Бейсенбі, 22 Сәуір 2021 14:45

Бақыт бірлікте, байлық еңбекте

Азаттықтың арайлы таңынан бері тәу етер киемізге айналған тәуелсіздігімізге 30 жыл толды. Ол – ата-бабаларымыздың аңсаған арманы, үміті мен сенімі, дербестіктің самал желі, егемендіктің алтын шуағы. Осынау ел тарихындағы айрықша маңызды кезең аралығында біз тарихы біте қайнасқан, тағдыры ортақ тұтас  халыққа айналдық.  «Ынтымақты елдің ырысы мол» дейді дана халқымыз. Ертеңгі ұрпағына жол салған мемлекетіміздің жүргізген сарабдал саясатының арқасында барлық қиындықтан өтіп, қуатты Қазақстанның іргесін қаладық. Бүгінде тірлігі жарасқан, бірлігі бақ ашқан елміз. Осы күнге дейін еліміздің, оның ішінде ауданымыздың өсіп-өркендеуі жолында қаншама игілікті жұмыстар атқарылды. Алға қойған жоспарларымыз да ұшан теңіз. Оның жүзеге асуы, сапалы орындалуы өкілетті органның, халық қалаулыларының атқарған еңбегіне тікелей байланысты болмақ. Осы орайда, аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметовпен тілдесіп, өңірімізді дамытуға бағытталған мәслихаттың жұмыс жоспарымен танысқан болатынбыз.

– Бекет Төлегенұлы, 50-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің қасиетті қара шаңырағына айналған ауданымыздың даму динамикасы мәслихаттың жұмысына тікелей байланысты емес пе?

– Оныңыз рас, елді мекендердегі қордаланған мәселелердің түйінін тарқатуда, экономикалық маңызды шешімдерді қабылдауда, бюджетті бекітуде, қаражаттың тиімді жұмсалуына бақылау жасауда мәслихаттың атқаратын рөлі орасан зор. Шымын тартсаң шырыны, түгін тартсаң түбіті шығатын, тұрғындар саны 300 мыңға  жеткен ырысты жерде бүгінгі күні заман талабына сай кешенді ауыл шаруашылық, өндірістік кәсіпорындар, шағын және орта  бизнес салалары нәтижелі жұмыс істеуде.

Тұрғындар бізге қашанда зор сенім артады. Әсіресе, жаһандық дағдарыс кезінде ел аманатына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Сондай-ақ қазіргі таңда билікке деген сенімділіктің деңгейі нақты нәтижелермен тікелей байланыстырылатыны баршамызға аян. Сондықтан да халқымыздың келешегі үшін қажет жүкті жұмыла көтерсе ғана жеңіл болады. Осыған орай, аудан әкімі Әлібек Әскербекұлымен бірлесе отырып, аудандық атқарушы органдар мен мәслихат аудан игілігі үшін бағытталған ортақ жұмысымызда жаңа міндеттер және зор мақсаттар қойдық. Осы асулар мен белестерді ерекше қарқынмен жоспарлы түрде бағындырып келеміз.

– Бұл мақсаттарға жету жолында депутаттық корпус сырт қалмайтын болар.

– Өздеріңізге белгілі, 2021 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтті. Науқан қорытындысы бойынша жалпы дауыс беру нәтижесінде 3 саяси партия қажетті ең төменгі шекті, 7%-ды еңсерді:  «Nur Otan» партиясы 84,57%, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 7,83%, Қазақстан Халық партиясы 7,43%. Осылайша, «Nur Otan» партиясынан 21 адам, «Ауыл» және Қазақстан Халық партияларынан 2 адамнан мүшелер партиялық тізім бойынша ұсынылып, Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының VІІ шақырылымының депутаты атанды. Депутаттық құрам 84%-ға жаңарды.

