Сәрсенбі, 21 Сәуір 2021 11:21

Біз – соқтасы ішінде жатқан қоғамбыз

Ақпараттың нөпірі оқырманға оңды-солын танытпай тасып жатқан кезең журналистиканы да бағытынан адастырғандай. Кей жанрын жоғалтқан саланың пәрмені мен ақпараттық саясаттың беталысы жайлы журналист, "Жетісу" телеарнасының басшысы Серік ӘБІКЕНҰЛЫМЕН әңгімелестік.

 

ДҮМБІЛЕЗ АҚПАРАТ ТАРАТЫП ЖҮРМІЗ

– “Жетісу” арнасында басшысыз. Үлкен қаладағы республикалық теларналарда жұмыс істедіңіз. Өңірлік БАҚ-та ақпарат алу мен Республикалық БАҚ-та ақпарат алуда айырмашылық бар ма?

– Осыдан 10-15 жыл бұрын ақпарат алу оңай еді. Кез келген министр, министрдің орынбасары, шенеунік сіз жіберген сауалға үш күн ішінде жауап беруге міндетті болатын. Цензура ол кезде де болды. Тек бір БАҚ айта алмаған ақпаратты екіншісі жариялап жіберіп жататын. Ал қазір республикалық БАҚ-та жүрсіз бе, өңірлікте жүрсіз бе, еш айырмашылық жоқ. Барлық БАҚ бір-бірінің көшірмесі ғана. Мәселен, республикалық БАҚ Президент әкімшілігі, Үкімет берген ақпараттарға тәуелді болса, аймақтық БАҚ өзінің құрылтайшысы берген мәліметке тәуелді. Тәуелсіз көрінген барлық ақпарат құралының тасасында бір-бір мықты тұр.  Жалпы, қазіргі кезде ақпарат беру шектеулі. Сондықтан да Қазақстан БАҚ-ы ақпарат құралынан гөрі пропагандалық құралға айналды. Ол жасыратын нәрсе емес. Денеңізге сыздауық шығып дәрігерге қаралсаңыз, ол қандауырымен әлгі бітеу жараны жарып, соқтасын шығарып тастайды. Сонда ғана жара жазылады. Ал біз – соқтасы ішінде жатқан қоғамбыз. Бүкіл БАҚ тек үгіт-насихатпен айналысады. Бір дерек табылса, не асыра мақтап жібереміз, не асыра даттаймыз. Бұрынғы салиқалы көзқарас қазір журналистикадан кетіп қалды.

– Оның себебі неде?

–  Бұған мемлекеттегі ақпараттық саясаттың олқылығы себеп. Біз тәуелсіз журнаистика деген ұғымды жиі айтамыз ғой. Кез келген ақпарат құралына үңіліп қарасаңыз, оның ар жағында бір-бір құрылтайшы тұр. Журналистер құрылтайшы мүмкіндік берген кеңістікте ғана жұмыс істей алады. Соның өзінде бір кездері, әсіресе, қазақ журналистикасында ой еркіндігі болған. Соның арқасында журналистер зерттеу, сараптама жасап, қала берді сұхбаттың өзінде екі оппонентті шақырып бір-бірімен айтыстыру арқылы ақиқатқа жетуге ұмтылатын.

Біз Жармахан Тұяқбай, Серікболсын Әбділдиндерді еркін шақырып, ойымыздағы сұрақты қоятынбыз. Оның барлығына тиым салынды, эфир билікке тиімді тұлғалардың мінберіне айналды. Осындай бұғау-тұсау, журналистика жанрының бірнешеуін өлтірді. Атап айтсам, саяси-сараптама, экономикалық сараптама, зерттеу материал қазір жоқ. Біз қазақ журналистикасының қалай құлдырағанын көзімізбен көріп отырмыз. Бұндай шектеу түбі тұтас тұралатады. Рас, мемлекет дамып жатыр, өркендеп жатыр, бірақ кемшілік те бар ғой?! Қоғамның тек жақсылығын айтып, жаманын жылы жауып қояйық деген – көзбояушылық. Ол – ең әуелі, мемлекетке, халыққа жасалған қиянат. Мәселенің тиісті орындарға мәселен, өңірлік болса әкімдерге, республикалық болса президентке жетпеуі біздің қоғамды әбден тұралатқанын анық көріп отырмыз.

– Мәселе БАҚ-та айтылмағанымен әлеуметтік желі арқылы айтылады емес пе?

