
Қауіпсіздік – өмір кепілі
Өткен аптада аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері Есік өзенінің бойына «Шомылуға болмайды!» деген ескерту тақтайшаларын орнатып, суға түскен балалар мен ата-аналарына ескерту жасады. Балалар жазғы демалысқа шығып, шомылу маусымы басталған тұста бұл – өте маңызды қауіпсіздік шарасы.
Жаз мезгілі – демалыс пен сергектіктің, табиғат аясындағы тынығудың маусымы. Күннің аптап ыстығында өзен-көл жағасына барып, суға шомылу көпшілік үшін таптырмас демалыс түріне айналған. Әсіресе мектеп оқушыларының жазғы каникулы басталған шақта су айдындарының жағасы адамға толады. Бірі отбасымен тынығуға шықса, енді бірі достарымен серуендеп, шомылуды жөн көреді. Алайда жаздың қызығы кейде орны толмас қайғыға ұласып жататыны өкінішті. Себебі жыл сайын елімізде судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан ондаған адам ажал құшып, жүздеген азамат түрлі жарақат алады. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ақпаратына сүйенсек, былтыр ауданымызда 6 адам суға кеткен. Оның 4-еуі кәмелетке толмаған балалар.
Өкінішке қарай, көптеген адам судағы қауіп-қатерді толық бағалай бермейді. Сырт көзге тынық көрінген су астында түрлі қауіп жасырынуы мүмкін. Терең шұңқырлар, су түбіндегі бөгде заттар, қатты ағыс немесе кенеттен өзгеретін су деңгейі адам өміріне қауіп төндіреді. Мамандардың айтуынша, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі арнайы жабдықталмаған орындарда шомылу кезінде орын алады.
Әсіресе балалардың қауіпсіздігі қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс. Жаз мезгілінде судағы жазатайым оқиғалардың едәуір бөлігі кәмелетке толмағандардың қаты-суымен тіркеледі. Оның басты себебі – үлкендердің бақылауының әлсіреуі. Сондықтан балаларды су жағасына жалғыз жібермеу және олардың әр әрекетін бақылауда ұстау – ересектердің басты міндеті.
Соңғы жылдары елімізде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жазғы маусым басталғанға дейін су айдындарын тексеріп, рұқсат етілген шомылу орындарын анықтайды. Демалыс орындарында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы жадынамалар таратылады. Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері тұрақты рейдтер ұйымдастырып, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіреді. Дегенмен қандай шара қабылданса да, адам өз өміріне өзі жауапты екенін ұмытпауы керек.
– Еңбекшіқазақ ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп аудан аумағындағы суға түсуге тыйым салынған орындарға 90 ескерту белгісі мен ескерту жазуларын орнатты. Тыйым салынған орындарда суға түскен азаматтарға Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 412-бабына сәйкес 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Аудан бойынша суға түсуге рұқсат етілген жалғыз орын – ИП «Карипкова» демалыс аймағындағы «Тихая заводь» жағажайы, – дейді төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты А.Бамишийн.
Мамандардың айтуынша, судағы қайғылы оқиғалардың жиі кездесетін себептерінің бірі – мас күйінде шомылу. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар демалысты ішімдікпен байланыс-тырып, суға түсуді жөн көреді. Ал алкоголь адамның өзін-өзі бақылауын әлсіретіп, қауіп-қатерді дұрыс бағалау қабілетін төмендетеді. Соның салдарынан адам қарапайым жағдайда жасамайтын әрекеттерге барып, қайғылы жағдайға душар болады.
Суға түсу кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы көптеген қайғылы жағдайдың алдын алуға болады. Мәселен, суға қызу күйде бірден секірмеу қажет. Ұзақ уақыт күн астында болған адам салқын суға кенет түскенде денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сондай-ақ жүзу мүмкіндігін асыра бағалап, жағадан алысқа кетудің де қаупі зор. Көптеген адамдар дәл осындай сәтте шаршап, көмекке мұқтаж болып жатады.
Бүгінде құт-қарушылар мен төтенше жағдайлар қызметі өкілдері «Судағы қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік» қағидатын жиі айтып келеді. Расында, қауіпсіздік тек арнайы қызметтердің жұмысына ғана байланысты емес. Әр азамат өз өмірі мен жақындарының амандығына жауап-кершілікпен қарауы тиіс. Әсіресе ата-аналар балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, суда өзін ұстау мәдениетін қалыптастыруы қажет.
Қазақ халқы «Сақтықта қорлық жоқ» дейді. Бұл сөздің мәні бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бір сәттік немқұрайдылық, қауіпсіздік талаптарына салғырт қарау орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Ал қарапайым ережелерді сақтау адам өмірін сақтап қалуға көмектеседі.
С.НҰРАДИН.
