+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Ұстаздар жетістігі

Талғар қаласында Алматы облысының жалпы білім беру мекемелерінің мұғалімдері арасында өткен облыстық спартакиададан Еңбекшіқазақ ауданы жүлдемен оралды.

Аталған спорттық шара Алматы облысы білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындық және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығы мен облыстық білім қызметкерлері кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің бірлесуімен өткізілді. Шараның басты мақсаты – ұстаздар арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, әріптестер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту.

Спартакиадаға Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Талғар, Ұйғыр аудандары мен Алатау қаласының мұғалімдері қатысты. Жарыс бірнеше спорт түрінен ұйымдастырылды, ұстаздар қауымы сайысқа үлкен ынтамен, жоғары дайындықпен қатысты. Еңбекшіқазақ ауданының мұғалімдері белсенділік танытып, бірқатар спорт түрлерінен жүлделі орындарды иеленіп, аудан намысын қорғады. Атап айтқанда, ерлер арасындағы волейболдан бас жүлде иеленді. Қыздар арасындағы волейболдан І орынды қанжығалады. Сонымен қатар, ауданымыздың ұлағат иелері шағын футболдан ІІ орынды, тоғызқұмалақтан ІІ орынды, асық ату жарысынан І орынды еншіледі. Бес асық жарысынан қанжығамыз бас жүлдемен майланды.

Бұл жетістіктер – аудан ұстаздарының бірлігі мен үздіксіз еңбегінің, спортқа деген сүйіспеншілігінің жемісі. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жарыс барысында қатысушылар тек спорттық шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, бір-бірімен тәжірибе алмасып, ұжымдық рухты нығайтуға мүмкіндік алды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да дәстүрді жалғастырып, мұғалімдер арасындағы спорттық сайыстардың тұрақты түрде өткізіліп тұратынын атап өтті.

А.Куленова,

 филиал заңгері.