+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Без рубрики

Білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік

Кітап – адамзаттың рухани қазынасы, білім мен тәрбиенің сарқылмас бұлағы. Кітап оқу арқылы адамның дүниетанымы кеңейіп, ойлау қабілеті дамиды, сөздік қоры молаяды. Жас ұрпақтың бойында кітапқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

Еңбекшіқазақ ауданы Көлді ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен «Оқитын ұлт» жобасы аясында Көлді орта мектебінің 7-сынып оқушыларының қатысуымен «Кітап оқитын ұлт – кемел болашақ кепілі» атты танымдық сағат өткізілді.

Іс-шара барысында кітаптың адам өміріндегі орны мен маңызы, оның білім мен тәрбиенің негізгі көзі екендігі кеңінен сөз болды. Оқушыларға кітап оқудың пайдасы, көркем әдебиеттің адам дүниетанымын қалыптастырудағы рөлі түсіндірілді. Сонымен қатар, тұрақты кітап оқу адамның ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, өз ойын еркін жеткізуге, сауатты сөйлеуге және өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал ететіні айтылды.

Танымдық сағатта оқушылар кітап оқу мәдениеті туралы өз ойларымен бөлісіп, білім мен ізденістің маңыздылығына тоқталды. Кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, бос уақытты тиімді пайдалану және рухани байлықты дамыту жөнінде тағылымды пікірлер айтылды.

Кітап – өткеннің өнегесін бүгінге жеткізіп, болашаққа жол ашатын рухани көпір. Оқырманы көп елдің ойы озық, болашағы жарқын. Сондықтан жас ұрпақты кітап оқуға баулу, олардың бойында оқу мәдениетін қалыптастыру – қоғам алдындағы ортақ жауапкершілік.

Н.КЕҢЕС,

Көлді ауылдық кітапханасының кітапханашысы.