Дүйсенбі, 20 Қаңтар 2020 08:31

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

АТАУЛЫ КҮН

Әзербайжанда бүкілхалықтық аза тұту күні 1990 жылы 00 сағат 20 минутта КСРО-ның басқа өңірлерінен келген совет әскері Әзербайжан КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының келісімінсіз Баку қаласына баса-көктеп кіріп, КСРО және Әзербайжан КСР Конституцияларын, сондай-ақ республиканың егемендігі туралы Конституциялық заңды өрескел бұзды. Қарулы акция салдарынан жүзден астам бейбіт тұрғын, негізінен әзербайжандар қаза тапты. Қайғылы оқиғалардың себептері мен салдарын тексеру жөніндегі республикалық комиссияның деректеріне сәйкес, 131 адам қаза тауып, 744 адам жараланған. Сол күн «Қаралы қаңтар» деген атпен Әзербайжан тарихында қалды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1919 жылы қазіргі Алматыда Жетісу жыршы-ақындарының слеті өтті. Оған халық ақыны Жамбыл Жабаев та қатысты.

1932 жылы Қазақ Өлкелік Комитетінің ІІІ Пленумының Қаулысымен «Советская степь» газеті «Казахстанская правда» болып өзгерді.

1984 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Қазақ КСР-інің халық жазушысы» құрметті атағы бекітілді. Құрметті атақты алғашқылардың бірі болып Ғабит Мүсірепов, Дмитрий Снегин, Тұрсынхан Әбдірахманова иеленді. 1999 жылдан бастап «Қазақстанның халық жазушысы» атағын беру тоқтатылды.

1994 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Галс» телехабар таратудың алғашқы ғарыштық қондырғысы ұшырылды.

1994 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның мамандандырылған коммерциялық жинақ банкі Халық банкі болып қайта құрылды.

1996 жылы Қазақстанның екі палаталы Парламенті – заңнамалық қызметтерді атқаратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілетті органы өз жұмысын бастады

2009 жылы «Қазпошта» АҚ Екінші Ұлттық халық санағына арналған пошта конвертін айналымға шығарды. «Kazpost» таңбалы конвертте Екінші ұлттық халық санағының белгісі мен «Елтаңба» стандартты пошта маркасы басылған. Көлемі 220 х 110 мм-лік конверт - 1 миллион дана.

2010 жылы Ақордада ядролық қаруды таратпау жөнінде ҚР Президенті жанынан құрылған Комиссияның алғашқы отырысы өтті. Мәжіліс барысында ядролық қаруды таратпау, Қазақстанның осы саладағы халықаралық серіктестіктері мен Вашингтонда өтетін саммитке қатысатын Қазақстан делегациясының дайындығы талқыланды.

2010 жылы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Болат Сембиновтың басшылығымен қазақстандық делегацияның Брюссельге сапары барысында «НАТО+Қазақстан» форматында отырыс өтті, онда НАТО-мен Қазақстан әріптестігінің жеке іс-қимыл жоспарының (ӘЖІЖ) екінші циклі мақұлданып, қабылданды.

2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан сайланған, үш партия өкілдері енген V шақырылымдағы ҚР Парламентінің бірінші сессиясын ашты. 2012 жылдың 15 қаңтарында болған кезектен тыс сайлауда үш саяси партия: «Нұр Отан» ХДП, «Ақ жол» партиясы мен Қазақстанның ұлттық коммунистік партиясы жеткілікті дауыс жинап, Парламент Мәжілісіне өтті.

2015 жылы соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі, қаһармандығы мен қайсарлығы үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «1941 – 1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» бірыңғай мерекелік медалі туралы» Жарлыққа қол қойды. 2016 жылы Алматыда Мұрат Мұтырғановтың цирк студиясы ашылды. ҚР Тұңғыш Президент Қорының арқасында аз қамтылған отбасылардың балалары цирк студиясында тегін білім алады.

2018 жылы Қазақстан Республикасы мен Франция Республикасы Абай мен Жюль Верннің құрметіне «Абай-Верн» стипендия бағдарламасын бекітті. Бұл бағдарламаны Франция үкіметі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-мен бірлесіп қаржыландыруда. Бағдарлама жыл сайын 100 стипендия тағайындайды.

2018 жылы әлемдегі ірі кітапханалардың бірі – Нью-Йорк кітапханасында Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығының салтанатты ашылуы өтті.

2019 жылы Мәскеудегі Третьяков галереясында «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмінің арнайы көрсетілімі болды. Тарихи жобаның авторы - ҚР Президенті Н. Назарбаев. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-ның қатысуымен түсірілген. Фильм сценарийін жазушы Смағұл Елубай Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының желісі бойынша дайындаған. «Алмас қылышты» түсіруге екі жыл уақыт кеткен.

2019 жылы Қазақстан алғаш рет Германияда өткен ауқымды халықаралық ауылшаруашылық көрмесіне қатысты. Оған әлемнің 65 елінен 1700 компания қатысты. Еліміз отандық 10 ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілердің өнімін таныстырды. Олар жақсы дайындықпен барып, Берлинде өнімнің түр-түрін көрсетті. Жент,құрт және халуадан бастап танымал қазақстандық шоколадқа дейін. Тәттіден бөлек түйе сүті мен балық әкелінді. Бірақ көпшілік бие сүтінен жасалған шоколадқа таңданды. Қант пен трансмай қосылмаған өнімді шетелдіктер бірегей деп танып, рахаттана дәмін татты.

Дереккөз: https://www.inform.kz/

Жұма, 17 Қаңтар 2020 13:57

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

Бүгін - Балалар өнертабысы немесе Өнертапқыш балалар күні

Бұл күн АҚШ-тың әйгілі өнертапқышы, мемлекет қайраткері, ғалым, журналист Бенджамин Франклиннің туған күніне орай таңдалған. Ол өзінің ең алғашқы өнертабысы - жүзуге арналған қол жарғақты 12 жасында ойлап тапқан екен.

