+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

«Таза Қазақстан»: Алматы облысында 22 мыңнан астам тұрғын тазалық жұмысына атсалысты


Алматы облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы шаралар жалғасуда. Бүгін өңірде әдеттегідей «Таза бейсенбі» акциясы өткізіліп, 22 мыңнан астам тұрғын таңмен таласа тазалық жұмысына атсалысты. Игі шарада азаматтар қоршаған ортаға қамқорлық пен жауапкершілік сезімінің үлгісін көрсетті. Олардың қатарында қоғам белсенділері, облыс әкімдігі мен мемлекеттік орган қызметкерлері, кәсіпкерлер, жастар мен еріктілер, тұрғындар бар. Нәтижесінде 510 тонна қоқыс шығарылып, 282 гектар аумақ тазартылды

Акция барысында қоғамдық орындар мен аулалардағы қоқыс жиналып, абаттандыру жұмысы жүргізілді. Қайта өңделетін қалдық бөлек сұрыпталып, қалған қоқыс арнайы полигонға жіберілді.
Сенбілікке Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, қоршаған ортаның тазалығы баршаның ортақ құндылығы екенін атап өтті.
«Өзіміз өмір сүретін елді мекендердің, қалалардың, туристік орындардың таза әрі жайлы болуы әрқайсымыздың жанашырлығымыз бен жауапкершілігімізге тікелей байланысты. Бүгінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облысымызда елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Жақында аумақтарды күтіп ұстауға қатысты қолданыстағы талаптар жаңартылды. Соған сәйкес аумақтың санитарлық тазалығын сақтау және тұрғын үйдің іргелес 5 метр аумағын күтіп-ұстау міндеті заңды тұлғалармен қатар жеке тұрғындарға да жүктеледі. Осыған байланысты акция бұрынғыдан да белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Бүгін біз дәстүрлі «Таза бейсенбі» акциясын өткіздік. Облыстың түкпір-түкпінідегі тұрғындар бұл шараға бейжай қарамай, белсенділік танытуда», – деді Марат Елеусізұлы.
Экологиялық акцияға үлес қосқандардың бірі – Жастар ресурстық орталығының маманы Санжар Сұлтан. «Әр азаматтың тазалық шараларына атсалысуы маңызды. Себебі тәртіп пен тазалық ең әуелі өзімізден басталады. Қазір жастар әр сенбілікке үлкен жауапкершілікпен кіріседі. Өздері де түрлі экологиялық шаралар ұйымдастырып, жұмыла жұмыс істейді. Мәселен, «Қауіпсіз жағалау», «Таза жағалау» сияқты акциялар соның айқын дәлелі. Бұл «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасымен де астасып жатыр. Қазіргі жастардың көзқарасы өзгеше, сондықтан оларды қоғамдық тәртіп пен экологиялық мәдениетті сақтауға жаңа тәсілдер арқылы баулу маңызды деп ойлаймын», – деді ол.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде 25 облыстық сенбілік өткізіліп, оған 567 мыңнан астам адам қатысты. Нәтижесінде 13 мың тонна қоқыс шығарылып, 7701 гектар аумақ тазартылды. 103 мыңнан астым көшет отырғызылып, 3500-ге жуық техника жұмылдырылды. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасады.