«Елу жылда ел жаңа» демекші, Шелек емханасы да жаңарды. Жарты ғасыр бойы қақыраған қабырға мен тозығы жеткен төбеден су ағып, емделушілердің есін алған-тын. Шүкір, көптің арманы орындалды. Республикалық бюджеттен күрделі жөндеуге 484 млн теңге, биылғы жылы облыстық бюджеттен айналасын абаттандыруға 196 млн теңге бөлініп, жуырда емхана пайдалануға берілді.
Бүгінде көркі көз сүріндірерлік емханада қызметкерлер мен емделушілерге толық жағдай жасалған. Хирургия, терапия, жансақтау, балалар және босану бөлімдері мен емделушілерді қабылдайтын орындары талапқа сай. Оған қосымша 2 шұғыл ота жасау залы, рентген, флюорография, УДЗ кабинеттері толық заманауи технологиялармен қамтылған. Емдеу корпусында күндізгі ем алуға да жағдай қарастырылған. Бұдан бөлек 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімі де бар.
Төтенше жағдайға байланысты емханада 30 төсектік арнайы провизорлық стационар, ал балалар бөлімінде қосымша тағы 30 төсектік карантиндік стационар қойылған.
Тәулігіне 310 адамды қабылдауға қауқарлы аудандық емханада 555 адам еңбек етуде. Оның 73-і жоғары санатты дәрігерлер, 269-ы медбикелер.
– Алдағы уақытта тұрғындар саулығы үшін табан ет тіліп еңбек етуге толық жағдай қарастырылды. Ұйытқы болған ел ағаларына алғыс айтамыз. Енді тек сапалы медициналық қызмет көрсетуіміз қажет. Бұл осындағы ақ халатты абзал жандарға артылған негізгі жүк, – дейді емхана басшысы Гүлнәр Құраметова.
Қайнар ЖҰМАҒОЖА