1960 жылы қазақ тіліндегі республикалық «Білім және еңбек» ғылыми танымдық журналының алғашқы саны жарыққа шықты. Алғашқы редакторы – Камал Смайылов. 1989 жылдан «Зерде» деген атауымен шығып келеді. Журнал өз оқырмандарын, оның ішінде жастар мен жасөспірімдерді отандық және әлемдік ғылым мен білім саласындағы жаңалықтармен таныстырып келді. Қазақ басылымдарының ішінен алғаш рет әл-Фараби туралы мақала осы журналда жарияланды. Абылай хан мен Әбілхайыр ханның суреттері де тұңғыш рет осы журналда жарық көрді.

1992 жылы Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының Прокуратурасы туралы» Заң қабылдады.

2006 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің 10 жылдық мерейтойына арналған пошта маркаларын «Қазпошта» АҚ айналымға шығарды. Пошта маркасында Парламенттің 10 жылдық мерейтойының ресми символикасы Қазақстанның туын бейнелейтін көгілдір түсте бейнеленген. Маркалардың номиналы - 50 теңге, тиражы - 50 мың дана. Суретшісі - Данияр Мұхамеджанов.

2010 жылы Астанада Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кирилл жаңадан салынған Успен кафедралдық соборын дәріптеу рәсімін өткізді. Успен кафедралдық соборы Астанада Қасиетті Успения құдай-ананың құрметіне салынды. Бұл соңғы онжылдықтағы Орталық Азияда тұрғызылған алғашқы кафедралдық храм. Храмға бір мезгілде төрт мың адамға дейін сыяды.

2011 жылы Жуалы ауданындағы халық жазушысы, аңызға айналған қолбасшы-батыр Бауыржан Момышұлының мұражайына батырдың жеке заттары тапсырылды.

2012 жылы ҚР Ұлттық банкі Қазақстандағы VII қысқы Азия ойындарына арналған 2000 теңге номиналындағы банкноттарды айналымға енгізді.

2012 жылы Жамбылдық суретші Айдархан Сихаев Тараздағы ең биік мүсінді қашап жасады. Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың өшпес махаббатына арналған ескерткіштің биіктігі бес метрді құрайды, мүсін қола жалатылған бетоннан жасалды.

2014 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайында халыққа жыл сайынғы Жолдауын жариялап, онда «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру мәселелері айтылды.

2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Әлем университеттері консорциумының (WUC) толыққанды мүшесіне айналды. Әлем университеттері консорциумы ғаламның жетекші ЖОО-лары мен ғылым мен білім беру саласындағы халықаралық ұйымдарды біріктіреді. Айта кетерлігі, әр мемлекеттен тек бір ғана университет WUC мүшесі бола алады.

2017 жылы Bloomberg агенттігінің сарапшылары әлемдегі инновациялық экономикасы дамыған елдердің рейтингін жасады. Онда Қазақстан 45,56 тармақтық көрсеткішпен 48 орын алды. Айта кетерлігі, Қазақстан бұл рейтинг тізіміне енген Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет болды.

2018 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған ресми сапарының аясында ғарыш саласында Жерді қашықтықтан зондтау бойынша ғарыш технологияларын қолдану және кеңістіктегі мәліметтер инфрақұрылымын дамыту саласында өзара тиімді ынтымақтастыққа бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды.

2019 жылы Түркістан облысының тарихи және қасиетті орындары туралы альбом-кітаптар жарыққа шықты. Авторлық ұжым Түркістан облысының тарихи-киелі орындары туралы ақпаратты жинақтап, қорытындылауды мақсат еткен. «Оңтүстіктің қасиетті орындары: аңыз-әпсаналар» кітабы оқырмандарға белгілі тарихи фактілер мен оқиғаларды кеңінен түсіндіретін ақпарат алуға мүмкіндік береді. Ұсынылған кітаптар жақсы суреттелген, кең ауқымды оқырмандар қауымына арналған және үш тілде - қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығарылған.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz

Уайым, беймазалық – қайғы-қасіретті «шақырушы» сигнал.

Егер шынымен үрей мен қорқыныш туғызатын жайт орын алып, соған бола уайымдасаңыз, ол – бөлек әңгіме. Ал егер жоқтан өзгеге уайымға салынып, қорқыныштың құрсауында жүретін болсаңыз, онда бұл ­– өте қауіпті.

Мұндай уайым өзіңізді жегідей жеп, дұрыс өмір сүруіңізге, жұмыс істеп, демалуыңызға тек кері әсерін тигізеді. Сондықтан уайымға көп салынбауға, жабырқап емес, жарқырап жүруге тырысыңыз.

Төмендегі тест сіздегі уайымның деңгейін анықтайды.

 

«Иә» немесе «жоқ» деп жауап беріңіз.

