+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Қыздар және цифрлық болашақ: білімнен басталған мүмкіндік

Бүгінгі цифрлық дәуірде ақпараттық технологиялар – қоғам дамуының қозғаушы күшіне, ал IT мамандықтары болашақтың маңызды кәсіби бағыттарының біріне айналды. Жасанды интеллект, бағдарламалау, деректерді талдау мен цифрлық жүйелер күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Осындай қарқынды өзгерістер кезеңінде қыздардың да технология әлеміне батыл қадам басуы, өз қабілетін танытып, ғылым мен инновацияның дамуына үлес қосуы айрықша маңызды.

Қыздардың IT саласына қызығушылығын арттыру ең алдымен сапалы білімнен, қолдаушы ортадан және тәжірибелік мүмкіндіктерден басталады. Бағдарламалау үйірмелері, STEM бағытындағы жобалар, хакатондар, стартаптар мен тәлімгерлік кездесулер жас мамандардың өзіне деген сенімін нығайтып, кәсіби бағдарын айқындауға көмектеседі. Әсіресе тәжірибелі мамандармен жүздесу, олардың жетістік тарихын тыңдау және нақты жобаларға қатысу студенттерге болашақ мамандығын тереңірек тануға жол ашады.

Бұл бағытта Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің де өзіндік орны бар. Университеттің «Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі» кафедрасында жүзеге асырылатын 6В06102 – Ақпараттық жүйелер және 6В06101 – Цифрлық аналитикалық білім беру жүйелерін жобалау, 6В06103-Қолданбалы жасанды интеллект білім беру бағдарламалары студенттердің цифрлық құзыреттерін қалыптастырып, заманауи технологияларды меңгеруіне бағытталған. Оқу үдерісінде бағдарламалау, ақпараттық жүйелерді әзірлеу және деректермен жұмыс істеу сияқты кәсіби бағыттар қамтылады.    Студенттердің стартап жобаларына, хакатондарға және IT саласында еңбек етіп жүрген мамандардың дәрістері мен семинарларына қатысуы олардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына мүмкіндік береді.

Бағдарламалау – цифрлық әлемнің тілін меңгеру ғана емес, тың идеяны нақты шешімге айналдыру өнері. Мобильді қосымшалар жасаудан бастап жасанды интеллект жүйелерін әзірлеуге дейінгі көптеген технологиялық жаңалықтың негізінде программалау жатыр. Сондықтан болашақ IT мамандарының логикалық ойлауын, шығармашылығын, мәселені талдау және шешім ұсыну қабілеттерін дамыту маңызды. Бұл дағдылар медицина, білім беру, қаржы, өндіріс және басқа да салалардағы күрделі міндеттерді шешуге жол ашады.

Қыздардың IT саласына келуі – жаңа идеялардың, тың көзқарастардың және шығармашылық шешімдердің көбеюіне мүмкіндік беретін маңызды қадам. Технологияның адам өмірін жеңілдетуге, білімге қолжетімділікті арттыруға және қоғамның өзекті мәселелерін шешуге бағытталуы үшін әрбір таланттың әлеуеті қажет. Ал сол әлеуетті ашудың кілті – сапалы білім, үздіксіз ізденіс және қолдау.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен оның «Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі» кафедрасы студенттердің осы жолдағы кәсіби қалыптасуына үлес қосып келеді. Білімге құштар, жаңашылдыққа ашық, өз мақсатына сенімді қыздар цифрлық болашақтың белсенді жасаушылары бола алады. Өйткені технология әлемінде мүмкіндік іздеген жанға жол ашық, ал сол жолды біліммен нық басу – жарқын болашақтың бастауы.

Калдыбаева Айжан Сейсебекқызы,
Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі кафедрасының аға оқытушысы