Жұма, 30 Қаңтар 2026 16:14

Қаланың дамуы – тұрақты өсім мен нақты істердің нәтижесі

Әкімдердің халықпен тығыз байланыста болуы үкіметіміздің бас-ты талаптарының бірі екені белгілі. Осы орайда белгіленген жоспарға сай, Есік қаласының әкімі Жан Құраметов қала тұрғындары алдында 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде есеп берді.

Маңызды басқосу Есік гума-нитарлық-экономикалық колледжінің мәжіліс залында өтті. Кездесудің басты мақсаты – 2025 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығару, әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы нәтижелерді халыққа ашық түрде жеткізу және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау. Кездесу барысында қаланың барлық негізгі салаларындағы ахуал жан-жақты қамтылып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар талқыланды. Есептік кездесуді жүргізген аудандық мәслихат депутаты Шолпан Қасымбаева жиынды ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, есептік кездесудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, депутат жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындар арасындағы кері байланыстың қоғам дамуы үшін аса қажет екенін атап өтті.

Өзінің есептік баяндамасымен ортаға шыққан қала әкімі Жан Құраметов аудан орталығының тыныс-тіршілігіне кеңінен тоқталды. Қала басшысының сөзінше, қаланың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуде салық түсімдерінің рөлі зор. 2025 жылы мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдерінің жоспары 1 млрд 714 млн теңгеден асып, толық орындалған. Түсімдердің басым бөлігін жеке табыс салығы құрап, оның көлемі 1 млрд 212 млн теңгеден асты. Сонымен қатар жылжымайтын мүлік, жер, көлік және жарнама салықтары бойынша да жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілді. Қалада көлік салығы бойынша берешек мәселесін шешу үшін әкімдік, салық органдары мен сот орындаушылары бірлесіп, тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.

Қала әкімі экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын шағын және орта бизнес саласы да тұрақты дамып отырғанын жеткізді. Қала аумағында 5 550-ге жуық кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету және өндіріс салаларында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер қала тұрғындарын жұмыспен қамтып, жергілікті экономиканың нығаюына үлес қосуда. Жаңа кәсіпкерлік нысандардың ашылуы нәтижесінде қосымша жұмыс орындары құрылып, еңбек нарығындағы белсенділік артқан.

Жұмыспен қамту саласына келетін болсақ, мансап орталығы арқылы жүйелі жұмыстар атқарылғанын білдік. 2025 жылы 742 азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, олардың 341-і тұрақты жұмысқа орналастырылған. Қайта даярлау курстары, жастар тәжірибесі, алғашқы жұмыс орны, «Күміс жас» жобасы сынды бағдарламалар тиімді іске асырылып, кейбір бағыттар бойынша жоспардан асып орындалған. Бұл еңбек нарығындағы тұрақтылықты қам-тамасыз етуге мүмкіндік берері сөзсіз.

Әлеуметтік қолдау мәселесі де бас-ты назарда. Әкім келтірген деректерге сүйенсек, 2025 жылы Есік қаласында 1 459 отбасы мен 1 775 адамға әлеуметтік көмек көрсетіліп, 819 азаматқа тұрақты жәрдемақылар тө-ленген. Қалада құрылыс және абаттандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бірқатар көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп, жаңа баспаналар пайдалануға берілген. Аулаларды абаттандыру, өзен жағалауын жаңғырту, саябақтар мен демалыс аймақтарын көркейту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Сонымен қатар көгалдандыру, санитарлық тазалық және қаланы безендіру жұмыстары тұрақты бақылауда.

Жол және көлік инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп келеді. Қала ішіндегі жолдарда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бірқатар көшелерге орташа жөндеу жобалары әзірленген. Қоғамдық көлік қызметін жақсарту мақсатында жаңа аялдамалар орнатылып, жолаушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасалған.

Коммуналдық салада газдандыру және сумен қамту мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Бүгінде қала тұрғындарының 70 пайыздан астамы газ жүйесіне қосылған. Көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды газдандыруға арналған жобалар жалғасуда. Сонымен қатар                             ауыз су желілерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін арттыру көзделген. Қалада «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындардың ұсыныстары негізінде қоғамдық кеңістіктерді жақсартуға бағытталған 15 жоба толық іске асырылғанын жеткізген Жан Бауыржанұлы алдағы уақытта да негізгі мақсат – Есік қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын жалғастыру, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын таппақ.

Қала әкімінің баяндамасы аяқталған соң, тұрғындарға көкейдегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік берілді. Тұрғындар тарапынан білім беру нысандарына қатынау жолдары, тұрғын үй құрылысы, жол сапасы, балалар ойын алаңдарының жай-күйі, сондай-ақ газдандыру мәселелері бойынша сұрақтар қойылды.

Атап айтқанда, 4-ықшам аудан тұрғындары В.Терешкова атындағы орта мектебіне кіретін жолдың жабық екендігін айтып, оны ашуға ықпал етуді сұрады. Бұл мәселе бойынша қала әкімдігі тарапынан білім бөліміне және аталған мектептің әкімшілігіне ресми ұсыныс жолданып, мәселе қысқа мерзімде қаралатын болды.

Сондай-ақ 2-ықшам аудан тұрғындары көпқабатты тұрғын үй құрылысына қатысты наразылық білдіріп, құрылыс пен қолданыстағы тұрғын үйлер арасындағы қашықтықтың талапқа сай еместігін жеткізді. Қала әкімдігі бұл жер телімінің жеке меншік екенін және нысаналы мақсаты көпқабатты тұрғын үй салуға арналғанын түсіндіріп, құрылыс нормаларының сақталуы тиісті мекемелер өкілдерінің қатысуымен құрылған комиссия арқылы тексерілетінін хабарлады.

Кездесу барысында саяжай аумақтарын газдандыру мәселесі де көтерілді. Қазіргі уақытта саяжайларды қала шекарасына енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқаны, тиісті мемлекеттік органдарға хат жолданғаны және оң шешім қабылданған жағдайда 2026-2028 жылдар аралығында инфрақұрылымдық және газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны хабарланды.

Сондай-ақ ПМК аумағындағы екі қабатты тұрғын үйлерді газдандыру бойынша қатысты сұрақтар қойылды. Қала бойынша 38 көпқабатты үйді көгілдір отынмен қамту мақсатында 8 блокты-модульдік қазандық салуға арналған жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатқандығы, аталған жұмыстар 2026 жылдың соңына дейін аяқталатыны айтылды.

Сөз соңында қала әкімі вандализммен күресті күшейту қажеттігін атап өтті. Мемлекеттің салып берген қоғамдық орындардағы дүниелерді қирату, ұятсыз суреттер салу, бүлдіріп-шашу жастардың ермегіне айналып кетті. Бұл мәселені шешу үшін болашақта біздің тарапымыздан да бірқатар жұмыстар қолға алынбақ. Сондай-ақ, ата-аналар да тәрбие жұмыстарын күшейтіп, тиісті түрде қоғам болып күресу қажеттігін жеткізді. 

Қала ақсақалдары әкімнің жұмысына ризашығықтарын білдіріп, батасын беріп, қолдау танытуға шақырды.

 

Ринат НАРХАНОВ.

Оқылды 40 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Әлеуметтік нысандарды аралады

Соңғы жаңалықтар

Қаң 30, 2026

Газет-журнал, кітап қоры – қазақтың…

Мемлекет басшысы «Оқитын ұлт болайық» дегенде, тек ұран тастап қана қоймай, биліктің ұшар…
Қаң 30, 2026

Әлеуметтік нысандарды аралады

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ауданынымызға жұмыс сапарымен келіп, әлеуметтік нысандарды…
Қаң 28, 2026

Конституция – құқықтық кепіл және…

Ұсынылып отырған түзетулер Конституцияны тек құқықтық құжат қана емес, азаматтардың…
Қаң 28, 2026

Мемлекеттік басқарудың тиімділігі

Президенттің, Вице-Президенттің және Кұрұлтайдың өкілеттіктерін нақтылау мемлекеттік…
Қаң 28, 2026

Халық кеңесі және азаматтық қоғам

Халық кеңесінің құрылуы жаңа консультативтік орган ретінде халық мүддесін қорғайтын заң…

Күнтiзбе

« Қаңтар 2026 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет