
Түрген шатқалында тарихи таным мен бейнелеу өнерін тоғыстырған тағылымды жоба қорытындыланды
Еңбекшіқазақ аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен қолға алынған Алматы облыстық «Шоқан жүрген жолмен – зерделі ұлт жолында» тарихи-танымдық көркем жоба-пленэрі өз мәресіне жетті. Аталған жобаға ауданға қарасты 21 ауылдық кітапхана қатысып, бір тоқсан бойы ұлы ғалым, этнограф, саяхатшы әрі суретші Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған мазмұнды іс-шаралар өткізді.
Жоба аясында әдеби-танымдық кездесулер, тарихи дәрістер, шығармашылық байқаулар мен табиғат аясындағы пленэрлер ұйымдастырылып, қатысушылардың ұлттық тарихқа деген қызығушылығын арттыруға, кітап оқуға деген ынтасын оятуға және шығармашылық қабілеттерін дамытуға басымдық берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту, кітапқұмар ұрпақ тәрбиелеу және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамаларымен үндескен бұл жоба жас ұрпақтың рухани дамуына, тарихи санасының қалыптасуына және ұлттық құндылықтарды терең тануына жол ашты.
Жобаның қорытынды іс-шарасы табиғаты көркем Түрген шатқалындағы киелі бұлақ басында «Шоқан – даналықтың дара шыңы, ұлылықтың жарасымы» тақырыбымен өтті. Аудандық кітапхана ұйымдастырған бұл тағылымды басқосу тарих пен әдебиетті, кітап оқу мәдениеті мен бейнелеу өнерін өзара сабақтастырған ерекше шығармашылық алаңға айналды.
Табиғаттың әсем көріністері аясында өткен пленэр барысында қатысушылар қоршаған ортаға Шоқанның көзімен қарауға, оның суретшілік мұрасынан тағылым алуға және туған өлкенің көркем келбетін қылқалам арқылы бейнелеуге ұмтылды. Табиғат пен өнер үндескен сәттер жас суретшілердің шығармашылық ізденісіне серпін беріп, тарихи тұлғаның мұрасын жаңа қырынан тануға мүмкіндік жасады.
Әдеби-мәдени іс-шараға аудандық газеттің бас редакторы Хайролла Ахметжанов, Шелек музейінің меңгерушісі Қуанәлі Алмасбек және Алматы облыстық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Сламбаева қатысып, игі бастаманың маңыздылығына тоқталып, жобаны қолдайтындықтарын білдірді.
Шоқан Уәлихановтың өмір жолы мен ғылыми мұрасын дәріптеуге арналған жоба кітапханалардың мәдени-ағартушылық қызметін жандандырып қана қоймай, өлкетану мен өнерді, тарих пен әдебиетті бір арнаға тоғыстырды. Оның басты құндылығы – кітап оқуды тек білім көзі ретінде ғана емес, шығармашылыққа жетелейтін, туған жерді тануға үндейтін рухани құрал ретінде насихаттауында.
Түрген шатқалындағы тағылымды кездесу қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, тарихи мұраны қастерлеудің, табиғат сұлулығын бағалаудың және ұлттық руханиятты ұлықтаудың маңызын тағы бір мәрте айқындады. Мұнда тарих сөйлеп, кітап пен қылқалам үндесіп, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі қалыптасты.
Шоқан жүрген жол – ұрпаққа қалған өнегелі із. Ал сол ізді жалғастыру – білімге құштар, өнерге жақын, тарихын құрметтейтін бүгінгі жас ұрпақтың еншісінде.