VІІ шақырылған аудандық мәслихат депутаттарының жұмысының басталуы жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі заңнамадағы өзгерістермен тұспа-тұс келді. Осы тұрғыдан, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жергілікті өзін-өзі басқаруға, соның ішінде мәслихаттардың мәртебесін арттыруға көп көңіл бөлуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен мәслихаттарға өңірді дамыту және ондаған жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан жергілікті түйткілді мәселелерді шешу үшін бірқатар жаңа өкілеттіктерді беру бойынша шаралар қабылдануда. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты  Жолдауында: «Жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту қажет. Себебі бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсала бермейді. Бір-екі көшені жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидждік іс-шараларға жұмсалатын тиімсіз шығындар азаматтарымыздың наразылығын тудыруда. Бұл – орынды» – деп атап өткен болатын. Сондықтан да тұрақты комиссиялар мен депутаттар бюджетті бекітуге зор жауапкершілікпен қарауы тиіс.

– Жергілікті бюджетті бекітуде, өкілді орган ретінде қаражаттың уақтылы, тиімді игерілуін бақылау мақсатында қандай жұмыстар атқарылмақ?

– Осы бойынша мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялар алдағы уақытта бөлінген бюджет қаражаттарының тиімді және мақсатты жұмсалуы бойынша бақылау жұмыстарын күшейтуге, ауданның 2021-2025 жылдарға арналған аумақтық даму бағдарламасында көзделген индикаторлар көрсеткіштерін толық және сапалы орындауға бағыттауға баса назар аудармақ. Сонымен қатар бюджет қаражатын пайдалану кезінде бюджеттік бағдарлама әкімшілері түпкілікті және тікелей нәтижелерге қол жеткізуге және бюджеттік бағдарламалар тиімділігін арттыруға бағытталған шаралардың қабылануына,  мемлекеттік бағдарламалардың уақтылы және сапалы жүзеге асырылуына бақылау жүргізіледі. 

Еңбекшіқазақ ауданының, Есік қаласы мен ауылдық округтердің 2021-2023 жылдарға арналған бюджеттеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында депутаттарымыздың пікірлері мен сын-ескертпелері ескерусіз қалмауы тиіс. Осы мақсатта мәслихат отырыстарының міндетті онлайн-көрсетілімдері енгізілді. Жақында ғана аудандық мәслихаттың кезекті сессиясының отырысы алғаш рет отандық «Aitube» платформасында тікелей эфирде өтті.

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында саяси партиялардың сайлау алдындағы бағдарламаларын іске асырудағы Парламент және мәслихаттар депутаттарының рөліне ерекше назар аударған болатын. Осыған орай, аудан көлемінде мәслихат депутаттарының белсенділігін арттыру, олардың жергілікті тұрғындармен байланысын нығайту, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру бағытындағы жұмыстары қалай жүзеге асырылуда?

– Қазіргі таңда  мәслихаттың, мәслихат аппаратының және мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялардың жұмысын барынша ықпалды түрде атқаруға басты көңіл бөлінуде.

Сайлауалды бағдарламаның орындалуын барынша қамтамасыз ету үшін «Еңбекшіқазақ ауданының 2021-2025 жылдарға арналған аумақтық даму бағдарламасы: жол картасы» әзірленіп, мәслихат бекітті. Соның нәтижесінде аудан дамуының негізгі бағыттарын айқындауға, осы мерзім ішінде алға қойған міндеттерді сенімді орындаумен қатар, оның сапасына да айрықша көңіл бөлінген. 

Бұдан бөлек, әрбір депутат өзінің депутаттық қызметінің барысы туралы сайлаушыларына хабарлап қана қоймай, БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы жалпы қоғамды ақпараттандыруға белсенділік танытуда. Мәслихат депутаттары негізінен халықпен тікелей байланыста болатындығын ескерсек, олардың жұмысының барынша ашық әрі қолжетімді болуы өзара сенімділік үлгілерін қалыптастыруға жол ашып, қоғаммен тығыз байланыстыратыны сөзсіз.

Иә, халық қалаулысы болу зор жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Осыған орай, аудандық мәслихат аппаратының жанынан арнайы тұрақты жұмыс тобы құрылды. Олар жыл бойы елді мекендерге шығып, тұрғындармен «ашық алаң» үлгісіндегі кездесулер өткізіп, түйткілді  мәселелерді анықтап, оған талдау жасап, тиісті мекемелерге жүйелендірілген депутаттық сауал жолдауды  қолға алып отыр. Оған қоса, бүгінгі күні депутаттар халық пен билік арасындағы қарым-қатынасты нығайтудың негізгі тұтқасы болғандықтан, әрбір округтегі негізгі мәселелер тұрғындармен емес, жұртшылықтың үмітін арқа-лаған мәслихат депутаттарының және жергілікті атқарушы органның ұсынысымен шешілуі қажет.

