Дүйсенбі, 19 Сәуір 2021 16:19

Жұмысшылардың мүддесін қорғау – біздің басты міндетіміз

Жұмысшылардың мүддесін қорғау –  біздің басты міндетіміз mezet

 

Кәсіподақ – еңбек адамдарының құқығын қорғап, заң тұрғысынан, материалдық жағынан көмек беретін ұйым. Елімізде, оның ішінде ауданымызда жекелеген сала қызметкерлерінің бірнеше салалық кәсіподағы бар. Ал экономиканың қозғаушы күші саналатын еңбек адамдарының басын біріктіретін кәсіптік одақ жоқтың қасы. Осыған орай, жапондық тәжірибеге негізделген «YNTYMAQ» көпсалалы кәсіподақ» республикалық қоғамдық бірлестігі барлық салада еңбек ететін жұмыс күшінің мүддесін қорғауға негізделген. Бұған «YNTYMAQ» көпсалалы кәсіподақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Еңбекшіқазақ ауданы бойынша филиалының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Бағдат Рахимовпен сұхбат барысында көз жеткіздік.

– Бағдат Болатұлы, қазіргі таңда салалық кәсіподақтар шипажайларға жолдама берумен, мереке кезінде сыйлық үлестіру және іс-шаралар өткізумен шектелетіні жасырын емес.  «YNTYMAQ» кәсіподағы несімен ерекшеленеді?

– Оныңыз рас, кәсіподақтың атын жамылған көптеген ұйымдар өзінің міндеттерін тиісті деңгейде атқара алмайды. Дамыған қоғамда жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек даулары кәсіподақтың қатысуынсыз шешілмейді. Бірақ бүгінде кәсіподақ бірлестік мүшелерінің проблемаларына араласуға құлық танытпай отыр.  Осылайша, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді». Салдарынан қоғамда кәсіподақ бірлестіктеріне деген теріс пікір туындап, сенімсіздік пайда болған. Олардың пікірінше, кәсіподақ – жылына бір рет шипажайға жолдама беріп, спорттық және басқа да шараларды өткізетін ұйым. «YNTYMAQ» көпсалалы кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігі қоғамда қалыптасқан осындай теріс пікірлерді іс жүзінде жоққа шығаруға, бұл олқылықтардың орнын толтыруға күш салады.

Қоғам болған соң еңбек даулары орын алып, жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында түсініспеушілік туындап жатады. Мұндай сәттерде көбіне жұмысшы немесе қарапайым қызметкер зардап шегеді. «YNTYMAQ» кәсіподақ ұйымы Қазақстан Республикасының заңдары аясында еңбек адамдарының құқығын қорғап, оларға түрлі бағыттағы көмек көрсетеді.

Біздің негізгі мақсатымыз – қолайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, қызметкерлердің әлеуметті қорғалуын арттыру, олардың заңды әлеуметтік және еңбек ету мүдделері мен құқықтарын қорғау, еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау. Сонымен қатар әлеуметтік диалог орнату, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау, еңбек дауларын шешу. Оған қоса, әлеуметтік бағдарламаларды ұйымдастыру мен кәсіподақ мүшелері арасында мәдени-сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыру және оларды санаторлық курортқа жіберуді қамтамасыз етеміз. Кәсіподақ ұйымы мүшелерінің ғана емес, олардың отбасы мүшелеріне де көмек қолын созу – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі.

«YNTYMAQ» – сауда, кооперация, қызмет көрсету, тауарларды өндіру және кәсіпкерлік қызметтің басқа салаларында, орта және шағын бизнес, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік, білім беру, инновациялық қызмет кәсіпорындарында, мекемелерінде және ұйымдарында жұмыс істейтін  азаматтардың және кәсіпкерлердің, оқу орындарының оқушылары, студенттері мен жұмыскерлерінің тәуелсіз қоғамдық бірлестігі.

– Өз сөзіңізде кәсіподақ отбасы мүшелерінің де құқығы қорғалады дедіңіз. Нақтырақ айтып кетсеңіз.

– Айталық, кәсіподақ қатарындағы азаматтың жұбайы немесе отбасы мүшесі  жұмыс беруші тарапынан қандай да бір мәселеге тап болса, біздің заңгерлер оған қол ұшын береді. Отбасында туындаған қиындықтарды шешуге де көмегімізді аямаймыз. Сонымен қатар кәсіподақ мүшелері балаларының да сапалы білім алып, өзіне қолайлы ортада еңбек етуіне ықпал етеміз.

– Бүгінде барлық сала заман ағымына қарай дамып, цифрлық жүйеге көшуде. Кәсіподақ мүшелерімен байланысты оңтайландыру, жұмыс сапасын арттыруға бағытталған заманауи ілгерілеу ұйымда қолға алынып жатыр ма?

– Әрине, ақпараттық технология қарыштап дамыған кезеңде заман көшіне ілесіп, қашықтан жұмыс атқаруды, онлайн режимде кеңес беруді қолға алдық. Бірлестік мүшелерінің үдесінен шығу мақсатында онлайн режимде қолжетімділікті арттырдық. Біздің облыстық филиал республика бойынша ең алғашқы болып «Smart Kasipodaq» цифрлық платформасына қосылып, барлық кәсіподақ мүшелерін есеп базасына енгізді. Барлық бастауыш кәсіподақ ұйым төрағалары облыстық филиал қызметкерлерімен бірге арнайы «WhatsApp» қосымшасындағы топта онлайн режимде жұмыс атқарады. Бұл өз кезегінде ақпаратты жылдам әрі уақтылы алынуына септігін тигізеді. Осындай бірлескен жұмысымыздың нәтижесінде біз кәсіподақ мүшелерінің тізімін есеп базасына енгізіп, цифрлық қосымшаның жұмысын белсенді жүргізіп келеміз.

Ағымдағы жылы біздің салалық кәсіподақ өз қатарын жаңа мүшелермен толықтырып, сапалық құрамына ерекше мән беретін болады. Цифрлық есеп базасындағы қызметімізді оңтайландырып, әлеуметтік желіде белсенді ақпараттық жұмыс жүргіземіз.

– Кәсіподақтардың басым көпшілігі денсаулық сақтау мен білім беру саласы қызметкерлерінің арасында құрылған. «YNTYMAQ» кәсіподағы бизнес саласын да қамтиды. Осы орайда, шағын және орта бизнеске қандай көмек көрсетесіздер?

– Бизнес саласы – ел экономикасының негізгі тірегі. Сондықтан осы салада еңбек етіп жүрген азаматтардың құқықтарын қорғау бүгінгі күні өзекті болып отыр. Мәселен, шаштараз, техника жөндеу орталығы, кафе, базарларда, сауда, басқа да қызмет көрсету орындарында қаншама адам жұмыс істейді. Жұмыс беруші тарапынан осы салаларда еңбек ететін азаматтардың құқығы бұзылып жатыр. Мейрамханаларда жұмыс істейтін даяшы, еден, ыдыс жуушыларға жұмыс беруші  материалдық айыппұл салады. Бұл қаншалықты заңды? Оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Аталған жұмысшылардың басым көпшілігі өз мүддесін қорғауға білімі жетпейді. Жұмыс берушімен келісім-шарт жасамағандықтан, шарасыз күйде болады. Осындай азаматтарға біз қол ұшын созамыз. Олардың жұмысқа тұрғанда  келісім-шарт жасауын, жалақысының уақтылы берілуін, заңға сәйкес демалысқа жіберілуін қадағалайтын боламыз. Біздің «YNTYMAQ» кәсіподақ ұйымы фриланцерлердің де құқығын қорғайды.

Біздің кәсіподақтың кәсібилігі мен тиімділігін ескерген ірі кәсіпорындар өтініш білдіріп, кәсіподаққа мүше болып жатыр. Айталық, 2020 жылдың желтоқсан айында облыстық филиал құрамына Іле ауданының «Aluminium of Kazakhstan» ЖШС, Талдықорған қаласындағы «АСПМК-519», «Ақсу Қант», «JLS сүт» ЖШС қосылды. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы аудан мен қалалардағы кәсіпкерлер, еңбек ұжымдарымен келіссөздар жүргізілуде.

– Сұхбатыңызға рақмет.

 

Тілдескен

Сардарбек НҰРАДИН

Оқылды 2347 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 20, 2025

Тұрақтылықтың стратегиялық бағдары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының…
Қар 19, 2025

Халықтың…

Қазіргі таңда халықтың санитариялық – эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету…
Қар 19, 2025

Электронды темекінің жасөспірімдер…

Электрондық темекі (вейп) қазіргі уақытта, әсіресе жасөспірімдер арасында үлкен…
Қар 19, 2025

Консервіленген өнімдерді қолданудағы…

Үй жағдайында дайындалған консервілер әсіресе саңырауқұлақ, көкөністер, сирек жағдайда…
Қар 19, 2025

Гендік модифицирленген өнімдердің…

Гендік модифицирленген өнімдер (әрі қарай - ГМӨ) – биотехнология әдістері арқылы геномына…
Қар 13, 2025

Қазақстан Республикасы …

ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі…
Қар 13, 2025

Күймен өрілген ғұмыр

Нұра ауылында қазақ күй өнерінің көрнекті өкілі, Жетісу өңірінің күйшісі Омархан…
Қар 03, 2025

Листериоз –жұқпа көзі, сақтық…

Листериоз - адам мен жануарларға ортақ, аса қауіпті жұқпалы ауру. Қоздырғышы спора…
Қар 03, 2025

Листериоз –жұқпа көзі, сақтық…

Листериоз - адам мен жануарларға ортақ, аса қауіпті жұқпалы ауру. Қоздырғышы спора…

Күнтiзбе

« Қараша 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет