
«Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» — ой мен пікір додасы
«Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» — ой мен пікір додасы
Мемлекеттік қызметшілер арасында «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тақырыбында аудандық пікірсайыс дебаты ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтті.
Аудандық пікірсайыс А.Бөкейханов атындағы қазақ орта мектебінің базасында өткізіліп, мемлекеттік қызметшілердің зияткерлік әлеуетін арттыруға, сыни ойлау қабілетін дамытуға және көпшілік алдында еркін сөйлеу дағдыларын жетілдіруге бағытталды.
Пікірсайыстың басты мақсаты – қатысушылардың өз ойын жүйелі әрі дәлелді жеткізу қабілетін шыңдау, түрлі мәселелерге сыни тұрғыдан қарауға үйрету, пікір алуандығына құрмет қалыптастыру және командалық жұмыс мәдениетін дамыту.
Аудандық додаға барлығы 8 фракция қатысты. Олар: «Айғақ», «Тұғыр», «Ұстаным», «Арқау», «Дәйек», «Парасат», «Тегеурін» және «Көкжиек».
Сайыс барысында әр фракция берілген қарарлар бойынша өз ұстанымдарын ортаға салып, нақты дәлелдер мен логикалық пайымдаулар арқылы пікірлерін қорғады. Қатысушылар қарсы тараптың уәждеріне жауап беріп, сауалдар қойып, өз көзқарастарын жүйелі түрде жеткізе білді. Бұл ретте шешендік өнермен қатар, тыңдай білу, жылдам ой қорыту және пікірді дәйекті түрде қорғау шеберліктері де сынға түсті.
Пікірсайыстың әділ әрі кәсіби деңгейде өтуін қамтамасыз ету мақсатында төрешілер құрамына тәжірибелі педагогтер тартылды. Төрешілер қатысушылардың дәлелдерінің негізділігіне, сөйлеу мәдениетіне, логикалық ойлауына, командалық жұмысына және белгіленген регламентті сақтауына баға берді.
Қызу пікірталас пен тартысты кезеңдерден кейін аудандық пікірсайыстың жеңімпаздары анықталды.
Бас жүлделі орындарға ие болғандар:
І орын – «Парасат» фракциясы.
Қатысушылары: Тоқтасын Мирас және Елтоқ Сана.
ІІ орын – «Тұғыр» фракциясы.
Қатысушылары: Коканова Динара және Канапина Дана.
ІІІ орын – «Айғақ» фракциясы.
Қатысушылары: Байтилеуов Айдын және Каирбай Жайна.
Жүлдегерлер І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Сонымен қатар белсенді қатысқан қатысушыларға арнайы номинациялар мен алғыс хаттар табысталды.
Пікірсайыстың өтуіне атсалысып, әділ төрелік жасаған мамандар да назардан тыс қалмай, «Үздік төреші» номинациясымен марапатталды.
Аудандық пікірсайыс мемлекеттік қызметшілердің шешендік шеберлігін шыңдап қана қоймай, олардың сыни ойлау қабілетін жетілдіруге, өз ойын еркін әрі дәлелді жеткізуіне, пікір алмасу мәдениетін қалыптастыруына мүмкіндік берген мазмұнды іс-шара болды.
Осындай зияткерлік сайыстар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық дамуына серпін беріп, қоғамдық ортада ашық пікір алмасу мен сындарлы диалог мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосары сөзсіз.
