Қазақстан ауылындағы Ж.Қайыпов атындағы орта мектепте асыл тұлға ұстаздардың ерен еңбегін, мол қадірін, тарихтағы баға жетпес орнын паш ету, олардың өмір жолымен жас ұрпақты ұстазды құрметтеуге, адамгершілікке, сыйлап түсіне білуге үйрету, ұстаз мамандығының қыры мен сырын ұғындыру және ұстаз еңбегін бағалай білуге тәрбиелеу мақсатында маңызы зор кездесу кеші өтті.
Ардагер ұстаздар ең алдымен мектепте орналасқан Кеңес одағының батыры Ж.Қайыповқа арналған мұражайды араласа, келесі кезекте өз пәндері бойынша жеткіншектерге ашық сабақтар өткізді, одан әрі кеш оқушылардың көңілді концерттік бағдарламасымен жалғасты. Ансамбль жетекшісі Азат Бақасов бастаған өнерлі оқушылар халық күйімен кеш шымылдығын түрді. Мектеп директоры Шарапат Орынбаева: «Бүгінгі күніме мен осы ұстаздарымның арқасында жеттім. Өзімді ұстаз алдында әрдайым шәкірт сезінемін. Осы мектепті 1981 жылы бітіріп шыққан едік. Енді өзім ұшқан ұямда білім берудемін. Бүгінгі бейнеттің зейнетін көріп отырған аяулы ұстаздар сіздерге зор денсаулық, ата мен әже болып аман сау жүре берулеріңізге тілестеспін», – деген шәкірттік алғысын жеткізсе, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Тәліпжан Естемесов: «Құрметті ардагерлер, алғаш мектеп табалдырығын аттаған кезде Қаныша апайымыз қарсы алып еді. Ол кезде бала шәкірт болсақ, қазіргі күні әріптеспіз. Осы елу жылдан астам уақытта қызмет еткен ұстаздар аттарын атай кетейін. Олар мектебіміздің тұңғыш директоры Ахметжан Кегенбаев, Леонид Борецкий, Хайролла Ғизатов, Раиса Попова, Құсайын Тюпеев, Людмила Фомина және тағы басқа да көптеген адамдар қызмет еткен екен. Бұл есімдерді атаудағы мақсатымыз бүгінгі жастарға, жас мұғалімдер біле жүрсін деген ойымыз. Келешекте осы дәстүр жалғасын тауып үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетілсе нұр үстіне нұр болар еді. Осы кездесуге келгендеріңізге рақмет айтамыз, біз сіздермен мақтанамыз!», – деп ардагер ұстаздарға сыйлықтарын табыс етті. Сонымен бірге, келместің кемесіне мініп, арадан мәңгілікке аттанған аяулы ұстаздарды бір минут үнсіздікпен еске алды мектеп ұжымы. Ғалым да, шахтер да бас иген аяулы ұстаздар қандай қошемет, құрметке лайық. Бүгін білім – өркениетті елдердің құнды капиталына, сенімді тірегіне айналып жатқаны баршаға мәлім. Қазіргі жас маман – болашақ ұлттың ұстазы болары даусыз. Ертең олар да осы аға-апаларындай ұрпаққа саналы тәрбие мен мағыналы білім беретін ұстаз болары сөзсіз. Сонау 1965 жылдан бері осы мектепте қызмет еткен ұстаздар өздерінің жүрекжарды тілектерін жеткізіп, жастық шақтарын еске алып бір марқайып қалды. Мектепте қырық жылға жуық еңбек етіп құрметті зейнет демалысына шыққан ардагер ұстаз Раиса Соколова өз сөзінде: «Мұндай кеш бұл мектептің тарихында, тіпті ауданда болмаған. Сондықтан да барша ұстаздар мен ұйымдастырушыларға зор алғысымды жеткіземін. Бүгін өзіміз қызмет еткен білім ордасына келіп, сонау жылдардағы жүріп өткен жолдарымыз көзден кино ленталарындай сырғып өтіп жатыр. Біз қанша жасадық дегенмен, біздің де білмейтініміз бар. Қазіргі заманда жаңа жаңартылған бағдарлама бойынша оқып жатқан жеткіншектерге болашақта зор табыс тілеймін. Сендердің замандарың цифрлы заман. Көптеген мүмкіндіктерге жол ашылуда. Сондықтан да, тек шабыт, жас ұстаздарға толайым табыс тілеймін», – деді. Гүлзи Садырова мен Қаныша Молдахметова тағы басқа да ұстаздар қауымы өздерінің жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Сырға толы мағыналы кештен алар үлгі, мағына жетерлік. «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін, әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым», – деп Александар Македонский айтпақшы, ұлағат иелерінің кездесуі пікір алмасумен жалғасты.
Нұргүл САБАҚАНОВА,
Қазақстан ауылы.