– Әлеуметтік желі ақпаратты жедел жеткізу жағынан біршама озып тұр. Алайда, ол кәсіби журналистикамен бәсекелес бола алмайды. Бір блогер ойбайлатып-аттандатып берген материалдың ар жағын байыптап зерттесеңіз, ақпарат мүлде басқа қырынан ашылуы әбден мүмкін. Біз қазір көп жағдайда қоғамның аузына дүмбілез, шала-шарпы ақпарат салып жатырмыз. Ресми БАҚ арқылы да, желі арқылы да тықпыштап сала береміз. Бұрын журналистер ақпаратты саралап-сараптап, зерттеп, тексеріп барып жазатын.

Алысқа бармай-ақ, осыдан он жыл бұрынғыны алсақ, Қазақстан арналарында да, газетте де әртүрлі діни секталардың Қазақстанға қаупі жайында ашық айтылатын, жазылатын. Ақтөбедегі, Тараздағы қырғындардың салдары жайлы, исламдық, христиандық, буддалық секталардың қайсысы қайда алып баратыны туралы ашық айтылатын, оны сараптап айтып беретін, дін саласын шемішкеше шағатын журналистер көп болатын. Мұның бәрі бүркемеленді, жабылды. Аяғы неге апарды?

Аяғында мемлекет «Жусан» операциясын қолға алып, Сирияға қаптап барған әскерді, қазақтың қыз-келіншектерін балаларымен елге әкеліп, психологиялық орталықтарда бейімдеп әуреге түсті. Мемлекетке жақсы болды ма? Ал дер кезінде журналистердің үніне құлақ түріп, секталардың жолына тосқауыл қойып, «бізде діни келісім бар, дінаралық татулық, тұрақтылық бар» деп жалаң ұранға салмаса, мұндай болмас еді. Қаншама қазақ баласы айдаладағы Сирияда босқа қан төгіп, қырылмас еді. Олар адасқан болса да, біздің бауырымыз ғой.

Сол жігіттердің өзгенің жетегінде адасып бара жатқанын дөп басып көрсеткен журналистер болды. Бірақ оны ешкім елемеді! Керісінше, журналистерге сенсация керек деп шықты. Бұл ақпаратты бүркемелеудің ақыры қайда апаратынын анық көрсетіп берген бір ғана мысал, ондай мысалды айта берсе көп.

 

ҚОҒАМДЫ БОЙКҮЙЕЗДІК ДЕНДЕП ТҰР

– Қазір де журналистер ақпаратты ашып айтып дабыл қағып жатыр ғой. Мәселен, жақында ғана Шымкенттегі Наурызға бөлінген қаржы жайлы ақпарат қоғамда қызу талқыланды.

– Иә, бұл ақпаратты оқыдым. Мемлекеттік сатып алу порталы ашық ақпарат көзі ғой. Кез келген адам порталға кіріп, қай жерде қандай тендер өтіп жатқанын көре алады. Журналистердің мұндай экономикалық процесті бақылағаны жақсы! Ел арасында тендер дегеннің баламасы «жеңдер» болып кетті ғой.

Журналистер осылай бақыласа, тендерді осыған дейін шыр айналдырып келгендер аяғын тартады. Осы жерде журналист деректі бірден жарияламай, екінші тарапқа сауал жолдап, сауалға жауап алған соң материал дайындаса, әлдеқайда жөн болар еді. Оған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан да, Сәкен Майғазиев те ақша түгел түскен жоқ деп жауап берді. Менің өзім екіұдай күйде қалдым. Тендер талабы бойынша бөлінген ақша бірден берілмейді. Дегенмен, журналист бұл материалды осы күйі қалдырып қояды деп ойламаймын, оның үстіне қоғамдық резонанс алып кеткен ақпаратқа жауап берілуі тиіс деп есептеймін. Журналиске кері шегінуге болмайды, мұндайда «Бауырым, сен де жақсы, мен де жақсы» деген жүрмейді.

Қалай дегенмен де, дәл қазір Қазақстан той тойлайтын дәрежеде емес. Былтырдан бері бүйірден қысқан пандемияның салдарынан мемлекеттік қызметкерлерді алдымен 10 пайызға, биыл 15 пайызға қысқартып жатыр. Меніңше, бұл жетіскеннен жасалып жатқан шара емес. Біздің бюджет қазір кепсер секілді  шұрық-тесік.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз тек шикізат беруші емес, өндіруші мемлекетке айналуымыз керек» деді. Бірақ президенттің осы бастамасын қолдайық деп алып-ұшқан Үкімет басшысын байқамадым, министрлер қалғып жүргендей көрінеді. Содан ба халық та қожырап кетті. Дәл қазір біздің мемлекетте берекесіздік байқалады. Ол халықтың әлеуметтік жағдайына, ой-санасына қатты әсер етіп жатыр. Оның салдарын  жою үшін өңір-өңірде мұқтаж отбасыларға үй беріліп, әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр. Иә, дұрыс, көмек көрсетілсін. Алайда халыққа ең бірінші жұмыс керек қой? Билікке алақан жайған күйден құтылу үшін ең әуелі әркім өз ырзығын табуы керек. Оған жағдай жасалуы керек. Жұмыссыздық жалаңдап тұр. Ал ертең олардың қатарына бағанағы жұмыстан қысқарған адамдар қосылады ғой.

Бұл – экономикалық жағдай. Ал тарих тұрғысынан алсақ, 1921 жылғы ашаршылыққа биыл 100,  1931 жылғыға 90, еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл. Қандай шара атқарылып жатыр? Баяғы журналистер,  жоқтан бар жасап мақала жазып, сұхбат ұйымдастырып шапқылап жүр. Ол тәсіл құрылтайшының есебіне жақсы. Ал елге дым бермейді. Қазір газет оқып, теледидар көретіндер аз ғой. Ірі, елді елең еткізер бір шара болмады биылғы 4 айда. Барлығы 16 желтоқсанды күтіп отырғандай. Сол күні ұрандатады, бірнеше нысан ашады, сосын ұмытады!  Елдің тәуелсіздігі бір күнге ғана байланып қалған жоқ қой. Идеологиялық саясат дұрыс жүргізілсе, жыл бойына еліміздің азат екенін ұғындыратын қатпар-қатпар шаралар атқарылып жатуы керек еді! Қоғам бойкүйез болса, журналистика өзі өмір сүріп отырған қоғамнан алыстап ешқайда кете алмайды. Демек, диагноз ортақ.

– Мүмкін БАҚ тәуелсіз болса, бойкүйездіктен арылар?

– Бір кездері біздің көзімізге Ресейдің кейбір ақпарат құралдары тәуелсіз  болып көрінді. Бірақ 2014 жылғы Украина оқиғасынан кейін тәуелсіз деп түсінген БАҚ-тың ар жағында бір-бір олигарх, бір-бір мемлекет тұрғанын көрдік. Ақпараттық майданда олардың бет-бейнесі ашылып қалды. Абсолютті ақ түс пен қара түстің болмайтыны сияқты абсолютті тәуелсіз БАҚ та болмайды. Дегенмен, ой еркіндігі мен сөз еркіндігін шектемейтін БАҚ болуы тиіс, оның бізде жуырда пайда боларына  күмәнім қою.

Бір кезде қоғамдық телеарна ашайық, оны халық өзі қаржыландырсын деген сөз айтылды. Бірақ мемлекеттік арналардың барлығы халықтың салығынан түскен ақшаны алып отырған жоқ па? Айтса, солар халықтың мәселесін сорғалатып айтуы тиіс емес пе? Халықтың мұң-мұқтажын айту деген құр аттан-ойбай емес қой. Ол  – мәселені сауатты зерттеп, «түйінін шешуге мына тарап былай, ана тарап мына жол ұсынды» деп айтатын жанашыр журналистика.

 

САУАТСЫЗДАР ТОБЫРЫНАН ҚАТЕРЛІ ҚОҒАМ ЖОҚ

– Сіздің ойыңызша, қазіргі журналистикада ондай мүлде жоқ па?

– Қалай айтсам екен… Қазіргі журналистика көмейіне шүберек кептелген адамның ыңырануы іспетті. Мәселен, Дархан Әбдіктің «Парасат майданы» тура айта салатын дүниені әлемдік бір шығарма, шығарманың ар жағындағы саяси құбылысты арқау етіп алып, әріден айтады.

– Қоғамның бейнесін көрсетудің ол да бір тәсілі шығар?

– Ол тәсілге журналист амалсыздан барып отыр ғой. Сол Дарханның заманында орысша-қазақша тура сөйлегенін де көргенбіз. Қазіргі хабары түнгі сағат он екі-бірде көрсетіледі. Ондай уақытта көрсетілетін хабардың қоғамға қандай әсері болуы мүмкін?