– Көпшіліктің үмітін арқалаған азаматтардың жұмысына бақылау жүргізесіздер ме?

Әрине, депуттардың қызметінің белсенділігін анықтау мақсатында рейтингтік карта дайындалуда, онда нақты индикаторлар жазылған. Әрбір мәслихат депутаты Есік қаласы мен ауылдық округтерге бектіліп, сол әкімшілік аумақты басқарып отырған әкім аппаратының ғимаратында азаматтарды қабылдау кестесі орнатылды. Депутаттар айына кемінде 1 рет өз округтерінде,  тоқсан сайын 1 рет өздерінің партияларының «қоғамдық қабылдауында» қабылдау өткізетін болады. Сонымен қатар, аудан әкімдігінің ғимаратында да депутаттық қызметті іске асыруға арналған «депутат бөлмесі» ашылды. Онда мәслихат депутаты азаматтарды онлайн немесе оффлайн қабылдауды, депутаттық қызметіне қатысты жұмыстарды жүргізе алады.

Ағымдағы жылдың І тоқсанында депутаттар кестеге сәйкес  өздерінің бекітілген ауылдық округтерінде кездесулер өткізіп,  қабылдау жүргізді. Тұрғын-дар тарапынан түскен маңызды ұсыныс пен талап-тілектер бойынша тиісті мекемелерге 10 сауал жолдады. Аталған сауалдардың бірқатары бірден шешімін тапқан болса, күрделі мәселелерді алдағы 5 жылдың даму жоспарына енгізу туралы ұсыныстар жасалды. Сонымен бірге, депутаттарға арналған арнайы ақпараттық әдістеме әзірленіп, оларды өз қызметіне пайдалануына жағдай жасалуда.

– Сессия жұмысына тоқталып өтсеңіз.

– Сессия – мәслихат қызметінің негізгі нысаны. Бұл тұрғыдан ағымдағы жылы аудандық мәслихат өз өкілеттілігінің шеңберінде 5 сессия отырысын өткізіп, аудан бюджетінің қалыптасуы мен атқарылуы, ауданымыздың саяси, экономикалық-әлеуметтік, мәдени дамуына негізделген тиісті салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы есептерді, басқа әртүрлі маңызды мәселелерді қарастыра отырып, 20 шешім қабылдады. Бұдан бөлек, жалпыға бірдей маңызы бар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты мәслихат тарапынан қабылданған 18 нормативтік-құқықтық акт қолданыста. Оларға үнемі талдау жасалып отырады.

Сессиялардың қарауына енгізілетін мәселелерді алдын ала қарау, мәслихат шешімдерінің іске асыруына және бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін мәслихатта 4 тұрақты комиссия құрылған. Әлеуметтік салаларды дамыту мен заңдылық, құқықтық тәртіп, қоғамдық келісім, жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару; экономика, бюджет және қаржы; агроөнеркәсіп, пен кәсіпкерлікті қолдау, индустриалды-инновациялық даму; энергетика мен жалпы инфрақұрылымдарды дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялар өз жұмысын жүйелі атқаруда.

Тұрақты комиссиялар аймақтағы негізгі  салаларды толық және сапалы қамти отырып, өз жұмысын жүргізуі ұдайы жаңару үстінде. Олардың қызметін жаңа деңгейге көтеру мақсатында жүйелендіру жұмысы қолға алынып, нақты салалық бағыттарды қамтуға негізделді. Олардың міндеті – сол ауқымды салаларды толық қамти отырып, нақты түйткілді мәселелердің шешімін табуды жолға қою.

– Аталған комиссиялардың отырыстарында мәслихат сессиясында қаралуы тиіс күн тәртібіндегі сұрақтардан бөлек қандай мәселелер талқыланады?