  1. Еш шаршамай, ұзақ жұмыс істей аламын.
  2. Орын алған қиындықтарға қарамастан, сөзімде тұрып, уәдемді орындаймын.
  3. Аяқ-қолым үнемі жылы жүреді.
  4. Бас ауруы өте сирек мазалайды.
  5. Мен өз күшіме сенемін.
  6. Күтудің еш қиындығы жоқ.
  7. Кейде қолымнан түк келмейтіндей көрінеді.
  8. Көп жағдайда өзімді өте бақытты сезінемін.
  9. Бір нәрсеге ұзақ көңіл бөлу маған оңай емес.
  10. Кішкентай кезімде маған берілген тапсырмаларды тиянақты орындайтынмын.
  11. Айына, көп болса, бір рет асқазанымдағы ауырлықты сезінемін.
  12. Мен жиі уайымға салынамын.
  13. Мен өзгелер сияқты өте күйгелек емеспін.
  14. Мен тым ұялшақ емеспін.
  15. Мен үшін өмір арпалысқа толы.
  16. Кейде өзім де түсінбейтін тақырыпта сөз қозғайтын кездер болады.
  17. Мен өзгелер сияқты жиі қызармаймын.
  18. Болмашы затқа өкпелейтін кездерім жиі болады.
  19. Мен жүрегімнің алқына соққан дүрсілін көп байқамаймын.
  20. Танитын адамдарымның барлығы бірдей көңілімнен шыға бермейді.
  21. Егер әлдене мені уайымға салса, ұйықтай алмаймын.
  22. Әдетте тым салқынқандымын және менің ашуыма тию оңай емес.
  23. Түнде жиі шошып оянамын.
  24. Мен бәрін жүрегіме жақын қабылдаймын.
  25. Уайымдасам, терлеп-тепшіп кетемін.
  26. Ұйқым тыныш емес, жиі оянамын.
  27. Ойын ойнағанда жеңілу емес, тек жеңу қажет деп ойлаймын.
  28. Мен өзгелерге қарағанда тым сезімталмын.
  29. Кейде ерсі, дөрекі қалжың мені шын күлдіреді.
  30. Менің де өзгелер сияқты өміріме риза болғым келеді.
  31. Асқазаным қатты ауырады.
  32. Мен материалдық жағдайым мен жұмысыма үнемі алаңдап жүремін.
  33. Маған еш зиянын тигізбейтін болса да, мен кейбір адамдарды жаныма жолатпауға тырысамын.
  34. Кейде алдымда қолымнан келмейтін іс күтіп тұрғандай көрінеді.
  35. Мені абдыратып, алаңдатып қою оңай.
  36. Кейде тау қопарар күш пайда болып, тіпті ұйықтай алмайтын кездерім болады.
  37. Кейде дау-жанжал мен қиындықтан алыс жүрген абзал.
  38. Жүрегімді айнытатын жайттар болып тұрады.
  39. Мен кездесу мен жұмысқа ешқашан кешікпеймін.
  40. Өзімді ешкімге керексіз сезінетін кездер болып тұрады.
  41. Кейде ішімдегіні ақтарып, айғайлап алғым келеді.
  42. Біреуді немесе бір нәрсені уайымдап жүретін кезім көп.
  43. Болуы ықтимал қиындықтар үшін уайымдаймын.
  44. Ел алдында екі бетім қызарып кетеді деген қорқыныш жиі мазалайды.
  45. Жабырқау жүретін кездерім де анда-санда болып тұрады.
  46. Мен күйгелек, әрі тез оталып кететін адаммын.
  47. Әлденені жасарда қолымның дірілдеп тұратынын жиі байқаймын.
  48. Менің қарным үнемі ашып тұрады.
  49. Менде өзіме деген сенімсіздік басым.
  50. Мен тіпті салқын күндерде де оңай терлеп кетемін.
  51. Ешкімге айтуға болмайтын заттар жайында жиі армандаймын.
  52. Анда-санда құрсағым /іш/живот/ ауырады.
  53. Қандай да бір тапсырма немесе жұмысты қолға алу, бастау маған қиынға соғады.
  54. Кей кездері бір орында отыра алмаймын деген уайым қатты мазалайды.
  55. Маған келген хаттарды оқи салып, бірден жауап беремін.
  56. Тез ренжіп қаламын.
  57. Ешқашан бетім қызармайды.
  58. Таныстарым мен достарыма қарағанда менің уайымым мен қорқынышым әлдеқайда аз.
  59. Бүгін істеуге болатын істі ертеңгі күнге қалдыратын кездерім болып тұрады.
  60. Мен әдетте жұмысымды пышақтың жүзінде отырғандай күймен жасаймын.

 

Инструкция

  • Егер 6, 7, 9, 11, 12, 13, 15, 18, 21, 23, 24, 25, 26, 28, 30, 31, 32, 33, 34, 35, 36, 37, 38, 40, 42, 44, 45, 46, 47, 48, 49, 50, 53, 54, 56, 60 сұрақтарға «иә» деп жауап берсеңіз, ал 1, 3, 4, 5, 8, 14, 17, 19, 22, 39, 43, 52, 57, 58 сұрақтарға «жоқ» деп жауап берсеңіз, онда әр жауапқа 1 ұпайдан жинайсыз.
  • Егер 2, 10, 55 сұрақтарға «иә», ал 16, 20, 27, 29, 41, 51, 59 сұрақтарға «жоқ» деп жауап берсеңіз, ол жауаптарыңыз өтірік. Осындай өтірік жауап саны 5-тен асса, тест қорытындысы да шынайы болмайды.
  • Ұпай санын есептеп, төмендегі қорытындыға көз жүгіртіңіз.

 

Тест қорытындысы

40-50 ұпай. Сіз ­– өте уайымшыл адамсыз. Өзіңізді жегідей жемеңіз. Уайым – қайғы-қасіретті «шақырушы» сигнал екенін есте ұстаңыз.

25-40 ұпай. Уайымыңыздың деңгейі – тым жоғары. Шамадан тыс уайымға салыну – өзіңізді құрдымға тастаумен тең. Өйткені уайым көңіл күйіңізді ғана емес, бүкіл өміріңізді өзгертеді. Әрине, жақсы жаққа еместігі түсінікті. 

15-25 ұпай. Уайымыңыздың деңгейі – ортадан жоғары. Уайымдаумен ешқандай мәселе шешіле салмайды. Уайым ауруға шалдықтырады.

5-15 ұпай.  Уайымыңыздың деңгейі ­– орташа. Бұл да – қауіпті диагноз. Өмірдің әр сәтіне қуана білуді үйреніңіз. 

0-5 ұпай. Сіз айтарлықтай уайымшыл адам емессіз. 

Бейсенбі, 16 Қаңтар 2020 08:33

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Швеция Корольдігі Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін мойындады.

1993 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңы қабылданды.

2006 жылы Қ.И.Сәтпаев (ҚазҰТУ) ғалымдары адам жасушасы мен тініндегі түрлі заттардың құрылымын зерттейтін бірегей аппараттық-бағдарламалық кешен жасады. Автоматтандырылған кешен жылдамдықты бірнеше рет ұлғайтып, медициналық диагностика сапасын жоғары дәрежеге көтереді.

2008 жылы Алматыдағы ҚР Ғылым академиясы ғимаратының алдында ғұлама ғалым, академик Әлкей Марғұлан ескерткішінің ашылу салтанаты болды. Әлкей Марғұлан - біртуар, қайталанбас тұлға. Әсіресе, оның еліміздің тарихына, көне дәуірді зерттеу мен этнографияны дамытуға қосқан үлесі ұшан-теңіз.

2013 жылы Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігімен дипломатиялық қатынастарын нығайту мақсатында Мемлекет басшысы «Швеция Корольдігінде Қазақстан Республикасының Елшілігін ашу туралы» Жарлыққа қол қойды.

2013 жылы «Samruk-Green Energy» ЖШС (Самұрық-Энерго» АҚ-ның 100 пайыздық еншілес компаниясы) Желэнергетикасы еуропалық қауымдастығының/European wind energy association (EWEA) мүшелігіне өткен алғашқы қазақстандық компания болды.