Осы жерде журналистиканы кері кетірген аутсорсинг деген дүние жайлы айта кету керек шығар. Аутсорсинг талай мықты маманның тажалына, еркін шығармашылықтың ажалына айналды. Авторлық хабарлар көмескіленіп қалды. Сізге белгілі бір телеарна тапсырыс береді, бағдарламаны соның талабымен, идеясымен жасап шығуыңыз керек. Мұнда автор жоқ, жасаған дүниеңді аутсорсинг жариялаған БАҚ-тың қолына ұстатасың. Көнбесең – есік ашық, жолың әне. Күллі Қазақстан журналистерінің ұсынғаны бір бас редактордың талғам таразысымен, соның ой-өресімен өлшенеді. Қайшыдан өткен жобаның ғұмыры қанша болатынын тапсырыс беруші шешеді. Сондықтан телеарна эфирлерінен жылдан-жылға созылған  жүйелі хабарлар жоғалды. Тұрақты кесте, тұрақты көрермен дегенге селкеу түсті. Бүгін біреуге ұнайтын «Әләулай» көрсетілсе, ертең кереғар «Хәләулай» ұсынылады. Міне, Қазақстан журналистикасының арам қатуына осы аутсорсинг зор ықпал етіп жатыр деуім осыдан. Қарымды дүние жасай алатын сан журналист аутсорсинг компанияларда жалданып, жан бағып жүр.  Авторды өлтіру – журналистиканы өлтіру.

– Аутсорсинг продакшндар арасындағы бәсекені күшейтеді деген көзқарас бар?

– Қандай бәсекені күшейтеді? Қазақстандағы телевизия саласына аутсорсинг келгелі ел көңілінен шыққан марқұм Бейсен Құранбек жүргізген «Айтуға оңай»– «Қарекет» хабары ғана деп санаймын. Оның өзі – асқан энтузиазммен, қазақша айтқанда өлермендікпен жасалған дүние. Бөлінген аз тиынға жігерлі топ жұмыла жұмыс істеді, жүздің мұңын сейілтті, мыңның жүрегіне үміт отын жақты. Сөйтіп, халықтың ықыласына бөленді.

Әлеуметтік тақырыпты былай қойып, халықтың сауатын арттыратын, рухани байытатын, танымын қалыптастыратын ғылыми хабар да, ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін хабар да жоқ. Дұрысы, жұлым-жұлым жасалып жатыр, жүйелі емес.

–  Сіздердің буын журналистикада қандай із қалдырды?

– Біздің буын журналистикаға қызмет етті, олардың арасында ар саудасына барғандар аз болды. Журналистиканың мәні кеткенін көзбен көре тұра көбі өз мамандығында әлі де жүр. Бізден кейін келген буынның ішінде журналистиканы саты етіп, карьера жасағандар көп болды. Біздің алдымыздағы буында да саяси сауда жасағандар бар. Бұл жазғыру емес, әркімнің өз иммунитеті, тұрақтылығы бар, көрген құқайға біреу шыдайды, біреу шыдамайды. Сонда да өз буыныма, қатарластарыма разымын. Бір жылт еткен дүние болса, солардың қолтаңбасы байқалады.

Парламент сайлауының қарсаңында әлеуметтік желіге журналистік бейтараптық туралы бірнеше пост жаздым. Бірақ біраз журналист бір-бір партияның жалауын ұстап кетті.

Бір партияның тұжырымдамасын қолдаған журналист бейтарап бола ала ма? Жоқ! Ол қадамға да жетіскеннен емес, журналистиканың қоғамға ықпалы қалмағанын біліп, ең болмаса, осы саяси сахнада қоғамды жетілдіре алармыз деген оймен барған шығар, бәлкім.

– Журналистиканың бейтарап бола алмайтынын біле тұра телеарнаны басқару қиын емес пе?

– Журналистика – жан қалауы ғой. Қанша шенеунік, саясаткерді танысам да, қолтыққа кіріп кететін мінезім жоқ. Ондай мақсатым да жоқ. Осы мамандықты тастамауға тырысамын. Оның үстіне жұмыс ақпарат жанрымен ғана шектелмейді ғой. Телеарна дегеніңіз – журналистика жанрларын өлтірмей алып жүретін үлкен дүние. Біз «Jetisy» телеарнасында сол жанрларды сақтап қалуға күш салып отырмыз. Бізде аутсорсинг жоқ, әр журналист – өзі жасаған хабардың қожайыны. Архивте авторлық хабар ретінде сақталады. Бізде тарихи хабар да, зерттеу де, арнайы репортаж да, ток-шоу да бар. «Қалаулым» ғана жоқ!

