Жуырда өткен жылдың есебін түгендеп, осы жылға нақты мақсаттар қою бағытында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Аудандық мәслихат төрағасы Бекет Төлегенұлы жиынды жүргізді.
Алғашқы сөзді күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Еңбекшіқазақ ауданының 2025-2027 жылдарға арналған бюджетін бекіту» бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Бейбіт Искаков алды. Бөлім басшысының сөзінше, 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасын есептеу кезінде «Жаңадан іске қосылған объектілерді ашылған жұмыс орындарын есепке алып, салық төлемдерінің жоспарлануы», «Салық заңнамасында мөлшерлемелердің өзгеруі, өткен қаржы жылындағы тү-сімдер серпіні», «Бір жолғы сипаттағы түсімдер», «Бюджет кодексінің 52-бабының негізінде реттелетін кірістерді бөлу нормативтері», «Салалар бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың аудан-дық бағдарламаларының бағыттары мен мақсаттары қаражатпен қамтамасыз етілуі» сынды мәселелер ес-керілгенін жеткізді.
Осы жылға ауданның бюджеті 42 млрд 341 млн теңге мөлшерінде жоспарлануда. Ал, 2026 жылға арналған жобада ауданның бюджеті 33 млрд 480 млн теңгені, 2027 жылға 28 млрд 964 млн теңгені құрайды.
Күн тәртібіндегі «Өзіне жүктелген функциялары мен міндеттер аясында бекітілген салалар бойынша жергілікті атқарушы органның қызметін ұйымдастыру бағытында есепті кезең-де атқарылған жұмыстар және аудан аумағындағы өзекті мәселелерді шешу бағытында жолданған хаттама-лық қаулылардың, депутаттық сауал-дардың, мәслихат шешімдерінің орындалуы, алдағы 2025 жылға жоспарланып отырған жұмыстары туралы» аудан әкімінің орынбасары Ертай Нұрмаханов өз есебін берді.
Өз кезектерінде мәслихат депутаттары өз өңірлері бойынша балалар ойын алаңдарының, жолдардың, су құбырларының жұмыстарын сынға алып, бірқатар өзекті сұрақтарын жолдады. Сондай-ақ, сапасы сын көтермейтін жұмыстарды бодырмауды баса назарда ұстау қажеттігін жеткізді.
Жиын барысында «тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, экономика және қаржы, сәулет және қала құрылысы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары салаларына қатысты туындап отырған бірқатар мәселелер» туралы депутаттық ұсыныс жасау үшін аудандық мәслихат депутаты Асыл Дәркембайұлы өз баяндамасын мәлім етті.
– Бой көтеріп жатқан барлық құрылыс нысандарының орналасқан жерінің табиғатына, халыққа қызмет көрсету қолайлылығына және комму-налдық жүйесінің ыңғайына қарай салынуы, жалпы ең алдымен сапа содан соң оның сәулеті талап етілуі қажет. Осы тұрғыдан, Есік қаласы мен Шелек ауылында салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасына баса назар аударуды сұраймыз. Адам көзі түскен нәрсесіне баға беру үшін оның кешегі қалпы мен бүгінгі қалпына салыстырмалы түрде қарайтындығы анық. Жоғарыда айтылған барлық нысандардағы кемшіліктерді жұмыс атқарған мердігерлерміз «әне жөндейміз, міне жөндейміз» деп жүргенде, берілген кепілдік мерзімі өтіп кетуде. Есік қаласындағы 120 пәтерлі қолданысқа берілген тұрғын үйдің абаттандыру жұмыстары әлі күнге толық аяқталмады, ал Шелектегі үйдің жағдайын айтпаса да болады. Салынған модульдік ФАП-тардың жағдайы бір бөлек. Осы аталған әрбір нысан бойынша нақты ұсыныстар мен ескертулер жасалынған болатын, бүгінгі таңда нәтижесі қандай? Ж.Қайыпов ауылындағы Қазақстан орта мектебінің іргетасы бүгінгі таңда отырып жатыр, үлкен жарықтар асханасы орналасқан бөлігіндегі керегелерде ғана емес, бүгінгі таңда оқу кабинеттерінде де пайда болған. Көктөбе ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның да жағ-дайы жоғарыда аталғандай кейіпте. Керегелерінде жарықтар пайда болған, едендері отырып кеткен. Аталған мәселенің мән-жайын баршаңыз жақсы білесіздер, көтеріп жатқанымызға бір-неше жыл болды, тіпті бірнеше мәрте депутаттық сауал жолданған болатын. Нәтиже әлі күнге жоқ. Бүгінгі таңда балалардың, сол жерде жұмыс атқарып жүрген азаматтардың қауіпсіздігі ешкімді алаңдатып отырмағандығын нақты атап айтуға болады – деген Асыл Дәркембайұлы тұрғындардың наразылығын тудырып жатқан аудандағы барлық мәселелерді жеткізіп, депутаттар атынан ұсынылған талаптарды тұрақты коммиссиялардың бірлескен отырысының хаттамалық қаулысына енгізілуін сұрады.
Жиын соңында Бекет Төлегенұлы күн тәртібінде көтерілген мәселелердің барлығын саралап, «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 15-бабына сәйкес Қаулымен таныстырып, жиынға қатысушыларға өз міндеттерін жүктеді.
Мәслихат депутаттарының жиыны аяқталған соң аудандық әкімдіктің үлкен залында Еңбекшіқазақ аудандық мәслихаттың ХXXV сессиясы өтті. Аталған жиынға аудан әкімі Талғат Байеділов, аудан әкімінің орынбасарлары мен басқарма, бөлім басшылары, аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері, Есік қаласы мен ауылдық округтердің әкімдері және жергілікті қауымдастық жиналыстарының өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша «Еңбекшіқазақ ауданың 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті туралы» аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Бейбіт Искаков есебін берді. Бейбіт Құлжамбайұлының есебін халық қалаулылары талқыға салды.
Жиын соңында арнайы сөз алған аудан әкімі баяндама жасап, түрлі салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Іргелі істер, аймақты дамыту жұмыстары жүйелі жалғасын табатынын жеткізді Талғат Байеділов:
– Жақында ата-бабамыздың сан ғасыр бойы аңсаған асқақ арманы мен ақжарма тілегі орындалып, жарқын жасампаздық пен үкілі үміті үстем болып, егемен еліміздің еркін дамуына айқара жол ашқан қасиетті де қастерлі Тәуелсіздік күнін атап өтіп, табалдырығымызды жаңа 2025 жыл аттады. Биылғы жылы ауданымыз мемлекеттік қолдау мен жүргізілген іргелі әрі бағдарлы жұмыстардың нәтижесінде тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамудың айтарлықтай оң динамикасын көрсетті, – дей келе, бірлесіп игі істердің ұйытқысы болып жүрген Бекет Төлегенұлы басқарып отырған мәслихат депутаттарына алғысын білдірді.
Сессия соңында мәслихат төрағасы Бекет Ахметов:
– Қазақта «Еңбегіне қарай – өнбегі» деген сөз бар. Бүгінде, ауданымыздың қарқынды дамуы, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан алға басуы әрқайсыңыздың тәжірибелеріңізге, қажырлы еңбектеріңіз бен жүйелі ұйымдастырылған жұмыстарыңызға тікелей байланысты екендігін атап өткім келеді. Ағымдағы жылдың басында басталған жұмыстардың нәтижелерін қорытындылайтын, жаңа міндеттерді айқындайтын шешуші кезеңді межеледік, – деп сессияға қатысушыларды бірлікпен алға жылжып, ел игілігіне еңбек етуге шақырды.
Ринат НАРХАНОВ.