+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Ұстаз – ұлы сезім


Бүгін Бөлек ауылының мәдениет үйінде Ұстаздар күніне орай «Ұстаз – ұлы сезім» атты салтанатты іс-шара өтті. Ұлағатты ұстаздарға құрмет көрсету, олардың қоғамдағы айрықша еңбегін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған мерекелік кеш жоғары деңгейде өтті.
Салтанатты жиынға ауданның ардагер ұстаздары, білім беру саласының қызметкерлері, аудан тұрғындары мен қонақтар қатысты.
Мерекелік шара барысында ұстаздық еңбектің қадір-қасиеті, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі мұғалімдердің рөлі кеңінен сөз болды. Ұстаз – шәкірт жүрегіне білім нәрін сеуіп қана қоймай, оның бойына адамгершілік, отансүйгіштік, еңбекқорлық секілді асыл қасиеттерді қалыптастыратын абзал жан. Сондықтан да ұстаз еңбегі қашанда зор құрметке лайық.
Іс-шара барысында білім саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, жас ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан ардагер ұстаздарға ерекше құрмет көрсетілді. Ұстаздық жолды абыроймен атқарып жүрген білім беру саласының қызметкерлеріне ізгі тілектер айтылып, еңбектері атап өтілді.
Салтанатты кештің шырайын аудан өнерпаздарының арнайы дайындаған концерттік бағдарламасы аша түсті. Мерекелік әндер шырқалып, мың бұралған бишілер өнер көрсетіп, ұстаздарға арналған жүрекжарды жырлар оқылды. Әрбір өнер нөмірі ұстаздарға деген шәкірттердің ыстық ықыласы мен шынайы алғысын жеткізді.
Барша ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, еңбектеріне толағай табыс, шығармашылық ізденіс, мықты денсаулық, отбасыларына амандық тілейміз! Ұрпақ тәрбиесі жолындағы абыройлы еңбектеріңіз жемісті болып, шәкірттеріңіздің жетістігі сіздерге әрдайым қуаныш сыйласын!