
Кітап қорын қорғаған Яна ханым
Мамырдың 23-жұлдызы биыл екінші мәрте Кітапхана күнін, кітап оқуды дәріптеу, насихаттау күнін атап отырмыз. Бір заманда еліміз ең көп оқитын, кітапқұмарлары көп мемлекет аталатын. Бүгінгі күні цифрландырудан,ақпаратты әлеуметтік желіден қабылдаудан, тіпті өнер-әдебиет туындыларын интернет, смартфон, айфондардан оқудан да алда шығармыз. Бірақ кәдімгі ақ қағазға басылған,қатырқалы әсем мұқабасы бар кітап әлі де рухани құндылықтар қатарынан түскен жоқ. Мен бұл шағын мақалада тағы да баспахана өнімдерін жарнамалау мақсатын қоймадым – өтпелі кезеңде осы мәдени-рухани байлықты сақтап қалған кітапхана қызметкерлерінің еңбегін атауды жөн көрдім.
Одақ ыдырап, оның құрамындағы мемлекеттер өз алдына ел басқару, экономикасын,саясатын жүйелеу әрекетімен әлек. Тәуелсіздігін жариялаған біздің ел де нарықтық деп аталған экономикалық жүйеге өту үстінде.Ол жүйенің басты талабының бірі-негізгі құралдарды, өндірістік,басқа да активтерді жекшелендіру. Сол кезеңде мәдениет саласының иеліктері бей-берекет таратылғаны белгілі. Соның бірі – қалалық кітапхана баспанасыз қалғанда оның кітап қорын кітапханашы Яна Ысқаққызы Аюбаева отағасы Қадыр Әлиұлының келісімімен, көмегімен өздерінің кең де жәйлі жазғы үйіне-(времянка) көшіріп сақтап қалған еді. Газет редакциясы ол кезде бұрынғы аудандық партия комитеті ғимаратының екінші қабатында орналасқан. Осы қабаттың батыс жақ маңдайында кең де биік мәжіліс залы болатын.Яна Ысқаққызының өтінішімен времянкадағы кітап қорын орналастырып,біраз жылдар бойы оқырмандарға қызмет етуге мүмкіндік жасалды.Яна Ысқаққызы құрбысы Ағила Смағұлқызымен редакцияға көршілес Абылайхан атындағы мектеп оқушыларымен көптеген тәрбиелік мәні зор кездесулер, іс-шаралар өткізіп, ұстаздардың, ата-аналар алғысына бөленген еді.
Кейіннен редакцияны, әлеуметтік, білім мекемелерін көшіріп жібергенде сол кітапхана қоры Абылайхан атындағы мектепке тапсырылды деген ақпарат қалды есте.
Хайролла Ахметжанов.
