– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің Президент ретіндегі алғашқы сұхбатыңыз былтыр «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған еді. Ең алдымен, қазіргідей күрделі кезеңде ой-толғамдарыңызды тағы да біздің газетіміз арқылы оқырманға жеткізуге келісім бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз.
– «Егемен» – елдің үні, ұлттың мінбері. Қазақ тарихының жүз жылдық жылнамасы. Сондықтан бас басылым арқылы ел-жұртпен тілдесудің маңызы зор.
– Ендеше, сұхбатты бастайық. Өткен аптада коронавирус індетіне қатысты мәлімдеме жариялап, жұртшылықты толғандырған көптеген мәселені ашық айттыңыз. Осыған дейін де телевизия арқылы үндеу және мәлімдеме жасаған болатынсыз. Жалпы, еліміздің қазіргі жағдайын қалай бағалайсыз? Бұдан кейінгі бағыт-бағдарымыз қандай болмақ?
– Пандемия бүкіл әлемнің қалыпты тіршілігіне айтарлықтай әсер етті. Індеттің салдарынан дүние жүзінде экономикалық белсенділік күрт төмендегенін көріп отырсыздар. Шикізат бағасының құлдырауы экономикалық жағдайды қиындататыны анық. Халықаралық валюта қорының пайымдауынша, биыл әлемдік жалпы ішкі өнім едәуір төмендейді. Әрине, мұндай дағдарыстан кейін экономиканы қалпына келтіру оңайға түспейді. Шұғыл әрекет етпесе, әлемдік рецессия күрделене бермек. Сондықтан шамасы жететін елдер өз азаматтарына қолдау көрсету үшін нақты жұмыстар жүргізуде.
Біз Қазақстанда төтенше жағдайды дер кезінде жарияладық. Осындай шаралардың арқасында вирустың жаппай таралуына жол бермей, қоғамдағы тұрақтылықты сақтап отырмыз. Дағдарысқа қарсы шаралар үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінгенін білесіздер. Ең алдымен, жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге мөлшерінде төлем жасауды ұйғардық. Жалпы, 4,2 миллион адам бұл көмекті алды. Оны екінші айда да жалғастырамыз. Бұдан бөлек, 1 миллиондай мұқтаж жан азық-түлікпен және қажетті заттармен қамтамасыз етілетін болды.
Осындай күрделі кезеңде халыққа көмек көрсетілмесе, мемлекеттілігімізге сын емес пе?! Әрине, ақша таратып берумен ахуал түзелмейді. Дағдарыс жағдайында кешенді әрі жүйелі шаралар ұйымдастырған абзал. Ең алдымен, жастарды жұмысқа орналастыру керек. Сондықтан 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Әр өңірде инфрақұрылымдық және инженерлік жобалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары бар. Міне, жұмыссыз қалғандарды солардың құрылысына, жөндеу жұмыстарына жұмылдырудамыз.
Уақытша қиындыққа тап болған 1,6 миллион кәсіпкердің несиесін қайтару мерзімі кейінге шегерілді. Мұндай шара іскер азаматтарды қолдау үшін қажет. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қаржысы 1 триллион теңгеге дейін көбейтілді. Бұл қаражат жаңа жобаларды қайта қаржыландыруға, жеңілдік шарттарымен несие беруге жұмсалады. Кәсіпкерлер үшін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер мерзімі ұзартылды. Зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдері еңбекақы төлеу қорының міндетті төлемінен алты айға босатылды.
Ерекше атап өтер жайт, карантин кезінде азаматтарымыз оқшаулануға тез бейімделді. Көптеген кәсіпорын мен мекеме қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге көшірді. Қоғамның жаңа үрдістерге дайын екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Жалпы, Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдары айқын. Елбасы бұл мәселе жөнінде Қауіпсіздік кеңесінің отырысында нақты атап көрсетті. Кез келген дағдарыс тың бастамаларды туындатады. Әрине, осы кезеңнен сабақ алып, осал тұстарымызды жетілдіруіміз керек. Егер індет өршіп кетпесе, 11 мамырда төтенше жағдай режімі аяқталады.
– Мәлімдемеңізде айтылғандай, қазіргі ахуал бүкіл әлемге оңай тиіп отырған жоқ. Қысылтаяң кезеңде доллар бағамы өсіп, төл теңгеміз құнсыздана түсті. Пандемиядан кейін теңгенің бағамы тұрақтанып, қалпына келуі мүмкін бе?
– Басқа елдердің валюталарымен қатар біздің теңгеміздің де құны кеміп кеткені рас. Осыған орай, Үкімет пен Ұлттық банк жағдайды тұрақтандыру үшін нақты шаралар қабылдады. Мен квазимемлекеттік секторға экспорттан түсетін табыстың бір бөлігін ішкі нарықта сатуды тапсырдым. Сондай-ақ олар шетел валютасындағы депозиттерін еліміздің қаржы жүйесіне қайтаруда. Бұл қаражат нақты жобаларға жұмсалады. Осы және басқа да шаралар доллар тапшылығын болдырмау үшін жасалып отыр.
Әрине, нарықтық экономика жағдайында мұндай мәселені реттеу оңайға соқпайды. Оның үстіне, еліміздегі шетел валютасының басым бөлігі шикізатты сатудан түсетіні жасырын емес. Ерте ме, кеш пе, теңге бағамы тұрақтанады. Бірақ бұған сыртқы факторлар әсер етпей қоймайды. Теңгенің долларға қатысты бағамы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсынымның азды-көптігіне қарай түзелетіні белгілі. Сондықтан құзырлы органдар валюта нарығына қатысты заңсыз әрекеттердің жолын кесетін болады. Алдағы уақытта Ұлттық банк теңгенің еркін бағамы қағидатын ұстанып, Үкіметпен бірлескен жұмысын жалғастыра береді.
– Сіз бұған дейін мұндай кезеңде екінші деңгейдегі банктердің жауапкершілік таныту қажеттігін айттыңыз. Бұл құрылымдар, көбіне, дағдарыс кезеңінде қолдау бола ма деп мемлекетке жүгінетіні жасырын емес. Жалпы, осы дұрыс па? Төтенше жағдайға байланысты сол банктер халыққа қандай көмек көрсете алады?
– Банк жүйесі – қаржы нарығының аса маңызды бөлігі. Банктердің тұрақты жұмыс істеуіне мемлекет те, бизнес өкілдері де, қарапайым салымшылар да мүдделі. Сондықтан банктерге тегіннен-тегін қолдау көрсетілмейді. Бұл – ұлттық экономиканы көтермелеудің бір жолы.
Қазір банктердің үздіксіз қызмет көрсетуіне мүмкіндік бар. Депозиттерге кепілдік беретін қор да тұрақты жұмыс істеуде. Бұл ахуалды Ұлттық банк бақылап отыр. Сондықтан салымшылардың қаражатына ешқандай қатер төніп тұрған жоқ.
Төтенше жағдай кезінде екінші деңгейдегі банктер әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұрақтануына өз үлесін қосты деп айта аламыз. Ең алдымен, банктер кәсіпкерлерге және азаматтарға берген несиені қайтару мерзімін кейінге ауыстырды. Нақты айтқанда, несие төлемдері 3 айға шегерілді. Табысынан айырылғандарға мұндай көмек қажет. Бірақ жұртшылық арасында несиені мүлдем қайтармаймыз деген түсінік қалыптаспауы керек. Бұл – жаңсақ пікір.
Сондай-ақ Үкіметтің қатысуымен шағын және орта бизнес өкілдеріне жеңілдетілген несие беру бағдарламасы әзірленді. Егер банктер кәсіпкерлерге, азаматтарға несие беруді тоқтатса, экономиканың көптеген саласы тұралап қалады. Біз бұған жол бермейміз.
Менің тапсырмам бойынша Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін қосымша шаралар қарастыруда.
– Жағдай одан әрі күрделене берсе, бюджетіміз бұл ауыртпалықты көтере ала ма? Алдағы уақытта ел бюджетіне тағы да өзгерістер енгізілуі мүмкін бе?
– Дағдарыс жағдайында, көбіне, бюджеттің кірісі мен шығысын реттеу қажеттілігі туындайды. Үкімет дағдарыс кезеңінде бюджетті нақтылаудың ерекше тәртібін бекітті. Коронавируспен күресу үшін қомақты қаржы бөлінгенін білесіздер. Ел азаматтарына қолдау көрсету, экономикалық белсенділікті арттыру шаралары қосымша қаржыны талап етеді.
Ескерте кететін бір жайт, бюджет қаржысына қымбат көлік пен жиһаз алынбайды. Ауқымды жиындар өткізуге арналған қаражат қысқартылды. Кейбір инвестициялық жобалар кейінге қалдырылды. Үнемделген қаражат экономиканың тұрақты дамуын және төтенше жағдай режімін қамтамасыз етуге жұмсалуда. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар жобалар іске асырылып жатыр.
– Экономикамыздың бір тірегі – ауыл шаруашылығы. Қазіргідей сын сағатта бұл салаға айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Әсіресе егіс науқанына кіріскен шаруаларға нақты жеңілдік беріледі. Ал енді ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін түзеуге арналған жоспарлар бар ма?
– Дұрыс айтасыз, еліміз үшін ауыл шаруашылығының маңызы зор. Дәл қазіргі басты міндет – егіс науқанын ойдағыдай өткізу. Қазақ «Көктемнің бір күні – жылға азық» дейді. Кез келген қауіп-қатерге қарамастан бұл жұмысты уақтылы жүргізу керек.
Мәлімдемеде айтылғандай, биыл көктемгі егіс науқанына және өнімді алдын ала сатып алуға 200 миллиард теңге бөлінді. Соның 70 миллиарды тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыш сатып алуға жұмсалады. Сонымен қатар шағын және орта шаруа қожалықтары жанармайды арзан бағамен алады. Осыған орай 390 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен сатылуда. Мұның бәрі мол өнім алуға септігін тигізеді деп сенемін.
Қазір халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету – негізгі мәселенің бірі. Мен мұны Үкіметке де, әкімдерге де тұрақты бақылауда ұстауды тапсырдым. Жалпы, елімізде азық-түлік жеткілікті. Алдағы кезеңде бағаны қымбаттатпай, елді дүрліктірмей, жұмысты дұрыс жүргізген жөн.
Ең маңызды мәселе – ауылдағы жастарға жағдай жасап, оларды жұмыспен қамтамасыз ету. Әйтпесе бақылаусыз миграция мен урбанизацияға ұшырап, соның салдарынан күрделі әлеуметтік және саяси мәселелерді шешуімізге тура келуі мүмкін. Міне, біз осындай қиыншылықтарды көре бастадық. Әсіресе бұл ірі қалаларда байқалуда. Осы мәселелер мемлекеттік органдардың ұдайы назарында болуы керек.
– Карантинге байланысты оқу үдерісі өзгерді. Оқу жылының әдеттегіден өзгеше аяқталатыны жұртты алаңдатып отыр. Осы мәселенің шешімі қандай болмақ?
– Биылғы 6 сәуірден бастап мектеп оқушылары қашықтан оқытыла бастады. Індеттің таралуына жол бермеу үшін осындай қадамға бардық. Екінші жағынан, бұл – заман талабы.
Интернет жылдамдығы әртүрлі болғандықтан, қашықтан оқытудың бірнеше жолы ұсынылды. Атап айтқанда, телесабақ, интернет-платформадағы сабақ ұйымдастырылды. Интернет байланысы жоқ 57 елді мекенде тұратын оқушылар пошта қызметі арқылы оқу үдерісін жалғастырып отыр. Жергілікті атқарушы органдар мұғалімдер мен оқушыларды компьютермен, мобильді интернетпен қамтамасыз етуде. Үкімет қорынан байланыстың мүмкіндіктерін арттыру үшін қаражат қарастырылды. Осының нәтижесінде қашықтан оқыту қазір қалыпқа түсті.
Жалпы, соңғы жылдарда қашықтан оқыту тәсілі жаһандық үрдіс ретінде қалыптасты. Әлемнің көптеген жоғары оқу орындары бұл әдісті кеңінен қолданып келеді. Мұның артықшылығы да, кемшін тұстары да бар. Әсіресе қазіргідей карантин жағдайында бұған балама жоқ. Сондықтан алдағы уақытта оны жетілдіре түскен жөн.
Биылғы оқу жылы ойдағыдай аяқталады деп ойлаймын. Оқу үлгерімін бағалауға қатысты еш қиындық туындамауы тиіс. Әрине оқушылардың өз мұғалімдерімен және құрбыларымен жүздесіп, әдеттегідей сабақ оқығанына не жетсін. Бұл – уақытша қиындық. Бұған түсіністікпен қарап, шәкірттеріне қашықтан білім беріп жатқан ұстаздар қауымына ризашылық білдіремін.
– Пандемияға қарсы күрестің алғы шебінде жүрген дәрігерлерге үнемі қолдау көрсетіп келесіз. Осы мәлімдемеңізде де оларға шынайы жанашырлық таныттыңыз. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін не істеу керек?
– Барша жұртқа қауіп төндірген індетті ауыздықтау үшін, ең алдымен, дәрігерлер мен медицина қызметкерлері жұмылдырылды. Оларға жан-жақты қолдау көрсетудің маңызы зор. Билік тарапынан барынша жағдай жасалуда.
Өкінішке қарай індетпен күрес барысында медицина жүйесінің осал жақтары да анықталды. Сақтық шараларына қарамастан, көптеген медицина қызметкері вирус жұқтырып алды. Дәрігерлеріміз онсыз да жетпей жатқанда, осындай қиындыққа тап болдық. Бұл жағдай тікелей бақылауымда. Нақты тапсырмалар берілді. Індетпен күресуге атсалысқан дәрігерлерге тиісті үстемеақы төленуде.
Қазіргі уақытта медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру өзекті мәселеге айналды. Дәрігерлерге берілетін әлеуметтік кепілдік аясын кеңейтіп, ынталандыру жүйесін жетілдіру қажет. Пандемия денсаулық сақшыларына қолдау көрсетудің аса маңызды екенін аңғартты. Біз тәуелсіздік алғалы бері бұл салаға мән беріп келеміз. Дегенмен әлі де атқаратын жұмыстар аз емес.
Коронавирус індеті медицина ғылымын дамытудың да өзекті екенін көрсетіп берді. Қазір бүкіл әлем осы салаға ерекше назар аударып, жұқпалы аурулармен күресті күшейтуде. Бұл – заңды құбылыс. Алдағы уақытта елімізде медициналық-биологиялық зерттеулерге ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені айбынды әскермен бірге мықты медицина да – мемлекеттің негізгі қалқаны. Бұдан былай оның өзектілігі арта түсетіні сөзсіз.
Жақында Нұр-Сұлтан қаласында модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы ашылды. Оның небәрі екі апта ішінде салынғанын білесіздер. Аурухана халықаралық талаптарға сай жабдықталған. Оны арнайы барып аралап көрдім. Сонымен қатар ғалымдарымыз диагностикалық тест жүйесін әзірлеп шықты. Міне, осындай нақты жұмыстар саланы жетілдіре түсетіні сөзсіз. Денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта да медициналық қызмет сапасын арттыру үшін ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізуі керек.
– Әл-Фараби мен Абай мерейтойлары аясында көптеген іс-шара жоспарланғаны белгілі. Енді осы жобаларды орындау тәртібіне өзгеріс енгізіле ме?
– Ұлыларды ұлықтап, даналарды дәріптеу – халқымыздың игі дәстүрі. Біз Әл-Фараби мен Абай мұрасын зерделеу арқылы қазақ даласындағы өркениеттің тамыры терең екенін көрсетеміз. Сондықтан бұл мерейтойлар – бәрімізге үлкен сын.
Абай өзінің «толық адам» тұжырымын мирас етсе, Әл-Фараби «бақытқа жету жолындағы қайырымды қоғам» қағидасын өсиет етіп қалдырды. Ұлы ойшылдардың әділдік пен ізгілік жөніндегі ұстанымы баршаға белгілі. Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам осы қағидалармен үндеседі.
Мерейтойлар аясында мемлекеттік және өңірлік жоспарлар жасалды. Бүгінге дейін кейбір жобаларды жүзеге асырып үлгердік. Қазіргі ахуалға байланысты түрлі мерейтойлық шаралар онлайн форматында өткізілуде. Бұл жобалар әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарда да кеңінен насихатталады.
– Сіз сыртқы саясаттың қыр-сырын жетік білесіз. Көп жыл дипломатиялық қызметте болдыңыз. Қазіргі заманда ұлттық мүддеге берік болу үшін сыртқы саясатымызды қалай жүргізуіміз керек? Жалпы, пандемиядан кейін халықаралық қатынастар қалай өрістейді?
– Бүгінде бүкіл әлем дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл, әсіресе осы пандемиядан кейін анық байқалады деп ойлаймын. Осындай сын сағатта әр мемлекет, ең алдымен, өз азаматтарының қауіпсіздігін ойлайды. Бұл – заңды нәрсе. Бірақ мұндай күрделі кезең халықаралық ынтымақтастыққа сызат түсірмеуі керек. Соңғы апталарда мен бірқатар елдердің және халықаралық ұйымдардың басшыларымен телефон арқылы сөйлестім. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейнесаммитіне және Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес мүшелерінің онлайн форматындағы жұмыс кездесуіне қатыстым.
Қазір пандемиямен күрес жүргізу бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейту қажет. Осыған орай біз серіктес елдермен бірге күш жұмылдырып отырмыз. Бұл – індетке қарсы тұрудың негізгі жолы. Жалпы, сыртқы саясатымыздың сабақтастығы сақталатын болады. Өзіміздің дәстүрлі және жаңа серіктестерімізбен өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыта береміз.
Сонымен қатар кез келген мемлекет үшін басқа елдерден инвестиция тартудың маңызы зор. Сондықтан біз де сыртқы саясатта экономикалық дипломатияға баса мән береміз. Бұл – Қазақстанның ұзақ мерзімге арналған стратегиясындағы басым бағыттың бірі. Алдағы кезеңде де солай болып қала береді. Сыртқы саясат сөз жүзінде емес, іс жүзінде сындарлы болуға тиіс. Дипломатия саласы да індеттің салдарынан сабақ алғаны жөн.
– Президент қызметіне кіріскеніңізге бір жылдан асты. Осы уақыт аралығында бірқатар мақсат-міндетті алға қойдыңыз. Жалпы, өз бастамаларыңыздың орындалу барысына көңіліңіз тола ма?
– Қазақта «Ел қуатты болмай, бақ тұрақты болмайды» деген нақыл сөз бар. Осы орайда мемлекеттілікті нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін маңызды бастамалар қолға алынды.
Ең алдымен, қоғамның береке-бірлігі бекем болуы керек. Бұған билік пен халық арасында тұрақты диалог орнату арқылы қол жеткізуге болады. Осыған орай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Оның негізгі мақсаты – қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған ауқымды шаралар ұйымдастыру, өзекті мәселелерді талқылап, тиімді ұсыныстар әзірлеу. Бүгінге дейін кеңестің екі отырысы өткізілді. Саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғыру бағыттары бойынша көптеген ұсыныс жасалды. Қоғамды алаңдатқан түрлі мәселелер қызу талқыға түсті.
Заман талабына сай саяси реформалар жүргізілуде. Қазір менің бастамаммен Парламентте бірқатар маңызды заңнамалық өзгерістер талқылануда. «Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасы қарастырылып жатыр. Бұл еліміздің демократиялық дамуын айқындайтын өте маңызды құжат болатынына күмән жоқ.
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауына түсетін саяси партиялар әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота бөлетін болады. Осыған орай заңға тиісті толықтырулар енгізу қарастырылуда. Сондай-ақ саяси партияларды тіркеуді жеңілдету, парламенттік оппозиция институтын қалыптастыру үшін заңнамаға маңызды түзетулер жасалмақ.
Осы өзгерістер саяси үдерістерді одан әрі либерализациялау жолындағы нақты қадам болады деп сенемін. Жан-жақты саяси реформалар жалғасады. Бұл – біздің стратегиялық таңдауымыз.
Сондай-ақ азаматтардың өтініш-тілектерін жедел қарастыру үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсындым. Бұл – өте маңызды әрі қажет бастама. Шенеуніктердің міндеті – ең алдымен, халыққа қызмет ету. Олар ел-жұрттың мұң-мұқтажына құлақ аспағанда кімге құлақ асады?! Осы қағидатты барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің санасына сіңірген жөн. Қазірдің өзінде бұл бағытта оң өзгеріс бар.
Отандық бизнесті дамытуға арналған бірқатар бастама жүзеге асты. Менің тапсырмам бойынша шағын және микро бизнес өкілдері үш жылға табыс салығынан босатылды. Олардың қызметі алдағы үш жыл бойы тексерілмейді. Сол үшін мораторий жарияланғанын білесіздер. Қазіргі төтенше жағдай кезінде де кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетілуде. Оны жоғарыда атап өттім.
Елді алаңдататын өзекті мәселенің бірі баспана екені белгілі. Осы бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылды. Үкімет алдына Елбасы ұсынған «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясын кеңейтіп, тұрғын үй құрылысын жандандыру міндеті қойылды. Соған сәйкес, биылдан бастап жыл сайын көп балалы және мүгедек балалары бар 10 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
Аз қамтылған және көп балалы отбасыларға арналған әлеуметтік көмектің жаңа түрлері енгізілді. Мысалы, көп балалы отбасыларға табысына қарамай жәрдемақы беріле бастады. Жарты миллионнан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі кепілсіз несиесі өтелді. Бұл бастамалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.
Былтыр «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Соған орай алдағы төрт жылда ұстаздардың еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл жұмыс жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бюджет саласындағы басқа да қызметкерлердің жалақысы көбейтілуде.
Мен талантты да талапты жастарға сенім артамын. Сол себепті «Президенттік жастар кадрлық резервін» құрып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан 300 жасты іріктеп алдық. Олардың біразы қызметке орналасты. Тиісті мемлекеттік органдарға жастар саясатына арналған жаңа кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырдым.
Осы жылды «Волонтер жылы» деп жарияладым. Бүгінде бұл бастаманың дер кезінде көтерілгенін көріп отырмыз. Қазіргідей төтенше жағдайда волонтерлер аянбай еңбек етіп жүр. Күрделі кезеңде белсенділік танытқан жігерлі жастарды үлгі тұтуымыз керек.
Жалпы, бір жыл ішінде нақты жұмыстар атқарылды. Сондықтан елдің еңсесін көтеретін мұндай шешімдер алдағы уақытта да қабылдана береді.
– Келесі жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Біз дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Осы орайда жаңа мүмкіндікпен бірге жаңа қауіп-қатердің де туындайтыны жасырын емес. Алдағы уақытта соған төтеп беріп, елімізді өркендету үшін не нәрсеге баса мән бергеніміз жөн?
– Біз Елбасының салиқалы саясатының, халқымыздың ырыс-ынтымағының арқасында тәуелсіз Қазақстанды құрдық. Осы жылдар ішінде тиімді басқару жүйесі қалыптасты. Егемен еліміздің іргесін бекемдеу үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Өтпелі кезеңдегі барлық қиындықты еңсеріп, орнықты даму жолына түстік. Ендігі мақсат – осындай табыстарды еселеп, жаңа белестерді бағындыра беру.
Әйгілі француз ойшылы Жан-Жак Руссо «Мықты мемлекет қана өз азаматтарының еркіндігін қамтамасыз ете алады» деген екен. Халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту үшін Қазақстанды мықты мемлекетке айналдыруымыз керек. Бұл ретте «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын берік ұстануымыз қажет.
Әлемде түрлі үрдістер қалыптасуда. Бірақ соның бәрі бірдей ұлттық мүддеге сай келе бермейді. Негізгі қауіп-қатерлер алда. Сондықтан қырағылық сақтай отырып, қиындықтарды еңсеруге әрдайым дайын болуымыз керек.
Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады.
Бүгінде цифрлы технологиялар қарқынды дамып, қоғамдық өмірдің түрлі саласына дендеп еніп келеді. Біз осы үрдіске баса мән беріп отырмыз. Бұл – қазіргі заманның басты талабы. Мұны коронавирус індетіне байланысты туындаған күрделі кезең анық аңғартты. Менің тапсырмам бойынша Үкімет «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында анықталған кемшіліктерді ескеріп, қайта қарайды. Цифрландыру үдерісі елімізді өркендетуге тың серпін беретіні сөзсіз. Оның мән-маңызы арта бермек.
Елімізді өркендету үшін ұлттық экономиканы әртараптандыру үдерісін жалғастыра береміз. Осы жолда шағын және орта бизнеске барынша жағдай жасаған абзал. Сонымен қатар адами капиталды одан әрі дамытамыз. Бұл бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін қажет. Осыған орай білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларын да түбегейлі жаңғырту міндеті алдымызда тұр.
Тағы бір зор мақсат – елді еңбекке баулу. Шындықты айтсақ, шетелдерде халқымыз нағыз еңбекқор жұрт ретінде әлі таныла қойған жоқ. Бұл біздің беделімізге де едәуір нұқсан келтіреді. Қажырлы еңбектің арқасында ғана көп мәселені шешіп, мемлекетімізді дамытамыз, әл-ауқатымызды арттырамыз.
Сондықтан еңбекке баулу жастарға тәрбие берудің негізгі бағыты болу керек деп санаймын. Бұл ұлттың болашағына тікелей ықпал етеді.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы, қалыптасқан жағдайға байланысты елді алаңдатқан өзекті сауалдарға жауап бердіңіз. Енді соңғы сұрақ. Сонымен қазіргі күрделі кезеңнен қандай ой түйдіңіз?
– Төтенше жағдай күнделікті өмірімізге елеулі өзгеріс енгізді. Жоспарланған жұмыстарды, түрлі іс-шараларды кейінге қалдыруға мәжбүр болдық. Осындай кезде, ең алдымен, не нәрсенің аса бағалы екенін түсіндік. Бұл – адамның өмірі, адами қарым-қатынастар, азаматтардың денсаулығы, қоғамның береке-бірлігі. Бір-бірімізге қолдау көрсетудің қаншалықты маңызды екенін де аңғардық. Қалған дүниенің бәрін біртіндеп ретке келтіруге болады.
Пандемия кезінде бүкіл қоғамымыз сынға түсті. Көптеген азаматтар қиын сәтте елге қызмет етудің озық үлгісін танытты. Бұл – парасатты патриотизмнің көрінісі. Кез келген күрделі кезең адамның жігерін жанып, рухын қайрайды. Әлемге жайылған індет тұсындағы ахуал халқымызды одан әрі ұйыстыра түсетіні анық.
Осы ретте, ұлы Абайдың «Тоқтаулылық, қалыпты шыдамдылық – бұл қайраттан шығады, білсең керек» деген өлең жолы ойға оралады. Шын мәнінде, табандылық пен төзімділік танытсақ, қиындыққа төтеп береміз. Еліміз бұл қиындықтан ширап әрі шыңдалып шығады деп толық сеніммен айта аламын.
Барлық қиындықты бірге жеңеміз!
Әңгімелескен
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
«Дәурен Әскербекұлы Абаев Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалсын», - делінген Ақорда сайтында жарияланған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығында.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәурен Абаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметінен босатылды.
Дәурен Әскербекұлы Абаев 1979 жылы Алматы облысында туған. 2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін үздік бітірген. 2014 жылы Еуразия гуманитарлық институтын тәмамдаған.
2001 жылдың тамызы мен 2003 жылдың тамызы аралығында ҚР Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында жұмыс істеді.
2003 жылдың мамыры мен 2007 жылдың мамыры аралығында ҚР Әзербайжандағы және Нидерланды Корольдігіндегі Елшіліктерінде дипломатиялық қызмет атқарды.
2007 жылдың мамыры мен 2007 жылдың желтоқсаны аралығында - ҚР Сыртқы істер министрлігі Баспасөз қызметі бөлімінің басшысы.
2007 жылдың желтоқсаны мен 2008 жылдың желтоқсаны аралығында - ҚР Президенті Протоколының бас сарапшысы, консультанты.
2008 жылдың желтоқсаны мен 2009 жылдың қазаны аралығында - ҚРПрезиденті Баспасөз хатшысының орынбасары.
2009 жылдың қазанынан - ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы.
2011 жылдың қазанында Мемлекет басшысының Өкімімен ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы болып тағайындалды.
2013 жылдың шілдесінен 2016 жылға дейін ҚР Президентінің кеңесшісі - ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы қызметін атқарды. 2016 жылдың мамырында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды.
І-сыныпты бірінші хатшы дипломатиялық дәрежесі бар. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген. «Құрмет» орденімен марапатталған.
«Аида Ғалымқызы Балаева Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалсын», - делінген Ақорда сайтында жарияланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығында.
Бұған дейін А.Балаева Президент көмекшісі – Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылғанын хабарлаған болатынбыз.
Аида Ғалымқызы Балаева 1974 жылы туған.
2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, 2007 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін бітірген.
1999-2002 жылдары – Алматы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының жетекші маманы, бас маманы, бөлім бастығы.
2002-2004 жылдары – Алматы қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының талдау және қоғамдық-саяси үрдістерді үйлестіру бөлімінің бастығы.
2004 жылғы қаңтар мен қыркүйек аралығында – Алматы қаласы бойынша ақпарат басқармасының талдау және болжау бөлімінің бастығы.
2004-2005 жылдары – Алматы қаласы бойынша ақпарат басқармасы бастығының орынбасары.
2005-2006 жылдары – Алматы қаласының ішкі саясат департаменті директорының орынбасары.
2006-2008 жылдары – Алматы қаласының ішкі саясат департаментінің директоры.
2008-2010 жылдары – Астана қаласының ішкі саясат басқармасының бастығы.
2010-2014 жылдары – Астана қаласы әкімінің орынбасары.
2014-2019 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі.
2019 жылғы 22 шілдеде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
«Құрмет» орденімен (2010), 2 медальмен марапатталған.
Әлеуметтік ғылымдар кандидаты.
Сенат депутаты Мәулен Әшімбаев Сенат спикері болып сайланды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының отырысы өтті.
Президенттің ұсынысы бойынша сенаторлар жасырын дауыс беру арқылы Мәулен Әшімбаевты Парламент Сенатының Төрағасы етіп бір ауыздан сайлады.
М.Әшімбаев Президентке және сенаторларға жоғары сенім көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. «Президентіміз еліміздің алдында тұрған мақсаттарға жан-жақты тоқталып кетті. Қазіргі уақыттағы ең өзекті мәселе, ол әрине, пандемиямен – бүкіл әлемге тараған осы індетпен күресті жалғастыру. Мемлекет басшысы атап өткендей, барлық мемлекеттік органдардың басты міндеті төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін Елбасымыздың саясатының сабақтастығын сақтап, мемлекетімізді, экономиканы одан әрі дамытуға, еліміздің әл-ауқатын арттыруға бағытталған Президентіміздің стратегиясын іске асыру болып табылады. Қазақстан Парламенті Сенаты Мемлекет басшысының саясатын заңнамалық тұрғыда сапалы қамтамасыз ету үшін қажетті барлық шараны жүзеге асыратын болады», - деді Мәулен Әшімбаев.
Еске салсақ, Мемлекет Басшысының 2 мамырдағы Жарлығымен Сенат депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеттігі тоқтатылған болатын .
Ал Президенттің бүгінгі Жарлығымен Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды.
Сондай-ақ Мемлекет Басшысының Жарлығымен Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары қызметінен босатылды.
Мәулен Әшімбаев 1971 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2016 жылы Тафтса университетін, Флетчер атындағы құқық және дипломатия мектебін (АҚШ) аяқтаған. Саяси ғылымдардың кандидаты. Халықаралық қатынастар магистрі.
Университетті бітіргеннен соң 1993-1994 жылдары Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің жүйесінде жұмыс істеді.
1994-1995 жылдары – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңес депутатының көмекшісі.
1995 жылғы маусым - қараша аралығында – Қауіпсіздік кеңесі аппаратының консультанты.
1995-1999 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Сараптау және стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, осы орталық жетекшісінің бірінші орынбасары.
1999-2000 жылдары – Қауіпсіздік кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі.
2000-2002 жылдары – Қауіпсіздік кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры.
2002-2005 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры.
2005-2006 жылдары – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары.
2006-2011 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары.
2012-2018 жылдары – V, VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрғағасы.
2018-2019 жылдары – «Nur Otan» партиясы төрағасының Бірінші орынбасары.
2019 жылдың шілде-желтоқсан айларында Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі.
2019 жылдың 18 желтоқсаннан бері Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының Бірінші орынбасары болып қызмет атқарған.
Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары бірін-бірі қасиетті Рамазан айымен құттықтады.
Президенттер коронавирус індетінің таралуын болдырмау жөніндегі екі ел үкіметтерінің атқарған тығыз әрі жүйелі жұмысына және туындаған барлық мәселелердің жедел шешілгеніне оң баға берді.
Сооронбай Жээнбеков Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның гуманитарлық көмек көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
– Біз бауырлас қазақ халқының ізгі ниетін және Сіздің жеке қолдауыңызды әрдайым сезінеміз, – деді Қырғызстан Президенті.
Тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары қарқынын сақтау үшін бірлескен іс-қимылдар қажет екенін атап өтті.
Соның ішінде шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмыс режимін талқылап, коронавирус пандемиясы аяқталғаннан кейін оның толыққанды жұмысын қайта қалпына келтірудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар мемлекеттер басшылары екі ел арасындағы заңсыз тауар тасымалына жол бермеу үшін нақты шараларды жүзеге асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Тараптар инвестициялық ықпалдастықты одан әрі нығайту мақсатында Қырғызстандағы қазақстандық компаниялардың жұмысына қатысты бірқатар өзекті мәселеге ерекше мән берді.
Телефон арқылы сөйлесуге Қазақстан тарапы бастамашы болды.
Дереккөз: akorda.kz
Наурыз айының басынан бастау алған қауіпті індетпен бүгінгі таңда барша әлем білек сыбана күресуде. Өзінің қиыныдығымен біздің елімізді де айналып өтпеген бұл кезең халқымызды ауызбіршілікке, ынтамақтастыққа шақыра білді.
Осы ретте қиындықта қалған отбасыларға, тұрмысы төмен жанұяларға ауданымыздың ерікті жастары тұрақты түрде көмек қолын созып келеді. Жұдырықтай жүректерін мейірімділікпен толтырған ерікті жастардың демеушілігімен, осы төтенше жағдай жарияланғалы бері 436 отбасы көмек алса, 4 отбасыға жалдамалы пәтерлерінің қаражатын төлеуге мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар ауданымыздың жас бүлдіршініне кезекті ота жасатуына 500 000 мың теңге қаржылай көмек көрсетті. Жалпы, бүгінгі таңда біздің ерікті жастардың ұйымдастыруымен, аудан әкімдігінің қолдауымен ауданымыз бойынша «Біз біргеміз» акциясы аясында 5 млн 700 мың теңгеден астам қаражатқа қайырымдылық көмектері көрсетілді.
Айта кету керек, Еңбекшіқазақ ауданы бойынша бүгінгі күнде 8 волонтерлік ұйым, 500 ден астам волонтер жұмыс атқаруда. Осының арасынан 106 ерікті жасымыз ай сайын тұрақты түрде жалақы алуда. Осы уақытқа дейін де жақсылықтың жаршысы болып жұмыс атқарып жүрген еріктілеріміз алдағы уақытта қатарларын толықтырып, жұмыстарын одан әрі жандандыруды жоспарлап отыр.
Айбек ІЛЕБАЕВ,
аудандық жастар орталығының жетекшісі.
* * *
Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты, ауданымыздағы 4 сая-жай карантинге жабылған болатын. Осыған орай жастар ресурстық орталығы және аудан еріктілерінің ұйымдастыруымен «Байқоңыр» сауда үйінің қолдауымен саяжайларда орналасқан 50 көпбалалы, жалғызбасты және тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясы аясында көмек көрсетілді.
Аталмыш акция барысында азық-түлікпен қатар қажетті медициналық заттар да үлестірілді.
Мәди БЕРДІБАЕВ,
жастар ресурстық орталығының кеңесшісі.
***
Бүкіл әлемді дүрліктірген індетпен күресу мақсатында бүгінгі таңда еліміз бойынша жан-жақты жұмылдырылған жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай карантинге жабылған Шелек ауылдық округіне Алматы облысы әкімдігінің тарапынан күнкөрісі төмен 400 отбасыға арнайы дайындалған азық-түлік себеттері бөлінген болатын. Аталмыш себеттерді таратуға ауданның ерікті жастары жұмыла атсалысты. Өздерінің жеке көліктерімен күні-түні тынбаған ерікті жастарымыз қиын кезеңде өз ауылдастарына демеу бола білді.
***
Жақында «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясы аясында Есік қаласында орналасқан «Электрокабель» зауытының демеушілігімен аудан әкімдігі және аудан еріктілерінің ұйымдастыруымен Рахат ауылдық округіне қарасты, карантинге жабылған «Алтын алма», «Көксай», «Алтын адам», «Береке» саяжайларындағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылармен қатар мүмкіндігі шектеулі 100 отбасына азық-түлік және медицналық жабдықтар түрінде көмектер көрсетілді. Бүгінде елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен және аудан еріктілерінің қатысуымен тұрақты түрде қайырымдылық көмектер көрсетілуде.
***
Қиын-қыстау кезеңде өз өмірлерін қауіп-қатерге тігіп, ел үшін адал қызмет етіп жүрген жандар қаншама. Жақында аудандық жас-тар ресурстық орталығының қолдауымен және аудан еріктілерінің ұйымдастырумен Есік қаласында төтенше жағдайға байланысты қойылған 9 бекетте халқына ақ-адал қызмет етіп жүрген жүрген ақ халатты абзал жандар және тәртіп сақшыларына қасиетті Рамазан айының басталуына орай жалпы саны 29 адамға арнайы дастархан жайылып, кешкі ас ұйымдастырылды.
Арайлым БАҚБЕРГЕН,
жастар ресурстық орталығының маманы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеёвпен телефон арқылы сөйлесті деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылу салдарын жою жөніндегі Өзбекстанның қолға алған іс-қимылдарын жоғары бағалап, бауырлас әрі тату көрші өзбек халқына көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Шавкат Мирзеёв Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау білдіргені үшін алғыс айтып, аталған апат Қазақстанның оңтүстігіндегі бірқатар елді мекенге де зиян тигізгеніне өкініш білдірді. Осыған орай Өзбекстан Президенті су тасқынынан зардап шеккен аудандарды тезірек қайта қалпына келтіру мақсатында бірлескен шаралар қабылдауға ниетті екенін айтты.
Мемлекеттер басшылары қалыптасқан жағдайға орай туындаған барлық мәселені шұғыл шешу үшін екі елдің Үкіметтері деңгейіндегі үйлесімді жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар тараптар COVID-19 вирусына қарсы күресте екі елдің атқарып жатқан тиімді әрі жүйелі жұмыстарына көңілдері толатынын айтып, соның арқасында індеттің кең таралуына жол берілмегеніне тоқталды.
Осы ретте тараптар пандемияның Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастарға кері әсерін болдырмау мақсатында екіжақты ықпалдастықты жандандыру қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда ауыл шаруашылығы, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және тағы басқа салалардағы экспорт әлеуетін арттыру үшін бірлескен өндіріс орындарын ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Қазақстан тарапының бастамасымен болған әңгімелесу жылы және достық рәуіште өтті.
Естеріңізге сала кетейік , 1 мамырда Сардоба су қоймасы бөгетін су шайып кетуіне байланысты Өзбекстанның Сырдария облысындағы елдімекенді су басты. Соның салдарынан Мақтаарал ауданында шекара маңындағы бірнеше коллектор суға толып қалған. Мақтааралдағы орталық коллектордан су сыртқа жайылып, Жеңіс, Жаңатұрмыс ауылдарын су алып кетті . Облыстық маңызы бар «Мырзакент - Жеңіс - Жаңа тұрмыс» автомобиль жолын су басып, көлік жүре алмауда. Төрт ауылдан 5400 адам қауіпсіз жерге көшірілген . Сондай-ақ Түркістан облысында су тасқыны қаупі төнген 3 ауылдың халқы эвакуацияланып жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев халықты сабырға шақырып, төтенше жағдайды реттеуге аймақтың толық мүмкіндігі бар екенін айтты
Бұдан бұрын ҚР Президенті Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырған еді.
Коронавирус бойынша халықты ақпараттандыру үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Цифрландыру кеңсесі WhatsApp-та ресми чат-ботты іске қосты.
Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Цифрландыру кеңсесі коронавирус (COVID-19) жайлы халықты ақпараттандыру үшін WhatsApp желісінде ресми чат-ботты іске қосты.
оронавирус туралы өзекті әрі шынайы ақпарат ұсынатын қызметтің бұл түрі тегін.⠀
Денсаулық сақтау министрлігінің WhatsApp-тағы ресми арнасы арқылы ел тұрғындары аптасына 7 күн тәулігіне 24 сағат короновирус жайлы жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала алады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің WhatsApp чат-ботын қолдану үшін:
- +7 705 812 69 67 нөмірін телефоныңызға сақтаңыз немесе https://wa.me/77058126967 сілтемесіне өтіңіз
- ақпарат алу үшін WhatsApp-та аталған нөмірге кез келген мәтінмен хабарлама жіберіңіз.
Сонымен қатар ресми нөмір ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында жарияланады.
WhatsApp-тың бас операциялық директоры Мэтт Идеманың айтуынша, осы қиын күндерде адамдар жақындарымен, достарымен байланысып, қолдау көрсету үшін WhatsApp-ты әдеттегіден көбірек қолдануда.
«Біз Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігіне байланыстың жаңа тәсілін ұсына алғанымызға қуаныштымыз. Жаңа жүйе азаматтардың сауалдарына тез жауап беріп, жалпыға ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - дейді ол.⠀
Ресми чат-бот WhatsApp Business API-дің ресми сервис-провайдері Infobip компаниясымен бірлесіп дайындалды. Infobip байланыс платформасын ұсынды, ал компания қызметкерлері қысқа мерзім ішінде чат-ботты әзірлеп, іске қосуға қолдау көрсетті.
«Бүгінде жауапкершілігі бар кез келген бизнес қолда бар мүмкіндік пен инновацияны COVID-19 пандемиясына қарсы қолдану туралы ойлану керек. Қолданушыларға ыңғайлы арналар арқылы ақпаратқа қолжетімділікті ұйымдастыру мекемелер үшін негізгі қажеттіліктің бірі. Ағымдағы жағдайда ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды міндетке айналып отыр», - дейді Infobip компаниясының Орталық Азиядағы аймақтық директоры Искандер Қалыбеков.
Әлемнің бірқатар денсаулық сақтау министрліктері халықты коронавирус туралы ақпараттандыру үшін WhatsApp арнасын қолданады. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы, Сингапур үкіметі, Израиль мен Оңтүстік Африканың Денсаулық сақтау министрліктері, Индонезияның ақпарат және коммуникациялар министрлігі соның қатарында
Елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады.
Видео құттықтау Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің жобасы.
Еске сала кетсек, Қазақстанда мамырдың алғашқы күні жылдағы дәстүр бойынша бірлік күні аталып өтеді.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес бірлік күні елімізде 1996 жылдан бастап атап өтіледі. Қазақстан халқының бірлігі мерекесін жаңа тұрпатта тойлау қажеттігін, оны еліміздің басты мерекесіне айналдыру идеясын да Елбасы көтерген болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтауы
Құрметті отандастар!
Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!
Бұл мереке қасиетті жерімізді мекендейтін әр адам үшін аса қымбат.
Егемен еліміздегі барлық этникалық топ өкілдері біртұтас Қазақстан халқын құрайды. Біз достық пен ынтымақтың, татулық пен тұрақтылықтың арқасында зор жетістікке жеттік.
Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – баға жетпес байлығымыз. Бұл құндылықтар Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаев негізін қалаған жаңа Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдарының өзегіне айналды.
Біз бір ел, біртұтас халық болып тәуелсіздігімізді нығайттық. Халықаралық қоғамдастықтағы абырой-беделімізді арттырдық.
Биылғы Бірлік күнінің мән-маңызы ерекше. Бүгінде Қазақстан бүкіл әлемге тараған коронавирус пандемиясымен күресуде. Жаһандық экономикалық дағдарыстың салдарын халқымыз да сезініп отыр.
Біздің бірлігіміз бекем, мақсатымыз ортақ, рухымыз асқақ. Соның арқасында кез-келген қиындықты жеңіп, жасампаздық пен өрлеу жолында жаңа белестерді бағындырамыз деп сенемін.
Сіздерге мықты денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін!
Біз біргеміз!
Құрметті отандастар!
Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мейрам ұлттық болмысымызды айқындайтын асыл қасиеттеріміз – достықты, сенімді және патриотизмді дәріптейді.
Мен ширек ғасыр бұрын осы мерекені белгілеу туралы шешім қабылдаған едім. Өткен жылдар ішінде біз еліміздің көпұлтты және көпконфессиялы құрылымын стратегиялық артықшылығымызға айналдыра алдық.
Қазақстан береке-бірліктің арқасында түрлі қиындықты еңсеріп, бүкіл әлемнің құрметіне бөленді және мемлекет құру ісінде зор жетістікке жетті.
Бейбітшілік пен қоғамдық келісім әрдайым елдігімізді бекемдейтін қастерлі құндылығымыз болып қала береді.
Біз биыл Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығын атап өтеміз. Бұл – барлық этнос өкілдерін мемлекет құрушы ұлттың төңірегіне топтастыратын және тәуелсіздігімізді нығайтуға ықпал ететін бірегей институт.
Халқымыздың ырыс-ынтымағы тарих пен тағдыр сыйы ғана емес, әрқайсымыздың ерен еңбегіміз бен зор жауапкершілігіміздің нәтижесі.
Бірлік күні биыл әдеттен тыс жағдайға тұспа-тұс келіп отыр. Бүкіл әлемді жайлаған індет біздің елімізді де әбігерге салды.
Бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, күш-қуатымызды одан әрі арттыра түсеміз деп сенемін. Осы жолда достық, бірлік, келісім және өзара қолдау қағидаттарын берік ұстанғанымыз абзал.
Баршаңызға мықты денсаулық пен бақ-береке, елімізге татулық пен толағай табыс тілеймін!
Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.
Заң жобасына Парламент депутаттары бастамашылық етті. Аталған құжат балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында әзірленді.
«Өздеріңізге мәлім, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кәмілетке толмаған 4 және одан көп балалары бар отбасылар үшін жаңа жәрдемақы енгізілді. Ол отбасының кірісіне қарамастан 42 496 теңгеден бастап 74 388 теңгеге дейінгі сомада тағайындалады. Көпбалалы отбасындағы балалардың жәрдемақы алу құқықтарына нұқсан келтіруді болғызбау мақсатында заң жобасында 8 және одан көп балаларға арналған жәрдемақының мөлшерін төрт айлық есептік көрсеткіштен, әрбір кейінгі балаға 10 мың теңгеден астам белгілеу ұсынылып отыр», - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина.
Осылайша, сегіз баласы бар отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 84 832 теңгені, тоғыз балаға – 95 436 теңгені, он балаға – 106 мың теңгені, сондай-ақ одан кейінгі әр балаға төрт айлық есептік көрсеткішті құрайды.
«Бүгінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына қарағанда, елімізде 8-15 баласы бар 2 451 отбасы тіркелген», - деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл қаңтар айының соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бала саны жетіден асатын отбасыларға жәрдемақы сомасы артатынын айтқан еді.
Автор Руслан Ғаббасов
Сұрапыл соғыс жылдарында Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі көп жылдар бойы еленбей келгені, тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Қазақстанның Халық қаһарманы атағы берілгені мәлім. Батырдың ерлігі жылдар бойы ресми Мәскеу тарапынан көпе-көрнеу ескерілмеді.
Өзге ұлт өкілі болғандықтан кемсітушілікке ұшырап, ерлігі жоққа шығарылып келді. Әйтсе де Рақымжан Қошқарбаевтың дос-жарандары, майдандас бауырлары мен тілегі бір замандастары 30 сәуірді оның тағдырындағы ең ерекше күн деп есептеп, оған қоңырау шала құттықтап, тіпті екінші рет дүниеге келген күні ретінде атап өтуді біразға дейін дәстүрге айналдырса керек. Өйткені бұл күн – Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен күні болатын.
Рақымжан Қошқарбаев Ақмола облысының Целиноград ауданында туған. 1942 жылы әскерге алынған. Деректерге қарағанда, 1944 жылы қазан айынан бастап 1-Беларусь майданындағы Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында 150-ші взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысқан. 1945 жылы 30 сәуірде лейтенант Рақымжан Қошқарбаев жауынгер Григорий Булатов екеуі Совет әскері арасынан Берлиндегі Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тікті.
Айта кетерлігі, қазақ батырының осынау ерлігін алғаш болып әлемге әйгілеген мемлекет қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаев еді. Ол Бауыржан Момышұлының тапсырмасы бойынша Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі лайықты бағасын алуы үшін көп еңбектеніп, көп ізденді. Қазақ жауынгерінің дәл сол сәттегі әрекетін дәлелдейтін жүзден астам құжатты тауып, көтеріп, шетелдік басылымдарда да жариялануына түрткі болды. Баукеңнің осы тапсырмасы туралы жазушы өзінің «Найзағайдай жарқылдап» атты кітабында былай деп еске алады:
« – Мен сені неге шақырдым?-деді.
– Білмедім, Бәуке!
– Білмесең, жаңа осында маған сәлем бере бір жігіт келді. Аты – Рахымжан. Фамилиясы қошқар ма, ісек пе, азбан ба, әйтеуір қойдың бір түрі, оны өзің анықтап алғайсың. Міне, сол жігіт... Міне, сол жігіт Рейхстагқа ту тіккен. Понимаешь?! Сен ұғып тұрсың ба, өзің?-деді.
– Ұғып тұрмын, Бәуке!
– Өтірік айтасың! Ұқсаңдар, неге жазбайсыңдар? Соғыс біткелі он үш жыл. Ана Рахымжанды көрмей жүрген неғылған журналиссіңдер?! Журналистке диплом емес, сезім, жүрек, көргіш көз керек. Жоқ, сол сендерде жоқ. Знаешь, ты кто такой Рахымжан? Мен де оны бүгін бірінші рет көрдім. Білесің бе, кімнің сәлем бере келгенін? Это исторический человек! Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияны басқардым. Москва түбіндегі шайқасты көрдім. Төрт жыл бойғы сұрапыл соғыстың небір сұмдық қияметтері көз алдымда. Бірақ Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз жойқын қырғын! Как воин, как командир я представляю что это такое, это было невероятно! Рахымжан сол тозақтың ішінде болған, сол тозақтан аман шыққан! Жеңіс жалауын тіккен. Кім үшін?! Мына сені мен мен үшін! Бүгінгі шолжаң қағып тірі жүргендердің бақыты үшін! Сол бір тозақта оның өзінің тірі қалуы ̶ это чудо! Жеңіс деген бақыт ̶ сол анау Рахымжан, Рахымжандар! Сен оны тап!».
Кәкімжан Қазыбаев батыр Баукенің тапсырмасын бұлжыртпай, тіпті артығымен орындады. Әйтсе де сол дәуірдің солақай саясаты, советтік режимнің өзімшілдігі Рақымжан Қошқарбаевтың қаһармандығын мойындауға міз бақпаған еді.
Тек Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1999 жылы мамырдың 7-сінде Президент Н. Назарбаевтың Жарлығы бойынша Рахымжан Қошқарбаевқа Халық Қаһарманы атағы беріледі.
Еске сала кетсек, Ресейдің Әскери тарих институты 1-і Беларус майданындағы 150-і атқыштар дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаевтың 1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстагқа ту тіккені туралы тарихи оқиғаны 2007 жылдың 7 мамырында ресми түрде растады.
Еңбекшіқазақ ауданында COVID-19 инфекциясының 8 жағдайы тіркелді. Олар 23-56 жас аралығындағы азаматтар, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Олардың бәрі де 15 сәуірде короновируспен ауырған адаммен қарым-қатынаста болғандар ретінде карантиндік стационарға жатқызылған еді. Аурудың еш белгілері болмаса да, вирусологиялық тексеру қорытындысы оң болғандықтан олар Еңбекшіқазақ аудандық орталық аурухананың инфекциялық бөліміне жатқызылды.
Бүгін Алматы облысында COVID-19 жұқтырғандар саны 122 болды.
***********
В Енбекшиказахском районе зарегистрировано еще 8 случаев заболевания коронавирусом
В Енбекшиказахском районе зарегистрировано 8 случаев заболевания COVID-19. Это граждане в возрасте от 23 до 56 лет, - сообщает пресс-служба акима Алматинской области.
Все они 15 апреля были госпитализированы в карантинный стационар, так как были в контакте с больным коронавирусом. Несмотря на отсутствие признаков заболевания вирусологическое обследование показало положительный результат. Все заболевшие госпитализированы в инфекционное отделение центральной районной больницы Енбекшиказахского района.
Таким образом, на сегодня в Алматинской области число зараженных COVID-19 достигло 122.
Пресс-служба акима Алматинской области