
Оқу процесінің үш тірегі талқыланды
Шелек ауылындағы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектебінде «Қазіргі сабақтың негізгі үш тірегі: тиімді әдіс, сапалы бағалау, нақты нәтиже» тақырыбында аудандық деңгейдегі ауқымды семинар өтті.
Заманауи білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылауға жиналған семинарға аудан мектептерінің басшылары мен тәжірибелі педагогтері қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру, оқытудың озық әдіс-тәсілдерін ортаға салу және сапалы білім берудің жаңа форматтарын қалыптастыру. Семинардың ашылу салтанатында мектеп әкімшілігі мен аудандық білім бөлімінің өкілдері сөз сөйлеп, бүгінгі таңдағы сабақтың сапасын анықтайтын басты факторларға тоқталды. Жиын барысында Ә.Молдағұлова атындағы орта мектебінің ұстаздары ашық сабақтар мен шеберлік сағаттарын (master-classes) өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Үш тірек – бір мақсат. Бұл семинардың негізгі идеясы үш құрамдас бөліктен тұрды. Алғашқысы, тиімді әдіс. Сабақ барысында оқушының қызығушылығын оятатын, сыни ойлауды дамытатын интерактивті және инновациялық технологияларды қолдану. Екіншісі, сапалы бағалау –оқушының білімін жай ғана баллмен өлшеу емес, оның даму бағытын анықтайтын қалыптастырушы бағалаудың маңыздылығы. Үшіншісі, нақты нәтиже – әр сабақтың соңында оқушының бойында қалыптасатын нақты дағды мен құзыреттілік.
Тәжірибелік бөлімде мұғалімдер топтық жұмыстар жүргізіп, «Кері байланыстың тиімділігі», «Цифрлық ресурстарды пайдалану» және «Саралап оқыту» тақырыптарында пікір алмасты. Қатысушылар оқу үдерісіндегі жаңашылдықтарды енгізудің жолдарын қарастырып, өзара тәжірибе жинақтады.
Жиын соңында аудан мектептерінің басшылары Ә.Молдағұлова атындағы мектеп ұжымының іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғанын атап өтіп, алғыстарын білдірді. «Бүгінгі семинар – тек тәжірибе алмасу ғана емес, білім сапасын жаңа белеске көтеруге бағытталған маңызды қадам болды», – дейді қатысушылар.
Осындай мазмұнды іс-шаралар алдағы уақытта да аудан мұғалімдерінің кәсіби өсуіне және оқушылардың білім сапасының артуына зор септігін тигізе бермек.
Балауса БЕГДІЛДА,Ә.Молдағұлова атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
