+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Ұлт руханиятының  алтын қазығы

Ұлттық кітап күні – Қазақстан Республикасындағы ресми мереке. Ол жыл сайын 23 сәуірде аталып өтеді және қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, әдебиетті насихаттауға, рухани дамуды қолдауға бағыт- талған. Мереке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасы бойынша енгізілді. Президент «Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу» деп атап өткен болатын. 2024 жылғы 29 маусымда Үкімет Қаулысымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесіне» толықтыру енгізілді.

Бұл күн ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнімен (23 сәуір) сәйкес келеді. Қазақстанда ол мемлекеттік деңгейде алғаш рет 2025 жылы тойланды. 2026 жылдан бастап бұл күн Кітапханашылардың кәсіби мерекесімен бірге аталып өтеді. Бұл кітапханалардың рөлін күшейтеді және мерекенің мәнін арттырады. Ұлттық кітап күнінің негізгі мақсаты – қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, қазақ әдебиеті мен әлемдік әдеби мұраны насихаттап, рухани құндылықтарды дәріптеу және «оқырман ұлт» қалыптастыру.                                                                                                            Кітаптың алғашқы түрлері ежелгі Шығыс елдерінде, Грекияда, Римде қыш текшелеріне, тақта тастарға сына жазуымен жазылды. Біздің заманымыздан бұрын Мысырда қыш текшелердің орнына қамыс (папирус) қолданылды. Біздің заманымыздан бұрынғы VII ғасырда қамысқа кітап жазу ісі Грекия мен Римде кең өріс алды. Осыған байланысты кітапты көшіріп жазуға машықтанған көшірушілер мен қолжазбаны көркемдеуші суретшілер пайда болды. Біздің заманымыздан бұрынғы II-ғасырда қамыстың орнына тері жарғақ қолданыла бастады. Ежелгі Рим мәдениеті мен ғылымы өкілде- рінің туындылары жарғақ кітаптарға жазылып таралды. 105 жылы қытай шебері Цай Лунь қағазды ойлап тауып, XIII-ғасырда қағаз жасау өнері Шығыстан Батысқа тарай бастады. Кітап мұқабалары алтын, күміс, өзге де металдармен өрнектелді. XV-ғасырдың ортасында неміс өнертапқышы Иоганн Гутенбергтің баспа қалыбын ойлап табуына байланысты, жылжымалы құйма қаріппен құйылатын баспа кітап пайда болды. Осы заманғы кітап – мұқабаға дәптерлер түрінде өзара тіркестіріліп бекітілген кітап блогі үлгісінде жасалады.                                                                                                  Біздің ата –бабаларымыз «Кітап – көп ақылдың құйылған көлі», «Кітап – білім бұлағы», Кітап – ғажап дос» – деп, бекер айтпаған. Барлық білімді біз кітаптан аламыз. Кітап бізді қайырымдылыққа адалдыққа, әділеттікке, зұлымдықпен күресуге үйретеді. Кітап арқылы біз өткенге көз жібереміз, жақсысынан тағылым аламыз. Кітап туралы:» Мен одан артық қайырымды көршіні,одан әділ досты, одан асқан елгезек жолсерікті, одан артық көнбіс ұстазды, одан артық дарынды ұстазды, одан асқан дарынды ақылшыны білмеймін» – деген екен араб ғұламасы Әл Жиһаз.