2014 жылы немістің Lambert Academic Publishing баспасы Павлодар педагогикалық институтының педагогика кафедрасының аға оқытушысы Бауыржан Нұрымовтың «Оқушылардың эстетикалық құндылықтарының даму ерекшеліктері» кітабы жарыққа шығарды. Кітап ұлттық кітапхананың «Неміс кітап каталогіне» енгізіліп, АҚШ және Еуропа елдерінде тарату құқына ие болды.

2015 жылы Алматы қаласы Ислам білім, ғылым және мәдениет мәселелері ұйымы (ИСЕСКО) аясында ислам мәдениетінің астанасы болды. Ислам мәдениеті астанасының кілтін табыстау салтанаты Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өтті.

2015 жылы Шымкент қаласының 2 200 жылдығын растау үшін ЮНЕСКО-ға өтініш берілді. ЮНЕСКО-ға берілген өтініш - Қазақстан, Франция, Канада, Бельгия, Ұлыбритания, Ресейден келген ғалымдардың, сондай-ақ, ЮНЕСКО өкілдерінің қатысуымен өткен «Шымкент-2200 жылдық тарих» атты халықаралық конференцияның нәтижелері бойынша қол қойылған қарар негізінде жасалған. Егер, Шымкенттің 2 200 жылдығы әлемдік деңгейде мойындалатын болса, онда Шымкент Қазақстанның ең көне қаласына айналмақ.

2016 жылы Қытай бастамасымен Азиядағы экономикалық даму, әлеуетті арттыру және инфрақұрылымды жақсартуға жәрдемдесу мақсатында Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялардың Банкі құрылды. Оның жарғылық капиталы 100 миллиард долларды құрайды. Банк мынадай қаржылық қызметтерді ұсынады: кредиттеу, капиталға қатысу, кепілдік ұсыну, техникалық көмек. АИИБ бекіту туралы келісімге 57 мүше-ел қол қойды. Оның ішінде Қазақстан да бар. 13 мамырда Бейжің қаласында АИИБ Басқарушылар кеңесі банктің құрамына 7 жаңа мүшесін қабылдауды мақұлдағанын жария етті. Осылайша АИИБ мүшелер саны 77-ге дейін ұлғайды.

2017 жылы Әбу-Дабидегі Дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» саммитінде (World Future Energy Summit) «Zyed Future Energy Prize» халықаралық сыйлығын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Шара барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен әмірліктің тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахайян сыйлықтарды Аустралия Huanville Highschool) мен Индонезия (Green Bali School) мектеп оқушыларына тапсырды.

2018 жылы РФ Ярослав облысының Вятское елді мекеніндегі мектепте Кеңес Одағының Батыры, мерген Әлия Молдағұловаға арнап ескерткіш тақта орнатылды. Батыр қыз Ленинградтағы балалар үйімен бірге 1942 жылы Вятское селосына эвакуацияланып, жеті ай сонда тұрды, жергілікті мектепте оқыды. 2019 жылы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында БҰҰ-ның 6 тіліне аударылған қазіргі қазақ әдебиеті антологиясының алғашқы кітабы басылып шықты. Поэзия және проза жинақтарының таныстырылымына осы жобаға қатысқан Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей, Қытай және Египет аудармашылары мен әдебиетшілері, аударма және баспа ұйымдарының басшылары, шығармалары қазіргі қазақ әдебиеті антологиясына енген авторлар қатысты. Бұл жоба тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті мен мәдениеті, музыкасы мен бейнелеу өнерін, хореография, кино және театр саласындағы жетістіктерін әлемге танытуды мақсат етеді.


Дереккөз: https://www.inform.kz/

Сәрсенбі, 15 Қаңтар 2020 08:40

Есте қалар оқиғалар

1934 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ресми түрде ашылды. Профессорлық-оқытушылық құрам туралы және алғашқы 54 студентті физика-математика және биология факультеттеріне қабылдау туралы бұйрықтарға қол қойылды. Қазіргі уақытта ҚазҰУ - елдегі жетекші ЖОО-лардың бірі. Университет 180 сала бойынша мамандар дайындайды.

1938 жылы Атырау (Гурьев), Қызылорда және Павлодар облыстары құрылды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің І сессиясы Қазақстанның үш облысын бөлу туралы КСРО Заңын және Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) Орталық Комитетінің қаулы жобасын бекітті. Шығыс Қазақстан облысынан Павлодар облысы бөлініп шықты, оның құрамына он аудан кірді. Батыс Қазақстаннан Батыс Қазақстан және Атырау, Оңтүстік Қазақстаннан Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары бөлініп шықты.

1992 жылы Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының ғылымы және ғылыми-техникалық саясаты туралы» Заңы қабылданды. Құжат республикада ғылымның жалпыадамдық дамудың ерекше маңызды саласы ретінде өмір сүруін, тірек, қолданбалы ғылыми зерттеулердің емін-еркін дамуын, ғылыми қызметкерлерді және ғылыми ұйымдарды қорғауды қамтамасыз ететін негізгі құқықтық, экономикалық және әлеуметтік шарттарды белгілеп берді.

2008 жылы Қазақстан Үкіметінің отырысында жарғылық капиталына мемлекеттің жүз пайыздық қатысуымен академик Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы «Ғарыштық зерттеулер және технологиялардың ұлттық орталығы» акционерлік қоғамын құру туралы шешім қабылданды.

2008 жылы Мемлекет басшысының «Бурабай» арнайы экономикалық аймағын құру туралы Жарлығы шықты. Оның мақсаты - Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту.

2013 жылы «Қазақфильм» АҚ шығарған Әмір Байғазиннің «Үйлесімділік сабақтары» туындысы Халықаралық кино қорының (Berlinale World Cinema Fund) сыйлығына ие болды.

2014 жылы «Kazakhstan Computer Graphics» компаниясы «Қазақстан» корпорациясының тапсырысы бойынша «Шрек» мультфильмі мен «Аватар» фильміне қолданылған технологиямен түсірген «Батырлар» атты 3D анимациялық мультхикаясының тұсаукесері болды. Туындының сюжеті ХVII-XVIII ғасырларды қамтиды. Фильмде жоңғар шапқыншылығы кезінде-ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жауға қарсы шапқан Шапырашты Наурызбай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай сынды батырлардың ерліктері баяндалады.

2015 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин Халықаралық Түркі академиясының Түркі музейіне 70 жебеден тұратын жеке коллекциясын табыс етті.

2015 жылы Алматыда, Алатау ауданындағы «Көк қайнар» шағынауданында қазба жұмыстары кезінде Алматы тарихы мұражайының экспедициясы алтын жәдігерлерді анықтады. Табылған заттардың бірі ойнап жатқан мысық баласының бейнесі сомдалған алтын мүсін екі пластиннен құралып, бір композицияға біріктірілген. Мүсін біздің жыл санауымызға дейінгі IV ғасырдағы бас киімнің композициясы болуы мүмкін. Қазба кезінде сондай-ақ алтын пластинка табылды. Онда басын солға бұрып тұрған қыран құстың бейнесі зерленген. Ол біздің жыл санауымызға дейінгі IV ғасырда геральдикалық символ ретінде пайдаланылуы мүмкін. №2 қорғаннан сабы бар қорғасыннан құйылған айна табылды. Ернеуі 2 см болатын қорғасын белдеумен қапталған. Диск пен белдеу балқытылып бекітілген. №1 қорғаннан табылған көне жәдігер біздің жыл санауымызға дейінгі ІІ ғасыр - біздің жыл санауымыздың ІІ ғасырында пайдаланымда болуы мүмкін.

2018 жылы ҚР Ұлттық музейінің «Рухани жаңғыру» залы ашылды. Онда археологиялық жәдігерлер, соның ішінде қазақ билері мен батырларының жеке заттары қойылған. Атап айтқанда, Кенесары ханның қылышы, Шоқан Уәлихановтың тапаншасы, Төле би тұрған үйдің маңдайшасы, Бөгенбай батырдың құтысы, Махамбеттің домбырасы, Құнанбайдың бас киімі және т.б.

2018 жылы Қазақ анимациясына 50 жыл толуына орай Қазпошта арнайы пошталық марка, ал Ұлттық Банк номиналы 500 теңгелік «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» ескерткіш күміс монетасын айналысқа шығарды.


Дереккөз: https: www.inform.kz

 

Сейсенбі, 14 Қаңтар 2020 08:52

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1935 жылы Қазақ мемлекеттік филармониясы құрылды.

1938 жылы оған Жамбылдың есімі берілді. Филармонияның алғашқы көркемдік жетекшісі белгілі ғалым, композитор, қазақ музыкасы мен қазақтың халық әуендері туралы көптеген кітаптардың авторы Ахмет Жұбанов болды.

1992 жылы Қызылорда педагогика институтына ежелгі түркілердің ұлы ақыны, әрі композиторы Қорқыт Ата есімі берілді.

1992 жылы КИМЭП университеті құрылды. Республикадағы нарықтық экономиканы дамыту үшін білікті жұмыс күшіне қажеттілік мақсатында құрылды. КИМЭП Университетi оқытушылық құрамы қазақстандық және шетелдік оқытушылардан тұрады, олардың көпшілігі өздерінің магистрлік және докторлық дәрежелерін Еуропа мен Солтүстік Американың жоғары оқу орындарынан алған.

1993 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне өзінің интеллектуалдық әлеуетін толық пайдалану мақсатында өзін-өзі басқаратын автономды мемлекеттік жоғары оқу орны мәртебесі беріліп, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті деп аталды.

1994 жылы Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты құрылды. 1998 жылы Беларусь астанасы Минск қаласының бір көшесіне жазушы Мұхтар Әуезовтің есімі берілді.

2006 жылы Мәскеудің «Русский раритет» баспасы «Ғасырлар даналығы» сериясы аясында қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың өлеңдер жинағын шығарды. Жинақты баспаға әдебиет зерттеушісі Сәуле Мансұрова дайындаған.

2013 жылы алғаш рет қазақстандық пианиношы қыз Хадиша Оңалбаева Steinway Artist құрметті атағына ие болды

2017 жылы Қызылорда облысындағы Сығанақ, Жанкент, Кескен-күйік, Шірік-Рабат, Бәбіш-мола, Жент, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдени ескерткіштері және Сауысқандық петроглифтері ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне енгізілді.

2017 жылы Астана – Көкшетау күре жолындағы жан түршігерлік апатта жанын пида етсе де, екі жасар баланы құтқарып қалған Құмарбек Жәкетайұлының туыстарына «Батыл жүрек» сыйлығы берілді. Марапат «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының аясында тағайындалды.

2019 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында Халықаралық жаңартылатын энергия көздері агенттігінің (IRENA) ассамблеясы және Дүниежүзілік болашақ энергиясының саммиті (World Future Energy Summit) өтті. Ассамблеяның пленарлық бөлігіндегі отырыста Қазақстан Өкілеттікті тексеру жөніндегі комитеттің құрамына енді. IRENA-ның 9 мүш-мемлекетінен тұратын бұл комитет негізгі басқару органдарының бірі болып табылады.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz



Дүйсенбі, 13 Қаңтар 2020 08:51

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1926 жылы Қошке (Қошмұхамбет) Кемеңгеровтің «Алтын сақина» пьесасымен қазақтың бірінші кәсіби ұлттық театры - Қазақ драма театрының (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры) ресми ашылу рәсімі өтті. Өнер ұжымы алғаш рет 1925 жылы Қызылорда қаласында ұйымдастырылған болатын. 1929 жылы театр труппасы Алматыға қоныс аударды. 1937 жылы академиялық мәртебесін алса, ал 1961 жылы қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. Театр сахнасында халық шығармашылығының танымал шеберлері: Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, т.б. өнер көрсеткен. 1926-1932 жылдары театрға актер және режиссер Жұмат Шанин басшылық жасаған.

1934 жылы Алматыда Қазақ музыкалық драма театры (қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры) құрылды. Театр сахнасында ең бірінші Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектаклі мен Бейімбет Майлиннің «Шұға» драмасы қойылды.

2004 жылы Қазақстан Республикасының рухани және білім беру салаларын дамыту, мәдени мұраларды пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

2006 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1994 жылы Қазақстан ратификациялаған БҰҰ балалар құқығы туралы Конвенцияға сәйкес ҚР Білім және ғылым министрлігінің балалар құқығын қорғау бойынша комитеті құрылды. Комитеттің басты міндеті - балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.

2010 жылы Астанада қазақстандық үлесті дамыту мәселелері бойынша Сараптама кеңесінің І отырысы өтті.

2011 жылы Мәскеу қаласының Атаулы оқиғалар мен отандық тарих және мәдениет қайраткерлерінің есімін мәңгілік есте қалдыру жөніндегі комиссиясы Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің қазақтың мемлекеттік және саяси қайраткері Тұрар Рысқұловтың есімін мәңгілік есте қалдыру туралы ұсынысын қолдады. Комиссияның шешіміне сәйкес, мемориалдық тақта Мәскеуде Т.Рысқұлов 1931-1934 жылдары өмір сүрген Покровский бульвар, 14 мекенжайындағы үйге орнатылатын болады. Естелік тақтаны көркемдеуді және оны қаржыландыруды қазақстандық тарап өз мойнына алады.

2012 жылы Оралда ақын Қасым Аманжолов пен Абдолла Жұмағалиевтер тұрған, жұмыс істеген үйлерге орнатылған ескерткіш тақталардың ашылу рәсімі өтті.

2017 жылы Қазақстандық боксшы, әлемнің екі дүркін чемпионы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев 2017 жылы Алматыда өткен Дүниежүзілік қысқы Универсиада қонақтары мен еріктілері орналасатын Атлетика қалашығының әкімі болып тағайындалды.

2018 жылы Қазақстан Республикасы заңнамасын электронды нұсқада шоғырландыру мақсатында Бірыңғай құқықтық ақпарат жүйесі жасалды. Ол үшін Нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкі мен «Әділет» жүйесі біріктірілді.

2019 жылы Қызылорда қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Әлихан Шәкіман 3D модельдеу арқылы жел генераторының бірегей түрін жасап шығарды. Ғылыми жұмыс бойынша оқушы екі жыл жұмыс істеген. Инженерлердің көмегімен идеяның түпнұсқасы шықты. Аталмыш жел генераторы экологиялық зиянсыз, бір жағынан шуды азайтса, екінші жағынан үнемді.


Дереккөз: https://www.inform.kz/kz

Жұма, 10 Қаңтар 2020 09:31

Тест. Сіздегі қорқыныш

Адам бойындағы қорқыныш пен үрей көп нәрседен хабар береді және көп нәрсеге әсерін тигізіп, себепші де болады. Өйткені сол қорқынышта сіздің ішкі жан дүниеңіз, бойыңыздағы кейбір мінез-құлқыңыздың өзегі, іс-әрекетіңіздің астары, кешегі өткен күніңіз ғана емес, бүгініңіз бен болашағыңыз жатыр. Сондықтан қорқыныштан арылудың маңызы мол.

Сізге беріліп отырған тест бойыңыздағы қорқынышты анықтайды.

 

Қай сурет сіз үшін ең қорқыныштысы? Соны таңдап, төменде берілген жауабын оқыңыз.

 

Тест жауабы

1.     Мұзды үңгір

Сіз жан жайлылығын іздейсіз. Өмірде ешкімге керексіз болып, жалғыз қалудан қорқасыз. Бір жағынан, бұл суретті таңдаған жандар өздерін іштей дұрыс жол таңдаған, өз орнында отырғандай сезінеді. Сондай-ақ мұзды үңгір үрейлендірсе, сіз махаббатқа, сүйіспеншілік пен қамқорлыққа зәрусіз.

 

 

2) Жерасты жолы

Таңдауыңыз осы суретке түссе, сіз өз ойыңызды ашық айтудан қорқасыз. Ойыңызды айту ғана емес, сезіміңізді білдіру де сіз үшін тым қиынға соғады. Адамдарға сене бермейсіз. Бар эмоцияңызды ішіңізде ұстауды жөн санайсыз. Бұлай істеуге болмайды. Ашылыңыз. Эмоцияны сыртқа шығарыңыз. Ойыңызды ашық айтыңыз. Сонда өмір сүру жеңілдей түседі.

 

 

3) Иесіз қалған ғимарат

Бұл суретке қарағаннан денеңіз түршікті ме? Демек, сіз мықты, әрі ақылды жансыз. Сондай-ақ осы суретті таңдау мінездің тұйықтығынан хабар береді. Кей кездері сіз айналаңыздан оқшауланып, тіпті жаныңызға жақындарыңызды да жуытпайсыз. Сіз – тым талапшыл жансыз.

 

 

4) Ескі ағаш үй 

Егер мына құлағалы тұрған ескі үй үрейлендірсе, бұл – жақсылықтың белгісі. Өйткені қазіргі уақытта бойыңызды махаббат деген ұлы сезім толықтырып тұр. Және сіз өзіңіздегі осынау керемет сезіммен елмен бөліскіңіз келеді. Жақындарыңыз үшін кез келген күшті көтеруге дайынсыз. Десе де, қаржы мәселесі сізді уайымдатады. Ал бұл уайымнан арылу үшін алдымен ойыңызды өзгертуге тырысыңыз.

 

 

 

5) Құдық 

Құдыққа құлап кетуден қорқасыз ба? Сіз – өзіңізге сенімді жансыз. Тар қапаста, оқшауланып қалудан, біреуге тәуелді болып, бостандығыңыздан айырылудан қорқасыз. Сізге көтеріңкі көңіл күй, қуаныш, жағымды әсерлерге бөлейтін оқиғалар жетіспейді. Қазіргі өміріңізге көңіліңіз толмай, қандай да бір жайсыздық күйінде жүрсіз. Бұл күйден шығыңыз. Жаңаша, өз қалауыңызша өмір сүруге талыпыныңыз.

 

 

 

6) Ін

Сіз белгісіздіктен қорқасыз. Әлі де өзіңізді, қалауыңыздың не екенін, өмірдегі мақсат-мұратыңыздың қандай екенін, тіпті өмірдің мәні неде екенін іздеп жүрген жансыз. Сіз кез келген жайтты сараптап, саралап, өзіңіздің ойыңызды үнемі «ақтарып» жүргенді жақсы көресіз.

 

 

7) Жертөле

Жертөленің баспалдағынан қорқып кеттіңіз бе? Демек, сіз соңғы уақытта жиі қиындыққа тап болып, жолыңыз болмай жүр. Келеңсіз жайттарға жиі ұрынып, күйзеліске түскен болуыңыз да бек мүмкін. Мұндағы баспалдақ өмірден кету мағынасындағы ойға жетелесе, сарғайған жапырақтар өмір алмасуын білдіреді. Бұл сіздің ойыңыз әлі де өткен күнде екенін көрсетеді. Өткен күннің мәселелері мен уайым-қайғысы соңыңыздан қалмайтындай көрінеді. Ал шын мәнісінде, оның бәрін кешегі күнге қалдырып кетпей, көтеріп жүрген өзіңіз. Сондықтан өткен күнді, ондағы өкпе-ренішті жіберіңіз, жағымды ойлармен, позитивпен өмір сүріңіз.

 

 

 

8) Түрменің есігі 

Түрме тек қамау емес. Бостандықтан айырылу ғана емес. Ол – басқа өмір. Сіз үйренген, қалыпты жағдайдан мүлде бөлек. Егер таңдауыңыз осы суретке түссе, сіз өте еңбекқор, алғаныңыздан қайтпайтын, қайтпас жансыз. Сіздің басқан әр қадамыңыз өз мақсаттарыңызға апара жатыр. Дегенмен, ішкі жан дүниеңіз тыныштықты, демалыс пен жайлылықты аңсайды. Аздап демалғаныңыз жөн. Өзіңізді аяңыз.

 

Жұма, 10 Қаңтар 2020 08:37

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 10 қаңтар

1924 жылы «Тілші» газетінде Ілияс Жансүгіровтің «Кеңседе жергілікті тілді жүргізу керек» деген мақаласы жарық көрді. Онда күні бүгінге дейін өзекті мәселе болып отырған қазақ тілінің тағдыры сөз болды.

1934 жылы қазақ әдебиеті мен өнеріне арналған «Қазақ әдебиеті» апталық газеті шыға бастады. Алғашқы редакторы – Бейімбет Майлин. Газет 1940-1954 жылдары тоқтап, 1955 жылдың қаңтарынан қайта шыға бастады. «Қазақ әдебиеті» - ұлтымыздың рухани айнасы, еліміздің әдеби һәм мәдени өмірін жан-жақты қамтитын басылым.

1992 жылы Қауіпсіздік Кеңесінің мәжілісінде Республикалық гвардияны құру туралы шешім қабылданды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлері туралы» Жарлығы шықты. Осыған орай, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін, қоғамдық қауіпсіздікті, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мақсатында республика аумағында орналасқан Ішкі әскерлердің құрамалары мен бөлімдерінен қоғамдық тәртіпті сақтауға және қылмысқа қарсы күресуге, еңбекпен түзеу мекемелері мен мемлекеттік маңызы бар нысандарды күзетуге, күзетпен жүретін адамдарды алып жүретін, Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін және мемлекеттік тәуелсіздігін қорғауға арналған Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлері құрылды. 2014 жылы 21 сәуірде ҚР Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіретін Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы болып қайта құрылды.

1997 жылы Бішкек қаласында Нұрсұлтан Назарбаев, Асқар Ақаев және Ислам Каримов Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттері арасындағы Мәңгілік достық туралы шартқа қол қойды.

1999 жылы Қазақстанда алғаш рет Қазақстан Республикасының Президенттігіне балама сайлау өтіп, онда сайлаушылардың 79,78 % дауысын жинаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қайта сайланды.

2010 жылы Қарағандыда Станиславский атындағы орыс драма театрының алдында орыстың ұлы режиссері Константин Сергеевич Станиславскийге ТМД аумағындағы тұңғыш ескерткіш орнатылды.

2011 жылы Қазақстан делегациясы 7-ші қысқы Азия ойындары алауын тұтандыру рәсімі өткен Кувейтке аттанды. Олимпиада алауы тұтандырылатын ел ретінде Кувейттің таңдалуы тегін емес. Азия Олимпиада Кеңесінің, (ағыл. Olympic Council of Asia, OCA) штаб-пәтері осы жерде орналасқан.

2011 жылы Өзбекстанда мәнерлеп сырғанау мен фристайл спортына арналған «7-Қысқы Азиада ойындары. Астана-Алматы» атты арнайы екі жаңа пошта маркасы айналымға енгізілді. Мәнерлеп сырғанауға арналған пошта маркасында мұздағы мәнерлеп билеу көрінісі бейнеленген, марканың оң жақтағы жоғарғы бұрышында Астана мен Алматыда өткен 7-Қысқы Азия ойындарының эмблемасы ресми түрде бекітіліп, өзбек тілінде латын қаріпімен «7-Qishki osiyo o'yinlari (Astana-Alma-Ata)» деген мәтін жазылған. Арнайы шығарылымдағы «Фристайл» екінші пошталық маркасында осы спорт түрінің үзінді бейнесі салынған, ал марканың оң жақтағы жоғарғы бұрышында 7-Қысқы Азиа ойындарының эмблемасы мен «7-Qishki osiyo o'yinlari (Astana-Alma-Ata)» деген жазу бар.

2014 жылы Қазақстанда күш қолдануға қарсы Ұлттық алдын алу тетігінің үйлестіруші кеңесі құрылды. Аталлмыш құрылымның жұмысын қамтамасыз ету Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жүктелді.

2017 жылы Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде «Шиеленістердің алдын алу және бейбітшілікті сақтау» тақырыбындағы ашық пікірталасқа қатысты. Нью-Йорк қаласында өткен шара аясында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты саяси жолдауын таныстырды.

2017 жылы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ Бас хатшысына сенім грамоталарын тапсырды. Салтанатты рәсімнен кейін өткен сұхбатта Қ. Омаров пен А. Гутерриш Қазақстан мен БҰҰ арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға сенім білдірді.

2019 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне «Ұлттық» мәртебесі берілді. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – елдегі жетекші оқу орындарының бірі. Ол – қыздар қауымы арасындағы мұғалімдерді даярлайтын республикадағы жалғыз университет. Оқу ордасы бүгінде жоғары білікті педагог кадрларды даярлайтын негізгі орталықтардың біріне айналды. Қазіргі уақытта Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті бакалавриат бойынша - 42, магистратурада - 23, PhD докторантура бойынша - 4 мамандық оқытылады.

Дереккөз: https://www.inform.kz 

Бейсенбі, 09 Қаңтар 2020 09:03

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1960 жылы Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің бұйрығымен Алматы көркем және хроникалық фильмдер киностудиясы «Қазақфильм» киностудиясы болып өзгертілді.

1970 жылы магистральдік байланыс желісі қолданысқа берілді. Ол шығысқазақстандықтардың Мәскеуден Орталық телевидение мен Алматыдан Қазақ телевидениесінің хабарын көруіне мүмкіндік берді.

1993 жылы Германия Федеративтік Республикасында, Иран Ислам Республикасында, Франция, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина Республикаларында және Ресей Федерациясында Қазақстан Республикасының елшіліктері ашылды.

2007 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Иордан Хашимиттік Корольдігіндегі Елшілігін ашу туралы Жарлыққа қол қойды.

2007 жылы әлемге танымал марафоншы қарағандылық Павел Сиротин «Бейбітшілік елшісі» атағын алды. 2006 жылы желтоқсан айында 70 жылдығын атап өткен спортшы өмірінің тең жартысында марафондық жүгірумен айналысып келеді. Ол бірнеше рет 100 шақырымдық қашықтыққа да жүгірген. Павел Сиротин өзінің мерейтойын да кезекті марафонмен атап өтіп, Теміртаудан Қарағандыға дейінгі 32 шақырым қашықтықты жүгіріп өткен болатын. Мерейтойының құрметіне берілген құрметті атақты П.Сиротин Жер бетінде бейбітшілік орнатуға қосқан үлесі үшін - Дүниежүзілік бітімгершілік федерациясы мен Дінаралық және халықаралық федерациясынан алып отыр. «Басқаларға үлгі болып табылатын өмірі үшін, сондай-ақ, мораль, отбасылық құндылықтар, түрлі дін өкілдерінің бейбіт, қатар өмір сүру идеалдарына қызмет еткені үшін осынау құрметті атақ беріледі», делінген «сенім грамотасында». «Бейбітшілік елшісі» атағы берілген азаматтар Біріккен Ұлттар Ұйымының айрықша қамқорлығында.

2012 жылы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 100 жылдығына арналған ескерткіш монеталар қолданысқа берілді. Ол 500 теңге номиналындағы күмістен және номиналы 50 теңге нейзильбер құйындысынан жасалды.

2013 жылы Ғұлама би, әскери қолбасшы, ақын-жырау Жиембет батыр жайында «Жиембет батыр» роман-эссесі жарық көрді. Кітапты дайындау барысында Ресейдің Омбы, Орынбор, Барнаул, қалаларының мұрағаттарынан алынған құнды құжаттар мен деректер пайдаланылды.

2013 жылы астаналық өнертапқыш Бақытжан Әлменов ағынсыз, яғни, тұйық су көзін пайдалану арқылы арзан электр энергиясын алудың жолын ойлап тапқан. Инновациялық бұл жобаға патент алынып халықаралық сараптамадан да өткен. 45 жылдық еңбек өтілі бар электр маманы - Женева патент бюросының патент иегері.

2015 жылы Sport Review журналының нұсқасы бойынша Сочи Олимпиадасының қола медаль иегері Денис Тен мен Зарина Дияс 2014 жылғы Қазақстанның үздік спортшылары деп танылып, оларға арнайы тапсырыспен бағалы металлдар және ағаштың құнды түрлерінен «Восток-Т» шеберханасында жасалған мүсіндер табысталды.

2016 жылы Түркияның Мерсин қаласындағы Мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында «Кероғлы» операсының халықаралық қойылымы болып өтті. Әзербайжан композиторы және музыкатанушысы Узеир Гаджибековтің бұл туындысы - түркі-ислам Шығысы өнерінің әлемдегі бірінші операсы. Бас партияны «Астана Опера» театрының жетекші солисі Жұпар Ғадбулина мен Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, А.Малдыбаев атындағы Қырғыз Ұлттық театрының солисі Садырбек Жұмашев орындады.

2018 жылы Қазақстанның сот жүйесіне кірмейтін тәуелсіз орган - «Астана» Халықаралық қаржы орталығының соты (АХҚО) (AIFC Court) өз қызметін бастады. Бұл қаржы орталығы тәуелсіз қаржылық сот пен ағылшын құқығы қағидаттарына және жеңілдетілген салық режиміне сәйкес құрылған. Президент тапсырмасына сай, келешекте халықаралық және аймақтық бизнес хабқа айналады. Заманауи инфрақұрылым мен озық технологияларды пайдалануды көздейтін қаржы орталығы «ЭКСПО-2017» аумағында орналасқан.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz

Соңғы жаңалықтар

Қаз 01, 2024

440 действующих ядерных…

На сегодняшний день в 32 самый развитиях странах мира действует 440 ядерных реакторов.…
Қаз 01, 2024

440 әлемдегі қолданыстағы ядролық…

Бүгінгі таңда әлемнің ең дамыған 32 елінде 440 ядролық реактор жұмыс істейді. Құрылыс…
Қаз 01, 2024

Халықтық штаб мүшелері бірнеше…

Бүгін Түркістан облысындағы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы,…
Қаз 01, 2024

Атом электр станциясы экологиялық,…

Бүгін Түркістан облысындағы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы,…
Қаз 01, 2024

ChatGPT Қазақстанда АЭС салудың…

Атомдық энергетика Қазақстанда қайтадан өзекті мәселеге айналды. Көптеген адам атомдық…
Қаз 01, 2024

Солнце, ветер и атом: почему…

Сегодня в мире, где тема устойчивой энергетики стала важнейшей повесткой, часто…
Қаз 01, 2024

АЭС САЛЫНСА ФИЗИК-ҒАЛЫМДАРЫМЫЗ…

Экономикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың…
Қаз 01, 2024

АТОМ ЭЛЕКТР СТАНСАСЫ -…

Прагматикалық көзқараспен қарайтын болсақ, баламалы энергетика көздері сұранысты түгелдей…
Қаз 01, 2024

Строительство АЭС станет импульсом…

Строительство АЭС в Казахстане даст импульс развитию науки в сфере атомной энергетике,…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет