Бейсенбі, 28 Наурыз 2019 10:15

«Сенімге селкеу түсірмейміз» !

«Сенімге селкеу түсірмейміз» ! mezet.kz

«Нұр Отан» партиясы аудандық

филиал төрағасының бірінші орынбасары

Қуат БАЙҒОДЖАЕВ:

Кез-келген демократиялық мемлекетте партияның қоғамдағы атқаратын рөлі ерекше. Сол секілді еліміздегі саяси ахуалды реттеуде, мемлекеттік қызмет пен стратегиялық бағдарламалардың дұрыс орындалуына бақылау жасауда «Нұр Отан» партиясының ықпалы артып келеді. Халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды десек, артық айтқандық емес. Жақында аталған алып партияның 20 жылдығы ұйымдастырылып, мерейтой қарсаңында партияның кезекті ХVІІІ Съезі өтті Астана қаласында. Елбасы, партия төрағасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен жиында қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және елдің даму стратегиялары талқыланып, партия мүшелеріне нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған орай, аталған Съездің делегаты, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаевты сөзге тартып, партияның аудан аумағында қандай кешенді шаралар атқарып жатқандығын сұраған едік.

– Құрметті Қуат Сұлтанұлы, күні кеше өткен «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ Съезінде партия төрағасы Н.Назарбаев партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасын бекітіп, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсарту бойынша жұмысты оңтайландыруды тапсырды. Бақылаушы орган ретінде бұл бағытта сіздердің атқаратын жұмыстарыңыз қандай?

– Бұл негізгі салалар бойынша осы күнге дейін де ауданымызда бірқатар жұмыстар атқарылды. Партияның аудандық филиал төрағасы Бинәлі Әбідқапасұлы білім беру, денсаулық сақтау салаларын әрқашан бірінші кезекке қояды. Нәтижесінде, осы бағытта жылына 5-6 нысан жаңадан бой көтеріп, ескі ғимараттар күрделі жөндеуден өтеді. Айталық, 2018 жылы мекенімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қаншама балабақша ашылды. Бүлдіршіндерді тәрбиелеу ордасымен қамту көрсеткіші 100 пайызға таяды. Бұл – үлкен көрсеткіш. Тәуелсіздік күні қарсаңында Ащысай ауылында жаңа заманауи медициналық құралдармен жабдықталған амбулатория ашылып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, бүтіндей Шелек өңірі тұрғындары саулығының сақшысы болып отырған Шелек аудандық ауруханасының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осындай жұмыстарды ары қарай жүргізуге республика бойынша бюджеттен 2 трлн 300 млн теңге бөлінді. «Нұр Отан» партиясы қаржының игерілуін, нысандардың құрылысын бақылап қана қоймай, мамандардың да сапалы қызмет көрсетуін қадағалайды. Балалардың сапалы білім алуы мен тұрғындардың саулығы – әрдайым партия назарында.

Ал тұрғын үймен қамтуға келсек, жасыратыны жоқ, соңғы бірнеше жылда аудан аумағында көпқабатты үйлер салынып жатқан жоқ. Есесіне, болашағы бар ауылдардың ауқымы кеңейіп, Қорам, Шелек, Қырбалтабай ауылдарының жанындағы жүздеген гектар жерге инфрақұрылым жүргізілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта Ақши, Қайыпов ауылдарында жүйелі жалғасын таппақ.

– Отанымыздың тал бесігі – ауыл екенін естен шығармаған Мемлекет басшысы Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырды. Бұл жақсылық біздің ауылдарымызды да айналып өтпейтін болар.

– Әрине, Еңбекшіқазақ – облысымыздағы ең ірі аудандардың бірі, құрамында 79 елді мекен бар. Осы күнге дейін осы ауылдарымыздың көркеюі жолында жұмыстар жасалып келеді. Ең алдымен әлеуметтік нысандардың, кейіннен, тұрғындардың тұрмыстық жағдайын арттыру мақсатында шағын және орта кәсіпкерлік саласына баса назар аударылуда. Жылдан-жылға ауылшаруашылық саласы да қарқынды даму үстінде. «Ауыл – ел бесігі» осы күнге дейінгі іске асырылып жатқан «Дипломмен ауылға», «Туған жер» бағдарламаларының жалғасы іспеттес. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өз сөзінде халықаралық, республикалық жолдардың күйін ретке келтіргендігін айтты. Ендігі кезекте, облыс, аудан орталықтары мен ауылішілік жолдарды жөндеу үшін қомақты қаражат бөлуді тапсырды. Биылдан бастап бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Ауыз су мәселесі де біртіндеп шешілуде. Аудан шекарасындағы Нұрлы мен Қаратұрық округіне қарасты Ащысай ауылдарына жаңа су құбырлары жүргізілуде.

Осындай жұмыстарды атқаруға Елбасы 90 млрд теңге бөлуді тапсырды. Алдағы уақытта аталған қаражаттың нысаналы жұмсалуын партия бақылауда ұстайтын болады.

– Партия төрағасы Н.Назарбаев айтқандай, бүгінде «Нұр Отан» партиясы үлкен саяси күшке айналып, халықтың сеніміне ие болды. Артылған сенімге селкеу түсірмей, аудан тұрғындарының мәселелерін шешуде партия қаншалықты жұмыс атқаруда?

– Оныңыз рас, партиямыз халықтың сенімімен қатар, тұрғындар тарапынан үлкен қолдауға ие. Оның бірден-бір дәлелі, партия құрамына енген азаматтар санының күн санап артуы. Сәйкесінше, біз де олардың сенімін ақтап, проблемаларын шешуге барымызды саламыз. Күніне партияның қабылдау бөліміне кемінде 10-15 адам арыз-шағыммен келеді. негізінен, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерімен бөліседі. Мұндай азаматтарға көмек қолын созу партия тарапынан қарастырылмаған. Сондықтан, олардың құжаттарын жинастырып, мемлекеттен тиісті көмек алуға жол ашамыз. Олай болмаған жағдайда, демеушілер арқылы мұқтаж жандарға қол ұшын беруге тырысамыз. Сондай-ақ, шет елден көшіп келген қандастарымыз да құжат мәселесімен жиі келіп жатады. Осыған орай, көші-қон полициясының қызметкерлері аптаның белгілі бір күнінде әрдайым партиялық қабылдау өткізіп, азаматтардың арыз-шағымын қабылдайды. Үшжақты келісім арқылы басқа да мемлекеттік органдар қабылдау өткізіп отырады.

– Кейбір өңірлерде партия жанынан «Бейімдеу орталығы» және партияның ықпал етуімен әкімдіктерде «Ашық әкімдік» ашылды. Бұл бастамаларға толығырақ тоқталып өтсеңіз және біздің ауданымызда қашан жүзеге асады?

– Алдымен «Бейімдеу орталығына» тоқталар болсақ, бұл – ауылдан қалаға жұмыс іздеп, басқа да себептермен көшіп келген жастарға, азаматтарға көмектесетін орталық. Мұндай орталықтар негізінен үлкен мегаполистерде ашылғаны тиімді. Өйткені ауылдан екі қолға бір күрек іздеп шыққан адам алдымен қалаға жол тартады. Оларға жұмыс тауып, белгілі мекен-жайға орналастырып, қаланың тыныс-тіршілігіне бейімдеуге «Бейімдеу орталығы» жол ашады. Орталық бүгінде Шымкент қаласында жемісті жұмыс атқаруда. Әрине, бұл игі бастама. Алайда, біз аталған орталықсыз-ақ, ауданымызға келіп жатқан азаматтарымызды барынша қамтамасыз ете аламыз. «Ашық әкімдік» те аталған мегаполисте алғаш рет ашылды. Әкімдіктің сайтына тіркелген тұрғындар әр жұма күні проблемаларын шаһардың басшысына жеке айта алады. Әкім кабинетінде емес, ашық терезе арқылы жұртшылықтың сұрақтарына жауап береді. Бұл да «Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынған жоба. Өзіміздің ауданымызға оралар болсақ, аудан басшысы мен қала әкімінің қабылдауында болу тұрғындарымыз үшін ешқандай қиындық туғызбайды. Әкімдер әр азаматты жеке қабылдап, мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешуге қол ұшын береді.

– Қоғамда өзекті болып отырған тұрмысы төмен отбасылар мен көпбалалы аналардың мәселесіне партия бей-жай қарамайтын болар. Жыл басынан бері қанша көпбалалы ана партияның көмегіне жүгінді? Оларға тиісті көмек беріліп жатыр ма?

– Көпбалалы аналар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар – ешқашан партия назарынан тыс қалған емес. Жыл басынан бері 150-ден астам көпбалалы ана біздің қабылдауымызда болды. Оның сыртында жергілікті әкімдіктердің көмегіне жүгінгені қаншама. Негізгі көтерілетін мәселе – материалдық, тұрмыстық проблема. Бұлардың барлығына тиісті құжаттары рәсімделіп, әлеуметтік аз қамтылған жанұяларға жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы жәрдемақылар тағайындалды. Бүгінде ауданымызда 8 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Оның 3 мыңнан астамы мемлекет тарапынан жәрдемақы ала алады. Ал 326 көпбалалы отбасының тұрмыстық деңгейі төмен. Елбасының тапсырмасына сәйкес, сәуір айынан бастап әр балаға айына 21 мың теңгеден төленбек.

– «Бала – ел болашағы». Осыны ұстанған «Нұр Отан» партиясы оқушылардың сапалы білім алуына және денсаулығына аса мән беруде. Осы бағытта біршама кешенді шаралар атқарылып жатқандығы бізге мәлім.

– Еліміздің ертеңгі тұтқасын ұстар азаматтар – бүгінгі біздің балаларымыз. Сондықтан, олардың алаңсыз сапалы білім алуы жолында барлық жағдай жасалуда. Жоғарыда атағанымыздай, мектеп салынып, күрделі жөндеуден өтуде. Оның сыртында, оқу орындары түгелдей жаңартылған білім беру стандартына ауысып жатыр. Былтыр ауданымызда алғашқы ІТ-робото-техника сыныбын Шелек ауылындағы жаңа мектепте ашқан болатынбыз. Аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі Бинәлі Ысқақтың бастамасымен, облыстық мәслихат депутаты Жангелді Осанның демеушілігімен ашылған ІТ-сыныбы балалардың жаңа технологияларды игеруіне жол ашуда. Игі шара биыл №1 Рахат орта мектебінде жалғасын тапты. Жақында партияның 20 жылдығына орай, аталған білім ордасында бюджет қаржысына ІТ-сыныбы пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, балалардың денсаулығы да біздің жіті бақылауымызда. «Мектеп асханалары» партиялық жобасы аясында, ауданымыздағы мектеп асханаларына жүйелі түрде мониторинг жасалып отырады. Құзырлы органдармен бірлесе өткізілетін шара кезінде балалар тағамының құрамы, сапасы мен мөлшері тексеріліп, заңбұзушылықтар анықталуда. Сондай-ақ, Шелек және Есік өңірлеріндегі мектеп асханаларының меңгерушілерінің басын қосып, ауқымды семинар өткіздік. Жиында барлық мәселелер қамтылып, балалардың асын дайындауда қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тиісті нормаларын бекітіп берді.

– ХVІІІ Съезде партияның латын қарпіндегі логотипі мен туы көпшілікке таныстырылды. Ендігі кезекте құжат айналымы да латын қарпіне ауысатын болар.

– Латын қарпіне көшу – кеше, бүгін туындаған идея емес. Бұл қаншама жылдан бері жетілдіріліп, қоғамдық талқылауда жүрген бастама. Қазір осы жобаны іске асыруға нақты тапсырмалар берілді. 2025 жылға дейін еліміз латын әліпбиіне ауысуға тиіс. Партиямыз да 20 жылдығы қарсаңында логотипі мен туын латын қарпіне ауыстырып, бүгінде партия филиалындағы ақпараттық стендтерді де латынға көшіруді жоспарлап отырмыз. Осылайша, құжат айналымы да біртіндеп латын қарпіне ауысады.

– Сұхбатыңызға рахмет.

 

Әңгімелескен

Сардарбек НҰРАДИН.

Оқылды 1359 рет

Соңғы жаңалықтар

Желт 19, 2024

Итоги года: Ключевые достижения и…

Энергетический сектор Казахстана является одной из ключевых отраслей экономики. В…
Желт 19, 2024

Жыл қорытындысы: Еліміздің…

Еліміздің энергетикалық секторы экономиканың негізгі салаларының бірі саналады. Орнықты…
Желт 19, 2024

О мерах по либерализации экономики

12 ноября 2024 года, во исполнение Указа Главы государства от 8 мая 2024 года № 542 «О…
Желт 19, 2024

Экономиканы ырықтандыру жөніндегі…

Мемлекет басшысының «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» 2024 жылғы 8…
Желт 19, 2024

Алматы облысы Әділет департаменті…

Жыл бойы тұрғындардан 6502 өтініш түсіп, олардың әрқайсысына толық әрі қанағаттанарлық…
Желт 18, 2024

Еңбекшіқазақ ауданында «AMANAT»…

Аудандық партия филиалының төрағасы Б.Б.Рахимов арнайы брифинг өткізіп, атқарылған…
Желт 13, 2024

Алматы облысында балық шаруашылығын…

Өңірде балық шаруашылығы саласын дамыту қарқын алуда. Балқаш-Алакөл бассейндік балық…
Желт 13, 2024

Алматы облысында жүк көліктерінің…

Жолдың жағдайын ретке келтіру мемлекеттік саясаттық басым бағыттарының бірі. Бүгінгі…
Желт 13, 2024

«Алматы облысы өнеркәсіп, сауда және…

«Алматы облысы өнеркәсіп, сауда және экспортта рекордтық өсім көрсетті» Астанада Орталық…

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет