+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Без рубрики

Оқуға құштар ұрпақ – кемел келешек кепілі

Қырбалтабай ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Кітапта бар – білім мен даналық» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Тағылымды шараның мақсаты – кітап оқуды насихаттау, оқырмандардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, аға буынның өмірлік тәжірибесі мен рухани байлығын дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту.

Кешке ауылымыздың ақ жаулықты әжелері қатысып, кітаптың адам өміріндегі орны мен маңызы туралы ой бөлісті. Кездесу барысында әжелер өздерінің бала кездерінде оқыған сүйікті шығармаларын еске алып, бүгінгі жас ұрпаққа ұсынар кітаптары жайында әңгімеледі. «Әжемнің сүйікті кітабы», «Кітап мен үшін…» бөлімдерінде қатысушылар өз пікірлерін ортаға салып, кітаптан алған әсерлерімен бөлісті. Сонымен қатар мақал-мәтелдер айтылып, халық ауыз әдебиетінің тәрбиелік мәні сөз болды.

Іс-шара барысында кітап көрмесіне шолу жасалып, қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгерлерінің шығармалары таныстырылды. Әжелеріміздің өнегелі әңгімелері мен өмірлік тәжірибелері кештің мазмұнын байыта түсті.

Кітап – адамзаттың рухани қазынасы, білім мен даналықтың сарқылмас бұлағы. Ал кітап оқуға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Әжелеріміздің кітапқа деген құрметі мен тағылымды сөздері кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Рухани мазмұнға толы кездесу жылы жүздесумен аяқталып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Кітап оқитын ұрпақ – білімді ұлттың, жарқын болашақтың кепілі!

Жадыра АБЫЛКАНОВА, кітапханашы.