+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЖАҢА ДӘУІРДІҢ АЙҚЫН БАҒДАРЫ


Ата Заң – мемлекеттің құқықтық тірегі ғана емес, халықтың болашаққа деген сенімі мен ұрпақ алдындағы жауапкершілігінің өлшемі.
Мемлекеттің тарихында оның болашақ даму бағытын айқындайтын, қоғамның құндылықтарын саралап, елдік мұраттарды жаңа деңгейге көтеретін маңызды кезеңдер болады. Осындай тарихи белестердің бірі – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануы. Бұл – құқықтық жүйені жаңғырту ғана емес, мемлекетті басқару қағидаттарын, азамат пен билік арасындағы жауапкершілікті, қоғамның келешекке деген көзқарасын қайта пайымдауға жол ашатын маңызды оқиға.
2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енді. Осылайша еліміздің конституциялық дамуында жаңа кезең басталды. Алайда кез келген тарихи құжаттың шынайы құндылығы оның қабылдануымен ғана өлшенбейді. Оның маңызы күнделікті өмірде қаншалықты жүзеге асатынымен, азаматтардың құқықтары қаншалықты қорғалатынымен және мемлекеттік институттардың халық алдындағы міндетін қаншалықты адал атқаратынымен айқындалады.
Конституцияның өзегінде адам құқықтары мен бостандықтарының тұруы – құқықтық мемлекеттің негізгі талабы. Өйткені мемлекеттің қуаты тек экономикалық көрсеткіштермен, өндіріс көлемімен немесе халықаралық беделімен өлшенбейді. Оның шынайы қуаты – қарапайым азаматтың заңға сенуінен, өзінің құқығы қорғалатынын сезінуінен, еңбегінің бағалануынан және болашағына алаңсыз қарауынан көрінеді.
Жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты бірқатар маңызды кепілдіктер нақтыланып, күшейтілді. Атап айтқанда, адам ұсталған сәттен бастап құқықтарын қорғау тетіктері, негізсіз ұстауға жол бермеу, кінәсіздік презумпциясы, өзіне және жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы сияқты қағидаттарға айрықша мән берілген. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу міндеті де конституциялық деңгейде бекітілді.
Мұның барлығы азамат пен мемлекет арасындағы қатынастың маңызды қағидатын айқындайды: заң алдында ешкімнің артықшылығы болмауға тиіс, ал азаматтың құқығы лауазымына, әлеуметтік жағдайына немесе қоғамдық мәртебесіне қарамастан қорғалуы керек.
Заңның күші – оның қағазда жазылуында емес, өмірде орындалуында. Сондықтан жаңа Конституцияның рухы әрбір мемлекеттік қызметкердің ісінен, әрбір сот шешімінен, әрбір азаматтың құқығына көрсетілген құрметтен көрініс табуы қажет.