьязательно пламенный привет передайть етіңіз, – деді.
Радионың бір қызметкер әйелі:
– Передаче береміз… сіздің тыңдағандарыңыз Б-ның выступлениесі… – деген сияқтыларды күнде қаңқылдайтынын өзіңіз де естіп жүрген шығарсыз.
Бір үй тіршілігіндегі әйел:
– Мен ошен удивлятся етем, менің дошкам өте странно бидет, – деді.
Жаңадан тілі шығып келе жатқан бір бала:
– Мама я кошу хлеб масю, – деп жылады.
Серғалы Толыбековтың жаңа жылдағы, айналдырған екі жүз-үш жүз сөздік мақаласында 60-70-тей жат сөздердің барын оқып көрген боларсыз.
Кейбір бас жазушыларымыздың, кейінгі кезде жазғандардың ішінде, сөйлемдерінде бастауыш, баяндауыштардың қайда екенін іздеп табу үлкен еңбек, жатқан қиыншылық екенін оқып, кездестіріп те жүрген боларсыз. Сөйтсе де мысал үшін, Ғабиттің «Жеңілген есірапыл», «Тарту» жинағы бір жүз сексен екінші бетінен өзі тіленіп тұрған мысалды айтпай кетуге болмас: « …Темір күрек қант сияқты қатты қарға қарш кіріп, қоң етінен сандықтай ғып ойып алып, жанартаудың төбесінен атқан тастай ақ кесекті атып жатыр аспанға. Боранда ішін тарта түсіп, ойдан-қырдан айдап әкеп ойып жатыр қайтадан. Өшіккен жау алай-түлей осы араға төгіп жатыр бар күшін. Борай соғып, орай сілтеп қалғанда бір үңгірдің барлық қарын бір-ақ әкеп тастайды». Бұл жазушының соңғы дәуірдегі ізденіп қазақ тіліне кіргізген «жаңалығы», «тілді», «сөйлем құрылысын» дамытқандығы. Даланың, боранның сипатын елестетіп отырған сыйқы сияқты, жаңалықтары ма, жоқ, әйтпесе бейғам, салақтығының салдары ма, оған әділ билікті өзіңіз айтарсыз…».
Иә, осы хаттың жазылғанына аттай 82 жыл өтті, егеменді ел болғанымызға 35 жыл. Бірақ, баяғы жартас сол жартас күйінде өзгеріссіз қалғанына қатты налып отырмын. Сталиннің қылышынан қан тамып тұрған тұста осындай хатты шімірікпестен жолдаған Бауыржан батыр бүгінгі күйімізді көрсе, менің қазіргі жағдайыма қанықса, өзі сенім артқан ұрпақтан түңіліп кетер-ау…
Әлеуметтік желілердің, цифрлық технология мен жасанды интеллектің дамуы қоғамға оң әсерін тигізіп жатқаны сөзсіз әрі бұл – заманның талабы. Әлеуметтік желі жастардың негізгі қарым-қатынас алаңына айналды. Көпшілік ой-пікірін, сезімін, жаңалығын ең алдымен интернет арқылы бөліседі. Алайда осы кеңістікте мені қолдану мәдениеті жиі сынға ұшырап жүр. Себебі, көптеген жастар әлеуметтік желіде сауатсыз жазады, сөйлемдері шала, ойлары көмескі болып келеді. Ең сорақысы, әлеуметтік желі шұбарланған тілдің мекеніне айналды. Тіпті, маған қатер төндіріп тұрған шұбарланған тіл біздің мәдениетімізге еніп алды.
Құлақтан кіріп,
бойды алар…
Соңғы оқиғалардан кейін көшеге шығуға зауқым болмай, қоғамдық орындардан бой тасалап жүрмін. Қазір дамыған заман, үйде отырып-ақ, әлемдегі жаңалықтардан хабардар боламыз, хат-хабар алмасып, қалаған дүниені табуға болады. Мәдениеттегі менің орным қандай? Осыны білмекке бүгінгі қазақ әндері мен кино әлеміне сапар шегуге бел будым. Теледидарды қосқаным сол еді, кинотеатр-лардан миллиардтап касса жинаған Думан Еркімбек деген режиссердің «Ғашықпын саған» фильмі көрсетіліп жатыр екен. Алматыда табысқан қос ғашықтың махаббаты баяндалатын фильмді көріп жер үшін, ел үшін, тіл үшін құрбан болған азаматтар рухының алдында өзім ұяттан өртендім. Актерлік шеберлік, ресжиссердің кәсібилігі мен басқа да фильмге қатысты тұстарына айтар уәжім жоқ, бәрі керемет. Тек кейіпкерлердің: «Жұмысқа серьезно қараймыз деп едік қой!», «Екеуміз по-любому бірге боламыз», «До конца барайық соңына дейін» деген ала-құла тіркестері құлаққа түрпідей естіледі. Жалпы фильм бастан-аяқ шала қазақша мен шала орысша мәтіннен құралған. Байқасам, бүгінгі таңда осы сарындағы кинолар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап жатыр екен.
Кино – тәрбие құралы емес пе? Қазіргі қоғамды, ел болашағының тізгінін ұстар жастарды әлеуметтік желілер мен киноларымыз тәрбиелеп жатқаны жасырын емес. Осыны біле тұра маған қастандық жасайтын режиссерлер мен продюсерлердің әрекетіне қайран қаласың. Кешегі қылышынан қан тамған кеңес одағының тұсында мұндай бассыздық болмаған еді ғой. Таза қазақ тіліндегі мәнді де мағыналы «Менің атым Қожа» мен «Қыз Жібек» сынды фильмдерді дүниеге әкелген режиссерлердің таланты мен ерлігіне тәнті болады екенсің осындайда.
Тілді шұбарлау сәнге айналғаны соншалық, заманауи тілмен айтқанда «хит» әндердің басым көпшілігі «шалақазақша» тілде жазылған. Райм және Артур деген әншілердің әндерінің барлығы осы сарында. Хакім Абай айтып кеткендей, есер әннің не мәні, не мағынасы жоқ.
«Сені мен көрген сайын,
Как будто тебя знаю.
Жақындап танысам десем,
Орысша ой не знаю.
Ай дауысың сенің,
Ай қимылың сенің.
Майысқан шыбық белің,
Общем кайф әрбір жерің.
Әдемісің до того,
Көзім тоймайды.
Кім болса да все равно,
Сендей болмайды.
Моя малышка, твоя улыбка,
Ең әдемі, самая вышка» – деген хитпен танылған қос қаракөз «шалақазақша» бірнеше ән жазып, солардың ізін жалғаушылардың да қатары көбеюде. Ел ертеңінің иесі болатын азаматтарымыздың құлақтан кіріп, бойын алған соңғы әндерінің тағы бірінің мәтініне үңілдім. Бұл – өлең емес, ән емес. Жай ғана сөздер жиынтығын ұйқастырғандай болып, әнін жаза салған ба дерсің.
«Сен кейін мені зерттейсің,
Алдымен,
Көтеріліп келіп сені иіскесем
Болдым мен.
Су керек болып шөлдеймін
Сол кезде,
Білесің менің не ішкенімді.
Неше киіміңді лақтырдым жерге,
Мені ұр, соқ, терге.
Жабысып бір-бірімізге,
Жанып, терлеп.
Мүмкін емес сезу,
Бір сезгеніңді мүмкін емес төзу.
Бір төзгеніңді мүмкін емес ойға түю,
Бұйырғаны, от боп күю.
Қандай бақыт сені сүю». Бұл – тек бір шумағы мен қайырмасы ғана. Дәл осындай қаншама әндер бүгінгі ұрпақтың санасын улап, тілін шұбарлауда…
Менің тазалығым –
ұлт тазалығы
Иә, жаным жаралы. Қате жазды, орысшамен шұбарлады. Бірақ мен берілмек емеспін, менің жанашырларым, қазақ халқы тұрғанда мәңгі жасай бермекпін! Осындай ойдың жетегінде кетіп бара жатқанымда «шұбарланудың» жаңа үлгісіне куә болдым.
– Ахи, бүгін ифтарға келесің бе? – деді, деді жүзінен иман нұры төгілген сақалды жігіт.
– ИншАлла ахи, үлгермесем сухурда жүздесерміз, – деген досы, қолын кеудесіне қойды да «ассаламуалейкум» деп кете берды.
Рас, иманға бас ұрып, бойын жаман әдеттерден аулақ ұстап, бабалар дініне берік болған азаматтарды көргенде қуанады екенсің. Десек те… Бұл қаракөздердің өз тілі бар ғой.
Қазақ халқы ислам дінін ғасырлар бойы ұстанып келеді. Дініміз бен дәстүріміз қатар өрілген. Қазақтар «Алла қаласа», «Құдай бұйыртса», «тәубе», «шүкір» деп сөйлеген. Бірақ олар өз сенімін өз тілінің мәйегімен жеткізді. Қазақы ұғымды қазақы сөзбен өрнектеді. Ал бүгінгі көрініс өзгешелеу көрінді маған. Қазіргі жастардың арасында араб сөздерін орынсыз араластырып сөйлеу сәнге айналып бара жатқан секілді. Бұрын «бауырым», «досым» деген сөздің орнына «ахи» дейтіндер көбейді. «Алла қаласа» деудің орнына «иншАлла» деп айту қалыпты жағдайға айналды. Әрине, бұл сөздердің діни мағынасы бар, оны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ, мәселе сөздің өзінде емес, жастар менің, яғни ана тілінің табиғи болмысынан алыстап бара жатқанында.
Ең алаңдатарлығы – бұл құбылыстың еліктеушілікке айналуы. Кейбір жастар арабша сөз қоспаса, сөзі өтімді болмайтындай көреді. Тіпті қарапайым амандасудың өзі өзгеріп бара жатқандай. Бұл – дінді құрметтеуден бұрын, сыртқы формаға әуестенудің белгісі секілді әсер қалдырады.
Менің ойымша, дін мен тіл бір-біріне қарсы ұғым емес. Керісінше, ұлттық тіл арқылы дінді түсіндіру – халыққа әлдеқайда жақын жол. Қазақтың талай ғұламасы исламды менің тілімде насихаттады. Олар ұлттың рухын әлсіретпей, сенімді де, тілді де қатар ұстады.
Қызыға да, қызғана да қараймын
Кешкілік саябақ іші тым-тырыс еді. Сарғайған жарық шамдардың астымен баяу жүріп келемін. Кейде адамдардың әңгімесіне құлақ түремін, кейде үнсіз ғана ойға батамын. Бүгін көңілімді басқа бір сезім мазалап келеді. Соңғы уақытта иврит тілі, яғни еврейлердің ана тілі туралы көп ойлайтын болып жүрмін.
Иә, иврит… Бір кездері жойылудың аз-ақ алдында тұрған тіл еді. Тек көне кітаптар осы тілде сыр шертіп, күнделікті тіршіліктен алыстап кеткен еді. Бірақ халық оны жүрегінен өшірмепті. Ұмытпаған. Бір ғасыр өтсе де, ана тілін қайта тірілтті. Бұл тіл шамамен үш мың жыл бұрын Таяу Шығыс аймағында қалыптасқан. Көне заманда иврит ежелгі еврей халқының негізгі сөйлеу тілі болды. Сол кезеңде көптеген діни, тарихи және әдеби шығармалар жазылды. Соның ішінде адамзат мәдениетінде ерекше орын алатын қасиетті кітап – Інжіл осы тілде дүниеге келген. Алайда тарихтың аумалы-төкпелі кезеңдері иврит тілінің тағдырына да әсер етті. Біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырда болған Вавилон жер аударуы оқиғасы кезінде еврей халқы туған жерінен күштеп көшіріліп, әртүрлі аймақтарға тарады. Осыдан кейін халықтың күнделікті өмірінде басқа тілдер, әсіресе арамей тілі кең тарай бастады. Уақыт өте келе иврит күнделікті қарым-қатынас құралы болудан қалып, біртіндеп қолданыстан шыға бастады. Дегенмен, иврит толық жоғалып кеткен жоқ. Ол ғасырлар бойы діни мәтіндердің, ғылым мен әдебиеттің тілі ретінде сақталып қалды. Синагогаларда қасиетті кітаптар осы тілде оқылып, ғалымдар мен дін қызметкерлері өз еңбектерін иврит тілінде жазуды жалғастырды. Осылайша, иврит тірі сөйлеу тілі болмаса да, мәдени және рухани мұра ретінде өмір сүруін тоқтатпады.
XIX ғасырдың соңына қарай иврит тілін қайта жандандыру идеясы пайда болды. Бұл қозғалыстың ең белсенді тұлғаларының бірі – тілтанушы Бен-Йехуда еді. Ол ивритті тек діни тіл ретінде ғана емес, күнделікті өмірде қолданылатын тірі тілге айналдыруды мақсат етті. Бен-Йехуда иврит тілінің сөздік қорын жаңартып, жаңа ұғымдарға лайық көптеген сөздер енгізді. Ол тіпті өз отбасында тек иврит тілінде сөйлеуді талап етіп, баласын осы тілде тәрбиеледі. Бұл қадам көпшілікке үлкен үлгі болды. Біртіндеп еврей қауымдастығы иврит тілін қайта үйреніп, оны күнделікті қарым-қатынас тіліне айналдыра бас-тады. XX ғасырдың ортасында еврей халқы өз мемлекетін құрды. 1948 жылы Израиль мемлекеті жарияланғаннан кейін иврит ресми мемлекеттік тілдердің бірі ретінде бекітілді. Осы кезден бастап иврит білім беру жүйесінде, мемлекеттік басқаруда, ғылым мен бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен қолданыла бастады.
Бүгінде иврит – толыққанды заманауи тіл. Ол көне дәстүрін сақтай отырып, жаңа терминдермен, ғылыми ұғымдармен толығып, қазіргі қоғамның барлық саласында қолданылып келеді. Миллиондаған адам бұл тілде сөйлеп, білім алып, шығармашылықпен айналысады.
Иврит тілінің тағдыры – адамзат тарихындағы ерекше құбылыс. Бір кезде тек кітап беттерінде ғана сақталған тіл халықтың ерік-жігері мен мәдени санасының арқасында қайта жанданды. Бұл оқиға тілдің тек қатынас құралы ғана емес, ұлттың тарихи жады мен рухани бірлігінің символы екенін тағы бір дәлелдейді.
Үміт шоғы сөнбейді
Бүгін күнделігімнің бетін ұзақ уақыт аша алмай отырдым. Күнделікті парақтаған сайын, қайғы мен қасіретке толы өмірім көз алдымнан өтіп жатқандай. Әр парағы өкінішке, мұңға, сыр мен үмітке толы. Кеудемде жаным барда, қазақ халқым барда ішімде маздаған үміт шоғы сөнбек емес.
Иә, соңғы уақытта көп нәрсені көрдім. Үйдің маңдайшасындағы қатеге бойым үйренді. Бір жарнамада мағынам бұрмаланды. Бір әнде үнім бөлшектенді. Бір фильмде өз тілім өзге тілдің тасасында қалып қойды. Кейде өз ұлтымның мені менсінбей, шұбарлап сөйлегенін естіп, үнсіз ғана ішімнен тындым. Сондай сәттерде кеудемнен жүрегімді жұлып алғандай болады. Бірақ мен бәрібір сынбаймын. Себебі мен – бүтін бір халықтың жаны мен рухымын. Мен ғасырлар бойы даламен бірге жасадым. Ақынның жырына, ананың әлдиіне, батырдың ұранына айналдым. Мені жоғалтпау үшін талай боздақ жанын берді. Талай ана баласының құлағына менің үнімді сіңіріп өсірді.
Менің арманым көп емес. Мен тек қазақ баласының ана тілінде сөйлеуге ұялмайтын күнін көргім келеді. Өз тілінде сөйлегені үшін өзін төмен сезінбейтін қоғамды аңсаймын. Тек өз үйімде өгейдің күйін кешпесем екен деймін. Менің орным – төр…
ТҮЙІН. Қазақ тілінің күнделігі – жай ғана қиялдан туған көркем тәсіл емес. Бұл – бүгінгі қоғамның шынайы көрінісі, ана тіліміздің ішкі жанайқайы. Көшедегі қате жазу, шұбарланған сөйлем, мәнсіз жарнама немесе ала-құла ән бір қарағанда ұсақ дүние болып көрінуі мүмкін. Бірақ осындай ұсақ дүниелер уақыт өте келе ұлттың ойлау жүйесіне, рухани болмысына әсер етпей қоймайды. Тіл тағдыры – ел тағдыры. Ана тіліне деген құрмет мінберден айтылған ұранмен емес, күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттен басталады. Баланың алғашқы сөзі, көшедегі жазу, теледидардағы хабар, әлеуметтік желідегі пікір, ән мен кино – бәрі тілдің ертеңін қалыптастырады.
Бұл күнделік арқылы қазақ тілінің мұңын сөйлетуге тырыстық. Бірақ бұл – тек тілдің ғана мұңы емес, тұтас қоғамның мәселесі. Егер біз ана тіліміздің бүгінгі хәліне бейжай қарасақ, ертең олқылықтың орнын толтыру қиынға соғуы мүмкін. Дегенмен, үміт бар. Себебі қазақ тілі – ғасырлар сынынан өткен, тамыры терең тіл. Оны сақтап қалатын да, биікке көтеретін де – біз. Ана тіліміздің тағдырына немқұрайды қарамай, оны құрметтеу әрі дамыту – әрқайсымыздың азаматтық әрі рухани борышымыз.
Сардарбек НҰРАДИН,
Ақпарат саласының үздігі.