– Комиссия отырыстарында жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігі мен олардың деңгейін анықтауға бағытталған есептері сараланып, ол жөнінде мониторинг жүргізіледі. Бүгінгі таңда тұрақты комиссиялардың жалпы 3 отырысы өткізіліп, онда аудан тұрғындарының тарапынан түскен сұраныстарға сәйкес тұрақты комиссиялар мен депуттардың ұсынысымен 10 сала бойынша, атап айтқанда, мәдениет және тілдерді дамыту, білім, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, қаржы, кірістер, статистика,  ауыл шаруашылығы, тұрғын үй шаруашылығы, автомобиль жолдары бойынша өзекті мәселелер қарастырылып, қаулылар қабылданды.

– Ауыл шаруашылығы саласындағы қордаланған проблемаларды шешуде осы бағыттағы тұрақты комиссия нақты қандай жұмыстар атқарды?

– Өздеріңіз білетіндей, Еңбекшіқазақ ауданы экономикасының өсу қарқынының негізгі драйвері – ауыл шаруашылығы. Дегенмен, бүгінгі таңда ауданымызда бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер баршылық. Аграрлық саладағы басты проблемалық мәселелердің бірі – суармалы судың жетіспеушілігі. Вегета-циялық кезеңде берілетін су көлемі сұра-нысқа қарағанда барлық округтерде едәуір аз болды, бұл жағдай, әсіресе, соңғы жылдары қатты сезілуде. Магистральдық арналар мен ирригациялық желілердің тозығы жеткен. Осыған орай, суармалы судың 30%-ға жуығы жерге сіңіп кетеді. Өткен жылы  ирригациялық желілер зерттеліп, құжаттау жүргізілді.

Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі. Яғни, пайдалануға берілгеніне 40 жылға жуық уақыт болған Бартоғай су қоймасының, Д.Қонаев атындағы үлкен Алматы каналы мен ішкі каналдардың техникалық жағдайының ескіруі шаруалар жұмысына кері әсерін тигізуде.

Ауыл шаруашылығы саласындағы осындай түйткілдерді анықтаған мәслихаттың жұмыс тобы көктемгі-жазғы суару науқанына су қорын жинақтау, өзге де дайындық жұмыстарын жүргізу барысын талдап, ауылдық округтерді аралап, тұрғындар мен шаруалардың талап-тілегін тыңдады. Кейіннен, тұрақты комиссия отырысында өзекті мәселелерді көтере отырып, жауапты атқарушы органның есебін қарастырдық. Алдағы кезеңде туындаған мәселелердің оң шешімін табу мақсатында тиісті шаралар қабылданатын болады. Жұмыс тобының тарапынан дәл осындай талдау жұмыстары жыл бойы әрбір ауылда барлық салалар бойынша жүргізіліп, түйіні шешілмеген мәселелерді көтеріп, кезең-кезеңімен аудан әкімнің назарына ұсынатын боламыз. «Бақыт – бірлікте, байлық – еңбекте» деген халық даналығына сәйкес, ел болашағы үшін бағытталған жасампаз еңбекте өткенді саралап, болашаққа ой салып, межелерді бағамдап, нақты нәтижелерге қол жеткізу – біздің ортақ мақсатымыз.

– Сұхбатыңызға рахмет.

 

Тілдескен Сардарбек НҰРАДИН

Оқылды 2425 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 28, 2024

«АТАМНЫҢ АМАНАТЫ» қоғамдық…

«АТАМНЫҢ АМАНАТЫ» қоғамдық бірлестігі (Нұр-Сұлтан қаласы) Ұлы Отан, екінші дүниежүзілік…
Қар 28, 2024

2. ОО «Atamnyn amanaty», Астана,…

https://atamnyn-amanaty.kz/, Здравствуйте! Для подачи заявки в ОО «ATAMNYN AMANATY»…
Қар 28, 2024

Ұлт саулығы — маңызды мәселе

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп,…
Қар 28, 2024

Алматы облыстық мәслихатының № 15…

Мен Галиев Бақытжан Карлұлы, 1974 жылы 5 қараша күні Есік қаласында дүниеге келдім. Ұлтым…
Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет