Өткен аптада Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы облысы бойынша департаментінің бас мамандары – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мобильдік топ мүшелері Сымбат Исрапулова, Дәулет Қалдығожин, Әсем Ескендірова және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бас менеджері Дәулет Тертюбаев аудандық аталмыш топпен біріккен «Парасыз болашаққа бірге» атты акциясын ауданның Шелек өңірінен бастаған семинар-кездесуі болды.
Шелек селолық округі әкімі аппаратының қызметкерлері мен кіріс, әлеуметтік, зейнетақы төлеу бөлімдері өкілдерінің басын қосқан жиында облыстық мобильді топтың жетекшісі Сымбат Бақытқызы қоғамдық дертке айналған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны болдырмау шаралары, адамның құқығының бұзылмауы, мәдениетті қызмет көрсету төңірегінде сөз қозғады. Алға қойған қандай мұратың болса да, өз еңбегіңе сеніп, басқаға телмірмеу, керектің де кемерінен аспау керектігін мысалдармен келтіріп, адалдық абыройдың айнасы екеніне көз жеткізді. Одан кейін аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының Шелектегі өкілдігінде болып, сол жердегі халыққа өздерін таныс-тырып, қазіргі кезде «бармақ басты, көз қыстымен» құжатын жөндететін жағдайлар да орын алатынын, пара алушы да, пара беруші де бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатынын, сондықтан көп болып, сыбайлас жемқорлықпен, құқық бұзушылықпен күресу керектігін түсіндірді. Ақылсызды танымағанның өзі – ақымақ, ал танып тұрып ат құйрығын кесе алмаған – одан да өткен ақымақтық. Жемқорлық деген жақсы ат емес, адал адамның жүзі әрқашанда жарқын, келешегі келісті, еңбегі жемісті екенін әр кез есте сақтаған абзал. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан қойылған бірнеше сұрақтарға жауап берілді.
Одан кейін мобильді топ «Қазпошта» АҚ Шелек байланыс пошта торабының, аурухана қызметкерлерімен де бас қосып, халыққа адал да, шын ниетімен мәдениетті түрде, жылы қабылдап қызмет көрсетудің кейде сақталмай жататынын, ондай келеңсіздікке жол бермеу керектігі жайлы нақты мысалдармен пікір алмасу жағдайында өтті. Ауыл әкімі Есенғали Есенханов, байланыс пошта басшысы Қайрат Ілебаев, аурухананың директоры Жақыпжан Желеуов өз ойларын ортаға салып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жүрген ішкі шаралар жайлы баяндады.
Мемлекет басшысы Н.Назар-баев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында: «Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене араласуына байланыс-ты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқор-лыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс» – деп атап айтылған болатын. Әсіресе, кейінгі ізбасар жастардың мұндай келеңсіздікке төзбеушілігшін тудыру, оларға осы бастан танымдық тәрбие беру аса қажет. Сол себепті де мобильді топ Шелек политехникалық колледждің студент жастары мен ұжымымен кездесу ауқымды көлемде, өзара пікір алмасу жағдайында өтті. Колледж директоры Қуат Дүйсебаев оқу орнының жағдайымен, жаңалық, жетістіктерімен таныстырды. Колледж кітапханасының мәжіліс залында көптеген кәсіпті меңгеріп жүрген білімгерлермен кездесіп, Салтанат Бақытқызы сыбайлас жемқорлық туралы қарапайым тілмен жетеге жеткізе түсіндіріп берсе, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бас менеджері Дәулет Тертюбаев қазіргі жастардың кәсіппен айналысуға, әрі танымал, бәсекеге қабілетті жұмыс жүргізуге барлық жағдай жасалғанын түсіндірді. Аудандық жастар саясаты орталығының жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты Айбек Ілебаев тәуелсіз елдің тегеурінді жастары тәрбиелі де, қоғамның тірегі де болып өсу керектігін өз сөзіне арқау етті. Студентер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді. Сондай-ақ М.Мәметоав, Р.Розыбақиев, П.Вихрев атындағы мектептің «Адал ұрпақ» еріктілер клубының мүшелері де бұл келелі кеңеске қатысып, өздерінің атқарып жүрген үлгілі істері жайлы әңгімеледі. Басқосу соңында колледждің өнерлі жастары ақын Мұхтар Шахановтың «Жігерлендіру» өлеңін жатқа оқып, ән шырқап, би биледі.
Сыбайлас жемқорлық дертінен кейінгі жастар ада болуы керек. Өзін бір ойласа, өзгені екі ойлайтын нағыз азамат болып тәрбиелену – өмір талабы. Демек, жемқорлық деген дертке қарсы жұрт болып жұмылып, көп болып күрессек қана саналылыққа, зайырлылыққа қол жеткіземіз! Олай болса, адам болсаң, арлы бол, ағайын!
Анарбек БЕРДІБАЕВ.