
Даубай ақынның даңғыл жолы
Қазақ үшін қашан да қара өлеңнің қадірі биікте. Ал, сол өлең дейтін киелі өнердің білтесін тұтатып, елді жырмен сусындатып жүрген ақындарды құрметтеу – әрбір қаракөздің міндеті. Жуырда Есік қаласындағы аудандық кітапханада нағыз фольклор ақын, халықаралық айтыс, жыр-терме одағының мүшесі, Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, «Дінмұхамед Қонаев атындағы құрмет орденінің» иегері, талай жас жеткіншекті жыр мен айтысқа баулып жүрген Даубай Әбдісаймен кездесу кеші өтті.
Аталған жиынға «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бағдат Рахимов, аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов, сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Ержан Тоқтар, Құл-Керім Елемес, Арман Жусанбай, Ерлан Әбдіхалықов, Мұқтарқан Қалиұлы, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Асанқадыр Исабек, ақын Биғайша Медеу, сондай-ақ журналистер Елеусіз Ақыметкерімұлы мен Жексен Алпаров сынды өзге де тұлғалар қатысып, ақын туралы пікірлерін ортаға салды.
Тағылымды шараның басты мақсаты – ақынның әдеби мұрасын насихаттап, оның поэзиясындағы ұлттық рух пен көркемдік ерекшеліктерді жас ұрпаққа таныту болды.Кешке елдің әр өңірінен келген ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысып, Даубай ақынның шығармашылығы жайында ой бөлісті. Қонақтар ақынның өлеңдеріндегі терең мазмұн, өміршең тақырыптар мен ұлттық құндылықтардың көрінісі туралы кеңінен сөз қозғады.
Аталған шараға арнайы қатысқан ақын, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Оразалы Досбосынов атындағы ақындар орталығының директоры, халықаралық сыйлықтардың иегері Айтуған Жетебаев бастаған жас ақындар Даубай ақынға арнау айтып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Шараның мазмұнын байыта түскен тағы бір маңызды бөлігі – жас буынның белсенділігі. Оқушылар ақынға сауалдарын қойып, оның өлеңдерін жатқа оқыды. Бұл – әдебиетке деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен бірге, Т.Әбілезов атындағы айтыс, жыр-терме орталығының шәкірттері өнер көрсетіп, жырдан шашу шашты. Жетекшілері Ұлан Қали мен Нұргелді Қожанның еңбегі нәтижесінде ұлттық өнердің көркем үлгісі көпшілік назарына ұсынылды.
Тағылымды кеш – ақын шығармашылығын дәріптеумен қатар, ұрпақтар сабақтастығын нығайтқан маңызды рухани басқосу болды. Даубай Мамытұлының поэзиясы арқылы ұлттық құндылықтар ұлықталып, қазақ әдебиетінің өрісі кеңейе түсті.
Ақынның өнердегі даңғыл жолы әңгімеге арқау болып, жиылған қонақтар көптеген естеліктерімен бөлісіп, Даубай Мамытұлының шығармашылығына жоғары баға берді. Осы орайда Ержан Тоқтардың дауылпаз ақын Даубай Мамытұлына арнап келген поэзиясын назарларыңызға ұсынайық.
Хантәңірдей жарқыраған маңдайың,
Жақұт жырмен көмкерілген таңдайың.
Адамды адам аямаған заманда,
Қалай аға, жақсы ма өзі жағдайың?
Жүрегіңде жолбарыстың түгі бар.
Ал арқаңда алпыс нардың жүгі бар.
Аңқылдаған арда туған ағам-ай,
Әз жаныңды қоғам қалай ұғынар.
Тәңіртауда желбіретіп тұлымын.
Ұғындырып ұлы жырдың тұнығын,
Аламанның алдаспаны жасадың,
Тұлпар етіп Құлмамбеттің құлынын.
Ажал деген ерте тастап құрығын.
Алып кетті Құлмамбеттің құлынын.
Аталатпай боталатқан тағдырда,
Үзілгендей болды-ау аға жұлының.
Мұқағали ағаң еді мұзбалақ.
Қалжыңы да сұрапыл ед қыз талақ.
Абадан боп қалды өлеңнің өрінде,
Шибөрілер жүргенімен жүз талап.
Мұқағали кешкен сол бір өңірде.
Талай ақын бірге жүрген өмірде.
Уақыт толқын жұтып кетті барлығын,
Мұқағали қалды тарих төрінде,
Адамдар-ай алдау сөзбен ақталған.
Заманым-ай жақсыларын даттаған.
Ақынмын деп кей ағам жүр тақпақтап,
Кеудесіне темір тақса мақтанған.
Ал сіз аға асқақ рухпен дем бердің .
Қоғам дертін өлең жырмен емдедің.
Ақындыққа кір шалдырмай өмірде,
Адамдықтың мамандығын меңгердің.
Ақиқатқа ар туы боп қаландың.
Аңыз болдың абызындай даламның ,
Ар мен рухы аруақ қой қазақтың.
Әруағы жебеп жүрсін бабаңның.
Жаратқанның мініп алып кемесін.
Бағындырып дауыл жырдың белесін.
Жолбарыстың сүрлеуіне түсіп ап,
Өз жолыңмен тура жүріп келесің.
Өмір теңіз, бір болғанмен қайықта.
Дауыл тұрса ескегіңді лайықта,
Толқынында тербетіліп ғасырдың,
Дау дамайсыз Даубай қалар тарихта.