Мереке аясында  кітап апталықтары, челлендждер, пікірталас алаңдары, әдеби кештер, көрмелер және акциялар өтеді. Әлеуметтік желілерде кітап туралы посттар мен бейнероликтер таралады.  Кітап оқуды ынталандырудың және ұлттық әдеби мұраны дәріптеудің маңызды құралы болды. Сәуір айының 13- 23 аралығында елімізде Ұлттық кітап күні мен Кітапхана- шылар күніне арналған онкүндік өтуде. Шара аясында Оқу-ағарту министр- лігінің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы баспалар арасында «Мен ұсынған 7 кітап» челлендж-эстафетасын жариялады.                                                                                                        Шелек ауылындағы гимназия-мектепте кітапхананың жылдық жоспары бойынша бірнеше іс-шаралар  өткізіліп келеді. Онкүндіктегі іс-шараларға нақты тоқталатын  болсақ,  «Ғылымға апарар жол» кітап көрмесі. Рухани құндылықтар «Ашу-дұшпан, ақыл-дос» танымдық сағат,  «Гаджет және рухани даму» атты тақырыпқа пікірталас, зияткерлік сайыс «Кітапхана көшбасшысы», «Отбасымен кітап оқу-игі дәстүр»  ата-аналармен кездесу, Кітап әлемінде «Менің сүйікті кітабым»,  квест,   «Ертегілер әлемінде» кітап дефилесі, «Өз коммиксіңді жаса» кітап көрмесі атты сынып жетекшілері, пән    мұғалімдері мен кітапхана белсенділері бірлесіп ойдағыдай өткізуде.               Қазақстанда Кітапханашылар күні- кәсіби мереке 23 сәуірге белгіленді. Бұл күн Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күнімен сәйкес келеді. Мерекелердің осылайша бір күнге тоғысуы оның мән-маңызын арттыра түсіп, кітапханалардың білім тарату мен мәдени мұраны сақтаудағы орны ерекше екенін айқындайды.  Жаңа күннің белгіленуі кітап мәдениетінің қоғамдық және кәсіби маңызын ұштастырып қана қоймай, іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Қазақстанда 12 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді. Бұл салада 20 мыңнан астам маман еңбек етеді.   Солардың бірі  —  Шелек ауылдық кітапханасы 2011 жылдан «Модельді ауылдық кітапханасы» дәрежесіне ие.  Бүгінде кітапхана ғимараты  күрделі жөндеуден  өтуде. Бүгінде кітапхана ғимараты 2 қабаттан тұрады.  Кітапханаға  ауладан кіретін боламыз.  Кітапхананың бірінші қабаты кітап қоймасы болады. Сонымен қатар, бірінші қабатта «Коворкинг» орталығы ашылады. Бұл орталықта кітапхана қызметкерлері  оқырмандармен бірлесе жұмыс жасайды.  Екінші қабатта абонемент, оқу залы, балалар бөлмесі, конференцзал орналасқан. Жаңа жиһаз, орындық, стол, кітап сөрелері жаңартылған, компьютерлер, интерактивті тақта проэктормен, көбейту-сканер құралдарымен жабдықталған. 

Кітапхана қызметкерлері — Артикүл Адамбекова, Гүлнәр Джанбакиева, Мәдина Үмбетованың көңіл-күйі көтеріңкі. Оқырмандарға сапалы қызмет көрсетіп мәдениет саласына өз үлестерін қосып келеді. Бұл ұжым 2010 жылы КАБИС бағдарламасымен, 2019 жылдан WEB Рабис бағдарла- масымен жұмыс істесе, бүгінде Ирбис бағдарламасына көшкен. Қолдағы кітаптарды тіркеу, оқырмандарды да электронды тіркеуге, цифрлық жүйеге ауысу басталған.

Кітапханада «Адалдық алаңы» жобасы аясында «Парасат жолы» бұрышы, «Жас қалам» атты қызығушылық клубы,  әр түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді.

Кітапхана ұжымы Еңбекшіқазақ ауданы бойынша, облыс  төңірегінде өтетін байқауларға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. 2014 жылы облыста откен «Үздік ауыл кітапханасы», 2017 жылы « Туған жер – алтын бесігім» жобасы бойынша бас жүлдеге ие болған.

Шелек ауылы  кітапхана қызметкерлері  ауданның мәдениет саласында қосып келе жатқан үлестері қомақты. Бұл ұжымда КСРО  және Қазақстан Республикасы Кітапхана ісіне еңбегі сіңген қайраткер Күләш Ибраева, ҚР Кітапхана ісіне еңбегі сіңген қайраткерлер А. Белянская, М. Қадырова, еңбек ардагерлері Нұржамал Зорханова, Бижамал Жасбаева, Людмила Скобелева, Раиса Ягудина  қызмет жасаған.

Мәдениет майданында жалықпай еңбек етіп, кітапханаға келген оқырмандарды жылы шыраймен қарсы алып, қажет  кітабын ұсынып,  әр оқырманға ұсынған кітап туралы жан-жақты  мәлімет беріп қызмет жасап,  алатын жалақылары өте төмен болса да  шыдамдылық, парасатттылық танытып жүрген кітапханашыларға еңбектері жемісті, кәсіби мереке құтты болсын!

Б. МҰХАМЕТҚАЛИЕВА   

Шелек ауылындағы мектеп- гимназия кітапханашысы.