+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

ӘдебиетЖаңалықтар

Жас қаламгермен жүздесу

Қазіргі таңда кейінгі толқын қатарында қазақ әдебиетінде ақындар көп болғанымен, жазушылар өте аз болып тұр деген пікірді құлағымыз естіп қалады. Алайда, жазушылық өнерімен талайды тамсандырып жүрген қаламы жүйрік, ойы ұшқыр жастарымыз жетерлік. Солардың бірі жазушы, драматург «Иесіз көлеңке», «Махаббатым – Constant Параллель» кітаптарының авторы, шығармалары бірнеше шет тілдеріне аударылған Әлішер Рахат. Жуырда Бәйдібек би ауылдық кітапханасының кітапханашысы Алтынай Шоқпарованың ұйымдастыруымен Т.Әубәкіров атындағы орта мектепте «Ұлттық кітап күні» мерекесіне орай Әлішер Рахатпен кездесу кеші өтті.

Руханиятқа негізделген әдеби кешке ақын Даубай Мамытұлы, Т.Әубәкіров атындағы орта мектептің директоры Әсем Қанағатова, ұстаздар қауымы мен мектеп оқушылары қатысты. Кеш барысында білім ордасының өнерлі шікірттері сахна төрінде күмбірлеген күйлерін, мың бұралған билерін, әуезді әндерін ұсынды. Сондай-ақ, «Менің атым Қожа» шығармасынан көрініс те көрсетті.

Оқушылар Әлішер Рахатқа көкейдегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. «Жазушы болу үшін не істеу керек?» деген, сауалға жазушы:

– Біріншіден кітапты көп оқу керек. Өзім 1995 жылы Қарасаз ауылында туып өсітім. Сол ауылда өскендіктен, Мұқағали жырларын бала күнімізден жатқа оқитынбыз. Ол біздің ауылдың жазылмаған заңы сияқты. Көшедегі үлкендер кез-келген уақытта «Мұқағали ақынның өлеңін оқы», – деп талап қоятын.  Ең бастысы жазушылыққа ғана қатысты емес, өзің таңдаған бір іспен тұрақты түрде айналыссаң өз жемісін береді. Мейлі бастапқы жұмыстарың нашар болса да тоқтамау қажет. Мен кемі 15 жылдан бері қолыма қалам ұстап, толғандырған түрлі тақырыптарда қалам тербедім. Сол 10-15 жыл бұрынғы жазғандарымды қарасам күлкім келеді, тіпті оқуға тұрмайтын дүниелер. Алайда, тұрақты түрде осы өнермен айналысқандықтан, міне қаламым ұшталып, қазір еңбегім жеміс беріп жатыр – деді.

Жазушы алғаш жазушылықты қолға алған шағын да еске түсірді.

– 9 сыныпты аяқтап, қалаға көштік. 10-11 сыныпты қалада оқыдым. Таңқалғаным, сабақ қазақша өткенімен, үзіліс кезінде балалар орысша сөйлеседі екен. Ол кезде мен орысша түсінбеймін. Сөйтіп сырласатын ешкім болмағасын, бар ықыласым кітапта болды. Сол шақта қателеспесем «Қара кемпір» деп аталатын шығарма жаздым. Жазушылар әлеміне қызығып, талабыма сол шақтар көп әсерін тигізді. Қазір қуанатыным, қазақша сөйлейтіндер көп, жастар қай саланы таңдаймын десе де мүмкіндік мол. Мен еліміздің барлық өңірінде болдым. Өз басым Қазақстанның кез-келген жері «менікі» деп есептеймін. Бұл елдің қожайыны «менмін» деген түсінік бар санамда. Бұл елдің өзені мен көлі, даласы мен қаласы, орманы мен қорғаны бәрі-бәрі менікі. Сіздердің де ауылдарыңыз Бәйдібек би ғана емес, бүкіл Қазақтың еншісіндегі жер мен өлкені «менікі» деп санаңыздар. Сонда ғана мақсаттарыңыз айқын, еңселеріңіз тік болмақ – деп, орамды ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, өзінің сүйікті жазушылары Мұхтар Әуезов, Бердібек Соқпақбаев, Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкей, Әбіш Кекілбаев сынды бірнеше қаламгерлердің атын атады.

Өз кезегінде Даубай Мамытұлы сөз сөйледі:

– Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі Әлішердің ойымен астасып жатыр. Неге десек, қылышынан қан тамып тұрған кезеңде пікірді ашық жеткізу мүмкін болған жоқ. Сол үшін Бердібек Соқпақбаев осы шығарманы жазды. Мұндағы Қожа Кеңес үкіметіне бағынғысы келмейтін қазақ, «ал осы елдің Қожасы, заңды мұрагері менмін» деген түсінікті астарлап жеткізе білді ұлы қаламгер, – дей келе, 30 жасында үлкен белестерді бағындырып жүрген Әлішер Рахаттың 40-та қамал аларына сенім білдіріп, алғысы мен тілегін жырымен жеткізді.

Мектеп директоры Әсем Қанағатова өз кезегінде танымдық кештің оқушылар үшін рухани олжа болғанын жеткізіп, жазушыға зор алғысын білдірді. Сонымен қатар, Ұста Дәркембай қолөнер музейінің директоры Дәулет Шоқпаров та құттықтау лебізін білдіріп, жазушының иығына шапан жауып, естелікке шәкірттерінің қолынан шыққан қамшы сыйлады.

Бетті дайындаған

 Ринат НАРХАНОВ.