
Наурыз нұры – балғын жүректерде
Есік қаласындағы «Мирас-2018» балабақшасында мекеме меңгерушісі Жанар Акимханованың ұйымдастыруымен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған «Төрлет, төрлет, Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өтті. Ұлттық нақышта ұйымдастырылған бұл думан – бүлдіршіндердің өнерін шыңдап қана қоймай, олардың бойына халқымыздың салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын сіңіруге бағытталған тағылымды шара болды.
Мереке шымылдығы қазақы дәстүрмен ашылды. «Сүйінші! көктем келді!» деп жар салған хабаршының үні мен әженің ақжарма тілегі, шашу шашу рәсімі көпшілікті бірден ұлттық атмосфераға жетеледі. Бұл – Наурыздың тек табиғаттың жаңаруын емес, адамдар арасындағы мейірім мен берекенің артуын білдіретінін айқын көрсетті. Балабақша тәбиешілері Динара Симтикова, Салтанат Нұрқай, Ардақ Қуаныш, Айгерім Жұмағали мерекенің көптің көңілінен шығуына барлық жағдай жасады.
Балабақша тәрбиеленушілері «Наурыз думан» әнімен сахнаға шығып, мерекенің көркін қыздырды. Қазақтың ұлттық киімін киген бүлдіршіндердің өнері көрермендерге ерекше әсер сыйлады. «Айбын», «Құлыншақ», «Балбөбек» топтарының балалары ән айтып, би билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Әсіресе, «Қамажай», «Қара жорға», «Текемет», «Бәйге» сынды ұлттық билер мерекеге көрік беріп, ұлттық мәдениеттің тереңдігін танытты. Мың бұралған бүлдіршіндер биі – музыка жетекшісі Асыл Темірханованың еңбегінің жемісі.
Іс-шара барысында халқымыздың киелі аспабы – домбыраға ерекше мән берілді. Домбыраның үні арқылы балалар ұлттық өнердің қадірін сезініп, «Нағыз қазақ – домбыра» деген ұғымның мәнін ұғынғандай болды. Бұл – ұлттық тәрбиенің негізі отбасынан ғана емес, балабақшадан басталатынын көрсететін маңызды көрініс. Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі – сахнаға Қыдыр ата мен Алдар Көсе бейнелерінің шығуы болды. Қыдыр ата ақ батасын беріп, елге амандық, жерге береке тіледі. Алдар Көсе балалармен бірге ұлттық ойындар ойнап, думанның қызығын арттыра түсті. «Арқан тартыс», «Қыз қуу», «Теңге ілу» сынды ойындар арқылы бүлдіршіндер тек көңіл көтеріп қана қоймай, ұлттық ойындардың мән-маңызын да сезінді. Нәрестеге ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару рәсімдері көрерменге ерекше әсер қалдырды. Бұл көріністер арқылы балалар қазақ халқының бала тәрбиесіне деген терең көзқарасын, әрбір ырымның астарында үлкен мән жатқанын ұғына түсті. Сонымен қатар, тұсаукесер рәсімі де ұйымдастырылып, ақ тілекпен сәбидің алғашқы қадамына жол ашылды. Мұндай көріністер ұлттық дәстүрдің өміршеңдігін, оның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанын айқын көрсетті. Әжелердің наурыз көже дайындау дәстүрін таныстыруы да мерекенің мазмұнын байыта түсті. Жеті түрлі дәмнен дайындалатын бұл тағамның мәні мен мағынасы түсіндіріліп, балаларға береке мен молшылықтың символы ретінде насихатталды.
Кеш барысында бүлдіршіндер тақпақ айтып, ән шырқап, көрермендерді шаттыққа бөледі. Олардың әрбір қимылынан, әрбір сөзінен мерекеге деген шынайы қуаныш пен балалық таза көңіл сезіліп тұрды. Тәрбиешілердің де өнер көрсетуі шараның мазмұнын толықтырып, ұжымның бірлігін көрсетті. Іс-шара соңында үлкендер бата беріп, ақжарма тілектерін айтты.
Ринат НАРХАНОВ.
