Сейсенбі, 25 Ақпан 2020 10:04

Абай өлеңдері байқауы

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Еңбекшіқазақ» аудандық қоғамдық-саяси апталығы мен mezet.kz желілік басылымы ұйымдастырған байқауға қатысушылардың қарасы көп. Күнделікті видео жұмыстар жан-жақтан келіп түсіп жатыр. Соларды топтап сайтқа салуды жөн көрдік. Ал видеоларды жеке-жеке біздің инстаграм аккаунтымыздан instagram.com/mezet.kz/ көріп, дауыс бере аласыздар. 

Дауыс беру 22 наурызға дейін жалғасады. Ал қорытынды 27 наурызда белгілі болады. Қорытындыны осында mezet.kz  және инстаграм аккаунтымызда жариялаймыз.

Қатысушыларға дауыс беріп, қолдау көрсетіңіздер!

 

Сейсенбі, 25 Ақпан 2020 09:19

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1971 жылы Жезқазған мыс қорыту зауытының алғашқы кезегі іске қосылды.

1991 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Семей қаласында Радиациялық медицина және экология институтын құру туралы» қаулысы қабылданды. Институт ғылыми қызметінің негізгі бағыттары – радиациялық және басқа да факторлардың қоршаған ортаға, адамдарға, жануарларға әсерін зерттеу.

1993 жылы Қазақ КСРО ғарыштық зерттеулер агенттігі Қазақстан Республикасының Ұлттық аэроғарыш агенттігі (ҰАҒА) болып қайта құрылды. Қазақстан Республикасы ҰАҒА бас директоры болып тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров тағайындалды.

1994 жылы Қазақстан Республикасы мен Камбоджа корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнады.

1999 жылы Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы халық санағы басталды. Санақ наурыздың 4-іне дейін жалғасты. Мемлекет аумағы 1 463 санақ бөлімдеріне бөлінді. Санақ қорытындысы бойынша Қазақстанда 15 673 400 адам тұрады.

2008 жылы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің (ҚазАТУ) «Ақ желкен» студенттік театры құрылды. Жыл сайын танымал қазақ және шетелдраматургтарының қойылымдарын қояды.

2012 жылы студенттік театр Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен қызметіне және рухани мұрасына арналған «Ақын мен ажал» спектаклінің премьерасын қойды. Бұл туындыны «Ақ желкен» студенттік театры үшін ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Г. Ештанаев арнайы жазды.

2009 жылы Польшада «Поляк Бенедикт: Еуропадан Азияға Қазақстан арқылы (1245-1247 жж.)» атты кітап жарық көрді.

Осыдан жеті ғасырдан астам, Марко Поло дүниенің азиялық бөлігіне келгенінен 30 жыл бұрын, францискандық тақуа Бенедикт Поляк Қасиетті Тақтың дипломатиялық миссиясы құрамында еуропалықтардың ішінде бірінші болып, қазіргі Қазақстан даласын басып өтіп, Азия құрлығының терең қойнауына саяхат жасады. Бұл саяхаттаудың нәтижесі замандастарының күткен жаңалықтарының бәрінен де асып түсті. Поляк саяхатшысының жасаған хабарламасы Еуразиядағы Алтын Орданың салтанат құру дәуіріндегі ең жарқын құжаттардың бірі. Ғалымдардың пікірі бойынша, поляк Бенедикт Ұлы Дала туралы ақпарат жинауда маңызды рөл атқарды, осының арқасында Еуропа бірінші рет дала тұрғындарының өмірі мен тұрмысы туралы жайларды білді. Варшавадағы Қазақстан Елшілігі бастамасымен басылып шыққан жарияланымда оқырмандарға Вена және Париж қалаларындағы Ұлттық кітапханаларда сақталған осы саяхаттың жылнамасы берілген. Сонымен қатар, саяхат барысын сипаттаған көне қолжазбалар ғылыми айналымға тұңғыш рет бірнеше тілде: латын, поляк, қазақ және орыс тілдерінде енгізілді.

2010 жылы Алматыда ҚР Орталық мемлекеттік музейінде «Уақыт ағымындағы хаттар» көрмесінің ашылуы өтті. Онда араб, латын және кирилл қарпі негізінде жазылған іскерлік және жеке хаттар қойылды. Олардың арасында Шоқан Уәлиханов, Абай, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбановтың жазған хаттары бар.

2010 жылы Алматыдағы Қазақ-Британ университетінде республикадағы алғашқы мұнай мұражайы ашылды. Қазіргі таңда қолда бар барлық жәдігерлер «Мұнай-газ саласының тарихы», «Мұнай-газ ісінің геологиялық-геофизикалық негізі», «Мұнай кәсібінің құрал-жабдықтары» деген 3 секцияға топтастырылып отыр.

2012 жылы елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Астана - түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанаты өтті.

Мәдени шара барысында мәртебелі меймандар мен елорда жұртшылығының алдына шығып сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай «Астана - түркі әлемінің мәдени астанасы» жылын өткізу барша түркітілдес мемлекеттердің рухани дамуына соны серпін беретінін атап өтті.

2014 жылы ҚБТУ Халықаралық экономика мектебінің (ХЭМ) 2 студенті Меруерт Еркебұлан мен Халида Ғалымова Лондон университеті емтихандарының қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсетті. ҚБТУ ХЭМ 4 курс студенті М.Еркебұлан 100 балдың 92 ұпайын жинап, «Elements of Econometrics» пәні бойынша үздік атанды. Ал Х.Ғалымова «Economics of Labour» пәнінен 90 ұпайға ие болған.

Лондон университетінің емтихандарын жыл сайын 180 елдің 54 мың студенті бір уақытта тапсырады.

2015 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейінде бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер туындыларының «Қазақ хандығы: Ұлы даланың ұлы бейнелері» атты көрмесінің ашылу рәсімі өтті. Экспозицияда бірқатар тарихи артефактілер: Ресей патшайымы І Елизаветаның атынан Абылай ханға тарту етілген атақты қылыштың бөлігі, Бөлек батырдың дулығасы, сонымен қатар Қ.Алтынбековтің тарихи дәлдікпен орындаған қазақ хандарының мөр-жүзіктері мен А.Абдубаиттің алтын зерлі жіппен кестеленген көркем паннолары бар.

2017 жылы Мәскеуде Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау қазақ драма театры алғаш рет ресейлік жазушы Георгий Пряхиннің «Тергеу» пьесасын қойды.

2019 жылы Польшада полония алғашқы жастар қысқы чемпионаты өтті. Оған құрамына Алматы, Астана, Көкшетау қалалары мен Солтүстік Қазақстан облысының Ясная Поляна ауылының өкілдері кірген Қазақстан құрамасы қатысты.

Крыница-Здруй курортты қалашығында өткен жарысқа Австрия, Беларусь, Ұлыбритания, Венгрия, Исландия, Испания, Италия, Қазақстан, Литва, Ресей, Украина және Чехия спортшылары қатысты. Командалық есепте қазақстандықтар Чехия мен Литвадан кейінгі үшінші орынға ие болды.

Марапатты жүлдегерлерге чемпионаттың жабылу салтанатына қатысқан Польша Сенатының басшысы Станислав Карчевский табыстады.

Дереккөз: inform.kz 

21 ақпанда аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуы және 2020 жылға арналған жоспарымен таныстыру мақсатында брифингұйымдастырылды. Қоғам белсенділері, Есік қаласының тұрғындары, белсенді жастар қатысқан жиынды аудан әкімінің бірінші орынбасары А.Бидаев жүргізіп отырды әрі 2017-2019 жылдар арасында өткізілген іс-шаралар туралы мәліметтер туралы баяндама оқыды.

Бүгінде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау мақсатында 2017 жылдан бүгінге дейін 1400-ге жуық түрлі іс-шаралар ұйымдастырылған. Сол секілді ауданның киелі жерлері турасында «Алтын адам», «Іле Алатау ұлттық саябағы» атты ақпараттық-анықтамалық құралдар, туристерге арналған киелі орындардың картасы жарық көрген-тін. Брифинг барысында Айбек Дүйсембекұлы кіші бағдарламалар аясында атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндады.

–«Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасы аясында аудандық Еңбекшіқазақ газетінде «Рухани жаңғыру» атты айдар ашылып, 2017 жылы 71 мақала, 2018 жылы 97, 2019 жылы 113 мақала жарияланды.

Әлеуметтік желілерде 2017 жылы 2634, 2018 жылы 3618, 2019 жылы 4125 атқарылған жобалар мен іс шаралар бойынша ақпараттар жарияланды.  

Сонымен қатар 2017 жылы - 8, 2018 жылы - 9, 2019 жылы - 11 ақпараттық көрнекілік құралдары ілінді. 

Ұлттық құндылықтарымызбен бірегейлігімізді салт-дәстүрімізді,  сақтау, насихаттау барысында, ауданымызда қазақша күрес, көкпар, асық ату, қыз қуу, аударыспақ, садақ ату сияқты ұлттық ойындарымыздан жарыс ұйымдастыру әдетке айналды. Ұлттық қолөнерімізді дамыту мен дәріптеу мақсатында да жасалып жатқан шаруалар аз емес, мәселен Ұста Дәркембай Шоқпарұлы атындағы қолөнер музейі үйірмелер ашып, тері өңдеу, сақина, білезік, ат әбзелдерін жасау өнерін өскелең ұрпақ бойына дарытып ұлттық қолөнерімізді баға жетпес мұра етіп қалдыруда.

Есік археологиялық өлкетану музейімен Шелек өлкетану музейінің де сонау көне сақ дәуірінен басталатын тамыры терең тарихымызды қайта жаңғыртуға өз үлестерін қосуда.  Сонымен қатар ауданымызда еріктілердің саны артып, Есік қаласы мен ауылдық округтерде қайырымдылық акциялар жиі ұйымдастырылып, көмекке мұқтаж жандардың қажеттіліктеріне қарай көмек көрсетілуде.

«Атамекен» кіші бағдарламасы аясында2017 жылы меценаттардың көмегімен жалпы соммасы 50 млн. теңгені құрайтын 3 жоба іске асырылды.Нақтылай өтсем, «Amal Bio»ЖШС директоры Асқар Сабиров 30 млн. теңге қаражат бөліп, Ащыбұлақ ауылының жастар демалыс саябағын абаттандырды. Сол секілді «Альтаир» ӨК директоры Қырқынбаев Сейтхан, ауданымыздың меценаты Осан Жангелді Есік қаласындағы жастар саябағында Жамбыл Жабаевқа арналған құны 6 млн. теңгені құрайтын ескерткіш тұрғызып берді.Білім саласына да аталмыш бағдарлама аясында қолдау жетерлік. Айталық, А.Розыбакиев аталған мектептің түлектері Абдуллаев М, Камбаров А., Абаков А. сынды азаматтарымыз 14 млн. теңге қаржы бөліп, Шелек ауылындағы аталмыш мектептің алаңын абаттандырды. 2018 жылы жалпы соммасы 43 млн. теңгені құрайтын 3 жоба ұйымдастырылды Кәсіпкер Калиев Руслан Абдибекұлы - 14 млн. теңге қаражат бөліп,  Ташкенсаз ауылының орталық футбол алаңына қалпына келтірді.  Кәсіпкерлер Ибрагимов Алиджан, Ибрагимов Даврон, Исмаилов Варис, Шардинов Ахметжан сынды азаматтарымыз 21 млн. теңгеге Лавар ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішті тұрғызды. Кәсіпкер Мұхамеджан Саят 8 млн. теңге бөліп Есік қаласынан  шағын футбол алаңын салды –дейді.

Мұндай игі шаралар 2019 жылы да дәстүрлі жалғасқан. Жалпы сомасы 34,7 млн теңгеге 4 жоба іске асқан. Бұл туралы да А.Бидаев кеңінен баяндады. Оның ішінде айрықша атайтынымыз, кәсіпкер Э.Ешниязова 6 баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Қарақойшиев Русланның отбасына құны 4 млн. 700 мың. теңгеге бағаланатын үй сыйға тартты. Сол секілді Алматы облыстық мәслихат депутаты, меценат Осан Жангелді 3 мүмкіндігі шектеулі баланың анасы Манапбаева Алмагүлге Шелек ауылынан құны 7 млн. теңгеге үй сыйлады. «Атамекен» аясында биылға тағы 3 ірі жобаны іске асыруды жоспарлауда аудан әкімдігі.

Брифинг барысында Д.Бекбулатова Ұлы жеңістің 75 жылдығына орай аталмыш бағдарлама аясында атқарылатын іс-шараларды сұрады. Өз кезегінде: «Жуырда ғана «Біз жеңістің мұрагерлеріміз» атты эстафета өтті. Алдағы уақытта жастар бойында патриоттық тәрбиені насихаттау мақсатында ардагерлермен, тыл еңбеккерлерімен кездесулер, қайырымдылық іс-шаралары жоспарға сай ұйымдастырылады, – деді.

Ж.Әміржанов,

Рухани жаңғыру жұмысының маманы

 

Сенбі, 22 Ақпан 2020 09:14

Эпидемияға қарсы іс-шаралар

2020 жылдың 17 ақпанында мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің орынбасары қаулыға қол қойды. Оған сәйкес, ақпанның 20 бастап, Қытайдан келген Қазақстан азаматтары ауруханада оқшауланып, 14 күнге карантинге жіберіледі. Содан соң, тағы 10 күн тұрғылықты мекен-жайы бойынша ақ халаттылардың қатаң бақылауында болмақ.

Тексеру кезінде ауру белгілері байқалған науқастар бірден инфекциялық ауруханаға жатқызылып, 14 күн бойы бөлек бөлмеге оқшауланады. Қазір еліміздің шекара маңындағы саудагерлер, жүк көлік жүргізушілері, қайықшылар Қазақстанға оралуға ниетті. Олар елге қайтып оралғанда, қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуіміз тиіс.

Сондықтан, құрметті тұрғындар! Қытай аумағына өтпес бұрын, елге оралғанда денсаулық жағдайыңызға қарамастан, 14 күн ауруханаға жатып, медициналық бақылауда болатыңызды ұмытпаңыз. Ал көліктер міндетті түрде залалсыздандырылады. Айта кету керек, Алматы облысында індетке қарсы күрес шаралары мықтап қолға алынған. Қытай аумағына жақын Алакөл, Ұйғыр, Панфилов аудандарында коронавирустық инфекция анықталған жоқ. Сондықтан, алаңдауға еш себеп жоқ.

Ішкі саясат басқармасының БАҚ бөлімі

Жұма, 21 Ақпан 2020 09:31

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық экскурсия жүргізуші күні

Экскурсия жүргізушілердің халықаралық федерациясының бастамасы бойынша жыл сайын әлемнің барлық экскурсия жүргізушілері және гидтері атап өтеді. 1990 жылы WFTGA (World Federation of Tourist Guide Associations) президенті Титина Лоизидес алғашқы Халықаралық экскурсия жүргізуші күнін ұйымдастырушылардың бірі болған.

Халықаралық Ана тілі күні

1999 жылғы қарашада ЮНЕСКО Бас Конференциясы 30-сессиясының шешімімен бекітілген және 2000 жылғы ақпанның 21-інен бастап тілдік және мәдени әр алуандықты қорғау мақсатында атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1929 жылы БКП (б) Орталық Комитетінің барлық партия ұйымдарына арналған «Еңбек тәртібін нығайту туралы» хаты жарияланды. Елдегі еңбек тәртібінің қатайғаны соншалық, жұмысқа себепсіз кешіккені үшін соттай салу, түрмеге жауып тастап әдеттегі іске айналды.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Үндістан Премьер-министрі Нарасимха Рао Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасында дипломатиялық қатынастар орнату туралы хаттамаға, Үндістан Мемлекеттік банкі мен Қазақстан Сыртқы экономикалық қызмет банкі арасындағы келісімге, ҚР Үкіметі мен ҮР Үкіметі арасында консулдық катынастардың орнатылуы туралы хаттамаға қол қойды.

1992 жылы Атырау облысының Балықшы ауданындағы орта мектепке ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фариза Оңғарсынованың есімі берілді.

2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Экстремизмге қарсы әрекет туралы» Заңға қол қойды.

2012 жылы Венадағы «Кунстлерхаус» Суретшілер үйінде танымал қазақстандық суретші Ерболат Төлепбайдың жеке көрмесі ашылды. Оның жұмыстары әлемнің 35 елінде көрмеге қойылған.

2014 жылы режиссер Серік Апрымовтың «Бауыр» фильмі балалар және жасөспірімдерге арналған «Ciné Junior» XXIV халықаралық кинофестивалінде Халықаралық артхаус кинотеатрлары конфедерациясының сыйлығын (C.I.C.A.E.) алды. C.I.C.A.E. қазылар алқасының құрамында Франция және Бельгиядағы артхаус кинотеатрларының кино көрсетілімдерін үйлестірушілер болды.

2016 жылы Эстонияда өткен балалар мен жасөспірімдерге арналған ІІ ашық халықаралық вокалдық «Soprus» фестиваль-байқауында 14 жасар оңтүстікқазақстандық Карина Нәжімеддинова бірінші сыйлық лауреаты атанды. Байқауға әлемнің әр елінен 50 конкурсант қатысты.

2017 жылы шаңғышы Ринат Мухин Саппорода өткен VIII қысқы Азия ойындарында 15 шақырымдық жеке жарыста Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальді салды. Жалпы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 32 медаль жеңіп алды, оның 9-ы - алтын, 11-і – күміс, 12-сі – қола.

2018 жылы Анкарада «Алаштың ақиық ақыны: Мағжан Жұмабаевқа 125 жыл» конференциясы өтті және Кечиорен ауданындағы саябақта Мағжан Жұмабаевтың ескерткіші ашылды. Аталған шаралар ТҮРКСОЙ Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы жариялаған «Мағжан Жұмабаев жылы» аясында өткен болатын.

2018 жылы «Астана Операның» тенор партиясындағы ең жас әртісі балалар студиясының солисі 10 жасар Қажымұрат Еркін алғаш рет сахнаға шықты.Ол күрделі вокалдық партияны керемет игеріп қана қоймай, жаңа сахналық бейнені де көрсетті. Мұндай тәжірибе өмірде бұрын-соңды болмаған, яғни тенорға арнап жазылған рөлді бала даусы орындамаған екен.

2019 жылы Алматыда Dombyra телеарнасы телеарнасының тұсауы кесілді. «Dombyra» телеарнасы - қазақ халқының рухани жан серігіне айналған музыкалық төл аспаптарын, дәстүрлі әндері мен ұлттық күйлерін халыққа барынша насихаттайтын жаңа форматтағы телеарна болуды көздейді. Бағдарламалар тәулік бойы қазақ тілінде жүргізіледі. Оның эфирінде отандық өнерпаздардың ән-күй, жырларды көрсетіледі. Аспаптарды үйрену мектебі, қолөнер шеберлері жайлы бағдарламалар түсіріледі.

Дереккөз: inform.kz 

Бейсенбі, 20 Ақпан 2020 09:16

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні

БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарарымен 2007 жылғы желтоқсанның 18-де жарияланған.

Қарарда халықаралық қауымдастық кедейшілікті жою саласында, еңбекпен толық қамтамасыз етуде, лайықты жұмыс тауып беруде, ерлер мен әйелдер теңдігін сақтауда, барлық адамдар үшін әлеуметтік жайлы жағдай мен әділеттілікті іске асыруда күш-жігерді одан әрі арттыру қажеттілігі мақұлданады.

Дүниежүзілік ақпаратты басқару күні

Ақпан айының үшінші бейсенбісінде жыл сайын атап өтіледі. Қазіргі әлемде ақпаратты басқарудың маңыздылығына назар аудару және оның негізгі қағидаттары туралы хабардарлықты арттыру үшін бекітілген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1920 жылы қазіргі «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетінің алғашқы саны «Кедей сөзі» деген атаумен жарық көрді. 1993 жылдан бастап қазіргі атауымен басылып келеді.

Өз заманында қазақ әдебиетінің классиктері Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов сынды тұлғалар газеттің редакторлары болды. Әртүрлі жылдары газет редакциясында Қазақстан халық жазушылары Д.Әбілев, Ә.Әбішев, С.Шаймерденов, әдебиеттің көрнекті қайраткерлері Қ.Кемеңгеров, М.Дәулетбаев қызмет етті. Басылым аптасына үш мәрте шығады.

1932 жылы Шығыс Қазақстан облысы құрылып, орталығы Семей қаласы болды (бүгінгі таңда облыс орталығы - Өскемен қаласы). Облыс құрамына 21 аудан кірді.

1974 жылы Қазақ КСР Орталық мемлекеттік мұрағаты бөлімдерінде Қазақ КСР ғылыми-техникалық құжаттамасының Орталық мемлекеттік мұрағаты және Қазақ КСР кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазудың Орталық мемлекеттік мұрағаты құрылды.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының қорында 1 млн. 500 мың іс бар.

1986 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Мир» орбиталық ғарыш стансасы ұшырылды, ол - күрделі көп мақсатты ғылыми-зерттеу кешені. 1986 жылы ақпанның 20-сында кешен орбитаға шығарылды.

1999 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданының орталығында ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды.

2002 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мұнай-газ кешенінің тиімді және ашық дамуын қамтамасыз ету деңгейін арттыру және ел экономикасының мұнай-газ саласындағы мүддесін қорғау мақсатында мемлекеттің 100 пайыздық үлесі бар «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» құрылды.

2012 жылы қазақстандық дзюдошы Максим Раков Германияның Дюссельдорф қаласында өткен турнирдің гран-при жүлдесін жеңіп алды. Турнирге Қазақстаннан 19 спортшы қатысты.

2012 жылы Мәскеуде Мемлекетаралық авиация комитетінің Авиация және әуе кеңістігін пайдалану кеңесінің 32-сессиясы жұмысын бастады. Онда Алматы әуежайының аэродромы «Халықаралық (санатталған) аэродромдарды дамыту саласындағы жетістіктері үшін» үздік аэродром деп танылды. Оның басты жетістігі аэродромға ІІІ В санатының енгізілуі болды.

2014 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ фольклорының «Бабалар сөзі» атты 100 томдық жинағының тұсаукесері өтті.

Басылымның 20 томы батырлық эпостарға, 13 томы - тарих тақырыбына арналған. Жинаққа діни дастандар, новеллалық дастандар, махаббат дастандары, сондай-ақ ертегілер енгізілген.

2015 жылы Ливан көрермендеріне Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың балалық және жастық шағы туралы баяндайтын «Балалық шағымның аспаны» атты қазақстандық көркем фильмі ұсынылды.

2017 жылы Каирде өткен Х Халықаралық анимациялық фильмдер форумының конкурс бағдарламасында «Қазақ Елі» анимациялық фильмі көрсетіліп, үздік толық метражды фильм аталымын жеңіп алды. Композитор Руслан Шынықұлов пен музыкант Жанболат Әділовке музыка үшін құрметті сертификат табысталды.

Дереккөз: inform.kz

Сәрсенбі, 19 Ақпан 2020 09:57

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

Бүкіләлемдік киттер күні

Бүкіләлемдік киттер күні - 1986 жылы Халықаралық кит аулау (International Whaling Commission - IWC) комиссиясында бекітілген. Сол жылы 19 ақпанда Халықаралық кит аулау комиссиясы дүниежүзінде кит аулау мен кит етін сатуға тыйым салған. Бірақ 19 ақпан киттерді ғана емес, сонымен бірге барлық мұхит пен теңіз сүтқоректілерін қорғау күні. Кейде әр мемлекеттің экологиялық ұйымдары жиналып, осы күнді мүлдем жойылу алдында тұрған бірегей бір сүтқоректіні қорғауға арнайды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қазақстан мен Аустрия Республикалары арасында алдағы уақытта саяси-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

1994 жылы Қазақстан Республикасының Президенті «Адам құқығы жөніндегі республикалық комиссия құру туралы» Жарлыққа қол қойды.

1994 жылы Қазақстан Республикасының құрамасы тәуелсіз ел ретінде алғаш рет Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Онда қазақстандық спортшылар бір алтын және екі күміс жүлдені жеңіп алды.

2009 жылы Иранның Гүлістан провинциясының орталығы Горган қаласында Қазақстанның Бас консулдығы ресми түрде ашылды.

2013 жылы Тараз қаласының маңында сақ алтынының бөліктері табылған қорғандар қазып алынды.

2013 жылы Қазақстан мен Италия арасында Ауғанстаннан әскери мүлік және персоналды ҚР аумағы арқылы әуе және теміржол арқылы транзиттеу туралы келісімге қол қойылды.

2014 жылы Ақтауда Түрікменстанның консулдығы ашылды. Бұл екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық және экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.

2015 жылы Мәскеудегі Ардагерлер үйінде екі мәрте Кеңес Одағының батыры, авиация генерал-майоры Т. Бигелдинов туралы «Подняться в воздух!» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті.

Бұл тарихи деректі фильм Ұлы Отан соғысына аттанған 19 жастағы Талғат Бигелдиновтің тағдыры туралы баяндайды. 1942 жылдан 1945 жылға дейін қан майданда талай қиындықтарды бастан кешіп, ерліктің мәңгі өшпес үлгілерін көрсеткен батырдың тағдыры ешкімді де бейжай қалдырмайды. Талғат Бигелдинов өзінің ИЛ-2 шабуылдаушы ұшағымен Кавказ бен Украина жерін жаудан азат ету операцияларына қатысқан, алғашқылардың бірі болып Берлинді бомбылаған. Бұл ұшақты фашистер «Қара ажал» деп атаған. Аты аңызға айналған ұшқыштың 1966 жылы жазған «Илдер шабуылдайды» атты кітабы фильмнің негізгі арқауына айналған.

2015 жылы ҚР Ұлттық кітапханасы «Бір ел - бір кітап» акциясы аясында жалпыға бірдей оқуға басты кітап болып Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» роман-трилогиясы таңдалды.

2015 жылы Алматыда Армия генералы, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстанның алғашқы қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің отбасына ІІ дәрежелі ҰОС орденін тапсыру рәсімі өтті. Сағадат Нұрмағамбетов Отан соғысы орденіне 1985 жылы ұсынылған. Алайда награда оған жетпей қалған.

2018 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» №569 Жарлығына өзгерістер енгізілді.

Дереккөз: inform.kz

Сейсенбі, 18 Ақпан 2020 11:29

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қазақстан балаларының «Бөбек» қайырымдылық қоры құрылды. Оның негізгі мақсаты - ана мен баланы қорғау.


1992 жылы Алматыда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан республикалары арасында мемлекетаралық су ресурстарын бірлесе басқару және пайдалану жөніндегі келісімге қол қойылды.

1993 жылы Шымкент қаласының орталық көшелерінің біріне ғалым-этнограф, фольклоршы Әубәкір Диваевтың есімі берілді.


2003 жылы Ресей және Қазақстан президенттерінің қатысуымен Ресейдің Мемлекеттік академиялық Үлкен театрында Қазақстанның Ресейдегі жылының ашылу рәсімі өтті.
Мерекелік шаралардың аясында 2003 жылдың 17-20 ақпан күндері Мәскеудегі Кремльде «Алтын адам. Сақ қорғандарының қазынасы» көрмелері, қазақстандық кино апталығы, Қазақстан өнер шеберлерінің концерттері, т.б шаралар өтті. Қазақстан өнер шеберлерінің гала-концерті мен «Әлем мойындаған Қазақстан» атты кітап көрмесі болып өтті.


2008 жылы Алматыда Қазақстандағы алғашқы актуарий мектебі ашылды. Актуарий — тәуекелдер мен мүмкіншіліктерді бағалай алатын арнайы білімі бар әрі сақтандыру компанияларынын қаржы кызметінің негізі саналатын есептеу жүйесін іске асыратын маман.

2013 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ISO50001 энергоменеджмент жүйесін енгізді. Осылайша университет аталған жүйені өзіне енгізген ТМД аумағындағы тұңғыш әрі жалғыз ұйым болды.

ISO 50001 – Энергожүйелерді басқару үшін стандарттау жөніндегі Халықаралық ұйым арқылы құрылған халықаралық стандарт, бұл энергоменеджмент жүйесін жақсарту және орнату, енгізу және оған көмек көрсету бойынша талаптарды айқындайды.

 

2014 жылы Түркияның Эскишехир қаласындағы Түркі әлемі әдеби журналдары редакторларының VI Конгресінде ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлен Әбдік «2013 жылғы Түркі әлемінің үздік жазушысы» атағына ие болды. Төлен Әбдіктің ең танымал кітаптары 13 түркі тіліне аударылған.
2015 жылы Бүкіләлемдік Универсиада туы Алматы дирекциясына тапсырылды. Қазақстан - Универсиада өткізген ТМД елдері арасындағы тұңғыш мемлекет.

2016 жылы Қазақстан, Әзербайжан және Грузия жүктерді Қытайдың порттарынан Батуми портына, ол жерден Түркия және Еуропаға тасымалдау мүмкіндігін беретін теміржол консорциумын құруға келісті.

2016 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанынан Сот төрелігі академиясы құрылды.

Академия қызметінің негізгі бағыттары – жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын; судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды, қайта даярлауды; ғылыми қызметті жүзеге асыру.

2018 жылы Мағжан Жұмабаев шығармаларының жинағы түрік тілінде жарық көрді. Аударған – түріктің белгілі ақыны Әли Акбаш. Ақиық ақынның 125 жылдық мерейтойына байланысты Түркі академиясы 2018 жылды «Мағжан жылы» деп жариялады. Осыған орай Түркістан идеясын ту еткен ақынның шығармаларын шет тілдерге аударып, басып шығару қолға алынды.

Дереккөз: inform.kz 

Дүйсенбі, 17 Ақпан 2020 14:17

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Риясыз мейірім көрсету күні

Бұл мейрамды азаматтығына, ұлтына, діни сенімдеріне қарамастан бүкіл адамзат атап өтуге болады. Бұл күні, ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, айналадағылардың бәріне шексіз мейірімді болуға тырысу керек.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

2005 жылы Парламент Сенатының халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы, саяси ғылымдар докторы, профессор, танымал мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясындағы «Даналар кеңесінің» мүшесі болды. «Даналар кеңесіне» Ванкуверден Владивостокқа дейін ЕҚЫҰ қызмет ететін барлық аймақтың өкілдері кіреді.

2009 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының сыртқы барлау қызметі - «Сырбар» құрылды. Жарлықта атап өтілгендей, ҚР-ның 2007-2012 жылдары Ұлттық қауіпсіздігі стратегиясын іске асыру, ұлттық қауіпсіздікті нығайту және Қазақстанның арнайы қызметтер құрылымын жандандыру мақсатында Қазақстан Республикасының «Сырбар» сыртқы барлау қызметі құрылды. Мемлекеттік орган ретінде ол тікелей Қазақстан Республикасының Президентіне бағынып, есеп береді. Аталған Жарлыққа сәйкес сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Барлау» қызметі таратылды.

2010 жылы 9-сыныпқа арналған «Дінтану негіздері» оқулығы жарыққа шықты.

2013 жылы қазақстандық оператор Әзиз Жамбакиев «Уроки гармонии» фильмі үшін Берлин кинофестивалінің жүлдесіне ие болды. Бұл әйгілі Берлин кинофестивалінде қазақстандық киногерлердің алған алғашқы жүлдесі еді.

2016 жылы Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген толықметражды «Сағадат Нұрмағамбетов. Соңғы сұхбат» атты деректі фильмінің көрсетілімі өтті. Туынды Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералының өмірінен сыр шертеді.

2017 жылы Бішкекте «Қырғызкино» кинотеатрында қырғыз режиссері Өмірзақ Толобеков түсірген «Әлемдік Назарбаев» фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті.

Премьерада болған Қырғызстанның танымал мемлекеттік қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және қарапайым көрермендер қазақстандық көшбасшыны жаңа қырынан танытып, екі бауырлас xалықтың тығыз байланысын ашып көрсеткен фильм авторларына үлкен алғысын айтты.

2017 жылы Астанада 10 жастағы Аймен Нұржан ЭКСПО-2017 көрмесі қонақтары мен келушілеріне ыңғайлы болуы үшін «ЭКСПО-гид» мобильді қосымшасын әзірледі. Онда халықаралық көрмеге қатысушы елдердің павильондары геолокациямен көрсетілген. Қосымша көмегімен кез келген адам көрменің қай павильонына қалай бару қажеттігін біліп қана қоймай, мейрамханалар, такси мен автобустар, анықтама бюросы қызмет түрлерін де ала алады.

2018 жылы Түркияның Кастамону қаласында ТҮРКСОЙ-ға мүше елдер өкілдерінің қатысуымен өткен 2017 жылды қорытындылау жиынында түркітілдес елдердің рухани өміріне үлес қосқан бірқатар азаматтардың есімдері үздіктер қатарында аталды.

ТҮРКСОЙ ұйымының және бауырлас мемлекеттердің өзара ынтымақтастығы мен бірлігін насихаттауға ерекше еңбегі сіңген Қазақстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Гагаузия, Солтүстік Кипр, Болгария, Македония, Түркия елдерінің ақын-жазушылары мен журналистеріне «Баспасөз сыйлығы» мен арнайы дипломдар, бағалы сыйлықтар табысталды. Марапатталғандардың арасында Оңтүстік Қазақстан облысы мəдениет жəне халық шығармашылығы орталығының редакторы Мәдина Әйтпенбетова мен «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінің редакторы Жанар Мұхамедиярова да бар.

Дереккөз: inform.kz 

Жұма, 14 Ақпан 2020 08:30

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық кітап сыйлау күні

2012 жылдан бері жыл сайын атап өтіледі. Бұл күн балаларға кітап сыйлап, олардың кітапқа деген сүйіспеншілігін оятатын адамдардың басын қосады. Оған АҚШ-тың қарапайым тұрғыны, балалар кітабы сайтының негізін қалаушы Эмми Бродмур ханым бастамашыл болды.

Жүректің туа бітті ақауы туралы ақпаратты тарату күні

Туа бітті жүрек ақауымен балалары бар отбасыларға көмек ұсынатын канадалық Children's Heart Society коммерциялық емес қайырымдылық ұйымы құрылды. бастаманы HeartKids (Австралия) және Dr. Mani Children Heart Foundation (Үндістан) сияқты ұйымдар қолдады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Мемлекеттік ономастика комиссиясының шешімімен Гурьев облысы мен Гурьев қаласының атауы Атырау облысы және Атырау қаласы болып өзгерді. Ал Павлодар облысының Ермак ауданы Ақсу ауданы аталды.

1994 жылы Қазақстан Республикасы Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттікке (МАГАТЭ) кірді.

1997 жылы Ақ үйде Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары президенттерінің кездесуі болды. Келіссөздердің қорытындысына орай, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ әкімшілігінің басшысы Билл Клинтон Демократиялық әріптестік туралы хартияға қол қойды.

2011 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі Астана қаласы Қан орталығының базасында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Трансфузиология ғылыми-өңдірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды.

2013 жылы Алматыда Халықаралық бизнес академиясында (ХБА) Нидерланды маркетинг институтының (NIMA) (НИМА-бағдарлама), Қазақстан маркетинг, жарнама және PR федерациясының (ХМЖФ және PR) Халықаралық маркетинг мектебінің бағдарламасына қатысушылардың бірінші тобы бітіріп шықты.

2014 жылы Алматыда Қазақстан үшін бірегей «МЕДЕУ DREAM FEST» фестивалі өтті.

2015 жылы Сеулде (Оңтүстік Корея) мәнерлеп сырғанаудан Сочидегі Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, қазақстандық спортшы Денис Тен төрт құрлық чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Төрт құрлықтың чемпионатына Америка, Азия, Африка және Аустралиядан келген мәнерлеп сырғанаушылар қатысты.

2017 жылы Қазақстан кәсіпқой бокстағы титулдар саны бойынша әлемнің үздік бес елі қатарына қосылды. Қазақстандық боксшы Жанат Жақияновтың 53,5 кг салмақ санатында WBA Super және IBO белдіктерін жеңіп алуы осы нәтижеге жетуге мүмкіндік берді.

2017 жылы Дубайда өткен The World Government Summit халықаралық үкіметтік саммитінде Қазақстан «Egov mgov» мобильді қосымшасын енгізгені үшін халықаралық «First World Govtechineers Race-2017» сыйлығымен марапатталды. Награданы Дубай әмірі, БАӘ Премьер-министрі әрі вице-президенті шейх Мұхаммед ибн Рашид Әл Мактум табыс етті.

2017 жылы Ақтау қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» 12-сынып оқушысы Сәттіғали Жолдасбай нашар көретін және зағип жандар үшін арнайы смарт-тақия ойлап тапты. Мұндай идея Сәттіғалиға атасының үйіне ауылға барған кезде келген екен. Ол ауылда ағасының көзі нашар көргендіктен ылғи кедергілерге тап бола беретінін байқайды. Ақтауға келген соң мектеп оқушысы ұстазымен ақылдаса отырып, арнайы қозғалыс құрылғысы орнатылған тақия жасап шығарады. Бұл құрылғы жолда кездесетін кедергілер жөнінде дыбыстап, тақияның иесіне белгі беріп отырады.

2018 жылы Олимпиада арнасы (Olympic Channel) Сочидегі Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен туралы деректі фильм жариялады.

2019 жылы Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасы мен Танзания Біріккен Республикасының тұрақты өкілдері Қайрат Омаров пен Модаст Джонатан Меро екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнату туралы бірлескен коммюникеге қол қойды.

Дереккөз: inform.kz

Соңғы жаңалықтар

Қаз 01, 2024

440 действующих ядерных…

На сегодняшний день в 32 самый развитиях странах мира действует 440 ядерных реакторов.…
Қаз 01, 2024

440 әлемдегі қолданыстағы ядролық…

Бүгінгі таңда әлемнің ең дамыған 32 елінде 440 ядролық реактор жұмыс істейді. Құрылыс…
Қаз 01, 2024

Халықтық штаб мүшелері бірнеше…

Бүгін Түркістан облысындағы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы,…
Қаз 01, 2024

Атом электр станциясы экологиялық,…

Бүгін Түркістан облысындағы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы,…
Қаз 01, 2024

ChatGPT Қазақстанда АЭС салудың…

Атомдық энергетика Қазақстанда қайтадан өзекті мәселеге айналды. Көптеген адам атомдық…
Қаз 01, 2024

Солнце, ветер и атом: почему…

Сегодня в мире, где тема устойчивой энергетики стала важнейшей повесткой, часто…
Қаз 01, 2024

АЭС САЛЫНСА ФИЗИК-ҒАЛЫМДАРЫМЫЗ…

Экономикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың…
Қаз 01, 2024

АТОМ ЭЛЕКТР СТАНСАСЫ -…

Прагматикалық көзқараспен қарайтын болсақ, баламалы энергетика көздері сұранысты түгелдей…
Қаз 01, 2024

Строительство АЭС станет импульсом…

Строительство АЭС в Казахстане даст импульс развитию науки в сфере атомной энергетике,…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет