
Ардагер ұстаз, запастағы капитан Әсет АЛЖАНБАЙ: Патриотизм – ұран емес, өмірлік ұстаным
Қазіргі таңда қоғам дамуының барлық саласында жаңару үдерісі жүріп жатқанымен, ұлттың рухани өзегі – отансүйгіштік қасиет өз маңызын ешқашан жоғалтпайды. Ел болашағы – жастардың қолында десек, олардың бойына патриоттық сезімді сіңіру, туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Бұл бағытта Мемлекет басшысы да Ұлттық құрылтай мінберінде нақты ой айтып, «патриотпын» деу жеткіліксіз екенін, әр азамат Отан алдындағы жауапкершілігін сезінуі тиіс екенін ерекше атап өтті. Осы орайда, жас ұрпақты елін, жерін сүюге тәрбиелеуде білім беру жүйесінің, соның ішінде алғашқы әскери дайындық пәнінің атқаратын рөлі айрықша. Себебі, бұл пән тек әскери білім беріп қана қоймай, оқушыларды тәртіпке, төзімділікке, батылдық пен жауапкершілікке баулиды. Әсіресе, әскери форма киген ұстаздардың тұлғасы жасөспірімдер үшін үлгіге айналып, олардың болашақ мамандық таңдауына да ықпал етеді. Осындай игі істі өмірлік миссиясына айналдырған жандардың бірі – 51 жыл тынымсыз еңбек етіп, оның 25 жылын ұстаздық қа арнаған ардагер, запастағы капитан Алжанбай Әсет Көшербайұлы. Ұзақ жылдар бойы әскери-патриоттық тәрбие саласында еңбек етіп, талай шәкірт тәрбиелеген ұстаз бүгінде зейнет жасында болса да, қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес. Керісінше, кейінгі буынға үлгі көрсетіп, түрлі деңгейдегі кездесулер мен тағылымды іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Бір ғана жылдың ішінде аудан, облыс, тіпті республикалық деңгейде ондаған кездесулер өткізіп, жастарды елжандылыққа үндеген ардагер ұстаздың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Өмірлік тәжірибесін ел игілігіне жұмсап жүрген Әсет Көшербайұлы – нағыз еңбек адамының, шынайы патриоттың жарқын үлгісі. Осы орайда ардагер ұстазбен сұхбаттасып, оның өмір жолы, әскери-патриоттық тәрбиеге қатысты көзқарасы мен бүгінгі жастар туралы ой-пікірін білген едік.
– Әсет Көшербайұлы, бүгінгі қоғамда патриотизм туралы жиі айтылады. Мемлекет басшысы да бұл мәселеге ерекше тоқталды. Сіздің өмірлік тәжірибеңізге сүйенсек, шынайы отаншылдық деген не?
– Бұл сұрақтың жауабы бір сөйлеммен айтылатын дүние емес. Өйткені патриотизм – адамның бүкіл өмірімен дәлелденетін ұстаным. Қазір шынында да «патриотпын» деп айту оңай. Бірақ соның артында нақты іс, жауапкершілік, елге деген шынайы жанашырлық болмаса, ол бос сөз болып қалады.
Мен өз өмірімде талай буынмен жұмыс істедім. Кеңес дәуірін де көрдік, тәуелсіздіктің алғашқы қиын кезеңдерін де бастан өткердік. Сол уақыттарда патриотизм деген ұранмен емес, ісімен өлшенетін. Адам өз еңбегімен, тәртібімен, елге адалдығымен бағаланатын.
Патриотизм – ең алдымен тәртіп. Өз ісіңе адал болу. Саған сеніп тапсырылған жұмысты шын ниетпен атқару. Егер мұғалім болсаң – балаға білім бер, әскери болсаң – елді қорға, қарапайым азамат болсаң – қоғамға зияныңды тигізбе. Міне, осының бәрі қосылып нағыз отаншылдықты құрайды. Жастарға да үнемі: «Елді сүйемін десең, оны сөзбен емес, еңбегіңмен дәлелде» деп айтамын.
– Сіз ұзақ жылдар бойы алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ бердіңіз. Бұл пәннің тәрбиелік маңызын қалай бағалайсыз?
– Алғашқы әскери дайындық – бұл тек пән емес, бұл азамат тәрбиелейтін үлкен мектеп. Көп адам оны әлі күнге дейін тек әскери жаттығулар деп ойлайды. Бірақ оның мәні әлдеқайда тереңде жатыр. Бұл пән арқылы біз баланы тәртіпке үйретеміз, жауапкершілікке баулимыз. Өз-өзіне сенімді болуға тәрбиелейміз. Өйткені әскери дайындықта ұсақ-түйек деген болмайды – бәрі маңызды. Киім киюден бастап, сапқа тұруға дейін тәртіп керек. Мен сабақ берген жылдары талай баланың өзгергенін көрдім. Басында тұйық, сенімсіз келген оқушы уақыт өте келе жинақы, нақты сөйлейтін, өзіне сенімді азамат болып қалыптасады. Бұл – тәрбиенің нәтижесі. Тағы бір маңыздысы – бұл пән баланың ел алдындағы борышын түсінуіне әсер етеді. Әскерге бару – жай ғана міндет емес, ол азаматтық парыз. Осыны мектеп қабырғасында түсінген бала ертең жауапкершіліктен қашпайды.
– Қазіргі жастар туралы пікіріңіз қандай? Сіз байқаған негізгі ерекшеліктер қандай?
– Әр заманның жастары әртүрлі болады. Қазіргі жастарды тек сынай беру дұрыс емес. Жастар өте қабілетті, ойлары ашық, ақпаратты тез меңгереді. Бұл – заман талабы. Бірақ мен байқайтын бір нәрсе бар – шыдамдылық аздау. Қазіргі буын бәрін тез алғысы келеді. Нәтижені бірден көргісі келеді. Ал өмірде бәрі бірден бола бермейді. Әсіресе әскери тәрбиеде. Біздің заманымызда тәртіп бірінші орында болды. Үлкеннің сөзін тыңдау, сабыр сақтау, қиындыққа төзу – осы қасиеттер қатты бағаланатын. Қазір сол нәрселерді қайтадан күшейту керек сияқты. Сондықтан жастарға кінә тағудан бұрын, біз оларға дұрыс бағыт беріп, үлгі көрсетуіміз керек. Себебі, жас буын көргенін қайталайды.
– 13 жылдан бері зейнет жасында болсаңыз да, қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, көптеген кездесулер ұйымдастырып жүрсіз. Бұл бастама қалай пайда болды?
– Шынын айтсам, бұл ішкі қажеттіліктен туған нәрсе. Өйткені 25 жыл өмірім оқушылармен, тәрбие жұмысымен өтіп келеді. Бір күнде соның бәрін тоқтату оңай емес. Ойланып қарасам, тәжірибе бар, өмірден көргенім бар. Осының барлығын өскелең ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында кездесулер ұйымдастыра бастадым. Әсіресе ардагерлерді, батырларды, әскери адамдарды жастармен кездестіруді қолға алдым. Кітаптан оқыған бір бөлек, ал тірі адаммен сұхбаттасып, өз аузынан пікірін естіген бір бөлек. Кейде бір ардагердің айтқан бір ауыз сөзі баланың өмірін өзгертіп жібереді.
Соңғы бір жылда біраз жұмыстар атқарылды. Әртүрлі мектептерде, колледждерде, мәдениет үйлерінде кездесулер өткіздік. Сонымен қатар республикалық деңгейдегі жиындарға да қатыстым. Бұл кездесулердің басты мақсаты – жастарды тірі тарихпен жүздестіру. Яғни, Халық Қаһармандары, ардагерлер, әскери қызметкерлер жастармен кездесіп, өз өмірінен сыр шертеді, сұрақтарына жауап беріп, дұрыс жол сілтейді, бағыт-бағдар береді. Бұл кітаптан оқығаннан әлдеқайда әсерлі. Жастар сондай кездесулерден кейін өзгереді. Олардың көзқарасы қалыптасады, ойы тереңдейді. Сондықтан мұндай жұмыстарды тоқтатпау керек. Мен үшін бұл – жай ғана іс-шара емес, бұл – ел болашағына салынған инвестиция.
– Былтыр ондаған іс-шара өткізіп, кездесулер ұйымдастырып, түрлі марапаттарға ие болдыңыз. Осынша белсенді жұмыстың артында қандай мақсат жатыр?
– Оныңыз рас, былтыр еңбегімді бағалаған азаматтар маған 2 орден, 3 медаль, 1 диплом мен 30 Алғыс хат табыстады. Мен оны жеке жетістік деп қарамаймын. Бұл – атқарылған жұмыстың бағасы ғана. Әрине, орден, медаль алған адамға қуаныш сыйлайды. Бірақ мен үшін ең бастысы – халықтың ықыласы. Жастардың өзгергенін көру. Өзім тәрбиелеген шәкірттердің өмірден өз жолын тауып, «сіздің берген тәрбиеңіз көмектесті» деген сөзін естуден артық марапат жоқ. Ал марапат деген – ол тоқтауға себеп емес, керісінше, одан әрі жұмыс істеуге міндеттейді.
Ал бір жылдың ішінде атқарылған жұмыс ұшан-теңіз. Өздеріңізге белгілі әскери салада өз орнын тапқан ардагерлер, полковник, генералдар мен депутаттар менің бір ауыз сөзімді жерге тастамай, ауданымызға атбасын бұрып, жастармен кездесуге келіп жүр. 2025 жылы да бұл игі шаралар жүйелі жалғасын тапты. Шелек политехникалық колледжі директорының қолдауымен КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ардагері, қорғаныс министрі болған Халық қаһарманы, генерал-полковник С.Тоқпақбаевпен бірге істеген полковник Қ.Мұқаметқалиевпен, полковник Б.Қырықбаймен, жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері С.Досжанмен кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Бәйдібек би ауылындағы Т.Әубәкіров атындағы орта мектепте ұйымдастырылған кездесуге Халық қаһарманы, запастағы подполковник Азамат Жұмаділов, әскери қызметкер Таңжарық Жұмаділова, Ауған соғысының ардагері Аманбай Сағынбаев, Байдәулет Дәркенбаев қатысып, ел тізгінін ұстайтын жастарға ақыл-кеңесін айтты. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Шелек ауылындағы мәдениет үйінде өткен кездесуге де әскери саланың майталмандары қатысты. Атап айтсақ, С.Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскерлері әскери институтының басшысы, генерал-майор Бауыржан Ибатулин, КСРО қауіпсіздік комитетінің ардагері, генерал-лейтенант Иван Иванов (Жан ата), полковник Данияр Дәуренұлы, «Ер намысы» қоғамының төрағасы, «Алаш Прайд» спорт қоғамының құрметті ардагері, профессор, академик Ерболат Алиядин, халықаралық Д.Қонаев атындағы қордың вице-президенті, запастағы полковник Дәулетбек Жанботаев, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик, генерал-майор Әбен Нұрманов, БҰҰ экономика комиссиясының мүшесі Дәулет Анарқожа Шелек ауылындағы 2 колледж бен 10 мектептің ұстаздарымен, оқушыларымен жүздесті.
Айта берсек, кездесуге қатысқан ардагерлер мен әскери азаматтардың аты бір газеттің көлеміне сыймас. Олардың жастармен кездесуі – ұрпақтар сабақтастығын жалғап, елдік рухты нығайтатын тағылымы терең шара. Мұндай жүздесулерде қорғаныс саласының дамуына үлес қосқан аға буын өкілдері өздерінің өмір жолы, бастан кешкен қиындықтары мен жеңістері арқылы жас ұрпаққа шынайы өнеге көрсетті. Жастарға ең алдымен Отанға деген адалдық пен сүйіспеншіліктің мәнін ұғындырды. Тәуелсіз елдің болашағы әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты екенін түсіндіріп, ел қорғау – тек әскери міндет қана емес, әрбір азаматтың парызы екенін жеткізді. Ардагерлердің естеліктері мен әскери қызметкерлердің тәжірибесі жастардың санасында патриоттық сезімді оятып, туған жерге деген құрметін арттырды. Сонымен қатар, мұндай кездесулерде тәртіп, төзімділік, батылдық, бірлік пен ынтымақ сияқты маңызды қасиеттердің қадірі айқындалаы. Қандай жағдайда да мойымау, алға ұмтылу, мақсатқа жету жолында табандылық таныту секілді өмірлік ұстанымдар кеңінен насихатталды.
Осындай тағылымды жүздесулер жастарға бағыт-бағдар беріп қана қоймай, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастырып, ел ертеңіне бейжай қарамайтын саналы ұрпақ болып өсуіне ықпал етеді.
– Сізді тоқтатпай тұрған күш не деп ойлайсыз? Көп адам бұл жаста тыныштықты таңдайды ғой…
– Әр адамның өмірге деген көзқарасы әртүрлі. Меніңше, адам өзін қоғамға керек сезінген кезде ғана шын мәнінде өмір сүреді. Мен әлі де жастарға айтарым бар деп ойлаймын. Әлі де тәжірибемді бөлісе аламын. Сондықтан тоқтап қалғым келмейді. «Жасым келді» деп отыру – ол өзіңді шектеу. Ал өмір тоқтап тұрған жоқ. Ел де дамып жатыр, жастар да өсіп келеді. Солардың тәрбиесіне қолымнан келгенше үлес қосқым келеді.
– Алдағы жоспарларыңыз туралы айтып өтсеңіз…
– Қазір бір үлкен еңбектің үстіндемін. Көп жылдан бері жинаған материалдарымды жүйелеп, кітап шығаруға дайындалып жатырмын. Бұл кітапта 25 жыл бойы өткізілген әскери-патриоттық іс-шаралар, кездесулер, тәжірибелер қамтылады. Яғни, жай теория емес, нақты өмірден алынған дүниелер болады. Менің мақсатым – кейінгі буынға бағыт беру. Біз көрген жолды, жинаған тәжірибені жастар білсе екен деймін.
– Бүгінгі жастарға айтар ең басты өсиетіңіз қандай?
– Ең алдымен – жауапкершілік. Қай салада жүрсең де, өз ісіңе адал бол. Екіншіден – елді құрметтеу. Отан деген үлкен сөз, бірақ ол әр адамның өзінен басталады. Үшіншіден – сабыр. Өмірде бәрі бірден болмайды. Еңбек ету керек, күту керек, үйрену керек. Сонда ғана адам да өседі, ел де өседі.
– Тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор сұхбатыңыз үшін рахмет!
Тілдескен С.НҰРАДИН.