– Бағдарламаларыңыздың пәрмені қандай, белгілі бір мәселені шешкен кезі болды ма?

– «Болмыс» хабарына Талдықорғанда тұратын жетім қызды тауып алып қатыстырып, мәселе көтердік. Облыс әкімі ол қызға үй берді. «Мариям» фильміне кейіпкер болған Меруерт Сепболсынованың да баспаналы болуы – «Jetisy» арнасы қозғаған мәселенің жемісі. Ондай дүние өте көп. Баяғыда бір жігітке «Аузымыз буулы, тіс арасынан сыздықтатып сөйлеп жүрміз» деп айтқан едім. Он жыл бұрын.

2000 жылдары екі тілді журналистер арасында үлкен бәсеке болды, Алматыда Мельцер, Шахновичтардың командалары мықты еді. Біз солардан кем түспеуге күш салдық. Бациев, Туник, Таланов, Бендицкилермен  иық тіресіп жұмыс істедік. Марат Әсіпов, Сапа Мекебаев секілді профессионалдармен кей мәселені қатар қозғадық. Қазақша жазғаның кем түссе қорланатынсың. Менің жолым болды, қазір жасы жетпіс бестен асқан бір жапырақ еврей шалдың мектебінен өттім. Ұстазым – Исаак Яковлевич Дворкин. Алматы қаласында жаңа ашылған «Оңтүстік астана» телеарнасын басқарып отырған Дворкин эфирден қандай өткір сюжет өтсе де, өзінің кеудесін бірінші тосатын. Әріптестер «Оңтүстік астана» оппозициялық болып кеткен бе?» деп күлгеніне сан мәрте куә болдық. Бұл – ақпарат құралын басқаратын басшының қарамағындағы журналистерді ешкімге шұқытпауға үйрететін, ауызбірлікті ететін үлкен мектеп. Сол мектептің ізімен жүруге күш салып келеміз. 

Ол кезеңде Иманбай Жұбаевтың «Саясат», Берік Уәлидің «Дода», Қасым Аманжолдың «Шынның жүзі», Рахат Мамырбектің «Күлтөбе», КТК-да Оразәлінің «Ел мен жұрт», «Шарайна», «НТК»-да Дәулетханның «Түйіні» секілді бағдарламалар болды. Өзім де «Сойыл», «…Кім?» деген хабар жүргіздім. Аталған бағдарламалардың  әрқайсысы өз деңгейінде қазақтың ояу да, ойлы ұлт болуына үлес қосты. Қазір дәл осындай ұлттың өресін биіктететін хабарлар жоқ. Елең еткізер бір бағдарлама шықса, жүргізушісі айына болмаса да, тоқсанына бір ауысады. Тұрақтылық пен өткірлік  «31-арнада» әлі күнге сақталған. Дәл қазір қопарып-қазып, індетіп, өзі жеке ақпарат тауып, оның анық-қанығын білу үшін тиісті орындарға сұрақ қойып жүрген «31-арнаның» журналисі Ирина Советжанқызы ғана шығар. Баспасөздің жағдайы мен айтпасам да түсінікті.

–  Жазушысыз, бірақ Жазушылар одағына мүше емессіз. Оның мінәйі себебі бар ма?

– Жоқ (күлді). Мен өзімді жазушы деп есептемеймін. Бір кездері «ауырғанбыз». Бірнеше әңгімем республикалық басылымдарда жарық та көрді, 2000 жылдардың орта шенінде аудармаға ауысып кеттім. Төрт-бес кітап жарық та көрді, Бельгер де мақтады. Сол кітаптар «Меломанда» әлі сатылып келеді.  Ал қазіргі жазып жүргендерім – журналистік кәсіптегі көз көрген, көңілге түйген дүниелер. Оның өзі Жетісу жерінде банды аталып, аштан қырылғандарды зерттеу барысында тапқан деректерді, аңыз-әңгімелерді жинақтап қояйын деген ойдан туды. Әйтпесе, жазушы атанайын деген арнайы мақсат болған жоқ. Жазушылар одағына мүше болу маған не береді? Біздің өспей-өркендемей жүргеніміз тұтқа болар азаматтардың топтасып жүргенінен емес пе?.. Тек Жазушылар одағына ғана емес, одан басқа ешқандай ұйымға мүше емеспін.

–  Демек, қоғамдық ұйымдардың қоғамға, жеке адамға ықпалы болатынына илана қоймайсыз?

– Жоқ, жеке адамға ықпалы бар. Мәселен, бір адамды көтермелеп, даңқты, танымал етіп жіберуге болады.

 

ПАНДЕМИЯ ЖАУЫРДЫ ЖАБА ТОҚЫП КЕЛГЕНІМІЗДІ ӘШКЕРЕЛЕП БЕРДІ

– Пандемия қоғамды өзгертті ме?

– Пандемия жауырды жаба тоқып келгенімізді әшкерелеп берді. 2009 жылы «СК Фармация» құрылып жатқанда «барлық фармацевтика саласы бір компанияның қолына кетіп бара жатыр» деп мәселе көтергенбіз. Оның үлкен қателік екенін шырылдап айтсақ та, ешкім елеген жоқ. Ал не болды? Кешегі вирус өршіген уақытта дәрінің барлығы сол қоймада тізіліп тұрды, халық мына жақта дәрі таппай жанұшырды. Опасыздық! Ең сорақысы шара қолданған сыңай танытып төрағаны алып, орнына сол компанияның директорлар кеңесінің бір мүшесін әкеліп қоя салды. Бұл қоғамда дым өзгермейді!

Ел тентіреп маска іздеп жүргенде Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы театрда істейтін тігінші әйел маска тігіп, тегін таратты. Халықтың басына іс түскенде «СК Фармациядан» гөрі шағын қаладағы бір тігіншінің ісі әлдеқайда нәтижелі болды. Мына жақта ол тігінші өз маңындағы он адамды болса да аман алып қалған шығар, ана жақта жүздеген адам өліп жатты.

Пандемия журналистер айтып келе жатқандай тек шикізат беруші ел екенімізді, ештеңе өндірмейтінімізді көзімізге шұқып көрсетті.  Шикізат сатып одыраңдап жүргендердің басын өндіріске бұрды.

Кеше ғана берекесіздік туралы ойлап отырып, Эйнштейннің «Порядок нужен лишь глупцу, гений господствует над хаосом» деген сөзі есіме түсті. Генийлерге берекетсіздік пайдалы екен де, тәртіпті талап еткеннің, «елде қашан дұрыс жүйе болады» деп ойлап жүргендердің бәрі ақымақ екен?! Пандемия ойландырды, төніп келген ажалдан атақ та, ақша да құтқармасына көз жеткізді. Ең бастысы, мемлекеттің минустарын тізіп берді. Сабақ болса…

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Назым ДҮТБАЕВА

Оқылды 2213 рет

Соңғы жаңалықтар

Қаз 31, 2024

Тәуелсіздікке талпынған Тезек төре

ТӨЛ ТАРИХЫМЫЗДЫ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАННАН КЕЙІН ҒАНА ТҮГЕНДЕП, АРХИВТЕРДІ АҚТАРЫП, ТЫҢ…
Қаз 31, 2024

Ауылына қарап, азаматын таны

Адам баласы өмірге келгенде алғаш болып мейірімділікті сезері хақ. Жөргекте жатқан…
Қаз 31, 2024

Құқық бұзушылыққа кім кінәлі?

Қоғамымызда жасөспірімдер мен балалар арасында құқықұзушылық пен тәртіп бұзушылық жиі…
Қаз 31, 2024

«Желаяқтар» марафоны

Республика күні қарсаңында Қырбалтабай ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен…
Қаз 31, 2024

Ел боламын десең, бесігіңді түзе

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет…
Қаз 31, 2024

Мектептегі мерейлі мереке

Республика күні қарсаңында Қ.Сәтпаев атындағы орта мектепте «Қазақстан – туған елім, ұлы…
Қаз 31, 2024

Девушка с корзиной «ожила»

Пожалуй, единственное сохранившееся творение рук скульптора советских времен – девушка с…
Қаз 31, 2024

Он жил для людей, и они его помнят

Марупа Якуповича Касимова, уроженца с. Ташкенсаз, с большим сердечным теплом вспоминают…
Қаз 31, 2024

Абырой – адал қызметте

2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен – әлеуметтік қорғау жүйесі…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет