+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Ұлы тұлға Ұлағаты

Жақында ауданымызда Түрген ауылындағы Д.Қонаев атындағы орта мектепте «Дара тұлғажарасар дана ұлға» тақырыбында аудандық ғылыми-танымдық конференция өтті. Аталған конференция кемеңгер тұлға Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 114 жыл толуына орай ұйымдастырылып, іс-шараның соңы салтанатты кешпен жалғасты.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев –  өмірін қазақ халқының болашағын жарқын    етуге арнаған өр тұлға. Оның еліне еткен ерен еңбегі жайлы қанша айтса да аз емес. Қоғам қайраткері  еңбек жолын инженер ретінде бастап, кейіннен мемлекеттік қызметтің биік сатыларына көтерілді. Ол ұзақ жылдар бойы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып, елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына зор үлес қосты.  Елімізді Дінмұхамед Қонаев басқарғанда бірнеше ірі өндіріс орындары ашылып,  қалалар мен инфрақұрылым қарқынды дамыды.  Оған қоса ғылым мен білім саласына  ерекше көңіл бөлініп, көптеген оқу орындары мен ғылыми мекемелер құрылды. 

Конференцияға Қазақстан Республикасының құрметті азаматы, «Еңбек Даңқы» орденінің иегері, Халықаралық Д.Қонаев қорының Вице президенті, Ішкі істер органының ардагері, полиция  полковнигі, Желтоқсан ардагері, сазгер, актер Дәулетбек Жанботаев, Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің басшысы Шолпан Қошаханова, аудандық әдістемелік орталық басшысы Мирамгүл Қонысбаева, Түрген ауылдық округінің әкімі Жұлдыз Искелдиева, Д.Қонаевтың жауапты хатшысы болған Бауыржан Сабырбаев, «Ер намысы» қоғамдық  бірлестік төрағасы, Кемелтанушы,  ҚР еңбек сіңірген  қызметкері, профессор Ерболат Алиядин қатысты.

Ең алдымен  Жұлдыз Искелдиева іс-шараның шымылдығын өзінің құттықтау сөзімен ашты.

–  Бүгін біз ұлы тұлға, мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 114 жыл толуына орай, осындай ауқымды шараны атап өтіп жатырмыз. Ел үшін еңбек еткен ердің өмір жолы – нағыз еңбек пен табандылықтың үлгісі. Ол кісі қай қызметте болмасын қарапайымдылығын жоғалтпай, елдің мүддесін бәрінен биік қойды. Осындай қасиеттерінің  арқасында  халықтың шексіз құрметіне ие болды. Біз үшін дара тұлғаның өмірі – өнеге. Сондықтан осындай ғылыми-танымдық конференциялар  Дінмұхамед Қонаевты жақынырақ тануға мүмкіндік береді. Бұл оқушылар үшін үлкен өсиет пен тәрбие, –  деді округ әкімі.

Шара «Өткен күннің жаңғырығы» атты әдеби  композициямен жалғасты. Д.Қонаев атындағы орта мектеп оқушылары  өз өнерлерін көрсетіп,  көпшілік Д.Қонаевтың құрметіне жасанды интеллект арқылы жасаған бейнероликті тамашалады. Кейін бейнероликтегі нақыл сөздерді талдап, қатысушылардың  ойын тыңдады.

–  Дінмұхамед Қонаев – елінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, парасаттылығы мен адамгершілігі арқылы халықтың жүрегінен орын алған ұлы тұлға ретінде танимыз. Ал жұмыстан бөлек үйде ол жоғарғы лауазым иесі емес, қамқоршы аға, адал жар бола білді. Оның қарапайымдылығы, адамдық қасиеттері жайлы мен айтпасам да, барлық қазақ біледі. Тек халық үшін аянбай еңбек еткен оның еңбегін келер жас ұрпақ ұғынып, түсінсе екен деймін, –   деді қоғам қайраткерінің жиені Жаннет Серікбаева.

Конференцияда «Дінмұхамед Қонаев және тиімді  көшбасшылық қағидалары» тақырыбымен  Абай атындағы ҚазҰПУ ғылым департаментінің директоры, педогогика ғылымдарының докторы, профессор Марфуға Абсатова баяндама оқыды. Өз баяндамасында профессор Д.Қонаевтың көшбасшылық  қырын жан-жақты талдады. «Д.Қонаевтың басты қасиеттерінің бірі –  қарапайымдылығы мен халыққа жақындығы. Ол халықпен ашық сөйлесіп, олардың мәселелерін тыңдай білетін. Бұл қасиет оған халықтың сеніміне ие болуға көмектесті. Оның басқарудағы стратегиялық ойлау қабілеті еліміздің көркеюіне өз үлесін қосты», – деп баяндамасын аяқтады профессор Марфуға Абсатова.

Сондай-ақ конференцияда  Абай атындағы қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің педогогика ғылымдарының докторы Гүлнар Мұратбаева, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы директорының орынбасары Салтанат Мұқатаева, Д.Қонаев атындағы орта мектептің мұғалімдері Лаззат Нарманова мен Ирина Масягина да баяндама оқыды.

Іс-шарада оқушылар өздерінің белсенділігімен көзге түсті. Қазақтың ұлттық биін билеп, ән айтты. Оқушылардың аталған шараларға етене жақын араласуы мектеп басшысы мен ұстаздардың тәрбиесі екені сөзсіз. Конференцияның екінші бөлімінде көрермендер телекөпір арқылы Ақтөбе, Орал қалаларындағы Д.Қонаев атындағы мектеп директорларымен байланысты. Өз кезегінде мектеп басшылары қоғам қайраткері жайлы ақпаратпен бөлісіп,  тарихи тұлғаның тағылымын үлгі ете отырып, білім беруде міндетті түрде қолдану керектігін атап айтты.

Конференцияны  Д.Қонаев атындағы орта мектеп директоры Дилшад Нұржанова қорытындылады. Өз сөзінде мектеп басшысы тарихи тұлғаның елі үшін еткен еңбегін ұмытпай, жас ұрпақтың бойына Д.Қонаевтың бойындағы асыл қасиеттерді сіңіру ата-ана мен ұстазға байланысты екенін айтты.

              Жанерке САТЫБАЛДЫ.